Банктердің атқаратын негізгі қызметтері туралы қазақша реферат

Қандай жүйе болмасын оның өзiнiң формалары мен қызметтерi болатыны анық. Жалпы банктiң атқаратын қызметтерiн төмендегiдей жiктеуге болады:

  • Уақытша бос ақша қаражатын тарту, жинақтау және оны қарыз капиталына айналдыру;
  • Кәсiпорындарға, мемлекетке, жеке адамдарға несие беру, бағалы қағаздармен операциялар жүргiзу;
  • Ақша айналымын реттеу.  Банк — әртүрлi шаруашылық субъектiлерiнiң төлем айналымы жүретiн орталық. Банк өзiнiң есеп айырысу жүйесi арқылы клиенттерiне айырбас, ақша айналымын жүргiзуге мүмкiндiк туғызады;
  • Айналымға несие құралдарын шығару.  Банк клиентiне тек жинаған уақытша бос ақша қаражатымен несиелеп қоймай, сонымен қатар депозиттiк чектердi , вексельдердi шығарумен де несиелейдi;
  • Экономикалық және қаржылық ақпарат берiп отыру ;

Эмиссиялық банк – айналысқа ақша белгiлерiн эмиссиялауға (шығаруға) құқы бар, әдетте Орталық банк деп аталады. Бiздiң елде ол – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi. Мемлекеттiң Орталық банкiнiң негiзгi мақсаты – айналысқа ақша бiрлiгiн шығару, қалған банктерге ерекше тауар – ақша белгiсiн сату және банк жүйесiнiң несие есеп, эмиссиялық жұмысын басқару болып табылады.

Мемлекеттегi басқа банктердiң барлығының да ақша белгiлерiн шығаруға құқы жоқ эмиссиялық емес банктер.  Олар коммерциялық, инвестициялық, инновациялық, ипотекалық және т.с.с. банктер. Коммерциялық банктер клиенттерге көрсететiн қызмет түрлерiн үнемi ұлғайтып тұратын әмбебап үлгiдегi банк. Ал басқа банктер бiр-екi қызмет түрiне маманданған банктер.

Инвестициялық және инновациялық банктердiң екi түрi де ұзақ уақытқа ақша қаражатын шоғырландырумен маманданады, яғни олар облигация, акция және басқа бағалы қағаздар шығару арқылы ақша тартып, кейiн ұзақ мерзiмге қарызға бередi.  Инвестициялық банктер кәсiркерлерге қарыз берсе, ал инновациялық банктер технологиялық жаңалықтарды өңдеудi және оны игерудi несиелейдi.

Ипотекалық банктер – жердi және жылжымайтын мүлiктi кепiлдiкке алып, ұзақ мерзiмге несиеге бередi.  Олар ипотекалық облигация, акция және басқа бағалы қағаздарды сату арқылы ақша жинайды.

Банк жүйесінің бірінші деңгейіне жататын Орталық банктiң қызметтерiне тоқталсақ. Кез-келген орталық банктiң мiндетi –мемлекеттің ақша өлшемiнiң төлем қабiлеттiлiгi мен валюталық курсының тұрақтылығын қамтамасыз ету.  Осы мiндеттердi атқару үшiн орталық банк негiзiнен мынадай қызметтердi орындайды:

  • Банкноталарды монополиялы түрде эмиссиялау;
  • Ақша – несиелiк қатынастарды реттеу;
  • Сыртқы экономикалық қатынастарды жүргiзу;
  • Банктердiң банкiсi болу және үкiмет банкiсі қызметі;

Орталық банктiң ең алғашқы қызметi – ежелден қалыптасқан мемлекеттiң өкiлi ретiнде заңды түрде – банкнота шығару.  Ол – елде төлем мiндеттемелерiн өтейтiн, халық қабылдаған жалпы ұлттық төлем құралы. Кейбiр мемлекеттерде орталық банк монополиялы түрде монеталар шығарады. Көп елдерде монетаны қаржы министрлiгi соғып, орталық банк оларды номиналымен сатып алады. Сөйтiп, орталық банк сатып алған монеталарды  өзi шығарған банкноталармен қосып айналымға түсiредi.

Орталық банктiң эмиссиялық монополиясы оны банк жүйесiнiң эмиссиялы-кассалық орталығына айналдырды. Себебi орталық банктiң мiндеттемелерi кез-келген коммерциялық банктiң кассалық қоры болып табылады. Өйткенi орталық банктiң басты клиентi – коммерциялық банктер, ал олар орталық банк пен экономика салалары арасында делдал ретiнде қызмет атқарады.

Орталық банктiң ақша несиелiк реттеу қызметi.  Экономиканы ақша-несие айналымына әсер ету жолымен реттеу – мемлекеттiң экономикалық саясатының құрамдас бөлігі. Оның негiзгi мақсаты экономикалық өсудiң тұрақтылығы, инфляция мен жұмыссыздықтың төменгi деңгейiне және төлем балансының тепе-теңдiгiне қол жеткiзу болып табылады.

Орталық банктiң сыртқы экономикалық қызметi – ол орталық банктiң мемлекеттiң валюталық саясатын жүргiзетiн және валюталық бақылау органы болуы.  Ол – ұлттық валютаның айырбастау курсын анықтау және оны реттеу; елдiң ресми алтын валюта резервiн басқару жөнiде операциялар жүргiзу; халықаралық есеп айырысу, төлем балансын реттеу; елдегi және одан тыс жерлердегi валюталық құндылықтардың қозғалысын қадағалау; болжамдарды жасауға қатысу және төлем балансын құрастыруды ұйымдастыру жұмыстарын жүргiзу.  Орталық банк дүниежүзiлiк қарыз капиталы нарығы мен алтын нарығына қатысу үшiн халықаралық келiсiмдердi дайындауға, сонымен бiрге, халықаралық және аймақтық валюта-несие ұйымдарында өз елінiң өкiлi болып қатысады.

Орталық банктiң банктердiң банкiсi ретіндегі қызметi –  орталық банктiң кәсiпорындарға және халыққа тура қызмет көрсетпеуi, яғни орталық банктiң негiзгi клиентi коммерциялық банктер болуы. Орталық банк коммерциялық банктердiң кассалық қорларын жинақтау және сақтау қызметiн атқарады. Бұл қорлар банктiк мiндеттi резерв қорлары деп аталады. Орталық банк банктердiң депозиттерi бойынша мiндеттемелерiнiң ең аз резервтерiне арақатынасын, яғни мiндеттi резервтердiң нормасын бекiтедi.

Коммерциялық банктердiң кассалық резервтерiн сақтауға қабылдаумен қатар орталық банк оларға несиелiк көмек көрсетедi. Оның несие үшiн проценттiк төлем мөлшерi нарықтық мөлшерден анағұрлым жоғары болады, сондықтан орталық банктiң несиесiн басқа несие алу мүмкiндiгi болмаған ақырғы жағдайда ғана алады.

Орталық банк банктердiң банкiсi ретiнде елдiң төлем жүйесiнiң басты реттеушi органы қызметiн атқарады. Ол банкаралық есеп айырысуды ұйымдастыру, есептесу жүйесiн реттеу және үйлестiру жұмыстарын жүргiзiп, банк жүйесiнiң есеп есеп айырысу орталығы болып табылады.

Орталық банктер қадағалау мен бақылауды негiзiнен мынадай бағытта жүргiзедi:

  • Банктiк қызмет түрлерiне лицензия беру;
  • Кейбiр операция түрлерiн жүргiзуге,
  • Банктер берген қаржылық есептi тексеру және талдау;
  • Клиенттердi ревизиялау (тексеру);
  • Мiндеттi резервтердiң нормативтi және экономикалық нормативтердiң жүйесiн белгiлеу, сонымен бiрге олардың орындалуын тексеру.

Орталық банктiң үкiмет банкiсi қызметi. Үкiметтiң банкирi ретiнде орталық банк оның әрi кассирi, әрi несие берушiсi, әрi қаржылық кеңесшiсi.  Орталық банкте үкiмет пен мемлекеттiк органдардың есепшоттары ашылған. Орталық банк мемлекеттi несиелеумен, мемлекеттiк заемдарды орналастыру және оларды өтеу мәселелерi бойынша, нарықтық жағдайларға байланысты мемлекеттiк бағалы қағаздарды және оның табысты уақытын таңдау жөнiнде кеңес берумен, мемлекеттiк борышты басқарумен шұғылданады.

Қорыта айтқанда, орталық банктiң атқаратын қызметтерi бiрiмен-бiрi тығыз байланысты.

Мемлекеттiң несие жүйесiнде коммерциялық банктердiң алатын орны өте зор. Олар қарыз капиталы нарығының әр түрлi саласында жан–жақты iс-әрекет етедi. Коммерциялық банктер несие ресурстарының негiзгi бөлiгiн шоғырландырып, өз клиенттерiне несие беру, депозит қабылдау, есептесу, бағалы қағаздарды, шетел валютасын сатып алу – сату мен оларды сақтау және басқа да көптеген қаржылық қызмет көрсетедi.

Коммерциялық банктер – нарықтық экономикада несие жүйесiнiң негiзгi буыны. Олардың мiндетi-ақша айналымы мен капитал айналымының үздiксiз қозғалысын қамтамасыз ету, өнеркәсiп мекемелерiн, мемлекет пен халықты несиелеу, халық шаруашылығына қор жинау үшiн жағдай жасау болып табылады. Қазiргi коммерциялық банктер қаржы делдалы ретiнде ақша капиталын салааралық және аймақаралық қайта бөлудi қамтамасыз етiп, маңызды халық шаруашылық қызмет атқарады. Ендi коммерциялық банктер туралы кеңiрек танысу үшiн олардың қызметтерiн айтып өтейiк:

Ақша қаражатын шоғырландыру және тарту қызметi – банктердiң ежелден атқаратын қызметтерiнiң бiрi.  Заңды және жеке тұлғалардың уақытша бос ақшасын банкке тарту, бiр жағынан, олардың иесiне процент түрiнде табыс түсiрсе, ал екiншi жағынан банктiң несие операцияларын жүргiзуiне негiз қалайды. Шоғырланған жинақ ақша әр түрлi экономикалық және әлеуметтiк қажеттiлiктерге жұмсалуы мүмкiн.

Коммерциялық банктердiң  атқаратын келесi қызметi — несие беруде делдал болу. Банктiк несие экономиканың әр түрлi секторларына берiлiп, өндiрiстiң кеңеюiн қамтамасыз етедi.

Ұйымдасқан және жұмысы қалыптасқан есеп айырысу жүйесiнсiз тұрақты экономика болуы мүмкiн емес. Сондықтан банктiң келесi қызметi шаруашылықтармен есеп және төлем жұмыстарын жүргiзудiң ролi зор. Кәсiпорындар арасындағы есеп айырысудың негiзгi бөлiгi қолма-қол ақшасыз жүредi. Банктер делдал ретiнде клиенттердiң тапсырысы бойынша шотқа ақша қабылдап, ақшаның түсуiн және берiлуiн есептейдi.

Коммерциялық банктердiң ерекше қызметi төлем құралдарын шығару  арқылы айналымдағы ақшаны көбейту немесе артығын жою, яғни ақша массасын көбейту немес азайту. Төлем құралдарын шығару олардың депозиттiк және несиелiк қызметтерiне тiкелей байланысты. Депозит екi түрлi жолмен: клиенттiң банкке ақша салуы арқылы немесе қарыздарға банктiң несие беруi арқылы жүргiзiледi.

Коммерциялық банктер акция және облигация түрiндегi бағалы қағаздарды шығарып,орналастыру арқылы эмиссиялық – құрылтайшылық қызмет атқарады. Банктердiң жинақтарды өндiрiстiк мақсатқа жұмсайтын мүмкiндiгi бар. Сөйтiп бағалы қағаздар нарығы несие жүйесiн толықтырып, әрi онымен тығыз байланыста жұмыс iстейдi. Ұзақ мерзiмдi инвестиция тарту мақсатында кәсiпорындар акция және облигациялар шығарады.

Банктер сенiмхат бойынша клиенттердiң мүлкiн басқару қызметiн де атқарады. Жеке тұлғаларға: осы қызметтi атқаруға құқығынан айрылғандардың мүлкiн уақытша басқару; iзбасарларының мүддесi үшiн өлген адамның мүлкiн басқару; пайда табу мақсатымен капиталды басқару және т.б. қызметтер көрсету болып табылады. Ал компанияларға көрсететiн қызметтерi: банктiң облигациялар бойынша кепiлшi болуы; нарыққа шығарылған акцияларды және трансферттердi тiркеу үшiн өкiл болуы; корпорацияның зейнетақы қорының қаржысын басқарушы болуы және т.б. қызметтер атқарады.

Экономикалық мағлұматтарды өзiне жинақтауы банктердiң клиенттерiне кеңес беру қызметiне мүмкiндiк туғызады. Банктер төмендегiдей кеңес бередi: шот ашу; есеп-несиелiк және кассалық қызметкөрсетуден бастап, ақша және тауар нарықтарында операциялар жүргiзуге дейiн нұсқау бередi.

Сонғы кездерi коммерциялық банктермен басқа несие мекемелерiнiң арасындағы бәсеке күшейе түсуде. Бәсеке банктердiң жаңа қызмет түрлерiн iздестiруге, клиенттерге ұсынатын қызмет түрлерiн кеңейтуге және қызмет көрсету сапасын жақсартуға ынталандырады. Сондықтан қызмет нарығындағы өз орнын нығайту үшін банктерге тән емес операцияларды батыл меңгерiп, қаржылық кәсiпкерлiкте кең қолдануда. Сайып келгенде банктердiң экономиадағы ролi күннен-күнге артуда.
Тағы рефераттар