Қайнекей Жармағамбетов балладасын барлағанда туралы қазақша реферат

ХХ ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдары ұлттық әдебиеттің дамуына, қазақ поэзиясының, оның ішінде баллада жанрының берік қалыптасып, орнығуына елеулі үлес қосқан қаламгер Қайнекей Жармағамбетовтың орны ерекше[1.3].

«Қайнекейдің ақындық еңбегін ерекше танытқан — оның балладалары. Қазақ поэзиясында баллада жанрын бастаушы болмаса да, түбегейлі қоныс тептіріп, орнықтырушы Қайнекей болды десек, артық айтқандық болмас»[2.8]-деп Баламер Сахариев жерлесіміз туралы өз ойын жетік білдірген.

Қ. Жармағамбетовтың «Шын махаббат», «Ар туралы аңыз», «Шал мен ажал» — ерлікті, өжеттілікті, табандылықты, биік адамгершілікті дәріптейді.

Сонымен қатар, «Ана кегі», «Әке мен бала», «Мұғалима», «Бидай», «Большевик», «Соңғы түн», т.б. да балладалары оқырман көңілін таба білген.

Көбінесе мысал өлеңдегі тәрізді оқиға шешімінің күтпеген сәтте кенет болуы да баллада үшін маңызды түйіннің біріне айналды[3.6]. Міне, сондықтан да Қайнекей Жармағамбетовтың сюжетке, оқиғаға құрылған балладаларының көпшілігі кішігірім поэма тәрізді әсер береді. Бұл ретте оның: «Большевик туралы баллада», «Мұғалима», «Жидебайдың түндері мен күндері», «Фирдоуси туралы баллада», «Ақын мен ажал», «Бетпақдала аңызы» т. б. шығармаларын атауға болады.

Баллада жазумен көп шұғылданған ақынның «Шын махаббат» атты балладасында Ұлы Отан соғысы жылдары Ленинградты қорғаушы кеңес адамдарының төзімдігі, бір-біріне деген шексіз достық сезімі, жаумен шайқастағы асқан ерлігі суреттелген. Ал, «Ар туралы аңыз» балладасын ақын кеңес адамы мен фашист басқыншыларының арасындағы мінез, характер ерекшелігін тосын, төтенше оқиғалар арқылы көрсеткен. Балладағы кеңес жауынгері жалын атқан ерліктің, ізгі адамгершіліктің, отаншылықтың, ар-намыстың туын биік ұстайтын тұлғада көрінеді. Ал, сол кеңес адамына қарама-қарсы алынған фашистік басқыншылары адамгершіліктен жұрдай, есуас, қоян жүрек қорқақ, қанпезер пенде ретінде нанымды жырланған. Ақын адамның жағымды, жағымсыз мінездерін тосын уақиға арқылы баллады жанрында  көрсету тәсілдерін жақсы игерген[4.63].

Ақынның «Ақын мен ажал» балладасы Хамит Ерғалиевке арналған. Оқиғаның негізгі мазмұны ақын мен ажал арасындағы қақтығыстар. Жан алмақшы мен өлең жетегіндегі ақынның жан дүниесі туралы баяндалған. Өзінен басқаның бәрі ұйқыда, тек серігі аспанындаға ай мен қолына алған қаламын ширатып отырған ақынға  ажал таңға жақын жетіп келеді. Баскесерін жылмаңдатып шаппаққа жүгінеді. Соңғы сөзін тыңдамаққа бекініп, келесі күні келуге ұйғарады. Ақын өсиеті – дастанын аяқтау еді. Келесі күні ажал тағы түн ортасында есік қағып, қара қанжарын суырды. Сонда ақын:

-Ажал деген атың суық,

Өмірді аяп көргенің жоқ.

Тұрса жаспен бетін жуып

Жанға пұрсат бергенің жоқ.

Қартты еңіретіп қаба сақал,

Жалғызына салдың құрық.

Қызыл гүлді үздің қатал,

Ардақтыны алдың жұлып.

 

Қанға бөктің, қайғы төктің,

Айтшы сонда тапқаныңды?

Бірі ғой деп көнбіс көптің,

Құрма маған қақпаныңды.

 

Қалжырау неге керек,

Бере алмаймын жас жанымды.

Өлу маған тым ертерек,

Аяқтамай дастанымды…[3.85] —

деп сөзбен өжет қайсар мінез көрсеткен жан сақтар жаның сөзін естіген ажал бұған қарай қолын сермеді, қолы қағылып тілерсегі тілініп өтті. Ақын сол мезетте ғайып болды. Оқиғаның шарықтауы ақын жанына көзделген оқты табиғат аясы қақпақтауында. «Зәресі ұшып қашады ажал, Белестерден асады ажал»-деп аяқталатын баллада  өлең қиянатқа көнбейтінін, жорықтарда ер жаттап, ел жүрегінде сақталатынын, ақын жанының өлең-жырдан айырылмасын айқын көруге болады.

Баллададан қайталанып келетін қайырманы көруге болады.  Мысал келтіре отырайық:

Ажал оғы зулай берді,

Зулай берді…

Нысанаға жетемін деп,

Аспан асты дулай берді,

Тулай берді…

Ақынды азат етемін деп

 

Жапырағын жайды орман,

Өзен көкке толқын атты.

Боламын деп мен де қорған,

Көк көгершін қанат қақты.

 

Кәрі жартас қабақ түйді,

Майырмақ боп оқ жебесін.

Аспан төніп, нөсер құйды,

Сөндірмек боп от денесін.

 

Қарлы шыңын боран буып,

Асқар құздар төкті ызғар.

Лап берді оққа өрен жандар-

Отты жігіт, өтті қыздар[3.88]-

дей отырып, алдыңғы шумақ қайталанып келеді. Осылай бірнеше рет қайталанып келеді. Яғни, балладаға тән қасиет.

«Бетпақдала» балладасында жапан даладағы жолаушының басынан өткен оқиғасы айтылады. Жолаушы келе жатып арып-ашқан бір мүсәпірге жолығады, шөл далаға тастағаным жөн болмас деп, өзі жаяу жүріп оны атына мінгізіп, өз ілтипатын көрсетеді. Әл-қуат жинаған мүсәпір өз қарақшылығын жасап, атқа қамшы үйіріп, көз жырақ болады. Бәрінен айырылған жолаушы абдыраған күйде қалды. Шөлейтте жолаушы мүсәпірдің күйін кештті. Мүсәпір аққан бұлақ басына кеп аялдады. Қымызға тойып, тұра алмастай болып сұлады. Ат бетімен кетті, бұны улы жылан шағып кетіп, тілсіз жаудан қаша алмады. Жолаушы айнымас дос серігі торыны тауып, жолай аңшы досын кездестіріп көңілі орнығады.  Сюжеттік байланыс ақырында өз шешімін тауып, қиянат жасаған жанның өз жазасын алып, әділдік, адалдық жеңбекші.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Мұқатов Н. Қазыналы Қайнекей Алматы: ҒӨПБК «GAUHAR»-2007, 198-бет.

2.      Қайнекей Жармағамбетов Азамат Жолы Құрастырушылар: Ғафу Қайырбеков, Нұрлан Жармағамбетов Алматы: Жазушы, 1983, 272-бет.

3.     Қайнекей Жармағамбетов «Шыңдағы шам шырақ» Құрастырған Баламгер Сахариев «Жазушы» баспасы, Алматы-1976, 24-б.

4.      Нарымбетов Ә. «Дәуір және поэзия» Алматы, «Жазушы», 1970, 152б.
Тағы рефераттар