Франция мемлекетінің аймақтық құрамы туралы қазақша реферат

Франция – Батыс Еуропадағы ең ірі мемлекет, жерінің ауданы жағынан ол Ұлыбританиядан екі есе үлкен. Францияның құрамына Корсика аралы, Жерорта теңізі мен Бискай шығанағындағы ұсақ аралдар енеді. Француз одағы деп аталатын бірлестікке бес шалғай департамент (Кариб теңізі алабындағы Гваделупа, Мартиника, Оңтүстік Америкадағы Гвиана, Үнді мұхитындағы Реюньон, Атлант мұхитындағы Сен – Пьер мен Микелон) және т.б. жатады. Жалпы ауданы 127 мың км2 болатын бұл иелікте 1,5 млн адам тұрады. Француздар өз елін «гексагон» (алтыбұрыш) деп атайды. Еуропаның батысында орналасқан елдің негізгі аумағының құрылықтағы шекаралары солтүстікте Бельгия мен Люксембург, шығыста Германия мен Швейцария, ал оңтүстік – шығыста Италия және Монакомен, оңтүстік – батыста Испания және Андоррамен шектеседі. Еуропалық Одаққа енетін дамыған мемлекеттердің аралығында орналасуы Францияның еуропалық біртұтас қарым – қатынастарының дамуына оң әсер етеді.

Францияның теңіздік шекаралары Жерорта теңізі, Бискай шығанағы және Ла-Манш бұғазы бөліп тұр. Жағалауларында кеме тоқтайтын қолайлы қойнаулардың болуы Францияның ежелден – ақ теңіз көлігінің дамуына және Еуропа ғана емес, басқа дүние бөліктерінде орналасқан елдермен де сыртқы сауда экономикалық қатынастар орнатуына алғышарт болды. Франция мемлекеттік құрылымы жөнінен унитарлы республика болып табылады, әкімшілік – аумақтық бөлінісі жағынан 96 департаменттен тұрады. 1958 жылы генерал Шарль де Голль елде мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі – Бесінші республиканы орнатты. Франция республикада президенттің айрықша зор өкілеттілігі бар, ол елдің сыртқы саясатына қатысты мәселерді шешеді. Президент тағайындаған премьер – министр үкіметті басқарып, елдің ішкі жағдайына толығымен жауап береді. Елдегі заң шығарушы орган – екі палатадан сенат және ұлттық жиналысиан тұратын парламент [7].

Франция аймағының тарихи қалыптасуына үңілсек, Франция аумағын адамдар ең ежелгі заманнан бастап мекендеген. Палеолит пен мезолиттің ғылымға белгілі негізгі мәдениеттерінің бірқатары Франциядағы жер атауларына байланысты (шелль, ашель, мустье, ориньяк, солютрей, мадлен, азиль, тарденуаз). Оңтүстік Франциядағы палеолит кезеңіне тән үңгірлер (Фон-де-Гом, Ласко, Монтеспан, т.б.) жартастарға салынған суреттерімен көпке танымал. Ерте палеолит дәуірінде Франция аумағында кампиния мәдениеті тайпалары өмір сүрген (б.з.б. 6 — 4 мыңжылдықтар). Сена, Уаза, Марна өзендерінің алаптарынан алғашқы егіншілік құрал-саймандары (б.з.б. 3-мыңжылдық) табылды. Б.з.б. 6 — 5 ғасырларлардан бастап б.з. 1-мыңжылдықтың соңына дейін Франция аумағына кельт тайпалары қоныстанды. Римдіктер оларды галлдар деп атады, сондықтан бүкіл ел Галлия атанды. Оңтүстік-батыста негізінен иберлер тұрды, б.з.б. 6 ғасырдан бастап Жерорта теңізі жағалауларына гректер өз иеліктерінің негізін қалады. Олардың ішінде негізгісі — Массалия (қазіргіМарсель) болды. Б.з.б. 2 ғасырдың соңы — 1 ғасырдың ортасында Галлияны римдіктер жаулап алды. Галлдар Рим империясына қарсы ерлікпен шайқасты. Дегенмен, күш тең емес еді. Рим үстемдігі елдің көп бөлігінде өндірістің дамыған құл иеленушілік әдісінің орнығуына себеп болды, көптеген қалалар салынды (Лион, Ним, Бордо, т.б.). 2 — 4 ғасырларда Францияда христиан діні таралды. Романдану процесінің нәтижесінде кельт тілдерін латын тілі ығыстырып шығарды. 3 ғасырда басталған Рим империясындағы саяси дағдарысқа байланысты Галлияда тауарлы өндірістің көлемі қысқарып, Италиямен экон. байланыстар әлсіреді. 4 — 5 ғасырларда герман тайпаларының баса-көктеп кіруі ел аумағындағы Рим үстемдігін түпкілікті жойды. Жаңадан бургундтардың (406), вестготтардың (418) мемлекеттері құрылды. 486 ж. франктер Галлиядағы соңғы рим иелігін басып алды (қ. Франк мемлекеті, Карл). 10 ғасырдан бастап ел Франция деп атала бастады. 987 ж. франк тағын Капеттер әулеті иеленді. Біртұтас корольдік іс жүзінде бір-біріне тәуелсіз көптеген иеліктерге бөлініп кетті. 10 ғасырда бір-біріне туыстас екі ірі халық — Луара өзінінің солтүстігіне қарай солтүстік француз және оңтүстікте, Бретань түбегіне бретань халқы қалыптасты. Алғашында король иелігі (домен) Францияның солтүстік бөлігіндегі Париж бен Орлеанның айналасында ғана болды. 11 — 12 ғасырларда крест жорықтарына байланысты оңтүстіктегі қалалардың (Бордо, Тулуза, Ним, Марсель, т.б.) гүлденуі басталды. Егіс көлемі артып, дәнді дақылдардың сорттары мен мал тұқымы жақсарды. Қолөнер (әсіресе, шұға тоқу) жоғары дамыды. Солтүстік Франциядағы қалалардың дамуы мен жеке аймақтар арасындағы экономикалық байланыстардың кеңеюі елдің бұл бөлігіндегі саяси бытыраңқылықты жоюға маңызды алғышарттар жасады. 13 ғасырдың бас кезінде Англия корольдігі Солтүстік Францияның көпшілік бөлігінде билік құрды. 13 ғасырдың 2-жартысында елдің орталықтануы күшейіп, Париж оның саяси және экон. орталығынана айнала бастады. 14 ғасырдың бас кезінде король иелігі елдің көпшілік бөлігін алып жатты. 1302 ж. үш сословие өкілдерінен құрылған — Бас Штаттар шақырылды. Ол ортталық өкімет билігінің күшеюіне қызмет етті. Бірақ Жүз жылдық соғыс Францияның дамуын тежеді. Соғыс қимылдары, тонау, салықтардың өсуі халықтың азаюына, өндіріс пен сауданың құлдырауына алып келді.

15 ғасырдың 2-жартысынан бастап Франция экономикасы біртіндеп қалпына келе бастады. Король билігі нығайып, елге жаңадан Бургундия, Пикардия, Ниверне герцогтіктері қосылды. 15 ғасырдың соңында Прованс пен Бретань бағындырылды. 16 — 17 ғасырларда Франция Батыс Еуропадағы үстемдік үшін Габсбургтер әулетімен (“Қасиетті Рим империясы” және Испаниямен) соғыстар жүргізді. Ұзаққа созылған сәтсіз соғыстар, елдің материалдық ресурстарының елеулі сарқылуы, салықтардың өсуі мен экономиканың кері кетуінің нәтижесінде терең қоғамдық-саяси дағдарыс қалыптасты. Халықтың әр түрлі топтарының әлеуметтік наразылығының идеологияның негізі сол кездегі кең тараған кальвин ілімі болды (бұл ілімді жақтаушыларды гугеноттар деп атады). Ел католиктер мен гугеноттар болып екіге жіктелді. Олардың абсолютизммен және өзара күресі ұзаққа созылған азамат соғысына (“Діни соғыстарға”) ұласты. Оның шарықтау шегі — 1572 ж. 24 тамызда Парижде гугеноттарды жаппай қырғынға ұшырату болды (“Варфоломей түні”). Билікке келген Бурбондар әулеті діни соғыстарды тоқтатып, католик дінін Франциядағы ресми дін ретінде бекітті, ал гугеноттарға дін ұстану еркіндігі берілді. Людовик XIV кезінде Францияны іс жүзінде бірінші министр кардинал А.Ж.П. Ришелье биледі (1634 — 48). Ол король билігін елеулі нығайтып, елдің орталықтануын күшейтті. Отыз жылдық соғыстың нәтижесінде Франция өзіне Эльзасты қосып алып, Еуропадағы ең қуатты монархияға айналды. 1701 — 1714 ж. испан тағы үшін болған соғыста Англия, Австрия мен олардың одақтастары Францияның Еуропадағы үстемдігіне тосқауыл қоюға тырысты. Жеті жылдық соғыста (1756 — 63) Франция Үндістан мен Канададағы отарларының көпшілігінен айрылып, Ұлыбританияға беруге мәжбүр болды. 1789 ж. басталған Француз революциясы нәтижесінде монархия мен феод. тәртіптер жойылып, Бірінші республика жарияланды. 1792 ж. революциялық соғыстар басталды. Ол Наполеон Бонопарттың билікке келуімен және Еуропаны түгел қамтыған соғыстың нәтижесінде Францияның жеңілуімен аяқталды. Елде король билігі қалпына келтірілді.

1848 ж. ақпан революциясының нәтижесінде Екінші республика орнады. Либералдар мен социалистердің арасындағы жанжалды пайдаланған Луи Наполеон 1852 ж. Екінші империяны жариялап, таққа отырды. 1870 — 1871 ж. Франция — Пруссия соғысының нәтижесінде Франция Эльзас пен Лотарингиядан айрылып, Екінші империя жойылды. 19 ғасырдың соңында отаршылдық империяның құрылуы негізінен аяқталды. 1914 — 18 ж. бірінші дүниежүзілік соғысқа Франция Антантаның құрамында қатысты. 1919 ж. Версаль бітім шарты бойынша Францияға Эльзас пен Лотарингия қайтарылды. 1920 — 30 ж. елде экономикалық дағдарыстар жиі-жиі болып тұрды. Нәтижесінде жұмысшы қозғалысы күшейіп, фашистік ұйымдар құрылды. 1936 ж. Халықтық майдан құрылып, фашистік ұйымдарға тыйым салынды, еңбекшілердің жағдайын жақсарту жөніндегі шаралар (40 сағаттық жұмыс аптасын, ақысы төленетін демалыс енгізу, т.б.) жүзеге асырылды. 1938 ж. Халықтық майдан ыдырады. Екінші дүниежүзілік соғыс Франция үшін сәтсіз басталды. 1940 ж. Францияны Германия оккупациялады. Министрлер кабинетінің жаңа төрағасы маршал Анри Петен Германиямен бітімге қол қойып, елді екі аймаққа бөлуге келісті. Оның біреуі — немістер басып алған Солт. және Оңтүстік-батыс Франция аумағы болса, екіншісі Францияның қалған бөлігі мен теңіздің ар жағындағы аумақтар енген, астанасы Виши қала болған автономды француз мемлекеті атанған аймақ болды. Маршал Петен осы француз мемлекетінің президенті болып тағайындалды. 1944 ж. Францияны одақтастар әскері азат етті. Алжирдегі Француз Ұлттық азат ету комитеті өзін Француз Республикасының Уақытша үкіметі деп жариялады. 1946 ж. Төртінші республиканың конституциясы қабылданды. 1949 ж. Фрацния НАТО-ның құрамына кірсе де, 1966 ж. оның әскери құрылымынан шықты. Соғыстан кейін Ф-ның отарлық жүйесі ыдырай бастады. 1954 ж. сегіз жылдық соғыстан кейін Ф. Үндіқытайды тастап шықты. 1954 ж. 1 қарашада Алжирде ұлт-азаттық көтеріліс басталды. 1956 ж. наурызда Франция Марокко мен Тунистің тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды. 1956 ж. қарашада Франция Египетке қарсы ағылшын-француз-израиль агрессиясына белсене қатысты. Осындай қиын жағдайда 1957 ж. Батыс Еуропадағы бірнеше мемлекет “Ортақ рынок” құру жөнінде шарт жасасты. Дегенмен, Алжирдегі сәтсіздіктер, Суэц арандатушылығының күйреуі, әскери шығындардың көбеюі Төртінші республиканың дағдарысына әкеп соқты. Армия мен елде реакциялық күштер бас көтерді. 1958 ж. мамырда олар Алжирде республикаға қарсы бүлік бастады. Алжирдегі француз армиясының басшылығы да бүлікшілерге қосылып, генерал Шарль де Голль бастаған “Ұлттық құтқару” үкіметін құруды талап етті. 1 маусымда Ұлттық жиналыс Голльдің төтенше өкілеттілік жөніндегі заң жобаларын мақұлдады. 1958 ж. Бесінші республиканың конституциясы атқарушы билік құқықтарын кеңейтті. Президент Ұлттық жиналысты тарату мүмкіндігіне ие болып, референдум өткізуге, заң жобаларын ұсыну, төтенше жағдайларда бүкіл өкімет билігін өз қолына алуға құқылы болды. 1958 ж. 21 желтоқсандағы сайлаудың нәтижесінде Голль президент болып сайланды. 1958 — 60 ж. Африкадағы француз отарлары — Гвинея, Судан, Сенегал, Мадагаскар, Дагомея, Нигер, Жоғарғы Вольта, Піл Сүйегі жағалауы, Чад, Орталық Африка Республикасы, Конго, Габон, Мавритания, Того мен Камерун тәуелсіздікке ие болды. 1962 ж. ұзаққа созылған соғыстан кейін Алжир толық тәуелсіздікке қол жеткізді. 1960 — 90 ж. Франция экономикасы дамыған, демократ. қоғамы толық қалыптасқан әлемдегі жетекші елдердің біріне айналды. 1981 ж. ел президенті болып бірінші рет социалист Франсуа Миттеран сайланды. 1995 жылдан ел президенті Жак Ширак болды, 2007 жылғы 16 мамырдан бастап билік басына Николя Саркози келді.

Қазіргі замандағы Франция ірі дамыған капиталистік елдердің бірі. Бүгінгі күнде Франция дүние жүзіндегі үшінші әскери держава, ал өндіріс пен экономикалық көрсеткіштері жағынан дүниеде IV,V орын  алады.

Францияның саяси дамуы да көңіл аударарлық. Әсіресе, Францияда V Республиканың орнауы зер қойып  зерттегенді талап етеді. Сондықтан да  менің диплом жұмысым осы тақырыпқа байланысты. Алжирдегі «Ультра» бүлігі нәтижесінде ескі парламенттік тәртіпті ауыстырған V Республиканың ерекшелігі, әрине, өзгеше. Менің осы дипломдық жұмысты жазудағы мақсатым: Бесінші Республиканың пайда болу себеп салдарлары мен Конституциясына жан-жақты талдау жасап, IV Республика конституциясымен  салыстыра отырып ой түйіндеу.  Конституция  Негізгі заң  мәңгілік емес, заман талабына сай, ол да өзгеріп отыратыны сөзсіз. V Республика Конституциясының маңызы өте зор. Ол тек Франция үшін ғана емес, халықаралық маңызы бар. Шынын айтқанда, ол соғыстан кейінгі Франциядағы мемлекеттің монополистік капитализмнің саяси қондырмасы. Бұл Конституция бойынша парламенттік республиканың орнына жартылай президенттік республика орнады [8].
Тағы рефераттар