Мемлекеттік органдардың өздерінің функцияларын орындауы үшін басқарудың барлық деңгейлерінде тиісті қаржы базасы болуы тиіс. Осы мақсатпен әр елде аймақтардың шаруашылығын, әлеуметтік сферасын, әрбір әкімшілік — аумақтық бірліктерді абаттандыруды, заң шығарушы билікті, басқару аппаратын ұстауды және басқа шараларды қаржыландыру үшін олардың ақша ресурстарын жұмылдыруды қамтамасыз ететін бюджеттер тармақтарының желісі құрылады. Бюджеттердің жекелеген түрлерінің кірістері мен шығыстарын қалыптастыру, оларды теңдестіру процесінде заңмен реттеліп отыратын белгілі бір қаржылық өзара қарым-қатынастар пайда болады. Осы элементтердің барлығы – бюджет жүйесін ұйымдастыру мен құрудың қағидаттары, оның буындарының өзара қатынастары мен байланысының ұйымдық нысандары бюджет құқықтарының жиынтығы — бюджет құрылысын құрайды.

Дүние жүзінің әр түрлі елдерінде бюджет құрылысы мемлекеттік құрылысына, аумақтық-әкімшілік бірлігіне, экономиканың даму деңгейіне және нақтылы мемлекеттің басқа айрықша белгілеріне байланысты өзгешеліктермен ерекшеленеді.

Бюджет құрылысында басты орынды бюджет жүйесі алады, ол экономикалық қатынастарға және құқықтық нормаларға негізделген түрлі деңгейлердегі бюджеттердің жиынтығын білдіреді.

Әр түрлі елдердің бюджет жүйелері өзінің құрылымы, бюджеттердің жекелеген түрлерінің саны жағынан түрліше болып келеді, өйткені олардың аумақтық құрылысы мен оның аумақтық бөлінісіне байланысты болады.

Бюджет жүйесінің құрамы елдің ұлттық-мемлекеттік құрылымымен анықталады. Мемлекеттің федеративтік және унитарлық құрылымы болуы мүмкін.

Федеративті мемлекеттерде бюджет жүйесі үш буыннан тұрады:

мемлекеттік бюджет немесе федералдық бюджет немесе орталық мемлекеттің бюджеті;

федерация мүшелерінің бюджеттері (АҚШ-та – штаттардың, ГФР-да – жерлердің (ландтардың), Канадада — провинциялардың, Ресейде — федерация субъектілерінің бюджеттері);

жергілікті бюджеттер.

Унитарлық (біркелкі) мемлекеттерде екі буынды бюджет жүйесі қолданылады: орталық бюджет және толып жатқан жергілікті бюджеттер. Екі жағдайда да бюджеттердің оқшаулану мен дербестігінің түрлі дәрежесі болуы мүмкін, бірақ, әдеттегідей, әлеуметтік-экономикалық процестерді басқаруды орталықтандыру деңгейіне байланысты төмендегі бюджеттерге қатынасы бойынша белгілі бір реттеуші рөл орталық бюджетте сақталады.

Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі бюджет құрылымының унитарлық типімен анықталады, өйткені Қазақстан — федералдық емес, басқарудың Президенттік нысаны және сайланатын Парламенті бар унитарлық мемлекет.

Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі экономикалық қатынастарға және тиісті құқықтық нормаларға негізделген әр түрлі деңгейлердегі бюджеттерді қамтиды.

Қазақстан жиынтығында мемлекеттік бюджетті құрайтын республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттер дербес жұмыс істейді.

1991 жылы Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі түбірлі өзгерістерге ұшырады. Бұған дейін Қазақстанның мемлекеттік бюджеті, басқа одақтас республикалардың мемлекеттік бюджеттері сияқты, КСРО-ның мемлекеттік бюджетіне кірді, онда ел аумағының барлық бюджеттері, соның ішінде ауылдық және поселкалық бюджеттер де қамтылып көрсетіледі. Ол одақтық бюджеттен, 15 одақтас республиканың мемлекеттік бюджеттерінен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру бюджетінен тұрды. Одақтық бюджетке 1970-1990 жж. мемлекеттік бюджет ресурстарының жалпы ауқымының 52-50 % тиді, оның 35 % республикалардың республикалық бюджеттерінің және 15 % жергілікті бюджеттердің қарамағында болды.

Қазақстан республикасы мемлекеттік бюджетінің басты бөлігі республикалық бюджетте шоғырланған.

Республикалық бюджет — бұл түсімдер мен бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану) есебінен қалыптастырылатын және өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамалық актілер жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет анықтайтын республикалық бюджет бағдарламаларын қаржыландыруға арналған Қазақстан республикасының заңымен бекітілген орталықтандырылған ақша қоры.

Жергілікті бюджеттер (әкімшілік-аймақтық бірліктердің бюджеттері) – облыстық бюджеттер, қалалардың (аудандық маңызы бар қалалардан басқасы), аудандардың (қаладағы аудандарды қоспағанда) бюджеттері.

Қаржы жылына арналған республикалық бюджет Қазақстан Республикасының заңымен, жергілікті бюджеттер мәслихаттардың шешімдерімен бекітіледі.

Мемлекеттік бюджет ұлттық экономиканы басқарудың басты механизмдерінің бірі. Ол экономикаға мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын жасау мен пайдаланудың нысандары мен әдістерінің жиынтығы болып табылатын бюджеттік механизм арқылы ықпал етеді. Жалпы экономикаға ықпал етудің құралы ретіндегі бюджеттің рөлі осында көрінеді. Экономиканы реттеу орталықтандырылған ақша қорының сандық көлемін анықтау, оны жасау мен бөлудің нысандары мен әдістерін реттеу, бюджеттің атқарылу процесінде қаржы ресурстарын қайта бөлу жолымен жүзеге асырылады.
Тағы рефераттар