Даосизм (қытайша «дао цзяо” – «жол ілімі”) б.з.б. ІV-ІІІ ғасырларда Ежелгі Қытайда пайда болды. Аңыз бойынша бұл ілімнің құпиясын аты аңызға айналған Хуан-ди («Сары император”) ашқан. Ақиқатында даосизм шамандық нанымдардан және ежелгі магтар ілімінен бастау алады, ал оның негізгі қағидалары данышпан Лао-цзынікі деп саналатын «Жол мен ізгіліктер туралы канонда” (Дао-дэ-цзинде) және философ Чжуан Чжоу көзқарастары көрініс тапқан (б.з.б. ІV-ІІІ ғғ.) «Чжуан-цзыда” баяндалады.

Тұтас жүйе ретіндегі даосизм «Лэ-цзы” (б.з.б. ІV-ІІІ ғғ.) және «Хуаинань-цзы” (б.з.б. ІІ ғ.) еңбектерінде тұжырымдалған.

Даосизм – адамға қоршаған әлемнің сырларын ашуды, өмір мен өлім мәселелерін айқындауды мақсат етіп қоятын ілім. Даосизмнің негізгі категориясы дао (жол, ақиқат, тәртіп) – ғарыш болмысының ішкі заңдылығы, табиғаттың жалпы заңы іспетті, формалар әлемін тудырушы бастау. Дао тек бастапқы себеп қана емес, сондай-ақ соңғы мақсат, болмыстың аяқталуы. Даоны ешкім жаратпаған, бірақ барлық нәрсе даодан жаратылған және соңында даоға қайта оралады. Дао – бұл барлық нәрсе, сонымен қатар ол еш нәрсе де емес; ол – мәңгілік және шексіз; даоның аты да заты да жоқ болғанмен, ол – бәріне есім мен атау беруші бастама. Дао – беймәлім, оны сезім органдары арқылы танып білу мүмкін емес, ол уақыт пен кеңістік аясын қажет етуден ада. Даоның нақты көрінісі тек «дэ” (ізгілік) күші арқылы ғана байқалады: егер дао барлығын жаратушы болса, дэ – қоректендіруші. Тақуа мақсаты – даоны тану, ол оны «ғарыш үйлесімділігі” – адамның табиғатпен қауышуы деп түсінеді.

Даосизм философиясының мәні – бес алғашқы элементтер (топырақ, ағаш, металл, от және су) туралы ілім болып табылады. Осы алғашқы элементтерден әлем құралған. Ал элементтердің өзі «киден” (алғашқы материя) бастама алып, элементтердің негізін құрайды деп түсінілген.

Даосизмнің тағы бір негізгі ұғымы «әрекеттенбеу” («у-вэй”) – табиғи әлемдік тәртіпке кереғар келетін мақсаттық әрекетті терістеу, табиғи үйлесімділікті бұзбау, табиғат дамуына араласпау, адамның табиғилығын ұстану, қандай күйде жаратылса, сол күйде болу. Басынан жаратылған нәрсені өзгертуге тырысу ұмтылысын жоққа шығаратын әрекеттенбеу қағидатына сүйенген ел билеушісі Аспан асты елін тәртіпке келтіріп, мемлекетті басқарған, толқулардың алдын алған. Даосизм ғарыштағының бәрін бір тұтастық ретінде қарастырады, қарама-қайшылықтарды үйлестіруге талпынады.

«Чжуан-цзы” бойынша өмір мен өлім жалпылама метаморфозалардың тек сатылары ғана. Универсум сияқты кіші әлем – адам да мәңгілік. Оның физикалық тәні өлгенде рухы әлемдік «арнаға” сіңеді. Өмір бастауы ретіндегі даомен бірігу, діни пайымдау, тыныс және гимнастикалық жаттығу, жыныстық тазалық, алхимия және с.с. арқылы ғана мәңгілікке жетуге болады.

Тақуа-даошылар табиғат аясына кетіп, үйлесімділікке жету үшін онымен тұтасуға талпынды. Ажалды жеңу мен ұзақ өмір сүру үшін кем дегенде, біріншіден, «рухты қоректендіру” қажет. Даошылар адамды көптеген рухтардың мекені, құдіретті күштердің шоғырлануы ретінде қарастырады. Тәндік рухтардың осы жүйесіне аспандық иерархия сәйкес келеді. Аспандағы рухтар адамның жақсы-жаман істерін тізіп, санап, өмір ұзақтығын анықтап, өсиеттерді орындауға, ізгі болуға шақырады. Ұзақ өмір сүрудің екінші шарты «тәнді қоректердіру” – қатаң диета сақтау және организмге тіршілік дарытатын эфирді тарататын тыныс гимнастикасын жасау болып табылды.

Ұзақ өмір сүру мен мәңгілік өмір сүру идеяларын уағыздау даошыл магтар мен уағыздаушыларға халық арасында және император алдында үлкен бедел әкелді. Олар жаңа діннің негізін қалап қана қоймай, сонымен қатар мәңгілік өмір сүруге мүмкіндік беретін дәрілер мен эликсирлер жасайтын «алхимияны” дамытты. Сондай-ақ даошылдар астрология, бал ашу, геомантия, магия және дерт шалған адамды айықтыруға септесетін медицинамен айналысты.

Көне даосизмнің философиялық ұстанымдары ортағасырлық даошылардың діни ілімдеріне негіз болды. Ортағасырлық даосизмнің көрнекті өкілдері Гэ Хун (VІ ғ.), Ван Сюаньлань (VІІ ғ.), Ли Цюань (VІІІ ғ.), Тянь Цяо (Тянь Цзиншэн) (X ғ.), Чжуан Бодуань (XІ ғ.). Конфуцийшілдік білім алған интеллектуалды элита да даосизм философиясына қызығушылық танытты, оларға қарапайымдылық пен табиғилықтың көне культі қатты ұнады, табиғатпен тұтасуда творчестволық еркіндікке қол жеткізілді. Даосизмге деген ықылас, әсіресе, Хань династиясы құлап, конфуцийшілдік ресми дін ретінде өз мүмкіндігін сарқыған уақытта орын алды. Буддизмнің Қытай жеріне бейімделуі барысында даосизм одан бірқатар культтер мен философиялық ой-тұжырымдарды қабылдады, буддалық ұғымдар мен философиялық концепциялар қытайларға түсінікті даолық терминдерге аударылды. Даосизм неоконфуцийшілдіктің дамуына ықпал етті.

Магия және физиогномистикамен байланысқан оккульттік даосизм халық бұқарасын өзіне тартты, сол себепті ол билік тарапынан қарсылыққа ұшырады. Билік одан көтерілісшіл-эгалитарлық дәстүр ұшқынын сезді. Даолық көзқарастар құпия қауымдардың идеялық негізіне («Ұлы теңдік жолы”, «Ақ лотос ілімі” және т.б.) және шаруалар көтерілісінің жебеушісіне айналды (мысалы, 184 жылғы «Сары орамалдылар” көтерілісі).

Барлық адамдардың анасы, туылмаған Ана-Сиванму құдайының мекені – Батыс жұмағы туралы ілімді дамытқан даошылар, баршаның теңдігі және әлеуметтік әділеттілік идеясын негіздеді. Емшілер мен көріпкелдер де осы идеяларды жақтағандықтан, олар көпшілікке кең таралды.

Даолық дін көне анимистік нанымдарды, Көкке табынуды және әулие даналар культін өзіне қабылдады. Ортағасырлық даосизм қытайдың рухани мәдениетімен тығыз байланыста болды. Даошылар күнәһарлар жаны жазаланатын әзәзілдер патшалығы мен әділетті жандар үшін дайындалған құдайлар мекендейтін аспан бар деп сенді. Орта ғасырларда мәңгілік туралы ілім ұзақ өмір культіне, ал өмір бастауы ретіндегі дао доктринасы көп балалық культіне және т.б. айналды.

Құдайлар иерархиясына аңыздық ел билеушілерді, мифтік батырлар мен даналарды, конфуцийшілдіктің көрнекті қайраткерлерін, тарихи тұлғаларды қабылдаған даолық пантеон синкретизмнің айқын көрінісі болып табылды. Халық арасында әділеттілік пен ізгі істі жақтайтын сегіз мәңгілік данышпан тұлғалары кең таралды (оларға адамдық және сиқырлық қасиет тән деп саналды).

ІІ ғасырда «Аспан ұстаздарының жолы” деп аталатын Чжан Даомин (І-ІІ ғғ.). негізін қалаған бағыт пайда болды. Аңызға сай ол Лао-цзыдан аян алып, оның жердегі өкілі болу құқын иеленеді. Оның «Көктен түскен ұстаз” титулы осы уақытқа дейін ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. ІV ғасырда «Жоғары тазалық” және «Рухани асыл қазына” атты даолық мектептер пайда болды. Олар медитациялық пайымдау тәсілдеріне көп көңіл бөлді.

ІV-VІ ғасырлардан бастап даолық ілімінің көптеген қағидалары қайта қарастырылып, ресми мәртебеге ие болды. Біртіндеп кең ауқымды иерархиялық канон жасалды. VІІ-VІІІ ғасырларда монахтық институттар мен монастырлар, VІІІ ғасырда Қытайдың солтүстігінде көптеген мектептер қалыптасады, солардың бірі – «кемелденген ақиқат ілімі” осы күнге дейін жетті.

Кейінгі даошылар өз ілімін мемлекеттік дінге айналдыруға талпынды. Олар буддалық үлгідегі өсиеттерді жинақтап, ізгі адамдардың игі істері мен қызметтерінің тізімін жасады. Мемлекетке опасыздық жасау мен көтеріліс жасағаны үшін қатал жазалар қолданылды. Тан әулеті өз тегін ресми құдайландырылған Лао-цзыдан бастады.

Қазіргі уақытта даосизм ҚХР, Корея, Тайваньда, Сянганда және қытай эмигранттары арасында кең таралған. Даосизмді күнделікті тұрмысқа енгізген діни синкретті топтар 1960 жылы ҚХР-да қудалауға ұшырады, бірақ 80-ші жылдардан бастап олар, әсіресе, шет аймақтарда өз ықпалын қалпына келтіруге талпынды. Белсенді әрекет ететін Қытай құдайлары пантеонында шаман – медиумдар, галлопаттар, бал ашатындар, физиогномистер қызмет жасайды. Даолық храмдарға, монастырлар мен киелі орындарға мыңдаған діндарлар барады. Қытайдағы «Даосизм ілімін ұстанушылардың бүкілқытайлық ассоциациясы” жұмысын қайта жандандырған.

Кореяға даосизм Лао-цзы мен Чжун-цзы идеяларымен бірге орта ғасырда үш патшалық кезеңінде Қытай арқылы ене бастап, саясат, мәдениет және күнделікті өмір салтына таралды. Даосизм Кореяда басты орындардың бірін алмаса да, қуғынға ұшырап отырды, дегенмен, қазіргі замандық корей қоғамында даосизмнің әсерлері байқалады.

Даосизмнің қазіргі күні әлемде кең таралған оккульттік практикасы фэн-шуй немесе геомантияға ерекше назар аударуға болады. Сөзбе-сөз фэн-шуй «жел және су” – өмір ағымының қозғалысы деп аударылады. Бұл – адамның ішкі дүниесін үйлесімділікке келтіріп, сыртқы ортадағы заттардың көмегі арқылы әлеммен гармонияда болуы.

«Фэн-шуй” жүйесі – адамның жанында энергетикалық үйлесімділік құру әдісі ретінде танылады. Бұл жүйемен шұғылданушылардың пікірінше, заттарды дұрыс орналастыру мен түрлі түстердің гаммасын орынды қолдану арқылы денсаулыққа, энергетика тұрғысынан жетістік пен табысқа қолайлы жағдайларды жасауға болады. Адам бұл жүйеде ғаламның энергетика заңдылықтарына бағынатын кішігірім объектісі ретінде қарастырылады.

Фэн-шуй ТМД аумағына Қытайдан емес, Батыс елдері, соның ішінде Англия мен Германиядан келген. Батыста халықаралық «Фэн-Шуй” орталығы құрылған, ал оның Қазақстандағы филиалы 2000 жылдың 3 мамырында тіркелген. Алматы мен республиканың бірқатар ірі қалаларында фэн-шуй жүйесін практикада қолдану бойынша жұмыстар атқаратын орталықтар бар.

Геомантия немесе фэн-шуй идеялары медицинаның, яғни шөппен емдеудің қытайлық әдістері, акупунктура, инемен емдеу жолдарына бастама берді. Фэн-шуйден басқа даосизм іліміне негізделген бағыттар цигун – тыныс алу гимнастикасымен байланысты психологиялық-физиологиялық практикалар, сондай-ақ дәстүрлі ушу өнерінің кейбір стильдері де танымал.

Жалпы алғанда, даосизмнің қытай мәдениетіне үлкен әсері болды. Алхимиямен шұғылдану химия, фармакология саласында бай эмпирикалық материалдың жиналуына ықпалын тигізді. Даолық ғалымдардың шығармаларында металдар мен минералдар, қағаз жасау сыры, оқ-дәрі, фарфор, жібек, дәрілер рецептін баяндайтын деректер сақталған.

Авторлар туралы мәлімет

Нағима Байтенова – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және ғылым методологиясы кафедрасының меңгерушісі.

Айнұр Құрманәлиева – Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетіндегі дінтану бағыты бойынша мамандандырылған философия және ғылым методологиясы кафедрасының аға оқытушысы, арабист, дінтанушы, қазақ тілінде жарық көрген «Дінтану негіздері” атты оқулық авторларының бірі. «Дарынды жас ғалымдар үшін мемлекеттік стипендияның” иегері. Ортағасырлық араб-мұсылман философиясы, дін мен ғылымның арақатынасы, дін философиясы мәселелерімен айналысады.
Тағы рефераттар