Аралық соттың шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және оған аралық соттың құрамына кiретiн судьялар, соның iшiнде айрықша пiкiрi бар аралық судья қол қояды.

Аралық соттың шешiмiнде:

1) шешiм қабылданған күн;

2) ҚР-ң Аралық соттар туралы заңының  21-бабына сәйкес айқындалған аралық сотта iс қарау орны;

3) аралық сот құрамы және оны түзу тәртiбi;

4) дау тараптарының атауы, олардың өкiлдерiнiң өкiлеттiктерi көрсетiле отырып, тегi, аты-жөнi, лауазымдары;

5) аралық сот құзыретiнiң негiздемесi;

6) талапкердiң талаптары және жауапкердiң қарсылықтары, тараптардың ұсыныстары;

7) iс қарауға қатысушы адамдар дауының, өтiнiшiнiң, өтiнiмiнiң, түсiнiктемесiнiң мәнi;

8) аралық сот анықтаған iстiң мән-жайы, осы мән-жайлар туралы аралық соттың тұжырымдары негiзделген дәлелдемелер, аралық сот шешiм қабылдау кезiнде басшылыққа алған Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерi көрсетiлуге тиiс.

Шешiмнiң қарарлық бөлiгiнде әрбiр мәлiмделген талап-арыз талабын қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы аралық соттың тұжырымдары, аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстардың сомасы, аталған шығыстардың тараптар арасында бөлiнуi және қажет болған жағдайда, қабылданған шешiмдi орындаудың мерзiмi мен тәртiбi көрсетiлуге тиiс. Шешiм қабылданғаннан кейiн әрбiр тарапқа осы баптың 1-тармағына сәйкес ресiмделген шешiмнiң бiр данасы тапсырылуға не жiберiлуге тиiс.

Шешiмнiң заңдылығы мен негiздiлiгi:

1. Аралық соттың шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.

2. Аралық сот өзiнiң шешiмiн аралық соттың отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.

Қосымша шешiм. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгенi аралық соттың шешiмiн алғаннан кейiн он күн iшiнде аралық сотта iс қарау барысында мәлiмделген, бiрақ шешiмде көрiнiс таппаған талаптарға қатысты қосымша шешiм қабылдау туралы өтiнiшпен, бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, сол аралық сотқа жүгiне алады. Дауды шешкен аралық соттың құрамы аталған өтiнiштi алғаннан кейiн он күн iшiнде оны қарауға тиiс. Тиiстi өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша не аралық сот шешiмiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын қосымша шешiм, не қосымша шешiм қабылдау туралы өтiнiштi қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым қабылданады.[6]

Аралық сотта iс қарауды тоқтату Аралық сот, егер:

—  жауапкер дауды мәнi бойынша шешуге өзiнiң заңды мүддесiнiң болуына байланысты аралық сотта iс қарауды тоқтатуға қарсылығын мәлiмдемесе ғана, талапкер өзiнiң талабынан бас тартқан;

—  аралық сот өзiнiң шешуiне берiлген дауды қарауға аралық соттың құзыретi жоқтығы туралы ұйғарым шығарған;

—  сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша құзыреттi соттың немесе аралық соттың заңды күшiне енген шешiмi болған;

— тараптар аралық сотта iс қарауды тоқтату туралы келiсiмге келген;

—  аралық сотта iс қараудың тарапы болып табылатын заңды тұлға таратылған;

—  аралық сотта iс қараудың тарапы болып табылатын жеке тұлға қаза тапқан (қайтыс болған деп жарияланған), не ол хабарсыз кеткен деп танылған;

— талапкер талап қоюдан бас тартып, аралық сот бас тартуды қабылдаған жағдайларда, аралық сотта ic қарауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады.

Аралық соттың шешiмiне шағым жасау. Тараптар аралық соттың шешiмiне Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында белгiленген тәртiппен құзыреттi сотта шағым жасауы мүмкiн. Аралық соттың шешiмiне, егер өздерiнiң құқықтары қозғалған, аралық сот шешiмiнiң күшiн жою туралы өтiнiш берген тарап не тұлға:

1) аралық келiсiм Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша жарамсыз екендiгiнiң

2) аралық соттың шешiмi аралық келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының, не аралық келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың аралық соттың ведомстволық қарауында болмауы салдарының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана шағым жасалуы мүмкiн.

Егер аралық соттың аралық келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi қаулылары мұндай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi қаулылардан бөлiнiп шығарылуы мүмкiн болса, онда аралық соттың аралық келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратын шешiмiнiң сол бөлiгi ғана күшiн жоюы мүмкiн;

— аралық соттың құрамы немесе аралық сотта iс қарау Қазақстан Республикасы аралық сотта iс қарау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтiндiгiнiң

— тарап аралық судьялардың сайлануы (тағайындалуы) туралы немесе аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегендiгiнiң не басқа да себептермен аралық сотқа өз түсiндiрмелерiн бере алмағандығының

— аралық соттың шешiмi Қазақстан Республикасының заңдылық принциптерi мен жариялылық тәртiбiне қайшы келетiндiгiнiң дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана шағым жасалуы мүмкiн.

.              Аралық сот шешiмдерiнiң күшi жойылған жағдайда, тараптардың кез келгенi аралық келiсiмге сәйкес аралық сотқа жүгiнуге құқылы. Егер аралық сот шешiмiнiң аралық келiсiмнiң жарамсыздығы салдарынан немесе шешiм аралық келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша қабылданғандықтан, не аралық келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындықтан, толық немесе iшiнара күшi жойылған жағдайда, тиiстi дау аралық сотта одан әрi қарауға жатпайды.
Тағы рефераттар