ХХ ғ. екінші бөлігі мұражай әлеміндегі үлкен жаңалықтарға толы болды. Мұражайдың әлеуметтік орны туралы пікірталастар баспасөз беттерінен түскен жоқ. Мұражай қоғам мен қоршаған ортаның дамуына қандай ықпал ете алады деген сұрақтар мамандарды ойландыр бастады. Бұл саладағы творчестволық ізденістер нәтижелерінің бірі – мәдени орталықтардың пайда болуы еді.

Н.Әлімбай сынды мұражай мамандарының зерттеулеріне сүйенсек, XX ғасырдың 40-80 жж. республикадағы музей жинақтары археологиялық, этнографиялық зерттеулер нәтижесінде табылған заттармен толықтырыла түсті. Ә.Х.Марғұлан, К.Ақышев, Х.Арғынбаев музейлермен ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп, музей қорларының дамып, үлкейіп ұлғаюына үлес қосты. Аталған ғалымдардың ғылыми-зерттеулері Қазақстан музейлерінің қорының жан-жақты толығып, дамуына ерекше ықпал етті.

Қазақстанда музей қорының дамуында, жаңа ғылыми зерттеулер мен ашылулардың алатын орны ерекше болды. Әрбір ғылым саласында жеткен жетістіктер музей ісінің, атап айтқанда, қорлары мен экспозицияда көрсететін құнды заттардың ұлғаюына ықпал етті.

1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының жанынан тарих, археология және этнография институты ашылды. Зерттеу жұмыстары жүргізілген экспедиция нәтижесінде құнды археологиялық бұйымдар жинақталып олар музей қорларының құнды заттарына айналды.

Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Ә.Х.Марғұлан бастаған археологиялық зерттеулер жүргізді. 1947 жылы А.Н.Бернштам бастаған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы, Е.И.Агееваның экспедициясы, 1950-60 жж. Оңтүстік Қазақстан экспедициясының Қаратаудың солтүстік сілемдерін зерттеуі, Х.А.Алпысбаев бастаған палеолит зерттеу отряды көптеген құнды музейлік материалдарды жинақтауға мүмкіндік берді. Қазақстан территориясында ғылым салалары бойынша зерттеу жүргізген экспедициялар көптеген құнды жәдігерлердің жинап, зерттелуіне негіз болды.

1947 жылы Қазақстан Үкіметінің шешімімен Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды. Ақынға арналған мұражай оның мол жыраулық мұрасын зерттеп, насихаттайды. Музей экспозициясында 1934, 1936 жылдары Мәскеуде өткен өнер апталықтарынан суреттер, марапат қағаздар, куәліктер, 1941 жылы ақынға берілген КҚСРО Мемлекеттік сыйлығы лауреаты дипломы және басқа да құнды деректер қойылған. Ақынға арналған мұражай оның жыраулық мұрасын зерттеп, насихаттайды. Экспозицияда Ленинград блокадасындағы Ленинградтықтарға арналған «Ленинградтық өрендерім» өлеңінің фотокөшірмесі, майданға жазған хаттары, Ленинград блокадасында шыққан плакат қойылған.

50-ші жылдары демократиялану үрдісі, халықаралық туризмнің дамуы өрістеді. Осыған сай Қазақстан музейлері Халықаралық музейлер қауымдастығы жүйесіне тартылды, 1957 жылы Халықаралық музейлер кеңесіне кірді. Музейлер жақсы өзгерістер кезеңіне аяқ басты.

XX ғ. 50-ші жылдары Қазақстанда тыңды белсене игеру, көптеген табиғат ескерткіштерінің, тарихи ескерткіштердің өзгеруіне, жануарлар, өсімдіктер дүниесінің жойылу қаупін төндірген кезеңде жаңа табиғи қорықтар ұйымдастырылды. 1957 жылы Қорғалжын қорығы ұйымдастырылып, 1968 жылы қайта құрылды.

1961 жылдың 10 тамызында Қазақ ССР Министрлер кеңесінің шешімі бойынша жазушы М.Әуезов өмірінің соңғы жылдарын өткізген үйде «Әуезов үйі» ғылыми мәдени орталығы ашылды. 1963 жылдың 28 қарашасында әдеби-мемориалдық музей үйі алғашқы келушілерін қарсы алды. Музейге М.Әуезовтың бай қолжазба мұрасы қойылған. Мұражайдың ашылуына Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қ.Сатпаев көп еңбек сіңірді. Музей экспозициясында аса құнды қолжазбалар, архив материал-дары, фотосуреттер, негатив, жазушының жеке бұйымдары, хаттары, кино-фото, бейне материалдар қойылған.

XX ғ. 60-80-ші жылдары дүние жүзіндегі ғылыми-техникалық өркендеу әлемнің дамуын айқындады. Адамзат баласы ғылым мен техниканың дамуы, ғарышты игеру, атом энергиясын пайдалану бағытында жетістіктерге жетті. Ғылыми-техникалық төңкерістердің ықпалы жер бетіндегі елдердің дамуына, табиғи, тарихи ескерткіштерге, мәдени өзгерістерге әсер етті.

Біздің планетада қазіргі кезде 1200 қорықтар бар. 1970 ж. соңында ЮНЕСКО бағдарламасының аумағында жүргізілген «Адам және биосфера» бағдарламаға сай қорықтар пайда бола бастады. Өткен тарихтың, мұралардың ең озық үлгілерімен таныстырар мұражайлардың экспозициясы болып табылады.

ИКОМ-ның 1971 ж. Гренобльде, Парижде өткен IX Бас конференциясы маңызды кезеңдердің бірі болды. Ол «Музей адамзатқа қызмет етеді. Музейлердің тәрбиелік және ағартудағы ролі» деген уранмен өтті.

Халықаралық мұражайлар комитетінің XI Бас конференциясының шешімімен 1977 ж. 18 мамыр Халықаралық Музей күні болып жарияланды. 1977ж. ИКОМ-ның Мәскеудегі бөлімі ашылды. Қазіргі кезде ИКОМ-ның 12 мың жеке мүшелері және 106 ұлттық комитеттері бар. ИКОМ қазіргі кезеңдегі мұражайлар дамуының маңызды бағытына жауап береді.

Осы кезеңнің даму үрдістері Қазақстандағы мәдени өзгерістерге, жаңа музейлер, қорық-музейлердің құрылуына әсер етті. Осы жылдары Қазақстанда 16 музей, 8 көрме залдары ашылды.

1970 жылы музей тарихын зерттеуші А.Ибраева музей қызметкерлерінің санының 2 есе өсіп, жергілікті ұлт құрамы 46 %-ға өскендігін көрсетеді. Облыстық музейлерде директор, бас қор сақтаушы, 2 аға ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкерден жабдықталған штаттық бірлік тұрақтанған.

1970 жылы суретші, халық шығармашылығын зерттеуші Қ.Қожықовтың бастамасымен қазақтың Республикалық қолданбалы өнер музейі құрылды. Қысқа мерзім ішінде музей экспедициялары халық қолөнер шеберлерінің ерекше туындыларының коллекцияларын жинады. Экспедициялардың көбін Қ.Қ.Қожықовтың өзі тікелей басқарды. Қазақ халқының қолөнер туындыларының теңдесі жоқ жинақтары елдің музей қорын байытты. 1976 жылы музей коллекциясы осы жылы құрылған Өнер музейіне берілді.

1976 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 10 маусымдағы N265 қаулысы бойынша ҚР Мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер музейі 1935 жылы құрылған Т.Г.Шевченко атындағы Қазақ Мемлекеттік көркем галереясы мен 1970 жылы құрылған Республикалық қолданбалы өнер музейінің базасында құрылды. Мұражай 1976 жылы 16 қыркүйекте ашылды.

Бұл музейге 1984 жылы қаңтар айында Қазақ КСР халық суретшісі Ә.Қастеев есімі берілді.

1976 жылы Қазақстан Үкіметі қазақ әдебиетінің классигі, XX ғасырдың аса көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, академик С.Мұқановты мәңгі еске сақтау мақсатында жазушының 1965-1973 жылдары тұрған үйін музейге айналдыру туралы арнайы шешім қабылдады. 1978 жылдан бастап Алматыда музей алғашқы келушілерін қабылдады. Музей әдеби және мемориалдық бөлімдерден тұрады. Әдеби бөлімде жазушының өмір жолын баяндайтын көптеген құнды құжаттар, фотосуреттер, қолжазбалар орын алған. Мемо-риалдық бөлімде жазушының жұмыс кабинеті, қонақ бөлмесі, демалыс бөлмелері бұрынғы сипатында сақталған. Музей экспозициясында 1920 жылдан бастап қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына еңбек еткен жазушының өмірін баяндайтын мұрағаттар қойылған. Музей республикадағы алдыңғы қатарлы мәдениет орталығының біріне саналып, халыққа мәдени, ғылыми-ағартушылық қызмет көрсетіп келеді.

1978 жылы Республикалық кітап музейі құрылды. Бұл Орта Азиядағы жалғыз кітап музейі болды. Музей экспозициясы алты залдан тұрады.

Республикалық кітап мұражайы қазақ халқының тарихы мен мәдениетін сақтаудың, насихаттаудың нақты бір көрінісі деуге болады. Мұражай экспозициясында жазу, кітап басу ісінің, ғылым, әдебиеттің, мәдениет пен өнердің және қазіргі кітап басу, шығару ісінің жағдайы жан-жақты көрсетілген. Мұражай кітап тарихына, кітап басу ісіне, кітаптарға байланысты тұрақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Мұражай қорын қалыптастыруда Мемлекеттік А.С.Пушкин атындағы кітапхана, Республикалық баспалар мен мәдени мекемелер көмек көрсетті. Мұражай қорына Мәскеу, Қазан, Дүйшенбі, т.б. қалалардан кітаптар келіп түсті.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы “Әзірет-Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі 1978 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақ ССР министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша Қожа Ахмет кесенесі негізінде “Республикалық Ахмет Ясауи сәулет кешені музейі” болып ашылып 1989 жылдың 28 тамызындағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №265 қаулысы бойынша “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейі болып қайта құрылды.

Қазақстан жерінде орта ғасырдан сақталған керемет сәулет өнерінің туындысы түркі халықтарының рухани пірі – Қожа Ахмет Ясауи әулие кесенесін музейлендіруде қазақ халқының біртуар ұлы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібектовтің еңбегі ерекше. 1979 жылы Қожа Ахмет кесенесінің кіші залы, мешіт бөлмесінің экспозициясын кеңейту жұмыстарын жүргізіп, сигнализация орнату мәселелерін қойды. Халықтың тарихи-мәдени мұрасының жылжымалы, жылжымайтын түрлерінің республикалық, облыстық музей қорларындағы бағалы заттардың сақталуына, қалпына келтірілуіне көңіл бөлінді.

Қорық музейдің құрамында 100-ден астам тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіш бар. Олардың жалпы қорғау аймағы 529,4 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан қаланың тарихи орталығының қорғау аймағы 88,7 гектар. Осы аймақта орналасқан 8 тарихи ескерткіш музейлендіріліп, халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Олар:

1. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі музейі. ХІV ғасыр. Экспозициялық алаңы 654.98 шаршы метр.

2. Қылует жер асты мешіті музейі. ХІІ ғасыр. 702 шаршы метр.

3. Жұма мешіті музейі. ХІХ ғ. 603,6 шаршы метр.

4. Шығыс моншасы музейі. ХVІ ғ. 130 шаршы метр.

5. Түркістан тарихы музей. ХІХ ғ. 1050 шаршы метр.

6. Археология және этнография музейі. ХІХ ғ. 140 шаршы метр.

7. Рабия Сұлтан бегім кесенесі музейі. ХV ғ. 62 шаршы метр.

8. Түркістан көшесі музейі. ХІХ ғ. 452 шаршы метр.

1979 жылы 11 мамырда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен Отырар Мемлекеттік археологиялық қорық музейі құрылды. Музейдің археология, этнографиялық экспозициялары белгілі бір тақырыпқа сай орналасқан. Археология бөлімі I-XVIII ғасырларды қамтиды. Экспозицияда Көкмардан бейітінен табылған темір бұйымдар, мақта, бидай күйінділері, ішкі қабырғаларды көркемдейтін оюлы ағаштардың өртенді қалдықтары Отырар мешітінің алтын жалатылған сәулеттік көркем кірпіштері, сырлы ыдыстар, т.б. көрсетілген.

Этнография бөлімінде XIX-XX ғғ. Осы өңірдегі ел арасынан жиналған қазақ халқының тұрмыс-салты, зергерлік өнері, музыкасы, мал шаруашылығы, диқаншылық, құсбегілік, аңшылық, балық аулау кәсіптеріне қатысты құнды жәдігерлер қойылған.

1980 жылы Қазақтың халық аспаптары музейі ҚР Үкіметінің 1-ші тамызындағы N358 жарлығы бойынша ұйымдастырылып, 1981 жылы сәуір айында ашылды. Музейдің құрылу, қалыптасу және даму тарихы қоғам, мәдениет қайраткері, ғалым Ө.Жәнібековтің есімімен тығыз байланысты. Музейдің экспозициясы мен қорларында сирек кездесетін тарихи көне аспаптар, музыкалық-фольклор нұсқалары, археологиялық ескерткіштер жинақталған. Музей қорындағы халық музыка аспаптары өздерінің жіктелу тобына сай жеке залдарға бөлінген. Музей қызметкерлері тарихи мұраларды зерттеп, жинап, сақтаумен бірге, музей жанындағы қоғамдық негізде құрылған шағын өнер тобы арқылы көне аспаптарда ән-күй ойнап, олардың жасалу әдіс-тәсілімен, дыбыс ерекшеліктерімен таныстырады.

Қазақстан музейлерінің жұмысын жан-жақты дамытуда, жаңа музейлер ұйымдастырып, мамандар даярлауда, музей ғимараттары мен ескерткіштерін есепке алу жұмыстарын ұйымдастыруда Қазақстан музей мамандарының ұстазы Ө.Жәнібековтің (1931-1998 жж.) атқарған жұмысы маңызды болды.Музей экспозициясының тақырыптық жоспарын жасау, қор жұмыстарын жүйелеуде өзіндік қолтаңбасы бар маман ретінде көптеген маңызды істердің басында болды. Жезді тау кен және балқыту ісі музейінің тақырыптық экспозициясын жасау, С.Мұқанов мемориалдық музейі, Қазақтың ұлт аспаптар музейі, «Әзірет Сұлтан» қорық музейі, Маңғыстау–Үстірт музей қорығын ұйымдастыру, музей қорларындағы заттардың сақталуына көңіл бөлу мәселелерімен айналысып, тарихи-мәдени жылжымайтын ескерткіштерді есепке алып, қайта қалпына келтірілуіне ықпал етті. Қазақтың дәстүрлі өнерін тарихи-этнографиялық тұрғыдан зерттеп, халық киімі, қолтума өнері, сәулеткерлік, әуездік-әуендік дәстүр, би өнерін зерттеп, музей қорлары мен экспозициясында осы өнер туындыларының заттай көріністерінің сақталып көрсетілуіне үлкен үлес қосты. Музейлердің ғылыми, мәдени-ағартушылық қызметін, экспозицияның жаңа заман деңгейінде қайта реттеу, тақырыптарын жаңғырту мәселелерін үнемі көтеріп, жүйелі дамытып отырды. Осы ретте музей экспозициясындағы бағалы заттардың орнына көшірмелерін қою мәселелерінің кезек күттірмейтініне мән берді. Музей ғимараттарының, қорлардың температуралық-ылғалдылық режимі, бағалы заттардың белгілі бір уақыт тезінде ескіру, жойылуына себепкер болатынына ғалым маман ретінде үлкен мән берді. Қазақтардың үй жиhаздары, киім-кешектері, жүн, аң терілерінен жасалуы олардың органикалық зиянкестерден қорғаудың қажеттігін туындатты. Ө.Жәнібеков осы заттардың сақталып, елдің көруіне үлкен мән берді. Қазақтың музыка аспаптарының тағдырына, ежелден келе жатқан ата мұраның елдің рухани азығының жаңа көзіне айналған аспаптардың өмір сүруіне, сақталуына үлкен жанашырлықпен қарады. Ө.Жәнібековтің музей заттарын, халықтың этнографиялық заттарын зерттеуі бірнеше сала бойынша жүрді. Бұлар баспана, киім түрлері, қолтума өнер, сәулеткерлік, қазақтың музыка аспаптары, қазақ ою-өрнектері, олардың мәні мен мазмұны болды. Зерттеу жұмыстарын жандандыра отырып, бұрын болған, уақыт өте жойыла бастаған кейбір аспаптардың қайтадан өмірге келіп, ұрпақтары енді мүмкіндік болмас деген аспаптардың қайтадан жанданып, өмір сүруіне негіз болды. Ол халық аспаптар музейін құруға қатысып, басқара отырып, музей экспонаты ретінде қойылған домбыра, сырнай, сыбызғы, желбуаз, адырна, нарқобыз, т.б. музыка аспаптарының дыбыстандырылып, тәжірибе алмасу жолымен қайта ұқсату қажеттігін айтты. Музейге келушілер тек аспаптарды көріп қана емес, көне аспаптардың сазын естуді қамтамасыз ету үшін музей ғылыми қызметкерлері Ө.Жәнібековтің басшылығымен «Сазген» халықтық-этнографиялық көне аспаптар ансамблін құрды. Бұл музей экспозициясында үнсіз тұрған көне аспаптардың үнін естіп, көненің көзінің тілін ұғып, сезінуге көмектесті.

Қазақстанда 1988 жылы 20 ақпанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің бұйрығымен Сәкен Сейфуллин атындағы музей ашылды. Музей ақынның өмірі мен қызметі туралы құнды жәдігерлер мен құжаттар жинақталған, үлкен тәрбиелік-ағарту жұмыстарын атқаратын мәдени орын. Ақмола С.Сейфуллиннің өмірінде ерекше орын алған өлкен. Музей қоры мен экспозициясында — С.Сейфуллин туралы жаңа деректер көрсетіліп, сақталып бүгінгі ұрпақтың танысуына мүмкіндік берілді. Музейді ақынның жеке заттары, қолданылған құжаттары ақынның сол кездегі қызметі, өмірі туралы келушілерге айтары мол дереккөзі деуге болады. Әрбір заты сол кезеңнің қайталанбас тарихи оқиғалары мен келушілердің көңілін толқытар тарихи деректердің көзіне айналып, музей экспозициясында көрсетілуде. Ақынның жеке заттарын ақын ақталған 1958 жылы жұбайы Гүлбахрам Қазақстанның тарихи орталық музейіне, Целиноград облыстық өлкетану музейіне өткізді. Музей экспозициясында ақынның туған жері «Қарашілікті» бейнелеу материалдары, өмірінің соңғы кезеңіне дейін мәлімет беретін құжаттар қамтылған. Экспозиция, қор материалдары фотосуреттер, кітаптар, құжаттар, мұрағаттық материалдардың көшірмелері, газеттер, ақынның, отбасының жеке заттары болып табылады. Музей экспозициясы алты залдан тұрады. Музей залдарындағы әрбір зат ақынның мағыналы өмірінен хабар береді. Музейдегі ақын өмірі мен қызметі туралы сабақтар, дәрістер келушілердің жан-жақты танып, білуіне мүмкіндік беруде.

XX ғасырдың екінші жартысындағы дәстүрлі музей ісінің жаңа даму жолдарын іздеу, сапалық өзгерістердің болуымен ерекшеленді. Музей материалдарын көрсетудің жаңа әдістеріне, музейлердің бағытына қарай түрленуі дами түсті.

Бақылау сұрақтары 

  1. 1917-1920 жж. музей ісі бойынша жүргізілген іс-шаралар туралы айтыңыз.
  2. 1920 жылдардағы А.Байтұрсыновтың музей ісін дамытудағы қызметі.
  3. 20-шы жылдардағы Орталық Өлкетану музейінің қызметі.
  4. 1924 ж. Қазақ білімпаздарының съезі.
  5. А.Махониннің қызметі.
  6. Қазкомпристаристің құрылуы.
  7. 1920-30-шы жылдары құрылған музейлер туралы айтыңыз.
  8. 1921 ж. Туркомстаристің (Средазкомстарис 1924 ж.) құрылуы мен қызметі.
  9. М.Е.Массон, Т.А.Шпота, В.П.Тризнаның музей ісін дамытудағы еңбектері
  10. 1926-1928 жж. «Средазкомстарис» Хабаршысы.
  11. Мұра жинау, сақтаудағы алаш зиялыларының қызметі.
  12. 1922 ж. Талап қоғамының музей ісін өркендетудегі орны.
  13. 1925 ж. Шымкент мұражайының құрылуы, алғашқы экспозициясы.
  14. 1935 ж. Қазақ өнері музейінің құрылуы.
  15. Отан соғыс жылдарындағы музейлер қызметі.
  16. 1946-1950 жж. музей коллекцияларының дамуы, музейлердің құрылуы туралы айтыңыз.
  17. 1960-80 жж. Қазақстандағы музей ісінің дамуы.
  18. Ө.Жәнібековтің Қазақстандағы музей ісін дамытудағы қызметі.
  19. 1970-80 жж. құрылған қорық музейлер және олардың қызметі.
  20. 1960-80 жж. Қазақстанда құрылған мемориалдық музейлер.

Тағы рефераттар