Алтын Орда мемелекетінің астанасы Сарай қаласының тарихы, оның ішкі және сыртқы саясаты, басқа елдермен дипломатиялық қарым-қатынастары жайында, араб деректерінде, назар аударарлық мағлұматтар бар. Онымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан Мысыр мамлүк мемлекетінің астанасы Қайыр қаласы, сол кездегі араб ислам шығысының саяси және рухани орталықтарының бірі болған. Еділдің бойындағы Сарай мен Нілдің бойындағы Қайыр арасындағы, тарихқа белгілі, дипломатиялық байланыстары – олардың арасындағы қарым-қатынастардың қаншалықты берік болғандығының дәлелі бола алады [16; 18]. Бұл байланыс, жалқы айтар болсақ, бүкіл ислам әлемінің өміріне, соның ішінде, саяси және әлеуметтік қана емес, сонымен қатар, өнер, өркениет, өндіріс салалары мен рухани өміріне үлкен әсерін тигізді [16; 18]. Ислам тарихындағы орны ееркше Мысыр мамлүк мемлекетінің тарихы, оның әскери және мемлекеттік құрылымы, ішкі және сыртқы саясаты, Батыс және Шығыс елдерімен дипломатиялық қарым-қатынасы, өнер, білім, әдебиет, мәдениет және т.б. салаларындағы жаңалықтары мен жетістіктері, араб және батыс зерттеушілері тарапынан кең зерттеліп, көптеген ғылыми еңбектер жарық көрді. Оған қарамастан, мамлүктердің тегі мен табиғатына арналған арнайы зерттеулер жоқтың қасы. Араб деректері, оларды, яғни, түркі мамлүктерін, атқамінерлік пен соғыс өнеріне бейім, дене бітімі мықты, қиыншылықтарға өте төзімді, мәдениеті көшпелі, кәсібі жаугершілік пен малшылық [16; 18], деген жалпылыма мағлұматтар береді.

Соның іщінде, Мысыр жерінде түркі мемлекетініңнегізін салған мамлүктердің кіндік қаны тамған, төл отаны – Дешті Қыпшақпен байланыстары мен қарым-қатынастары, араб және батыс зерттеушілерінің назарынан тыс қалып, толық зерттелмеген тың тақырыптардың бірі.

Екі ел арасында, 177 жылға созылған, ұзақ мерзімді қамтитын қарым-қатынас, бірінен соң бірі, жұбы үзілмей жалғасқан 47 ресми елшіліктердің, яғни, дипломатиялық миссиялардың болғаны тарихқа мәлім. Қайырдан Сарайға келген елшілер қатарында Қайыр елшілерімен бірге қайту – екі мемлекет қарым-қатынасындағы дипломатиялық дәстүрге айналған [16; 18].

Жер қашықтығына қарамастан қарым-қатынас жасау жолдары құрлық және теңіз арқылы өтетін сапар айларға, ал кей жағдайларда, бір жылдан астам уақытқа созылған ұзақ, әрі ауыр, әрі қауіп-қатерге толы сапарлар, бірінен соң бірі кезектесе жалғасып, сол алыс замандағы, Ніл мен Еділ өзендерін мекендеген екі еларасындағы байланыстың қаншалықты күшті және берік болғандығын көрсетеді. Әсіресе, ислам мен христиан елдері, Батыс пен Шығыс арасында соғыс өрті лаулап тұрған замандағы жол қауіптілігін және жолаушылардың жекелей де, көпшілікпен де, жол аңдыған қарақшылар мен жыртқыш хайуандар тарапынан көптеген қауіп-қатерге душар болуын [16; 18] естен шығармауымыз керек. Оларды айтпағанда, жол үстіндегі Шығыс Византия сияқты христиан мемлекеттерімен бейбітшілік жағдайы тым тұрақсыз еді. Сондай кездердің бірінде, Сарайға сапар шегіп бара жатқан Мысыр елшілігінің бірін таяу Шығыстағы крестілер қолға түсіріп, оларды Триполи және т.б. қалалардағы құл базарларына апарып құлдыққа сатқан. Мұны білген Мысыр сұлтаны, Мысырда сауда жасап жүрген батыс сапудагерлерін тұтқындауға әмір берген [16; 18].

Мамлүктер мемлекетінің сыртқы саясаты оның ішкі өмірінің, әсіресе, экономикалық дамуының көрсеткіші болды. Қыпшақ еліне бағыт алған Мысыр елшілері өздерімен бірге Мысыр өмірінің, оның ішінде, қол өнері мен мәдениетінің жоғары деңгейде дамығандығын көрсететін сыйлықтар мен тауарларын көптеп апарды. Мәселен, іші былғарымен астарланған, баспалдақтары және орындығы бар, ніл сүйегі мен эбонит қара ағашпен өрнектелген күміс қобдишасы бар тартпаға салынған, сырты қызыл атласпен қапталған Құран кітабы, түрлі-түсті кілемдер мен жайнамаздар, киімдер, күміс қапталы бар қылыштар, мылтықтар, тас лақтыратын әскери-соғыс машиналары, от салатын ыдыстар, бастарында оюлы безекпен әшекейленген өрнекті негіздері бар ертоқымдар, үзеңгілер, алтын және күміспен жасалған әр-түрлі қобдишалары бар былғары сандықтарға салынған өте әшекей садақ, садақтың оқтары, ұштары, найзалар, алтын жалатқан май шамдары, әшекей тігілген Александрия киімдері, сондай-ақ, мамлүк жауынгерлері, аспазшы құл әйелдер, жасөспірім сарай қызметшілері, тірі хайуандардан: жылдам шабатын араб тұлпарлары, бір өркешті араб түйелері, жүк таситын мал, бір жираф, маймылдар, тоты құстар және осы хайуандарды бағып, күтетін арнайы қызметшілер. Бұл аталғанның бәрі сұлтан Аз-Захир Байбарыстың Берке ханға жіберген бір ғана тартуынан қысқартылып алынған тізімі ғана [16; 18].

Алтын Орда ханы Өзбек-хан Мысыр сұлтаны Ан-Наср Мухаммад Ибн Қалауынға үйретілген сұңқар  құстарын, жасөспірім мамлүктер, болаттан соғылған сауыт, дулыға, қылыш жіберген. Оған өзінің жауабы ретінде сұлтан Ан-Наср Мухаммад Ибн Қалауын өте қымбат бағалы сыйлықтар қайтарған. Олардың ішіндегі тек алтыннан жасалғандарын атап өтейік: Өзбек-ханға сыйлық үшін арнайы, асты да, үсті де алтынмен тігілген киім және бас киім, алтын белдік, алтын ертоқымы мен үзеңгісі бар тұлпар, алтын қылыш және ертоқымы мен үзеңгісі асыл тастармен безендірілген тұлпар [16; 18].

Осы аталғанның бәрі мамлүк мемлекеті кезіндегі Мысыр қолөнері мен өмір сүру деңгейінің өте жоғары болғандығының көрсеткіші.

Ендігі сөз, осы екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас пен байланыстардың ішінде тарихи орны мен саяси маңыздылығы ерекше биік дипломатиялық ресми елшіліктер жайында болады.

Амин Аль-Холи – Ніл мен Еділдің тарихи байланыстары тақырыбына назар аударған, оны арнайы зерттеген араб зерттеушілерінің біріншісі болды. Ол, 1895-жылы дүниеге келген. Қайыр қаласындағы Аль-Азхар ислам университетінің профессоры, тарих және тіл білімдері ғылымындағы беделді Мысыр ғалымдарының бірі болған.

Амин Аль-Холидің «Сыйлат бейна Ан-Нил уа Ал-Вулга» (Ніл мен Еділ арасындағы байланыстар), атты еңбегінде жылтізбелік тәртібімен, төмендегідей мәселелерін негізге ала отырып қарастырады, олар:

  1. елшіліктің сапарға аттанған жылы;
  2. елшілікті жіберуші тарап;
  3. елшілікті қабылдаған тарап;
  4. елшілікті бастап барған басты елшілер;
  5. елшіліктің алдына қойылған негізгі мақсаты;
  6. елшіліктің нәтижесі.

1. 1261 жылы сұлтан Аз-захир Байбарыс өзі сенетін «Қырым тұрғындары» деп аталған Алан саудагерлерін Берке-ханға елшілікке жібереді. Сұлтан Байбарыс Берке-ханға жолдаған хатында, христиан әйелі үшін сол дінді ұстанған Құлағу-ханға және жалпы кәпірлерге қарсы Алла жолында қасиетті «Джихад» соғысына үгіттейді.

2. 1262 жылы сұлтан Аз-Захир Байбарыс Берке-ханға елшілікке, сол елді және оның тілін жақсы білетін мамлүк әмірі Күшбекті және Қыпшақ елінен жақында келген, Шариғат пен Ислам заңдарының білгірі Маджид Ад-Дин мен Нафранды аттандырады. Сұлтан Байбарыс Берке-ханды, бұл жолы да кәпірлерге қарсы қасиетті «Джихад» соғысына қатысуға шақырып хат жолдайды. Хатында, Мысырдағы ислам әскерлерінің күш-қуатын, оның ұлттық құрамын сипаттап, Ислам әлеміндегі Мысыр сұлтанына бой ұсынатын патшалардыатап көрсетеді. Құлағудың, жаулап алған жерлерінде мұсылмандарға қысымшылық пен зұлымдық көрсетіп жатқандығын, оның ісі Аллаға жеркенішті екенін және оған қарсы соғыспауға болмайтынын айта келе, Берке-хан әскерлерінің Мысырға келгенін және оларға үлкен сый-құрмет көрсеткенін хабарлайды. Сондай-ақ, олар еліне қайтарында, Аббас әулеті халифасының туыстарын елшілікке қосып, сапарға аттандырады. Осы хат мәселесі бойынша үлкен жиын отырысын ұйымдастырып, оған Аббас әулетінің халифасы Ал-хаким Биамрилланы қатыстырып, елшілер сапарға аттанар алдында олармен бас қостырады.

3. 1262 жылы Берке-хан сұлтан Аз-Захир Байбарысқа әмір ДжалальАд-Дин мен шейх Нур Ад-Дин Али бастаған елшілік жібереді.

Берке-хан сұлтан Байбарысқа жолдаған хатында: шүкіршілік пен мақтау, өзінің ризашылық сәлемін айтып, Құлағуға қарсы соғысқа көмек сұрап, оның, Шыңғыс-хан өсиет қылған «Ұлы Яса» заңын бұзғандығын, оны іс-әрекеттері Ұлы заңға қайшы келетіндігін жария етіп, оның күнәсі мен қылымсы – мұсылмандарға қарсы соғысы, және Берке-хан, өзінің төрт ағайынымен бірге, ислам орнату үшін, барлық жақтан оған қарсы соғысып жатыр, деп, Құлағудың жолын кесу үшін, Ефрат өзеніне қарай әскерін жылжытуды сұрап, өзі бір жағынан, ал сұлтан Байбарыс екінші жағынан  қысып, оны, яғни Құлағуды бүкіл мұсылман елінен қуып шығып. Ол жерлерде сұлтанның, яғни Байбарыстың билігін орнату керектігін хабарлайды.

Халифа жұма намазында сұлтан Байбарыс пен берке ханға дұға қылып, елшілермен Исламның ең негізгі мәселелері жөнінде бірауыздылық білдіреді. Халифа оларға лайық қымбат киімдер сыйлап, сұлтан Байбарыс, Исламның қасиетті жерлері Мекке, Медине, Құдыс (Ирусалим) мінбелерінен сұлтаннан кейін Берке ханға дұға айтылсын, деп әмір жазады. Бұл елшілер Мысырға келе жатқан жолында сұлтан Байбарыстың Берке-ханға жіберген елшілерімен Константинополь қаласында кез болады.

4. 1262 жылы Берке-хан сұлтан Байбарысқа әмір Арбұға, Артемір және Аунамас бастаған елшілік жібереді. Олармен бірге Қайыр елшілігін бастап келген Шихаб Ад-Дин Ғази болады.

Берке-ханның хаты мен ауызша айтқаны: Құлағу-ханның жаңілісіне ислам үмметінің қуанышын хабарлайды. Түркі-қыпшақ тайпалары мен руларының Ислам дінін қабылдағанына қуанып, Ибн Шихаб Ад-Дин сұлтанға Берке-ханның Құлағуға қарсы соғысының куәсі болғанын айтады. Сұлтан Байбарыстың Қайыр қаласында Аббас әулетінің халифатын қайта жандандыруға күш-жігерін жұмсағандығына Берке-хан өзінің шүкршілдігін білдіреді. Сарай елшілері сұлтан Байбарыстың ұлы Саид Берке-ханды сүндетке отырғызу тойының және Мысыр әскерлерінің таңқаларлық салтанатты шеруінің куәсі болады. Сұлтан Байбарыс оларды оларды, яғни, Берке ханның елшілерін жылы қабылдап, оларға қымбат сыйлықтар тарту етеді. Халифа оларға Берке-ханға ауызша Шариғат, Алла жолындағы қасиетті «Джихад» соғысы, Ислам әділеттілігі жайында және т.б. өсиеттерін айтып жеткізуді тапсырады.

5. 1262 жылы сұлтан Байбарыстың елшілері Фарис Ад-Дин Ақуш Ас-Сауди Ал-Асад және Аш-Шариф Имад Ад-Дин Абд Ар-Рахим Аль-Хашими бастаған елшілік, Қайырға келген Берке ханның елшілерімен бірге Сарайға аттанады. Ол Берке ханға жолдаған хатында қасиетті «Джихад» соғысы мен Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбардың жолына түсу, оған иман келтіріп, илану және т.с.с. үгіт-насихатын айтады. Оған жіберген сыйлықтарының ішінде: Құран кітабының Осман нұсқасы, деп аталатын, қызыл атласпен қапталып өрнектелген нұсхасын былғарымен астарлаған қобдишаға салынған және оған піл сүйегі мен қара ағаштан жасалған, күміспен әшекейленген орындығы бар, кілемдер мен жәйнамаздар,  май шамдары, бір жираф, есектер, жүйрік араб түйелері, қымбат бағалы сыйлықтар, Александриялық киім-кешектер, қылыштар, найзалар, садақтың жібек шектері, тұлпарлар мен үзеңгілер, ертоқымдар, үйретілген маймылдар, қара құл қызметшілер, аспазшы құл әйелдер, жіберілген хайуандарды қараушылар және т.б. Мысыр елінде бар қызықтарды жібереді. Оларға арнайы үлкен кеме даярлап, оған әр-түрлі қымбат сыйлықтар жинап, оларға көптеген теңіз әскери мамлүктерін қосып, бір жыл мерзімге жабдықтап сапарға аттандырады. Бірақ, бұл елшілік Константинопольде ұзақ кідіріп қалады. Сол себепті Қайыр мен Константинополь арасында саяси бәсекелестік орын алады.

6. 1264 жылы сұлтан Байбарыс берке-ханға жіберген елшелігін Шуджа Ад-Дин Ибн Ад-Дайа Ал-Хаджиб бастап барады. Оған жолдаған хатында, Константинополь әміршісі Ал-Сакрисидің (арабшаланған Ал-Ашқарий) сұлтан Байбарысты Қыпшақ елінің патшасы алдында араға түсіп, Берке-ханның константинопольге шабуылдарын қоюды сұрайды. Онымен бірге Берке-хан, «Умра», яғни, кіші қажылық жасаған, Құран аяттары мен Хадистер жазылған үш сәлде (немесе Умраға барғандағы киімі), екі құмған Зәм-Зәм суы, бальзам майы және т.б. болады.

7. 1267 жылы сұлтан Байбарыс Берке-ханның ағасының баласының баласы Мүңке-Темір-ханға елшілерін жіберіп, Берке-ханның қазасына байланысты көңіл айтып, Мүңке-Темірдің таққа отыруына құттықтауын және оған арнап сыйлықтар жібереді.

Бұл елшілік, Берке-хан қайтыс болған кезде, Қайрда сұлтан Байбарыстың алдында болған Сарай елшілерімен бірге сапарға аттанады.

8. 1271 жылы Мүңке-темір-хан сұлтан Байбарысқа елшілік жібереді. Олармен жолдаған хатында, сұлтан жауларын өз жауы санайтынын және сұлтанды өте құрметтейтінін хабарлап, Құлағуға қарсы соғысуға көмек сұрайды. Құлағудың қолындағы бүкіл мұсылман елдері сұлтандікі болуы қажет, деп жазады.

Бұл елшіліктің жүгін жолда европалықтар тонап алып, Сұлтан Байбарыстың әмірімен, барлық порттарда жүргізілген шаралардан кейін ғана, тоналған заттардың бәрі табылып, сұлтанға жіберілген.

9. 1272 жылы сұлтан Байбарыс Мүңке-темір-ханға жіберген елшілері әмір Сайф Ад-Дин Ас-Сауаби Ал-Михмандар мен Бадр Ад-Дин Ибн Азиз Ал-Хаджиб Қайырдан қайтқан Сарай елшілерімен бірге сапарға аттанады. Мүңке-Темірге аранйы қымбат сыйлықтар, оның өзі сұратқан дәрілер мен дәрілік шөптер және Құлағудың ұлы Абағаның іс-әрекеттері мен оның жеңілісі туралы саяси хатын жібереді.

10. 1280 жылы сұлтан Қалауын Мүңке-Теміханға елшілері Шамс Ад-Дин Сұңқар мен Сайф Ад-Дин Балбанды жібереді. Олармен бірге Рүм елінің билеушісі сұлтан Рукн Ад-Диннің ұлы Ғиас Ад-Динге, оның әулетіне, ханзадалары мен сұлтан Ғиас Ад-Диннің өзіне хат және сыйлықтар жібереді.

Елшілер теңізбен сапар шегіп, Сарайға Мүңке-Темір қайтыс болып, таққа Тадан-Мүңке отырғаннан кейін келіп жетеді.

11. 1283 жылы Тадан-Мүңке-хан сұлтан Қалауынға елшілері Қыпшақ еліндегі Ислам заңдарының білгірлері Маджид Ад-Дин Ата мен Нур Ад-Дин Атаны жібереді. Олармен бірге сұлтанға жолдаған хатында, өзінің ислам дінін қабылдағаны мен таққа отырғанын хабарлап, жіберген елшілері қажылық жасап қайтуын сұрайды. Ауызша Тадан-Мүңке-ханға екі елшісі арқылы, халифа мен сұлтанға, ол екеуінің жауларына қарсы соғысатындығын, білдіруді тапсырады.

Екі елші қажылыққа аттанғандармен бірге барып, қажылық жасап қайтады.

12. 1284 жылы сұлтан Қалауын Тадан-Мүңке-ханға елшілері Сайф Ад-Дин Балбан Ал-Халаби, Музаффар Ад-Дин Муса Ибн Темреш Алас, әмір Кутфан және Шамс Ад-Дин Мухаммад Ибн Абу Аш-Шауарибті жібереді. Алдындағы елшілікке сәлем жауабын қайтарып, Берке ханның әулетіне қымбат сыйлықтар, әдеттегіден әлдеқайда көп маталар, дәрілер мен дәрі шөптерін жібереді. Сондай-ақ, бұл елшілікпен бірге, Сұлтан Қалауын Қырымда салдырып жатқан үлкен мешітіне мамлүк сұлтандарының ойындарын тасқа ою үшін тас қашайтын ұсталарын жібереді.

13. 1286 жылы Тадан-Мүңке-хан сұлтан Қалауынға, содан үш жыл алдындағы жіберген елшілігіне қатысқан, сол келуіне сұлтан қаржысына Мысыр керуенімен қажылыққа барған, Ислам діні мен заңдарының білгірі Маджид Ад-Дин Атаны жібереді. Ол, сұлтан Қалауын қалағандарының барлығын жауапсыз қалдырмайтындығын хабарлайды.

14. 1293 жылы сұлтан Қалауынның ұлы сұлтан Ал-Ашраф Халаил Берке-ханның әуклетіне және Константинополь билеушісінің әулетіне елшісі әмір Алам Ад-Дин Ад-дауадариді аттандырып, онымен бірге көптеген сыйлықтар мен тартулар жібереді.

15. 1304 жылы Тоқай немесе Ұлғай-хан сұлтан Қалауынның ұлы сұлтан Ан-Наср Мухаммад Ибн Қалауынға елшісі Қарақшыны, көптеген сыйлық, тартулар, жасөспіоім мамлүктер мен құл әйелдерді қосып жібереді. Тоқай-ханның бітіспес жауы Ғазан-ханға қарсы, соғысқа аттануын сұрап, Харбандыны қоршауға алып, оның елін бөлшектеп тастаудың қажеттілігін атайды. Ғазан-ханның зұлымдығын оның өлімімен тоқтатқандығын және Тоқай-ханның ағасы Харбандыда оған бейбітшілікті мойындауын міндеттейді. Сондай-ақ, Мысыр жағы оны қолдан кетуі мүмкін, деген күдіктен Мысырдан да соны талап етеді.

16. 1306 жылы Тоқай-хан сұлтан Ан-Наср Ибн Қалауынға елшісі Намус бастаған елшілік жіберіп, Мысыр әскерлерінің Ефрат өзеніне қарай бет алуын сұрайды. Онда өзінің әскерлерімен бірігіп Харбанды елін алуды және ол елден түскеннің бәрін, әрбір адамға тистілігін, және , сонымен бірге, сүнеттік сыйлық болатындығын айтады.

17. 1306 жылы сұлтан Ан-Наср Ибн Қалауын Тоқтай-ханға елшілері Бадр ад-Дин Иқміш пен Фахр Ад-Дин Аш-Шамси бастаған елшілігін, соның алдында, Қыпшақ елінен келген елшілікпен бірге Сарайға аттандырады. Сұлтан Ан-наср Мухаммад өзінің жауабында, Харбанды елімен бейбітшілік келісім орнайды және оны бұзу лайық емес, дейді.

18. 1310 жылы Тоқай-хан сұлтан Ан-наср Ибн Қалауынға елшісі Ала Ад-Дин Али бастап барған елшілік жіберіп, сұлтан Ан-наср Ибн қалауынның сұлтан тағын қайтарып алуымен және Тоқтайдың қарсыластарын жеңуімен құттықтайды.

Сарай елшілері, әлі Мысырда сұлтан Ан-Насрдың алдында жүргенінде, Тоқтай-ханның қазасы жайында хабар келеді.

19. 1310 жылы сұлтан Ан-Наср Ибн Қалауын Тоқтай-ханға елшілері Ала Ад-Дин Айдағды мен Ала Ад-Дин Тонбұға бастаған елшілік Тоқтай-ханның елшілерімен бірге ілесіп, оның хатына жауып алып сапарға аттанады. Бұл елшілікті, 1311 жылы, қайта оралу жолында европалықтар қолға түсіріп, тұтқындап, оларды Триполи және т.б. қалалардың құл базарларына сатуға шығарады. Мұны естіген сұлтан, елшілерін сатуға шығарған саудагерлерді ұстап, тұтқындауды бұйырады.

20. 1314 жылы Өзбек-хан сұлтан Ан-Наср Ибн Қалауынға елшісі Мангуш бастаған және Берке-ханның балалары мен ұрпақтарынан, барлығы 174 адамнан құралған елшілігін, оның алдында Сарайға келген сұлтан Ан-Насрдың елшілігімен бірге Қайырға аттандырады. Сұлтанға жолдаған хатында, сүйек жаңғыртып өзара құдаласуға ұйғарым жасап, өзінің алдында болған Тоқтай ханның қызына үйленуін ұсынады.

21. 1316 жылы сұлтан Ан-Наср Мухаммадтың Өзбек-ханға жіберген елшілері Ала Ад-Дин Айдоглы, Хусейн Ибн Сару және Мысыр копты христиандардың патриархы бастаған елшілік Өзбек-ханның елшілерімен бірге Қайырдан Сарайға сапарға шығып, өздерімен көптеген сыйлық, тартулар, оның ішінде, маталар, құрал-саймандар, алтын үзеңгілер мен ертоқымдар бар жүйрік тұлпарлар, алтынмен безендірілген мысыр қылыштарын апарады.

Алдындағы, 1314 жылғы елшілік алып келген құдаласу жайындағы ұсыныс үлкен маңызға ие болып, оларға керемет қымбат сыйлықтар берілгеніне қарамастан, Сарай жағы қалың-мал мен күту мерзіміне келгенде құбылып, анық жауабын бермегендіктен, сұлтан Ан-Наср бұл құдалықты өз назарынан шығарып тастайды. Бірақ, оған қарамастан, екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынас пен хат хазысу ешқандай өзгеріске ұшырамайды.

22. 1317 жылы, Өзбек-хан сұлтан Ан-Насрға елшілері шайрбек, Бұғыртай, Қортық және Омар Ал-Қырыми бастаған елшілік Сарайдан Қайырға оралатын сұлтан Ан-Насрдың елшілерімен бірге сапарға аттанады. Олар өздерімен бірге көптеген сыйлықтар мен тартулар, оның ішінде, үш аңшы сұңқар, алты мамлүк, болат сауыт, дулыға және қылыш алып барады.

23. 1318 жылы сұлтан Ан-Наср Өзбек-ханға елшілері Атрашы Ал-Силахдар мен Бірім Хауаджа бастаған елшілігін, Қайырдан Сарайға қайтып бара жатқан, Өзбек-ханның елшілерімен бірге сапарға аттандырады. Елшілік өзімен бірге ең жоғарғы дәрежелі патшаларға лайық қымбат сыйлықтар апарады. Кейбір деректерде оның құны ондаған мың алтын динарға тең болған, делінеді.

Осы жолы Өзбек-хан құдаласу жайында әңгіме қозғайды. Сонда, Мысыр елшісі оған: «Сұлтан мені бұл талаппен жіберген жоқ, ал, егер, сұлтан ол жайында білетін болса, онда оған қажетінің бәрін даярла» деп, жауап қайтарады. Өзбек-хан өз саудагерлеріне Мысыр елшілігін қалың-малмен және қажетті қаражатпен қамтамасыз етуді тапсырады. Сөйтіп, саудагерлер Қайыр елшілерін 27 мың алтын динар ақшамен қаржыландырады.

24. 1319 жылы, Өзбек-хан сұлтан Ан-Насрға жіберген елшілерінің ішінде көптеген қариялар, жоғарғы мансапты дәулер, Өзбек-ханның имамы Бурхан Ад-Дин, Сарай қаласының қадиі, яғни, жоғарғы ислам сотының басшысы, қыз-ханзадалар, 150 ер-азаматтар, 60 кұл әйелдер және үш мың мамлүк жібереді.

Мысырға келін және онымен бірге қымбат сый, тартулар келіп жетеді. Келін мен елшілердің Қайырға келуіне байланысты ұйымдастырылған күтіп алу тойы мен жайылған дастархандарды жеке сипаттауға тұрарлық, себебі, ол барлық замандар мен барлық жерлерде болып өткен ең үлкен той-думандармен бәсекелесе алды.

25. 1320 жылы, сұлтан Ан-Наср Өзбек-ханға елшілері Тоқсиа Аз-Захири мен Құтлұбұға бастаған елшілігін, Қайырға келінді алып келген Өзбек-ханның елшілігімен бірге Сарайға сапарға аттанады. Олар өздерімен бірге Өзбек-ханға және басқаларына арналған қымбат сыйлықтар әкетеді. Өзбек-ханның имамы қажылық жасау үшін қалады. Сондай-ақ, Константинополь елшілері де Құдыста өздерінің қажылықтарын жасау үшін қайтуларын кідіртеді.

26. 1320 жылы, Өзбек-хан сұлтан Ан-Насрға елшілері Керей, Бұларғы және Бағрас бастаған елшілігін сапарға аттандырады. Сұлтан Ан-Насрдан солтүстік және шығыс қыпшақтар арасындағы соғысында көмек сұрайды. Сұлтан Ан-Наср сұлтан Абу Саидтің бейбітшілік келісім жағын қалайтындықтан, оның бұл талабын жауапсыз қалдырып, Абу Саидке, мұқият болуын ескертеді. Абу Саид оның бұл өсиетінің шындықпен айтылғанын біліп, оған өзінің шүкіршілігін білдіріп, онымен бейбітшілік келісімін нығайтып, оған сыйлықтар, тартулар, мамлүктер, әйел құлдар және ақшалай бірнеше миллион күміс дирхам жібереді. Сөйтіп, Өзбек-ханмен сұлтан Абу Саид бетпе-бет қарсы тұрып, екеуі де Сұлтан Ан-Насрдан көмек күтеді.

27. 1321 жылы, Өзбек-хан сұлтан Ан-Насрға елшілері Манғуш, Арус және Ордажық бастаған елшілерін, сұлтан Ан-гасрдың Сарайдан Қайырға қайтатын елшілерімен бірге сапарға аттандырып, сұлтан Ан-Насрдың соңғы әскери позициясын сын айтқан Өзбек-ханның хатын сұлтанға жеткізеді.

Сарайдан қайтқан Мысыр елшілері сұлтан Ан-Насрдың соңғы позициясы себепті, Өзбек ханның олармен суық қарым-қатынасы мен оларға, мамлүктерді сатып алуына тыйым салғанын, арызданып айтады. Сұлтан Ан-Наср да Сарай елшілерін тура солай суық қабылдап, оларға «ақ құлдарды» сатып алуына тыйым салады.

28. 1322 жылы, сұлтан Ан-Наср Өзбек-ханға елшісі Баха Ад-Дин қарақуш Ал-Кундаки бастаған елшілігін жіберіп, Өзбек-ханның, өзін сынап жазған хатына жауап жібереді. Онда, Абу Саид исламды қабылдағандықтан, ол – Исламның жеңісі үшін бізге көмекші күш болатындығын хабарлап, сондай-ақ, елшілерге «ақ құлдарды» сатып алуларына тыйым салғанын, өздерінің оларға бай екендігінен ғана, дейді. Екі ел арасындағы достық қарым-қаынасты жалғастыруға дайын екендігін білдіреді.

29. 1323 немесе 1325 жылы, сұлтан Ан-Наср Өзбек-ханға елшісі Бадр Ад-Дин Бекміш бастаған елшілігін сапарға аттандырып, сұлтанның хатын Өзбек-ханға жеткізеді.

30. 1327 жылы, Өзбек-ханның сұлтан Ан-Насрға жіберген елшілігі сұлтанның елшілерімен бірге, және сұлтан Ан-Насрдың Өзбек-ханға жіберегн елшілері Сарай елшілігімен бірге сапарға аттанады.

Мысыр елшілері, 1329 жылы, Рүм елі арқылы құрылықпен, бір жыл үш ай жеті күнге созылған сапарларынан оралады.

31. 1330 жылы, Өзбек-хан сұлтан Ан-Насрға елшілік аттандырып, олармен бірге қымбат сыйлық, тартулар жібереді. Олар, яғни, Сарай елшілері Мысыр елшілерімен бірге оралады.

32. 1334 жылы, Өзбек-хан сұлтан Ан-Насрға жіберген елшілерімен хат жолдап, Өзбек-ханның ағасының қызы, қыпшақ ханзадасының ісі жайлы Сұлтан Ан-Насрға сын, айып айтады. Айыбының түйіні ол –өзіне жіберілген Хан әулетінің таңдаулы қыздарының бірін, егер, өзінің қажеттігіне лайық болмаған жағдайда, онда, сұлтан оны, яғни ханзаданы алған жеріне қайтаруға міндетті, дейді.

Бұл хат және оған жауап жайындағы ресми деректер көмескі, анық мағлұматтар бермеген. Біраз тарихшылар, хиджраның 729-737 жж., яғни, 1328-1336 жж. арасында хат жазысу тоқтап қалған, дейді. Бұл ханзада әйел жайында, және оның «талақ» (күйеуден шығуы) болуы жайлы қосымша мағлұматтар бар.

Оның ішінде, Өзбек-хан жолдаған сын-айыпқа қайтарған жауабыда, сұлтан Ан-Наср, ханзаданың қайтыс болғанын хабарлап, ол жайында ресми құжатты дәлелге келтіреді, десе, басқа дерек, оның қайтыс болмағанын, одан кейін де, екі реткүйеуге тиіп, соның кейінгісінің қолында қайтыс болғанын хабарлайды.

33. 1336 жылы, сұлтан Ан-Наср Өзбек-ханға, елшісі Сыр Тоқтақай мен Хауаджа Омар бастаған елшілігін, Өзбек-ханға арнайы сыйлықтар және сол елден мамлүктер мен құл әйелдер сатып әкету үшін 20 мың алтын динар ақшамен сапарға аттандырады.

34. 1338 жылы, Өзбек-хан сұлтан Ан-насрға, елшісі Музаффар Ад-Дин Ат-таджир бастаған елшілігін аттандырып, ол өзімен бірге көптеген мамлүктер мен құл әйелдер апарады. Олардың біразы, сол елдің екі әмір бекзадасынан, біразы өзінің елшісі Музаффар Ад-Дин Ат-Таджирден сұлтанға тарту етіледі.

35. 1338 жылы, Өзбек-хан сұлтан Ан-Насрға, 1336 жылы, Сарайға елші болып келген Сыр Тоқтақаймен бірге 153 адамнан тұратын елшілігін аттандырып, сұлтан Ан-Насрдың қыздарының бірін Өзбек-ханға беруін сұрайды.

Бірақ, Өзбек-ханның бұл сұрауына қайтарған жауабында, сұлтанның қыздары әлі кішкентай, ең үлкенінің жасы алтыда, жасы кемелетке жеткен соң, жіберетіндігін, хабарлайды.

Бұл жөнінде басқа әңгімеде, сұлтан Ан-Насрға жіберілген Өзбек-ханның қарындасымен не істесе, соны Ан-Насрдың қызына істегісі келетіндігін Мысыр жағы сезіп, білді, – дейді.

36. 1340 жылы, Өзбек-хан сұлтан Ан-Насрға елшілікке өзінің үш бегін жібереді. Бұл елшіліктің әкеткен тапсырмасы жайында белгісіз. Үш елшінің біреуі қайтыс болып, Мысырда жерленеді.

37. 1340 жылы, сұлтан Ан-Наср Өзбек-ханға елшілері шеркес Ас-Сайфи, Мүңкелі-Бұға және Ибраһим Ал-Хамдани бастаған елшілігін, еліне оралып бара жатқан Өзбек-ханның елшілерімен бірге сапарға аттандырады.

Осы жылы, сұлтан Ан-Наср Мухаммад Ибн Қалауын қайтыс болады.

38. 1342 жылы, Жәнібек-хан сұлтан Ан-насрдың ұлына, елшісі әмір Қара-Бахадур бастаған елшілігін сапарға аттандырып, сыйлықтар мен тартулар, оның ішінде, алты сұңқар, аңшы құстар (бүркіттер), мамлүктер, түркі әйел құлдар және бұлыңғыр терілерін жібереді.

39. 1356 жылы, Жәнібек-хан сұлтан Хасан Ибн Ан-Насрға елшілік аттандырып, онымен бірге көптеген мамлүктер, сұңқарлар және бұлыңғыр терілерін жібереді.

Сұлтан Хасан оған қайтарған жауабында былай, деп жазады:

«Менің әкем мен сенің әкең – екеуі бір болды, біздің мақсатымыз достығымызды жаңарту (жаңғырту)».

1360 жылы, Берді-Бектің қазасымен солтүстік татарлар мемлекетінің, яғни, Алтын Орданың сапы бұзылып, істері кері кете бастайды.

40. 1384 жылы, Өзбек-ханның ұлы Тоқтамыс-хан сұлтан Барқұққа елшісі Хасан Ибн Рамадан Ар-Раийс (оның әкесі Қырым билеушісінің әкімшілік уәкілі болған) бастаған елшілігін жібереді. Ол өзімен бірге сыйлықтар, тартулар, мамлүктер, жеті сұңқар және жеті бума мата апарады.

Олар, өздерін Сарайдың емес, Қырымның елшілеріміз дегеннен кейін, Мысырдың оларға деген қарым-қатынасы өзгереді.

41. 1386 жылы, сұлтан Барқұқ Тоқтамыс-ханға елшісі Бектемір Ал-Алан бастаған елшілігін жібереді. Оның мақсаты – достық қарым-қатынасты жандандыру болды.

42. 1393 жылы, Тоқтамыс-хан сұлтан Барқұққа елшілік жіберіп, одан: «..әділетсіз және зұлым, Әмір Темірге қарсы сен екеуміз бір қолдай боламыз ба!» деп сұрайды.

Сұлтан Барқұқ оған жауап қайтарады.

43. 1393 жылы, сұлтан Барқұқ Тоқтамыс-ханға елшісі, әмір Тулу мен Ал-хауджа Маджид Ад-Дин Исмаил бастаған елшілік жіберіп, олар, Тоқтамыс-ханға, сұлтан Барқұқтың Темірланға қарсы соғысатынын хабарлайды.

Тоқтамыс-хан Темірланға бөгет жасап, оның әскерін Шам елінде жеңіліске ұшыратып, Темірланның Шамнан кетуіне себеп болады.

44. 1394 жылы, сұлтан барқұқтың елшісі, әмір Тулу мысырға оралады. Бұл елші, Қыпшақ мемелекетінің астанасы Сарайда болғанында, Тоқтамыс әскерінің темірлан әскерінен жеңіліске ұшырауының куәсі болғанын хабарлайды.

45. 1431 жылы, сұлтан Ал-Ашраф Барысбай Тоқтамыс-ханның ағасының баласы, Мұхаммед-ханға елшілік жіберіп, хат алмасады.

46. 1436 жылы, Қырым билеушісі Мысыр билеушісіне елшілік жібереді.

Мысыр Мамлүк мемлекетінің Қырыммен қарым-қатынасы Сарай-Қайыр қарым-қатынасының тақырыптық шеңберінен шығып кетеді.

47. 1438 жылы, Дештімен Қырымның билеушісі, Мұхаммед-хан Мысыр сұлтанына елшілік жібереді.

Осымен, Алтын Орда мен Мысыр Мамлүк мемелекеті арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар аяқталады.

Араб деректері, Солтүстік татар мемлекетінің, яғни Алтын Орданың астанасы Сарай қаласының негізі, хиджраның 640 жылы салынып, ол 267 жыл өмір сүріп, хиджраның 907 жылы, яғни 1502 жылы күйреп, өзінің өмір сүруін тоқтатады, деп, оның тарихын тиянақтайды.
Тағы рефераттар