Ғасырлар тоғысындағы Қазақстанның мәдени дамуы туралы қазақша реферат

Қазақстан қысқа мерзім ішінде мемлекет негізін қалаушы Н.Ә.Назарбаевтың үздік көсемдігінің арқасында қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды сәтті жүзеге асырған, өзіндік қазақстандық даму жолын таңдаған мемлекетке айналды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде рухани өмірдің  дамуына қатысты жағдайлар мүлдемге өзгерді. Монополистік идеология үстемдігі келмеске кеткен, демократия біршама қарқын ала бастаған кезде мәдени-рухани салалардағы жасалып жатқан шаралардың ауқымдық жағынан да, мазмұндық жағынан да үлкен өзгерістерге бет бұрып отырғанын айқын көруге болады.

Бірақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық мәдениеттің даму үрдісінде бір-біріне қарама-қарсы екі тенденция белең алған еді. Олардың біріншісіне мәдениеттің жаңа қарқын алып, импульспен, қарышты қадаммен, мүлдем жаңа бағытта өрлей бастауы, екіншісі –мәдениеттің даму үрдісінде бұрын болып көрмеген экономикалық кедергілер мен халық бұқарасының санасындағы психологиялық өзгерістердің салдары болып табылатын іркілістер жатады.

Қазақстанның әлемдік кеңістікке бет алуы өзінің құнын жоғалтқан идеологиялық мәдениеттен гөрі әсіреқызыл батыстық үлгіге айқара есік ашып берді. Батыстық мәдениетпен қосарланып түрліше діни секталар мен ағымдар да ағылды [27].

Бұл келеңсіздік өз дәрежесінде республика көлемінде мәдени-рухани саланы басқарудың басқаша жолдарын қарастыруға мәжбүр етті. Олар, түптеп келгенде, мыналар:

-Қазақстан халқының мәдени-ұлттық сана-сезімінің жаңаруына ықпал ету;

-этномәдени және конфессионалдық шектеулікте мәдени әр алуандылықты қалыптастыру;

-менеджменттіктің мейлінше пайдалы моделін таңдау.

Қазақстан Республикасы «Мәдениет туралы» (1996) Заңының 3-бабында мәдениет саласындағы мемлекеттік саясат қағидалары былайша көрініс тапқан:

-азаматтардың шығармашылық қызметінің еркіндігі;

-мәдени байлықты жасауда, оны пайдалану мен таратуда барлық азаматтардың құқығы бірдей;

-тарихи-мәдени мұраны қорғау;

-ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарын қатар игеру аясында тәрбие мен білім беру жүйесін дамыту;

-мәдениет саласында монополиялық пиғыл-әрекетті болдырмау;

-мәдениетті қаржыландыруда бюджеттік, коммерциялық және қайырымдылық бастамаларды қолдап-қуаттау;

-мәдени қызметті ұйымдастыруда мемлекеттік және қоғамдық бастамаларды бірдей пайдалану.

90-жылдары республика мемлекеттік мәдениет мекемелерінің жүйесі мәдени-демалыс орындарын, кітапханаларды, мұражайларды, театрларды, концерттік ұйымдарды, кино өнері мекемелерін, мәдениет және демалыс парктерін, т.б. қамтыды.

Бұлардың бәрі дерлік мемлекеттік баланста тұрды. Бұдан кейінгі жылдарда, яғни онжылдық кезеңде мәдени саланы қаржыландыру мәселесі едәуір өзгеріске ұшырады: Ұлттық маңызға ие мемлекеттік мәдениет мекемелерін мемлекеттік тұрғыдан қаржыландыру сол күйінде сақталып қалды. Нақты мәдени жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру үшін түрліше қаржы көздерін тарту мүмкіндігі ашыла түсті.

Меншік формасының өзгеруіне байланысты мәдени мекемелердің көпшілік бөлігі, атап айтқанда, кинематография, туризм, спорт, шоу, теледидар, концерттік ұйымдар, т.б. өзін-өзі қаржыландыруға көшірілді.

Мәдени саладағы жеке меншіктің түрліше формалары өз кезегінде сөз еркіндігіне, Қазақстанның дербес шығармашылығына жол ашты. Аталған мемлекеттік емес мәдени мекемелердің жұмыстарын ретке келтіріп отыру барысында қайсыбіреулердің адамзатқа, ұлтқа, мемлекетке қарсы идеяларды насихаттап, таратуына жол бермеу үшін тіркеуден өткізу тәртібі қатаң сақталуы тиіс болды[29].

Бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістік құру — Қазақстанның мәдениет саласындағы негізгі стратегиялық мақсаты. Тек осы жолмен ғана елдің рухани қуатын анықтап, дербес ұлт ретінде әлемдік қауымдастық қатарынан орын алуға болады. Бұл мақсаттың үдесінен шығудың бір жолы — қазақ халқының этномәдени тұрғыдан қайта жаңғыруы өте-мөте қажет. Бұдан бұрынғы идеологиялық жүйенің күйреуі рухани өмірдің дүр сілкінуіне, ұлттық салт-дәстүрдің табиғи жаңғыруына түрткі болды.

«Мәдениет дегеніміз не?» деген сұраққа жауап беру үшін бұл сөздің этимологиясына, яғни осы бір күрделі ұғымды білдіретін сөздің шығу тегіне тоқталуды жөн көрдік. Қазақ тіліне бұл термин арабтың «маданият» қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл орта ғасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениетке берілген көптеген  анықтамаларды альтернативтік  (қарсы қоюшылық) деп атауға болады. Бұл жерде алдымен көзге түсетіні мәдениет пен табиғатты «культура» мен «натураны» қарсы қоюшылық. Көне заманда «культура» деген ұғым «жерді өңдеу» деген мағынаны берген. Кейінірек, дәлірек айтқанда, Цициронның еңбектерінде (б.э.д. 45 ж.) бұл сөздің мағынасы тереңдеп, «жанды жетілдіру» деген ұғымды білдірді. Уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі  «білім беру»,  «даму»,  «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастады. Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке төмендегідей анықтамалар берілген:

  1. Мәдениет белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығамашылығының жиынтығы.
  2. Мәдениет азамат қауымының белгілі бір тарихи кеңісіктегі қызметі мен өзіндік бір ерекшелігі (палеолит мәдениеті, критмикен мәдениеті …)
  3. Мәдениет адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті …)
  4. Агро мәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет …)

 

Егемен Қазақстанның жаңа мемлекет құрудағы философиялық тұжырымдарында көрсетілген бағыттары және елдің идеологиясы АҚШ, Франция, Ресейде белгіленген философиялық ұстанымдарды басшылыққа алады. Халықаралық тәжірибе тоталитаризмнен демократиялық бағыт жолына түскен елдердің өтпелі кезеңде идеологиялық дағдарысқа ұшырайтынын көрсетті. Сондықтан өркениетті елдердің өтпелі кезеңнен өту тәжірибесімен танысу өте маңызды. 1993 жылғы 9 қазанда “Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” еңбегі жарияланды. Бұл еңбегінде Қазақстанға жаңа үлгідегі идеологияның қажеттілігі бар ма, жоқ па деген талас төңірегінде нақты пікір айтты: 1. Идеология – адамдардың қоғамдастығын саяси және экономикалық міндеттерді топтастыру тәсілі. 2. Идеология — әлеуметті мінез-құлықты қалыптастыру механизмі. 3. Идеология–мемлекеттің және оның тұғырнамасын қолдайтын партиялардың, қоғамдық қозғалыстардың, адамдардың ақыл-ойына өркениетті түрде ықпал ету тәсілі. 4. Өмір алға озып отырған кезде әр түрлі идеологиялық ағымдар болады. Еңбектің маңызы: Қазақстанның қазіргі кездегі қоғамдық-саяси жағдайына баға беріліп, ел тәуелсіздігі мен тұрақтылығын сақтау бағыттары көрсетілді [30].

Республиканың бүгінгі өмірінде бұған мысал жеткілікті. XX ғасырдың 90-жылдарынан бастап «Наурыз мейрамы» қайтадан салтанат құрды. Ол республикада тұрып жатқан барлық ұлт-ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Қазақ халқының ең көне ауызекі өнерінің бірі — айтыс жаңа дәуірге лайық қайта дамыды.

Этнопедагогика негіздерін өмірге етене енгізу нәтижесінде білім берудің барлық нүктелерінде жас ұрпақты халықтың салт-дәстүрлеріне сай тәрбиелеу жұмыстары жүргізілуде.

Әсіресе соңғы жылдары республикада ұлттық мәдениет пен өнердің озық үлгілерін әлемдік айналымға шығару, сол арқылы Дүние жүзі қауымдастығына танылу жолдары қарастырылуда. Жамбылдың 150 жылдығының аталып өтуі, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығының тойлануы, 1999 жылы Түркістанның 1500 жылдығы кең көлемде мерекеленуі тәуелсіз жас мемлекеттің бұл бағыттағы тарихи құтты қадамдары болса керек.

Қазақ әдебиеті де жаңа шығармалармен толықты.  Ә. Нүрпейсов Арал және ондағы адам тағдыры туралы «Соңғы парыз»,  романын, Ш. Мұртаза «Қызыл жебе» трилогиясының соңғы томын, М. Мағауин «Мен» атты философиялық толғауын, Қ.Жұмаділов Қаракерей Қабанбай туралы «Дарабоз»дилогиясын оқырмандар назарына ұсынды.Ақындар Қ.Мырзалиев,Т.Медетбеков, И.Оразаев жаңа поэтикалық шығармалармен көрінді.

Ресейдің Қазақстандағы және Қазақстанның Ресейдегі жылдарының жариялануына байланысты шаралар шеңберінде көптеген қазақ жазушыларының шығармалары орыс тілінде жарық көрді.Композитор Е.Рахмадиевтің Ә.Кекілбаевтың либреттосы бойынша жазылған «Абылай хан» операсы жанр  табысы деп танылды.Классикалық музыка өнері саласында А.Мұсаходжаева,Ж.Әубәкірова, М.Мұхамедқызы, Н.Үсенбаева және тағы басқалар едәуір шығармашылық жетістіктерге қол жеткізді.

Халық жазушысы О.Сүлейменовтың көп жылдық зерттеу еңбегінің нәтижесі болып табылатын,дүние жүзі тілдерінің даму заңдылықтарын саралаған көлемді еңбегі «Жазу тілі»кітабы жарияланды.

Адамның бойындағы ізгі қасиеттердің көмескіленуі мәселесін көтерген Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы»кітабы республикадан тыс жерлерге мәлім болды.Өлеңмен жазылған бұл романда автор адамдардың өзара қауышуы бабында қалыптасқан дәстүрлі құндылықтардан айырылып қалуы,соның салдарынан гуманистік принциптердің жойылып бара жатуы бүкіл адамзатты рухани тығырыққа тіреп отыр деген қорытынды жасаған.Қазақ әдебиеті жаңа шығармалармен толықтырылды.

Кітап басып шығару қарқынды жүрді.Туған жер, ел және оның тарихы мен мәдениеті туралы көлемі жағынан ауқымды,мазмұны кең, көптомдық энциклопедиялық басылымдар басылып шықты.Олардың ішіндегі елеулері ретінде «Қазақстан»Ұлттық энциклопедиясын,Қазақстан тарихын,қазақ фольклоры антологиясын атауға болады.Қазақстан тәуелсіздігінің он жылдығына орай екі тілде «Қазақстан Респубикасы» энциклопедиялық анықтамасы жарық көрді.

Дегенмен тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда жекелеген авторлардың жетістіктеріне қарамастан, тұтастай алғанда, ұлттық мәдениет, соның ішінде, көркем әдебиет тоқыраудан шыға алмады.Жаңа қоғамдық қатынастар жағдайындағы адамдардың өмірі мен қызметін көркемдікпен игеру баяу жүрді.Қазақ тілінде мәдениет туындыларын жасаушыларкүн сайын болып жатқан ірі саяси оқиғалардың мәнін қазіргі заман адамының талғамына сай,жоғарғы көркемдік деңгейде сипатталған шығармаларды дүниеге әкеле алмады.

Еліміздің өткен тарихын ұрпақ санасына сіңіру арқылы мәдениетті дамыту «Мәдени мұра» бағдарламасының ең басты алғышарты ретінде қарастырылып отыр. 2004—2006 жылдары бұл бағдарламаның бірініші кезегі жүзеге асырылды. [31][

Ұлан-байтақ Қазақстан жері. Төсін керіп еркін тыныстап жатқан сайын дала. Кермек жусан исі, ұшқан құс, бұлдыраған сағым, ақырын соққан самал жел, күмбездей төңкерілген көк аспан, мүлгіген тыныштық. Бұл – менің отаным, туған жерім! Ол шығысында — Алтай тауларынан басталып, Каспий теңізіне дейінгі, солтүстігінде — Батыс Сібір жазығы мен Орал тауларынан Тянь-Шаньннің солтүстік беткейі аралығындағы алып территорияны алып жатыр. Әлі есімде, ең алғаш рет география сабағында бес бірдей Франция сыйып кететін Қазақстанның картасын көріп, оған Австрия, Германия, Италияның бірнешеуін ойша сыйдыруға тырысқаным. Ал кейін найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қорғалған жер тек табиғи ресурстар мен физикалық-географиялық артықшылық иесі ғана емес, сонау көне дәуірлерден тамыр жайған көшпелі тайпалар мәдениетінің алтын бесігі екенін ұғындым. Оның айнымас дәлелі Қазақстан жерінен табылып жатқан көне сақ, үйсін, түркі, қыпшақ мәдениеттерінің ескерткіштері, өнер мен қолөнер туындылары. Бұлар біздің ұлттық мәдениетіміздің тарихын баяндайтын игіліктер.

Тарих- адамзаттың тамыры. Өз тарихына үңілу, өткен жолын қорытындылау, жете түсінуге ұмтылу, оны бағалай білу — елін сүйетін, өзін танығысы келетін әрбір адам үшін маңызды. Адамзат үшін тарих өз алдына құндылық, ендеше сол тарихты баяндайтын материалдық игіліктер де құнды болмақ. Ерте тас дәуіріндегі Сақ мәдениеті, қола дәуіріндегі Ботай, Андронов, Беғазы-Дәндібай мәдениеті, темір дәуіріндегі сақ, үйсін мәдениеті негізінде қаланған көшпелі түркілердің мәдениеті қазақ халқының ұлттық мәдениетінің  бастау бұлағы.

Қазіргі, ХХІ ғасырдағы  Қазақстан мәдениеті қай бағытта дамып жатыр, деңгейі, негізгі идеясы қандай? Біртұтас мемлекет ретінде, заман талабына сай қабырғасы қалана бастаған біздің Отанымыздың әлемдік мәдениет пен өркениет көрмесіндегі орны қандай, және мәдениеттің дамуына қазіргі заманда қандай үлес қоспақ? Бұл ретте мәдениет атадан балаға мұра болып қалып, ұрпақ ауысқан сайын дамып отыратынынын ұмытпаған жөн. Сондай-ақ мәдениет — дәстүрлі салт дәстүр, ұлттық дүниетаным, ой-сана негізінде дүниеге келетін  әдебиет, театр, ән күй, бейнелеу, қолөнері  сынды өнер туындыларынан, халықтың ортақ рухани байлығынан құралатындығы белгілі. Бұл орайда біз әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігі — бейнелеу өнерін назардан тыс қалдыра алмаймыз. Ежелгі тас дәуіріндегі үңгір суреттері, петроглифтерден басталып, қазірде көркемдік, идеялық құндылықтары қалыптасып, ғылыми негізделген бейнелеу өнері әртүрлі дәуірлердегі халықтың ой санасын, дүниетанымын, мәдени кемелдік-дәрежесін көрсететін айна сияқты.

Бейнелеу өнері техникасы, технологиясы Батыстан әкелінген жаңалық болса да олардың бәрі халық өнерінің, дүниетанымының бір бұтағы ретінде өркен жайады. Сондықтан ұзақ уақыт бойы қалыптасқан ұлттық сана сезім, дүниетаным жаңадан енген өнер түрінің қайнар көзіне айналды. Қазақ халқының дәстүрлі көзқарасы өнердің жаңа түрінің бағыты мен сипатын анықтап отырды. Халықтың дәстүрлі ой санасымен терең байланыс негізінде Қазақстанның кәсіби бейнелеу өнерінің көркемдік ерекшеліктері мен идеялық бағыты қалыптасты.

Өнер үшін бір ғасыр онша көп мерзім емес. Бірақ Қазақстан суретшілерінің бірнеше ұрпағы өткен жол өзіндік ұлттық ерекшелігі мен идеялар жинағы бар көркемөнер мектебін қалыптастыра алды.

Кез келген нәрсенің бастауы бар. Өнер де өзінің бастау бұлағын, халықтың түп тамырын назарына алғанда оның этнографиялық, кейін поэтикалық дәрежелерінен өткесін жаңа биікке шығып, оны пайымдаудың философиялық дәрежесіне көтеріледі. Суретшілер халық мінезі мен тарихын тереңнен түсінуге тырысып, заман құбылыстарын терең пайымдауға тырысады. Олардың шығармашылығы қандай дүниетанымдық немесе тақырыптық деңгейде болса да, ең алдымен туған елге, халқына  қатынасымен, оның територриялық, ұлттық дербес ерекшеліктерін көрсетумен, жергілікті құндылықтарды  жинақтаумен анықталады.Бұл әрине, таза өнерге ғана қатысты. Таза өнер, меніңше, әуелі – халық өнері, ол ешқандай идеалогияға бағынбайды. Бұл жағдай қазіргі Қазақстан суретшілері үшін дін ең алдымен ұлттық өнер, ұлттық қолтаңба, ұлттық дүниетаным, болмыс түсініктеріне байланысты. Бірақ 80-90 жылдардан бергі Қазақстан суретшілерінің шығармашылығын осы көзқарас нүктесінен талдамас бұрын, қазақ көркемөнерінің классиктеріне тоқталып өткен дұрыс сияқты. Өйткені, менің көзқарасым бойынша бүгінгінің бәрі өткенмен сабақтастықта дамып, салыстыру барысында айқындалады.

Бұл орайда ең алдымен шығармашылық қолтаңбасы академизмнен мүлдем ада, халықтың дәстүрлі өнеріне өте жақын Ә.Қастеевтің 1930 жылдардағы шығармашылығын айтуымыз керек.

Оның шығармашылығына ұлттық дүниетаным мен ұлттық рухты мәнерлеудің дәлме-дәлдігі тән. Қастеев туындыларындағы барлық тақырыптар мен сюжеттер қазақ халқының тұрмысымен байланысты. Ол «Киіз үйдің ішкі көрінісі» атты туындысында асқан ыждағаттылықпен киіз үйдің бұйымдарының бірін қалдырмай бейнелейді. Суретші алуан түрлі тұрмыстық бұйымдарды айшықты түстермен көрсетіп қана қоймай, халық тұрмысының өміршеңдігін де бейнелейді. Суретшінің «Бие сауу», «Колхоз тойы», «Колхоздың сүт фермасы» және т.б. жұмыстарына қазақ тұрмысын өте жақсы білуі мен оған деген шынайы махаббаты негіз болды. Оның лирикаға толы пейзажы мен портреті де, өз дәуірінің шындығын бейнелеген тақырыптық картиналары да туған халқына деген терең сүйіспеншілікпен жазылған.

1980 жылдардың екінші жартысында суретшілер үшін қоғамдағы жеке адамның табиғи мәдениетін анықтайтын ұлттық болмысқа түрткі болу, сұраныс тудыру, өткенді қайта жаңғыртуға мүмкіндік жасау басты міндетке айналды. Осы жылдардың ортасынан бастап бері қарай Қазақстан суретшілері тарихи, тарихи-мифологиялық тақырыптарға ерекше көңіл аудара бастады. Рәмізді нышандар мен қатар халықтың болмысында монументті бейнелер арқылы жеткізу де орын алды.  А.Ақанаев, К.Дүйсенбаев, Ә.Сыдыханов, Қ.Зәкіров, Б.Түлкиев, А.Есдәулетов,      Б.Бапишев, Қ.Хайруллин, Ғ.Маданов секілді қылқалам шеберлерінің ізденісі нәтижелері өз орындарын тауып, ұлттық болмыстың сазды әуендерін шерте білді. Олар ата баба тарихын аден қойып, рухани қазынаны меңгеруге ұмтылды.

Болмысты басқаша символмен түсіндіру, жалқы мен жалпыны, сәт пен мәңгілікті ұштастыру Шығыс өнерінің басты ерекшелігі. Өз әсеріңді тікелей айта салу — астарлы сөзге ерекше мән беретін қазақтың көркемдік талғамына жат нәрсе.  Бұл дәстүрлі таным  бейнелеу өнерінде де өзіндік көрініс тауып, суретшілердің өмірден алған әсерлерін бейнелеуде таңба мен символға ерікінді берді

ХХ ғасырдағы қазақ кескіндемесінің негізгі тақырыбын өзге ұлттың дәстүрлерімен сұхбат, яғни орыс реалистік мектебі, француз импрессионизмі, кеңес кескіндемесімен сұхбаттастық анықтады.80 жылдардың екінші жартысында қайта құру берген еркіндік суретшілер шығармашылығына да еркіндік берді. Суретші кенептерінде ұлт тарихының түбіне терең үңілу, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар өрісін анық бейнелеуге деген ұмтылыс байқалды. Осы жылдарда түрік мәдениетіне, жалпы шығыс архаикасына деген қызығушылық өсті. Б.Бапишев, Г.Маданов, А.Есдәулетовтың шығармаларында ұлттық бастамалар мен рухани көздерге деген үндеулер анық байқалады.

Бұл, меніше, ең алдымен қандай да болмасын тарихи әлеуметтік, табиғи өзгерістерге қарамастан бейнелеу өнері мен дәстүрлі дүниетаным арасында ішкі байланыс пен сабақтастық міндетті түрде сақталатындығының дәлелі. Бұлардың айғағы — адалдықтың, тазалықтың белгісі – ақ тазы мен еркіндік пен жігер белгісі қыран құс аса бай ою-өрнектпен әскезделеген текемет фонында бейнеленген Ақтотының «Қазына»; ырыс-береке жебеушісі – қошқар салынған «Молшылық белгісі»; Есдәулетовтің «Бастау» бейнелері.

Ұлттық мәдениеттің гүлденуі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Бұл орайда халық суретшілері алдындағы үлкен міндет – ұлттық дәстүрлі өнердің тұрақты белгілерін меңгеру. Қазақ халқының өнерін айқындайтын  дүниетанымдық белгілер бар. Ол әуелі кеңістік ұғымы. Кеңістік – біздің дәстүрлі түсінігімізде өнерде шексіз және тұтас жаратылыс туралы ойды қамтиды. Сондай-ақ  ұлттық өнер астарлы ойға, пәлсафалық тұжырымға бағынады.

Қазақстанның қазіргі бейнелеу өнерінің жағдайын толық түсініп, баға бере алу үшін  біз халықтың дәстүрлі өнері тудырған табиғи көркемдік заңдылықтарды да, әлемдік мәдениет мұраларын да, қазіргі заманның өзгеше міндеттері мен талаптарын да назардан тыс қалдыра алмаймыз.

Ғасырымыздың соңғы онжылдығында бейнелеу өнерінің құндылық және көркемдік көрсеткіштерінің айқын, өзіндік  ұлттық бағытта  дамуының қарқыны күшейе түсті. Қазіргі суретшілердің бейнелеу әдістерінде рәміздендіру, таңба мен символикалық бейнеге сүйену кең өріс алды. Суретшілер әлемнің күрделігі мен халықтың тарихи жолын сөз етуде себеп-салдарлық байланыстарды айналып өтіп, ұлттық мәдениетпен байланысты қазақ дүниетанымы құндылықтары тұрғысында, символикалық және аллегориялық жинақтау дәрежесіне әкелді. Шығармаларында дүниені құпияланған көп таңбалар арқылы түсіндіруге ұмтылып, өмірдің қым-қуат қозғалысын көрсетуде түстерге еркіндік береді.

А.Сыдыханов  өз шығармашылығында  идеяны берудің ерекше құралы ретінде қазақ халқының рулық рәмізін, таңба мен ою-өрнектің әр түрін алады. Солар арқылы дүниенің өз түсінігіндегі тәртібін көрерменге түсіндіреді.Ол қазақ ұлтының тарихи-көркем болмысын рулық таңбаының кескіндемелік пластикалық өзгеруі арқылы жасайды. Көшпелілер мәдениетін көркемдік зерттеуді тарихи-тұрмыстықтан философиялық-рухани және адамгершілік бейнеде, оған ұлттық ділде ғана өмір сүре алатын рәміздік мағынасын береді.Бұл ретте суретшінің ұтымды шығармасы деп «Түркі халықтарының рәміздері» (1997) атты туындысын атаса болады.

А.Ақанаевтің шығармашылығы дала аңыздарын еске түсіреді. Қазіргі заман суретшілері  ежелгі көшпелі тайпалар мәдениетінің аңдық стиліне, анималистік тотемдік ағымына ұқсас бейнелеуді қалыптастырып жатыр. Оның 1999 жылы жазылған «Дала адамдары» шығармасы біздің көшпелі халық мәдениетімен терең байланысымызды көрсетеді. Жүк артылған түйе, киіз үйдің шаңырағы, кимешек киген қария — өткеннің өнегесі мен біздің байлығымыз. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мұраның қарт ана сақтаушысы іспеттес.

А.Есдәулетов шығармашылығындағы мүйізтұмсықтар мен бұқалар адамзат мәдениетінің бастауына ой жүгірткізеді. Оның 1997 жылы жазылған «Бастау» картинасы суретшінің өз тегіне, тарихына деген қызығушылын көрсетеді.

Ақтотының  2003 жылы жазылған «Қазына» картинасы да біздің рухани, материалдық байлығымызға үңілтеді. Ақ тазы – тектілік пен адалдықтың белгісі болса, тұғырда отырған қыран құс ерік-жігердің, мығым сенімділіктің нышаны.

С.Тайковтың «Аңсау» атты туындысы да өткенмен байланысты, оны сағынуды паш етеді. Қолын алдына қойып, қырынан отырған жас ана жаратқанннан тыныштық пен амандық тілеп отырғандай. Атып келе жатқан күннің жұмсақ сәулесі келешекке деген сенім мен үміт белгісі болса, екі нар түйе төзім мен даналықты білдіреді.

90 жылдардың екінші жартысында ұлттық бейнелеу өнері мектебі өз кемеліне келіп, жаң қарқынмен дамуға бет қойды.Бұл суретшілердің өздеріне ғана тән ерекше қолтаңбаларының дербестігінен көрінеді. А.Дүзелханов, Д.Қасымов кенептерінде нәзік сезімталдық пен төл мәдениетке деген ерекше құрмет таң қалдырады.

Қазақстанның ХХ ғасырдағы бейнелеу өнері үшінші мыңжылдыққа ұлттық  рухпен толысқан, дәстүр сабақтастығын бұзбаған түрде аяқ басты. ХХ ғасырдың екінші жартысында  қаланған көркемөнер мектебінің даму жолын пайымдай отырып, қазіргі заман бейнелеу өнерінде  өзіміздің көне мәдениетімізді тануға, өз бастауымызға деген терең ықылас қоюшылықты көре аламыз.

Қазір ХХІ ғасыр. Нарықтық экономика, қатал бәсеке, ақпараттық технологияның қарыштап, жаһандану, мәдени, экономикалық үндестік деп жар салып жатқан дәуір. «Аулада ХХІ ғасыр тұр. Мәдени, рухани экспансия ғасыры. Бұрын соғыс алаңына найзалар мен мылтықтар, танктер мен автоматтар шығатын болса, енді сол майданға әрқилы діни конфессиялар, ұлттық тілдер мен мәдениеттер шығатын болады» — дейді. Серік Аббасұлы  «Парасат» журналына берген сұхбатында. Қазақстан да сол майданда қолжаулық болмас үшін мығым экономика мен әр салада бәсекеге қабілетті білім қалыптастыруға мүдделі. Бірақ тек қана жалғыз экономикамен мемлекет құрылмайды. Тарихи-мәдени белгілер, біздің ешкімге ұқсамайтын төл мәдениетіміз мемлекеттің бір қырын танытатын айна. Әлемдік мәдениеттер көрмесінде біртұтас ел екенімізді көрсететін бет бейнеміз.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда “архитектуралық ренессанс” басталды. (Астанада арх. К. Курокаваның бас жоспары бойынша /1934-2007/, Жапония) ел Президентінің резиденциясы «Ақ Орда» (арх. К. Монтахаев /1950-2009/, ҚР); Жасыл-сулы бақжолы (К. Курокава),  (Бейбітшілік пен келісім Сарайы («Пирамида», 2006) және «Хан Шатыр» орталығы (2010, арх. Н. Фостер, Англия); «Қазақстан» Орталық концерт залы (2009, арх. М. Николетти, Италия); «Нұр-Астана» мешіті (2005, арх. Ч. Хафиз, Ливан); Азиада -2011 бірнеше спорт кешендері тұрғызылды.

Елдегі ең жас музыкалық театр – Астана қаласындағы К.Бәйсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының  өмірбаяны 2000 ж. М. Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсымен  басталды.  Қаіргі кезде Қазақстанда 50 театр жұмыс істейді.

Қазақстан киноөнері  «Қазақфильм» – елдегі жалғыз кинокомпания, ол 1960 жылы Алматы кинохроника студиясының (1934) негізінде құрылды. Қазір Қазақстан жылына 30-40 көркем және деректі фильмдер, сондай-ақ мультфильмдер шығарады.

2006 ж. «Қазақфильм» “Халық таңдауы: Қазақ киносының алтын топтамасы” акциясын ұйымдастырды. Қалың көрермен қауымның іріктеуімен алынған 50 фильмнің 20-сы реставрацияланды.  Рейтинг көшбасшылары: «Абай» (А. Әміркұлов, 1995), «Бойся, враг, девятого сына» (В. Пусурманов, В. Чугунов, 1984), «Қан мен тер» (Ә. Мәмбетов, Ю. Мастюгин, 1978), «Жамбыл» (Е. Дзиган, 1955), «Аңызға айналған Шоқан» (А. Әшімов, Цой Гук Ин, 1984).

2011 ж. наурызында Алматы қаласында «Қазақфильм» Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай “Қазақстанның жаңа деректі киносы” атты фестиваль өткізді [86, 223 б].

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының (Алматы) студенттері түсірген Қазақстан Тәуелсіздігімен құрдас жасөспірім жігіттер мен қыздардың өмірі туралы “Мен 20 жастамын” деректі фильмі – нағыз құбылыс болмақшы.

Республикада  Қазақстан мәдениетіне, өнеріне және әдебиетіне арналған 70-ке жуық мемлекеттік мұражай жұмыс істейді.

Әлемдегі бірде бір халықтың  мәдениетіне де, өмір жағдайына да, оның географиялық, тарихи және психологиялық сипаттарының ерекшеліктеріне де оқшаулану  тән емес. Бұл тереңнен тамыр жайған қазақ мәдениетіне де қатысты. ХХ ғасырда қалыптасқан кәсіби бейнелеу өнері дәуір дауылдарына төтеп беріп, өз дамуында өткенмен рухани үндестікті жалғастырып келді. Біз, ХХІ ғасыр табалдырығын аттаған  Қазақстан жастары,  төл мәдениетіміздің ерекшелігі, көшпенділердің дәстүрлі, тұрақты менталитетінің негізгі мән мағынасы сарқылмас қазынамыз екенін түсініп, тарихымызды ықыласпен пайымдауға тиіспіз. Біз өзге мәдениеттен экзотикалық талғаммен дәм татып, өз мәдениетімізді  саф алтындай  сақтай білуге міндеттіміз

Кеңестік тоталитарлық жүйеден қалған осындай этникалық мәселелер жағдайында Тәуелсіз Қазақстан өзінің этникалық топтар саясатын екі түрлі бағытта жүргізді. Бірі — осы мемлекетті құрушы негізгі ұлт болып есептелетін қазақтардың этникалық мәдениетін, тілін, ділін қайта жандандыру болса, екіншісі — Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа этностардың мәдени, тілдік құқықтарын қамтамасыз ету.

Қазақстандағы этникалық топтар саясатын зерттеуші ғалымдар осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың бүгінге дейінгі даму барысын екі кезеңге бөледі.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданған. Бірінші кезең—1991—1995 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңді этноұлттық басымдылықтар кезеңі деп атауға болады. Бұл кезеңде мемлекетті құрушы негізгі ұлт ретінде қазақ этносына, оның тіліне, оның мәдениетіне біраз артықшылық берілді. Сондықтан да 1990 жылғы 25 қазанда жарияланған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі» жөніндегі Мәлімдемесінде қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт деп танылды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жөніндегі конституциялық заңда қазақ ұлтының өз мемлекеттілігін анықтауға құқы бар екені көрсетілді. 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында да Қазақстан мемлекеттілігінің ұлттық сипатына ерекше мән берілді. Ол бойынша да Қазақстан өзін-өзі таныған, өз болашағын өзі анықтайтын қазақ ұлтының мемлекеті деп танылды.

Тәуелсіз еліміздің бұл кезеңінде мемлекеттігіміздің формасын ұлттық деп жариялаудың объективті қажеттілігі болды.

Біріншіден бұл кезеңде тәуелсіздік алған барлық мемлекеттер өздерін сол мемлекеттердің негізін құрайтын ұлттың мемлекеті деп жариялаған болатын.

Екіншіден, ғасырлар бойы өз тәуелсіздігін жоғалтып, өз жерінде саны жағынан азшылыққа айналған қазақ халқының ұлттық рухын, көтеру, сол арқылы дүниеге жаңа келген мемлекетті тез арада аяғынан тік тұрғызу керек болды.

Үшіншіден, тоталитарлық жүйе кезінде жойылып кете жаздаған қазақ халқының ұлттық дәстүрлі мәдениетін, тілін, ділін қалпына келтіру үшін мұндай саясат қажет болды [32].

Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасына қарай қазақ халқы өзінің мемлекеттілігін сезіне бастады, ұттық рухы оянды, өзінің ұлттық құндылықтарын ақтап алды, ұлттық дәстүрлі мәдениетін, тілін қалпына келтіре бастады, имандылыққа мойнын бұрды. Осы кезеңді мемлекеттің атауына негіз болып отырған қазақ ұлтының ұлттық санасының ерекше ояну кезеңі, ұлттық рухының ерекше көтерілу кезеңі десе де болады.

Жалпы осы кезеңде, бұдан соңғы жылдары да басқа ұлт өкілдерінің Қазақстаннан қоныс аударуын республикадағы этноцентристік саясаттың нәтижесі ғана деп түсінбеу керек. Егемендік алған кездің алғашқы жылдарындағы өзге ұлт өкілдерінің сыртқа көшуінің біздіңше мынадай себептері де бар.

Біріншіден, бұрынғы КСРО сияқты үлкен мемлекеттің ыдырауы ұлттық жаңа құрылған мемлекеттер жағдайында ұлттардың арасында болашағына деген белгілі бір сенімсіздік туғызды. Сондықтан басқа ұлт өкілдері өз мемлекеттілігі бар елге көшті.

Екіншіден, ұлттық мемлекеттіліктер құрылу кезеңінде этностар өкілдерінің санасында этноцентристік пиғылдар уақытша болса да күшейді.

Үшіншіден, сана бодандығынан құтылған азаматтарда өз тарихи Отанына қайту пиғылының күшеюі заңды құбылыс еді. Әсіресе мұндай себеп кезінде Қазақстан жеріне күшпен депортацияланған неміс, т.б. халықтарға тән болды[33].

Қазақстанның ұлт саясатының екінші кезеңі 1995 жылы қабылданған жаңа Конституциядан басталады. Бұл Ата Заңда енді Қазақстан халқын титулды және титулсыз ұлт деп бөлу жойылды. Бұл заң бойынша ендігі жерде Қазақстан мемлекеті ұлттық негізде емес, жалпыазаматтық негізде құрылатындығы баяндалды.

Осы конституциялық заңға негізделген еліміздің ұлт саясаты азаматтық қоғамның қағидаларына сүйене отырып, Қазақстан ұлты деп аталатын саяси-азаматтық қауымдастық құру мақсатын көздейтін саясатқа айналды. Бұл — Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған адамдар қауымдастығын бірте-бірте Қазақстан ұлты деп аталатын саяси-азаматтық бірлестікке айналдыру. Бұл — этностық мәдениеті, діні, тілдері түрлі болғанымен, «Мен қазақстандықпын!» деген елдік сананы қалыптастыру.

1997 жылдың 11 шілдесінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң қабылданды. Бұл заң бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып — қазақ тілі бекітілді. Бұл тіл мемлекеттік басқару органдарының, заң шығару, сот ісінің, іс жүргізудің тілі болып саналады және мемлекет аумағындағы қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылады.

«Қазақстан халқының басын біріктіруші маңызды қатынас туралы болып табылатын осы мемлекеттік тілді білу— Қазақстан Республикасының әрбір азаматының қасиетті борышы болып табылады» — делінген Тіл жөніндегі Заңның 4-бабында.

Осы заңның 5-бабында мемлекеттік ұжымдарда және жергілікті басқару органдарында қазақ тілімен бірдей дәрежеде ресми түрде орыс тілі де пайдаланылатындығы жазылған. Сонымен қатар бұл заң бойынша «Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өз ана тілінде сөйлеуге, өзінің қалаған тілінде тілдесуге, шығармашылықпен айналысуына, тәрбие, оқу жұмыстарын жургізуге құқылы» (6-бап).

Мемлекет қазақ тілінің және өзге тілдердің ұлтаралық қарым- қатынаста қолдану аясын сақтауға және оның еркін дамуына кепілдік береді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді немесе ұлтаралық қатынас тілін білмегені үшін азаматтардың құқығы мен бостандығын шектеуге тыйым салынады. Қазақстан Конституциясының тіл туралы баптары әлемнің өзге елдерінде, сондай-ақ ТМД-да ерекше демократиялы болып есептелінеді[34].

.Қазақстан — өз Отаным деп есептейтін әр азамат қазақ тілін білуі міндетті. 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасындағы ұзақ мерзімді жеті басым бағыттың ішінде ұлттық қауіпсіздіктен дейінгі екінші орында көрсетілген. Ұлттық бірлік, татулық, теңдік қоғамның топтасуының кепілі. Республикада жалпы ұлттық мүдделерді жүзеге асыруда қазақ ұлты оларды біріктіруші рөл атқаратындығы айқын.

Қазақстан халықтарының мәдениетін бүкіл әлемге таныту мақсатында ЮНЕСКО ауқымында Қазақстан Республикасының мерекелері аталып өтуде.

1997 жылы ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы. 1930-1932 жылдардағы ұлы қасіреттің 65 жылдығы және сталиндік қуғын-сүргінге түскен ұлттық зиялылар қасіретінің 60 жылдығы атап өтілді. 1997 жылы 13 желтоқсанда Ақмолада саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешен ашылды.

 

1998 жыл — халық білігі мен ұлттық тарих жылы. Бұл жылы 23 ірі Ғылыми форумдар өткізіледі. Республиканың барлық облыстарына 24 ғылыми экспедициялар аттандырылып, 74 ауданды аралады. Тараз қаласына таяу жерде архитектуралық ғимарат — Ақыртас кешені ашылып зерттелді. Мантуя (Италия) қаласында «Алтын адам Қазақстан далалары қола дәуірінен халықтардың ұлы қоныс аударуына дейін” атты көрме өткізілді.

1999 жыл – Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы болып табылады. Осыған орай атқарылған жұмыстар: 6 томдық «Қазақстан ұлттық энциклопедиясының” І-ші томы, М. Шоқай шығармаларының екі томдығы шықты. Қытай мұрағаттары негізінде Қазақ тарихына арналған 5 кітап жарық көрді. «Алпамыс батыр” жырының 1000 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция өтті[7].

М. Хайдар Дулатидің 500 жылдығына арналған мерейтой өткізіліп, «Тарих-и-Рашиди” еңбегі қазақ тілінде шығарылды. Сонымен қатар бұл жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары жалғасты. Нәтижесінде 19.144 адам толықтай ақталды.

Ал 2000 жылдың республика көлемінде мәдениетті қолдау жылы болып өткені белгілі.

2001 жылы 18 маусымда Күлтегін ескерткішінің көшірмесі Астанаға әкелінді. 2001 жылы 5 маусымда Қазақстанда Ресей Федерациясы мәдениетінің күндері басталды. 2003 жылы Астанада дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлердің съезі болып өтті.

Осындай мәдени іс-шаралардың өткізілуімен қоса, әлеуметтік қайшылықтардың артуына, экономикалық жағдайдың нашарлануына, өмір сүру деңгейінің төмендеуіне байланысты халықтың рухани жағдайы өте күрделі болды.

 

Қашанда қалдық принципімен қаржыландырылып келген мәдениет пен өнердің қазірдегі халі қаншалық екені түсінікті. Өркениеттің осынау асыл қазығына қор тарапынан қандай қолдау бар?

Ғылым-білім, мәдениет пен өнер саласындағы талантты жастарды қолдауда Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қоры орасан зор жұмысты атқарып отыр.

Қай қоғамда да мәдениет пен өнер қолдау-көмекке мұқтаж. Сондықтан өнердегі жастарға қамқорлық жасау мақсатында қор жанында шығармашыл жастар кеңесі жұмыс істейді. Кеңестің құрамына республикамыздағы сәулетшілер, кинематографистер, дизайнерлер, жазушылар, суретшілер және басқа да шығармашылық одақтардың өкілдері кіреді. Кеңес түрлі көрмелер, байқаулар, фестивальдар мен концерттер, көрермендер конференцияларын ұйымдастырады.

Өнер мен мәдениет саласындағы жас таланттарды қолдау бағдарламасының аясында қор шығармашылық жобаларды қолдауға берілетін гранттар, елімізде және шет жерлерде өтетін салалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, симпозиумдар мен семинарларға, шығармашылық байқауларға, фестивальдарға, концерттерге, шеберлік дәрістеріне, көрмелерге қатысуға мүмкіндік беретін «Іс-сапарларға гранттар», сондай-ақ жаңашылдығымен, өзіндік ізденіс-өресімен танылған талантты шығармаларға, бағдарламаларға, жобаларға Президент қорының сыйлығы байқауларын өткізіп келеді[37].

Шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға берілетін гранттарды жеңіп алу үшін жыл сайын ұйымдастырылатын байқау мәдениет пен өнердегі жас таланттарды қолдау және ынталандыру, болашақ кино және телевидение мамандарының кәсіби біліктілігін жетілдіру, сонымен қатар отандық аудиобейне өнімдерінің сапасын жақсарту мақсатын көздейді. Мысалы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 5-ші курсының 17 студентіне дипломдық жобаға гранттар тапсырылды. Яғни, студенттердің дипломдық жұмыстарын жүзеге асыруына қаржылық қолдау жасалады.
Тағы рефераттар