Есімдіктің лексика-семантикалық сипаты туралы қазақша реферат

Есімдіктерді дербес сөз табы деп тануда негізінен лексика-семантикалық принцип басшылыққа алынады. Өйткені есімдіктердің мағыналары өзге сөз таптарының мағыналарына қарағанда көптеген өзіндік ерекшеліктерімен оқшауланып, айрықша көзге түсіп тұратын мағыналар болып келеді. Бірақ есімдіктерді жеке сөз табы деп танудың негізгі принципі олардың лексика –семантикалық белгісі дегенде, есімдіктердің өзіндік кейбір грамматикалық ерекшеліктерін сырт қалдыруға болмайды.

Есімдіктер – мағынасы тым жалпы сөздер. Есімдік сөздер сөйлемнен тыс жеке –дара тұрғанда немесе сөйлем ішінде қолданылғанымен өзіне қатысты басқа сөздер және оқиғалардан бөлек алғанда, мағыналары қашан да дәл нақтылы болып келмей, өте жалпылама қалыпта кездесіп отырады. Мысалы: мен, сен, сол, кім?, не?, өзі, бәрі, біреу, ештеңе т.б. есімдік сөздердің мағынасына көңіл бөлейік. Бұл сөздерде дәл осылай жеке –дара тұрғанда ешбір мағыналық дәлдік, мағыналық нақтылық жоқ. Мен деген есімдік түптеп келгенде –«1 –жақ –сөйлеуші», сен деген есімдік «2 жақ –тыңдаушы», кім?, біреу –дегендер әйтеуір «адам», ештеңе –әйтеуір бір «зат» т.б. сияқты жалпылама берілетін ұғымдарды ғана көрсете алады. Бұлардың түп негізінде «сөйлеуші», «тыңдаушы», «адам», «зат» т.б. сияқты заттық ұғымдар аңғарылғанымен, олар нақтылы түрде айқын, анық болып берілмейді, өте жалпылама қалыпта ұғынылатын мағыналар есебінде беріледі.

Мен өлсем де –өлемін жөнімменен

Тәннен басқа немді алар өлім менен (А.Байтұрсынов).

Біз қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. (Байтұрсынов). Мен үшін сондай достың бірі сенсің (Исабеков). Ол тірі пендеге зәбірі жоқ «құдай» деген қоңыр адам (Аймауытов) деген сөйлемдердегі есімдіктердің қайсысының болса да мағынасы нақты емес.

Есімдіктердің мұншалық тым жалпы мағынада қолданылуын, әрине, олардың реальдық нақтылықтан қаншалық абстракциялану дәрежесіне жету шегінің көрінісі деп ұғынған жөн.

Абстракцияланудың тым жоғары дәрежеде болуымен тығыз байланысты бұл мағыналық жалпылық барлық есімдіктерге бірдей тән қасиет болып саналады. Есімдіктердің жалпылама мағыналары белгілі бір сөйлемдерде, контексте қолдану ретіне қарай және сөз тіркестері мен сөйлемдерде берілген ойдың жүйесіне қарай әр қилы нақтылы мағыналарға ие болып отырады.

Жүніс сегіз жаста еді. Ол оқт да, жаза да білмеуші еді (Дулатұлы). –Түндегі бір даурыққан хабар екен ғой? –Естісең, сол (Аймауытов). Біраздан соң өзі де кіріп келді (Исабеков). –Кіммен күрес деп отырсыңдар? –Шәкіманмен (Аймауытов) дегенде ол жіктеу есімдігі «Жүніс» деген, сол сілтеу есімдігі «хабар» деген, «кіммен?» сұрау есімдігі «Шәкіманмен» деген реальдық нақтылы мағыналарға ие болып тұр.

Есімдік сөздердің мағыналық ерекшелігінің келесі бір өзіндік белгісі – олардың әрқашан субъектімен байланысты болуы. Есімдік сөздер әрқашан сөйлеуші немесе сөйлемдегі субъектінің субстанцияларға, құбылыстарға және олардың сапалары мен қасиеттеріне қатынасын көрсетуші сөздер болып саналады. Бұл қатынастар есімдіктердің өз ішінде тікелей нұсқау, аралық қатынас, белгісіздік т.б. сияқты болып келе береді. Қатынастардың осылайша әрқилы болып келуі ешқашан субстанциялар мен құбылыстардың қасиеттері мен сапаларына байланысты тумайды, қайта керісінше, оларға арналған субъектілік қатынастың негізінде, қатынастың субъектімен тығыз байланыста болуы негізімен тығыз байланыста болуы негізінен барып пайда болады. Мысалы: жіктеу және өздік есімдіктерінде ондай қатынас сөйлеушінің сөйлемдегі субъектіге тікелей нұсқау амалымен беріледі. –Кідірмей-ақ, Қартқожа, сен құнаныңа мініп, бұ кісіге ер дағы, Балдекең аулына дұрыстап апарып сал, -дегенде сөйлеушінің қатысы тыңдаушымен тікелей жасалып тұрғанын көреміз, сен сөзі тыңдаушыға –II жақ (Қартқожаға) тікелей нұсқау ретінде айтылып тұр.
Тағы рефераттар