Экспортты мемлекетік реттеудің шетелдік тәжірибесі туралы қазақша реферат

Сыртқы сауданы мемлекеттік  реттеудің қазіргі таңдағы тәжірибесінен мынадай негізгі қағидаларды бөліп қарауға болады:

─   алдымен шешілуге тиісті приоритетті мәселелерді табу;

─   басқару иерархиясының барлық деңгейіндегі шаруашылық жүйелердің тиімді пропорционалдығы және тепе-теңдігі;

─   мемлекеттік реттеудің мәселелерінің деңгейіне және сипатына сәйкес әдістерді іріктеу;

─   макроэкономикалық тұрақтылықтың жекелеген жағдайына, ал қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер ететін объектіні реттеуге жан-жақты кірісу;

─   шешім қабылдауға жүйелі түрде кірісу.[26]

Сыртқы сауданы мемлекеттік реттеудің қағидаларымен тұжырымдамасын анықтап алып, сонымен қатар осы қызметті жүзеге асыру механизмдерімен әдістерін де айта кеткеніміз жөн. Оларға мыналар жатады: болжау және стратегиялық жобалау; қаржы-бюджеттік реттеу; салықтық реттеу; ақша-несиелік реттеу; бағалық (құндық) реттеу; кедендік-баждық реттеу; нормативті-тарифтік реттеу; әкімшілік-құқықтық реттеу; лицензиялық реттеу;[15

Осы механизмдердің әрқайсының нақты сыртқыэкономикалық мәселелерге байланысты таңдап қолданылатын өздерінің әдістер жиынтығы бар. Шет елдік тәжірибе көрсетіп отырғандай мемлекеттің экономикаға оның ішінде сыртқы саудаға араласуының әр түрлі нысандары бар. Көбінесе дамушы және дамыған мемлекеттердің Үкіметтері импортқа тарифтік және бейтарифтік шектеулерді қолданады; субсидия, несие және экспортты арттырудың өзге де шаралары; тауарларды жеткізуге байланысты екі жақты Үкіметаралық келісімдерді бекітеді, мемлекеттік компанияларды құрады және өнеркәсіптік, сауда компанияларының капиталдарына қатысады, экспортқа немесе кейбір өнімдердің импортына мемлекеттік монополияны орнатады.

Халықаралық саудаға мемлекеттің араласуының себептері әр түрлі болуы мүмкін. Бұл дамыған мемлекеттерде экспорттан түсетін пайданы арттыруға, ұлттық тауар өндірушілерді әлемдік рыноктағы бағаны құбылуынан және тиімді жұмыс істеп жатқан шетелдік өндірушілердің бәсекесінен қорғауға бағытталған. Ал дамушы мемлекеттердегі мемлекеттік араласу қазынаны толтырумен отандық тауар өндірушілерді қорғап қана қоймай, сонымен қатар олардың әлемдік рыноктағы тауарларын таратудағы позициясын рынокты диверсификациялау, шағын және орташа фирмаларға көмек көрсету, күш пен қаржыны жұмылдыру жолымен күшейтуге бағытталған.

Қазіргі таңда шет мемлекеттердегі сауда саясаты негізгі екі тенденцияның протекционизм мен либериализмнің күресінің сақталуымен ерекшеленеді. Егер де 50-60-шы жылдары либерализация басымдық танытса, 70-80-шы жылдары “жаңа” протекционизмнің толқыны байқалып, XXI-ші ғасырдың басында белгілі дәрежеде күшейді. Егер де 50 жылы еуропа мемлекеттері мен Америка Құрама Штаттарының кеден баждарының орташа көрсеткіші 30-40% құраса, 70-ші жылы ол 7-10% дейін қысқарған, ал қазіргі уақытта 3-5% шегінде құбылып тұр.

Ғаламдық деңгейде протекционистік реттеудің жаңа ережелері енгізілуде. Мысалға ұлттық өнеркәсіп шетелдік тауарлардың импортынан айтарлықтай дәрежеде зиян шегетін болса, онда кедендік баждарды көтеруге болады деген “шешуші түсініктеме” жиі қолданылатын болды.

Импорт салыстырғандағы сыртқы сауда саясатының либерализациясы мен бірге протекционизмнің бар болуы, экспортты мемлекеттік ынталандыру бағдармаларымен толықтырылады. Ғылымды қажет ететін тауарлардың экспортына мемлекеттік көмек жай жанама сипатта болып, ойлап тапқан нәрсені қаржыландырумен оның пайдаланғаны үшін амортизациялық төлемді көтеру түрінде көрінеді. Осындай әдістерді 80-ші жылы жаңа буын өкілдерінің электрондық есептеу машинасын жасау арқылы Америка Құрама Штаттары мен Жапония үкіметтері кеңінен қолданған.

“Жаңа индустриалды елдер” өздерінің экономикасын модернизациялауды міндеттеп, әлемдік экономикалық жүйенің дамуының заңдылықтарын пайдалануға әрекет жасаған. Олар арзан электроника мен тоқыма өнімдерін шығарып, әртүрлі сауда одақтарының шегінде интеграциялық процесстерді пайдалана отырып, өздерінің өнімдерін тарататын рынокты да тауып алды. Олар жалпы ішкі өнімді жан басына шаққанда жыл сайын 5-6% арттыруға қол жеткізеді және бұл өткен ғасырдың 60-90-шы жылдары жалғасып отырады. Осы жолмен кейбір азия мен латынамерикасы елдері жүреді. Атап айтсақ Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Гонконг, Тайвань, Бразилия, Перу, Чили, тағы басқалар.[22]

Дамушы елдердің ендігі бір қатары әлемдік экономикада басқа бір жолды таңдады. Олар мұнай өнімдерін экспорттаумен және мұнай рентасын пайдаланумен айналысты. Бұл жолды Мексика, Венесуэла, Нигерия сияқты елдер таңдады. Мұнай рентасы қазіргі уақытта көптеген елдердің даму қорының қаржылық негізін құрайды.

Еркін халықаралық сауда жүйесінде әр ел өзінің тауар өндірісінде салыстырмалы артықшылықтарын пайдалана алады. Егер бір ел өзінің салыстырмалы артықшылыққа ие тауарды әріптес елдер арасында тұтынудың көлемінің артуына қол жеткізеді. Елдер арасындағы еркін сауда өндірістің бұрынғы шегін кеңейтіп жаңа тұтыну рыноктарына шығуына жол ашады.

Бірақта Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің тәжірибесі көрсеткендей сыртқы сауданы либериализациялау туралы шешім қабылдау арқылы ашық экономиканың артықшылықтары автоматты түрде жүзеге аспайды. Бәсекеге жарамсыз тауар өндірісі салдарынан 90-шы жылы бірінші жартысында ішкі рынок шетелдік тауар өндірушілердің ырқында қалды. Сол кезде халық арзан, әрі сапалы тауарды алып пайдаға шықты, ал бұл өз кезегінде отандық кәсіпорындардың тоқтауына, жұмыссыздықтың қаптауына, валютаның сыртқа кетуіне себін тигізді.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттерінің ішкі рыногының ашықтығы кейбір Қытай, Түркия, Иран тағы басқалар сияқты елдердің арзан және сапалы өнім шығарып үлгірген өндірісін дамытуға қосымша себін тигізді. Нәтижесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттерінің тауар өндірушілері ішкі рыногын жоғалтып қана қоймай, өзінің тауарларымен әлемдік рынокқа шығу мүмкіндігінен де айырылуы (табиғи шикізатты қоспағанда).

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттерінің басқа мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстан табиғи, әсіресе энергетикалық ресурстардың мол қорымен ерекшелінеді. Ғылыми ортада энергетикалық ресурстардың ағыл-тегілдігі Қазақстанға кері әсерін тигізбейді ме деген пікір-таластар жалғасуда. Өйткені қазіргі уақытта экономикалық өнімнің жоғарғы және тұрақты деңгейіне табиғи ресурстарға кедей елдер қол жеткізіп отыр.

Ғылыми әдебиеттерде “голландық ауру” деген термин бар. Бұл құбылыс былайша сипатталады, табиғи (көп жағдайда энергетикалық) ресурстарды таратудан түскен кірістің өсуі кезінде елдің өсу қарқыны төмендеп, инфляция артып, тағы басқалар кері процесстер байқалады.

Ал енді “голландық аурудың” пайда болу себептеріне тоқталайық. Шикізат ресурстарының экспортынан келіп түскен валюталардың есебінен артық қаржы ресурстары жиналады. Ал бұл өз кезегінде ұлттық валюта түріндегі экспорттан түскен валютаның құнын төмендетеді. Пайданың бір бөлігі импорттық тауарларды сатып алуға,қалғаны елдің ішінде өндірілген және экспортқа арналмаған тауарлар мен қызмет түрлеріне жұмсалады. Ал осындай тауарлар мен қызмет түрін батыс экономистері сатылмайтындар деп атайды. Уақыт өте келе ресурстарын экспорттаудан түскен кірістер сатылмайтын тауарлар мен қызметтерге көптеп жұмсала бастайды, ал бұл жағдай олардың бағасының көтерілуіне, ішкі инфляцияға әкеліп соғады. Сонымен бірге кадрлардың өнеркәсіптің артта қалған салаларынан, өркендеп келе жатқан салаларына ауысуы болады. Нәтижесінде сатылатын тауарлардың экспорты өндіруге кеткен шығынның шикізатты экспорттауға қарағанда тезірек өсуінен пайдасыз, бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Ақырында сатылатын тауарларды шығаратын өнеркәсіп секторы құлдырайды. [19]

Осы “голландық аурудың” синдромынан қашып құтылған елдердің бірі болып Норвегия табылады. Онда 1965 жылы Солтүстік теңіздің шельфінде мұнай мен газдың кен орны табылған. Көмірсутегі шикізатымен сыртқы сауданы реттеудегі мемлекеттің айтарлықтай зор рөл атқаруы, 1965 жылы кейін Норвегияның экономикалық өсімін қамтамасыз етті.

1972 жылы осы елдің Парламенті Норвегияның мұнай директорын құру туралы қаулы шығарып, оған жалпы қауіпті бағалау мен қадағалауға, сонымен қатар қажетті инструкцияларды шығаруға өкілеттіктер берілді. Норвегияның мұнай директорының мақсаты мұнай компаниялары өздерінің жұмысын тиімді жүзеге асыруы үшін экспорт секторындағы қызметті ұйымдастыру. Бұған орындаушы компаниялар арасындағы әділ бәсекелестік, ақпараттарды бөлудегі ұйымдастырылған жүйе және жаңа технологияларды пайдалануға мүмкіндіктер беру арқылы қол жеткізіледі. Норвегияның мұнай директорының директорының ақырғы мақсаты мүмкіндігінше өте жоғары экспорттық бағаны бекіту, ресурстарды парасатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғаудың аспектілерін өзектілендіру.

Қазақстан мен Норвегияда мұнай өнеркәсіптің маңызды саласы және стратегиялық ресурс болып табылады. Норвегияның тәжірибесі көрсетіп отырғандай мемлекет пен трансұлттық корпорациялардың мүдделері арасында тепе-теңдік табуға болады. Бұл процессте көмірсутегі шикізатының иесі болып табылатын елге саяси, іскерлік және техникалық деңгейде тиімді, әр компонентті қоғамдық басқаруды құру қажет.

Шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғандай “Голландық аурудың” симптомын болдырмаудың, экономиканың артта қалған салаларын мұнай-газ секторының даму қарқынынан қорғаудың бірнеше тәсілдері  бар. Олардың ішіндегі ең жиі қолданылатыны мұнай мен басқа да минералдық ресурстардың экспортынан түсетін, тез көбейіп жатқан кірісті мұнай қорын құру арқылы сақтау. Қазақстанда осы функцияны Ұлттық қор атқарады.

Америка Құрама Штаттары, Голландия, Люксембург сияқты елдердің сыртқы сауданы мемлекеттік реттеуіне талдау жасайтын болсақ, әр ел өзінің экспорттық шикізат саласын басқаруда әртүрлі амалдарды қолданады. Қазақстан үшін барлық мүдделі жақтардың міндеттері мен құқықтарын белгілейтін қатаң шаралар мен толық адалдыққа негізделген американдық модель қолайлы.

Дамыған елдердегі биржалық тауарлар мен сауданың мемлекеттік жүйесі дамушы елдерге қарағанда кең таралмаған. Олар ауылшаруашылық рыногымен байланысты. Өйткені оларды сатып алу мен сатудың жабық желісінің болуы әлемдік рынокта сатып алу, сатумен, экспортты арттыру және ішкі өндірісті реттеумен ғана шектеледі.

Дамыған Австралия, Канада, Оңтүстік Африка Республикасы, Израйль сияқты елдердің ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорттық саудасында коммерциялық дербестікке ие және тауарларды сыртқы рынокқа жылжытудың спецификалық тәсілдерін пайдаланатын сауда жөніндегі кеңес маңызды рөл атқарады.

Америка Құрама Штаттарында мемлекеттік органдар тек стратегиялық қорларға қатысты операцияларға байланысты ғана биржалық тауарлардың әлемдік нарығына шығады. Негізінен бұл Америка Құрама Штаттарының ауыл шаруашылығы Министрлігінің ауыл шаруашылығы тауарлардың артығын стратегиялық шикізатқа айырбастау үшін сыртқы шығындарына байланысты болып келеді. Көптеген мемлекеттік сауда ұйымдары салық жеңілдіктерін, қаржылық көмекті, тиімді несиелерді және басқа да жеңілдіктерді пайдаланады.

Жапониядан үйренетін бір жайт бар. Бұл ел әлемдік рынокқа бағытталған ұлттық экономиканың даму моделін ойдағыдай жүзеге асыра білді. Жапондардың пікірінше, мемлекеттің терең ойланбаған экспорттық-импорттық саясатынсыз елдің табысты экономикалық дамуына қол жеткізу мүмкін емес.

Жапонияның жаңалығы, олар әлемде алғаш рет өнімнің алдымен ішкі рынокта сынақтан өтіп, сосын сыртқы рынокқа шығатын дәстүрлі тәртібінен бас тартты. Олар әлемнің кейбір аймақтары мен елдерінде тұтынушылардың татымы мен құмарын мұқият ескере отырып, және әлемдік рыноктағы сұраныс пен талаптарға сай өнімді дайындау мен өндіруді ұсынды. Осының арқасында халықаралық сауда да секіріс жасап, 1983 жылы машина мен жабдықтарды экспорттауда бірінші орынға шықты.

Дамыған жерлерде негізінен ауылшаруашылығы тауарларын сыртқы рынокқа жеткізу үшін экспортты субсидиялау әлі де кеңінен қолданылуда. Осындай әдістер 70-шы жылы мен 80-шы жылы мұнай бұрғылау платформалары мен кемелерді жеткізуде Америка Құрама Штаттарында, Ұлыбританияда кеңінен қолданылған. Бұл ретте субсидияның мөлшері тауардың құнының 10-нан 30-40% дейін құрады. Бұндай тәжірибе сөз жүзінде аграрлық саясаттағы нарықтық қағидаларды қолдап, ал іс жүзінде фермерлікке мемлекеттік субсидияны арттыратын Америка Құрама Штаттары үшін әлі де тән нәрсе. Ал осы бөлінген қаржылардың 2/3-і “агроакулалар” деп аталатын ірі шаруашылықтардың үлесіне тиеді.[15]

Отандық тауарларды жарнамалаумен айналысып жүрген ұлттық өкілдіктерді қолдауда және экспорттық жеткізілімдерді сақтандыруда халықаралық нормалар барынша либералды болып келеді. Мысалға, Ұлыбритания 80-шы жылы жыл сайын шет елде 300-400-дей көрмелерді ұйымдастырып отырған және кеткен шығындардың көпшілігі мемлекет есебінен жабылған. Осындай көмекті дамыған басқа да мемлекеттер өздерінің компанияларына көрсетіп отыр.

Бірақта осы экспортты қаржыландыру мен несиелеу, отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік субсидиялар, Бүкіләлемдік Сауда Ұйымы тұрғысынан әлемдік қауымдастық пен теріс бағалануда. Өйткені Бүкіләлемдік Сауда Ұйымы еркін бәсекелестік қағидасын бұзып отыр.
Тағы рефераттар