Қазақ қоғамындағы мұрагерлік құқық туралы қазақша реферат

Қазақ арасындағы әке мұрасы мен мұрагерлік құқық өз алдына бөлек сөз етуді қажет ететін қызық мәселенің бірі. Бұл мәселеге ежелден бері көңіл бөлінуде, тіпті Тәуке ханның «Жеті жарғысында» да ол көрнекті орын алған.

Қазақ қазақ болғалы әке артында қалатын мұраға жазба түрде өсиет қалдыру дәстүрі болған, өкінішке қарай сол өсиет жазылған деректердің бір де бірі біздің заманымызға келіп жетпеген. Жазба өсиетпен қатар куәлар алдында марқұмның өлер қарсанында ауызша айтатын өсиеті болған. Мұрагерлер өсиетті бқлжытпай орындауға тырысатын. Осы әдет-ғұрыптар жөніндегі деректер төңкеріске дейінгі көптеген авторлардың баяндауы мен архив өоймаларында жақсы сақталған. Қазақтың әдеттік хұқы бойынша әке мұрасына иелік ететіндер марқұмның балалары, әйелдері, аға-інілері, жақын туыстары, қала берді аталас ағайындары болатын. Мәселен, 1907 жылы Баянауыл аймағында өмір сүрген баласыз Дүржан деген кісі өлгенде оның көптеген малына, мүлкіне аға-інілері, олардың балалары, тағы өзге туыстары мұрагерлік еткен. Оның қара шаңырағы мен жас тоқалына інісінің баласы ие болған.

Осындай әдеттік құқықтың қазақ арасында күшті болуының салдарынан меншігіндегі мал-мүлкін өнер алдында өз туысынан басқа бөтен адамға қалдыруға қақысы болмаған. Тіпті өлер алдында тікелей мұрагері болмағандықтан, мал-мүлкін түгелдей бөтен рудың біреуіне қалдыруға өсиет еткеннің өзінде марқұмның руластары бұл мәселені билер алдына қояды. Ал, билер мұндайда мұраны өлген адамның руына қалдырып, өсиет етілген адамға жолын беріп риза ететі. Кейбір жағдайда қимас досына мұра есебінде бергісі келген малын, затын өз мұрагерлеріне тапсырып кетуге ерікті болған. Мұндай өсиетті кезінде жақсылығы өткен сыйлас досына тіршілігінде қаруын қайтара алмай дүниеден өтетін адамдар «ана дүниеде» қарыздар болмау үшін де жасайтын. Бұл өсиет ешбір қалтқысыз орындалатын.

Өлген әкенің артында мұра есебінде мал, жер-су (қыстау), үй-жай, мүлік, ақша және жесір қалады. Тіпті ертеректе әке мұрасына құл мен күң де енетін. Мұндай мұраны әке өлгеннен соң бөлісу мәселесі әр түрлі жағдайларға байланысты орындалатын. Ол жағдайлар негізінен өлген адамның жасына байланысты болатын.

Егер әке орта жастан асып, немесе қартайып өлген уақытта ол өзінің тіршілігінде артында қалатын мұрагерлеріне тиісті үлесін беріп, «ұлын қяға, қызын қыяға қондырып» үлгірген жағдайда қара шаңыраққа, мал-мүлкіне ешкімнің дауы болмай, оған енші алмаған кенже баласы түгелдей ие болады. Мұндай жағдайда әке артында тірі қалған шеше алдына екінші рет күйеуге шығу мәселесі к.н тәртібінде болмайтындықтан, «мирас» қатарынан шығып қалады да, кіші баласының үйінде отыра береді.

Тіршілігінде көп әйел алып, олардың еншісін әуелден бөлек ұстаған жағдайда, мұраны әр әйелдің бөлінбеген кенже баласы иемденетін. Әйелдер және олардан туған балалар арасында да мұра үшін дау-шар болмайтын. Егер әйелдердің ішінде жасы болса, ол әмеңгерлік әдеті бойынша жақын әмеңгерінің біріне өзіне тиісті  үлесімен тұрмысқа шығатын. Мұндай әйелдердің жас балалары болса олар да өзімен бірге болатын.

Әке жастай өліп, артында жас балалары мен жас келіншегі қалса, жоғарыдағы айтылған әмеңгерлік әдет бойынша өлген адамның бірге туған ағасы не інісі, ондай туысы болмаса немере, шөбере туысқандары, қала берді аталас ең жақын жанашыры жеңгесіне үйленіп, балаларын өз қамқорлығына алатын да, мал-мүлікке заңды түрде иелік ететін. Жесір қалған ана күйеуге шықпай, балаларын бағып отыра берем десе, оған зорлық жасамайтын. Бүкіл туыстар болып жетім қалған балалар мен жесір келін не жесір жеңгеге қамқорлық жасайтын. Жесір әйел әмеңгерлік әдетке мойынсұнбай, басқа біреуге өз еркімен тұрмысқа шыққысы келсе, немесе төркініне кетпек болса, оған өзінің киім-кешек, төсек орны мен мінер атынан басқа ештеңе берілмейді. Әрине төркінінен келген жасауынан сақталғандары болса, оған ешкім таласпайтын. Бірақ тиетін күйеуінің айып есебінде үш тоғыз не бір қызға берілетін қалыңмал алынатын. Шешесі басқа күйеуге шығып кеткен жағдайда жас балалар әкесінің туыстарында қалатын да, әкеден қалған мал-мүлік олардың қамқоршысының қолында болатын.

Өлген адамның артында ешбір бала қалмаса, жесір әйел мал-мүлкімен әмеңгеріне қосылады. Әмеңгерге шыққысы келмей, басқаға кеткісі келсе, жоғарыда айтылғандай, болмашы үлесін алады да кете барады. Ал өзге мал-мүлік марқұмның туыстарына не ең жақын мирасқорларына өтеді. Өлген әкенің артында жесірі мен ылғи ұзатылмаған қыздары қалып, әйел күйеуге тимей қыздарын бағып, өлген күйеуінің түтінін түтетіп отырам десе, оған ерік береді. Мұндай жағдайда жақын туысының ер баласын асырап бауырына салады. Халық тілінде өзінен тумаған, бауыр басқан бала «асыранды бала» аталады. Ол бала қыздар ұзатылған соң сол шаңыраққа иелік етеді.

Өлген адамның артында үйленген, бірақ еншісін алмаған балалары мен үйленбеген балалары және жесір әйелі қалса, әкесінің жылын өткізген соң үйленгендері енші бөліскісі келсе, ауыл ақсақалдарын жинап, мал сойып, мал-мүлікті бөліп беруін сұрайды. Мұндай жағдайда ауыл ақсақалдары енші бөлісетін туыстарымен ақылдаса отырып іске кіріседі. Үйленген бала біреу ғана болса әкенің бар мал-мүлкі соның қолында болады. Оның қоғам алдындағы міндеті үйленбеген інілерін үйлендіріп, оларға тиісті еншісін беру. Ал үйленген балалар екеу болған күнде олардың келісуі бойынша үйленбеген  балалардың болашақ қалыңдығы үшін берілетін қалыңмалды шығарып, қалған малды балалар мен жесірге тең бөледі. Жесір шешенің үйленбеген балаларымен бөлек отыра беруі де мүмкін, немесе үйленген баласының бірінің қамқорлығына алынуы да ықтимал. Жесір жас болса, жеткіншек балаларымен, өзіне тиген үлесімен әмеңгеріне қосылуға ерікті.

Мұндай жағдайда әкеден қалған мұра үйленбеген балаларының қалыңмалынан аспайтын болса, еншіге ештеңе бөлінбейді. Сырдария өлкесінде тұратын қазақтардың әдеті бойынша, егер үйленбеген екі ұл, айттырылмаған бір қыз әкеден қалған жағдайда, әке мұрасы екі қалыңмалға жетпесе, біріне қалыңмал ретінде мал бөлінсе, екіншісіне қарындасынан алынатын қалыңмал беріледі.

Әке-шеше бірдей өліп, артында ылғи жас қыздар қалған жағдайда әкеден қалған мал-мүлік оның аға-інілеріне ауысады, онымен бірге қыздар да солардың тәрбиесінде болады. Халық дәстүрі бойынша олар жетім қалған қыздарды өсіріп, бой жеткізіп, кейін той-томалағын жасап, жасауымен ұзатуға міндетті. Қыздарға жұмсалатын қаржыдан артылатында мал мен мүлік қалған жағдайда бірге туысқан мұрагерлер өзара бөлісетін. Өлген адамның бірге туысқан аға-інісі болмаса, жанашыр ағайыны жиналып шөбере туыстарының біріне қалған жас жетім балаларды тәрбиелеу міндеттеледі де, мал-мүлік те сол қамқоршының қолына көшеді.

А. Добромысловтың бақылауынша, бәйбішеден туған үлкен балалар енші алып кетіп, әкесімен қалған кенже баласы өлген жағдайда тоқалдан туатын балалар мен бәйбіше балаларының арасында әкесі өлгеннен кейін енші үшін болатындауды болдырмау мақсатымен оның еншісін тірі туыстарына бөліп беретін көрінеді. Көп әйелді болған байлардың әр әйелінің еншісі көбінесе бөлек болады. Егер әкелері өлсе, әрқайсысы өз шешесінің еншісін ғана бөліседі. Бір некеден туған балалардың мал-мүлкіне екінші не үшінші некеден туған балалар қол сұқпайтындығын көптеген қарттардан да естідік және көне әдебиеттерден де кездестірдік. Егер бір некеден ешбір мұрагер қалмаған болса, сонда ғана әке мұрасын басқа некеден туған балалар бөліседі.

Өзінен туған ер баласы болмаған жағдайда ағасының не інісінің баласының асырап алу қазақ арасында ежелден келе жатқан дәстүр. Баланы мүмкіндігінше ең жақын туыстарынан алатын. Мұндай мүмкіндік болмаған күнде басқа ел, басқа рудан да тамыр-таныстарының баласын алып асырайтын.

Енді сол асырап алған баланың мұрагерлігі  жөнінде айта кетейік. Өз туыстарынан немесе аталас туыстардан асыралған балалар өгей әкесі өлген соң, оның заңды мұрагері болып есептеледі. Оған мұра болған мал-мүлікке марқұмның өзге туыстары еріксіз қол сұқпайды. Мұндай мұрагерлер өзімен тұтас туыстарының наразылығын туғызбау үшін болымсыз үлеспен не жол-жорамен оларды риза етеді де, негізгі мұраны өзі иемденеді. Ал енді басқа елден асырап алған баланы өгей әке өзінің заңды мұрагері еткісі келсе, көзі тірісінде туысқандарының басын қосып, әрқайсысына жолын беріп риза етеді. Асырап алған ұлының тегі бөтен атадан болғанымен өзі өлгеннен кейінгі мұрагері екенін жариялайды. Мұндай жағдайда асырап алған ұлдың мұрагерлік қақына ешкім шек келтірмейді.

Егер әке көзі тірісінде әдейі мұрагер етпесе немесе кенеттен өліп, өсиет айта алмай кетсе, әкенің жақын туыстары әке мұрасын асырап алған ұлға билетпейді. Оған әдеттегі туған ұлға берілетін енші мөлшерін толығынан беріп, үйленбеген болса қалыңмалын қоса беріп, өз еліне аттандырып, қалған мал-мүлікті туыстар өзара бөліседі. Өйткені толып жатқан мал мен мүлікті асырап алған ұлға түгел жіберуге қалған туыстар қимайтын да, өздерінің де мұраға ортақ екенін дәлелдеп, әрқайсысы өз үлесін алуға тырысатын. Өлген адамның артында бір атадан туған немере, шөбере туыстары болмаса, аталас ағайындары қалған мұраны бөлісетіндігі –бұрынғы рулық құрылысты елестетеді.

Мұра және мұрагерлік мәселесіне тікелей қатынасы бар тағы бір жай, -жасауымен келген әйел жастай баласыз өлсе, жасаудың негізгі бөлігі төркініне қайтарылады. Мұндай жағдайда А.И. Добросмысловтың айтуынша, отау, төсек-орын, сәукеле, ер-тұрманымен бір ат және бір түйе қайтарылады. Ал өлген әйелден бір ғана қыз қалса, жоғарыда айтылған мал-мүліктің жартысы қайтарылады, ал ұл қалса, ешнәрсе қайтарылмайды.

Ал, архив қоймаларына көз салғанда, баласыз өлген жас әйелдердің жасауын даулаған деректерге кездестік. Бұған қарағанда, күйеуі мен құдасына бір нәрседен көңілі қалып өкпелеген жағдайда жасауы дау болған сияқты. Сөйтіп ертеректе жасаудың қайтарылуы міндетті болғанымен, кейін бұл салт ұмытылған болу керек.

Ел аузынан жиналған соңғы деректерге қарағанда, жоғарыдағыдай, мал мен мүлікті міндетті түрде қайтару шарт емес. Қалыңмалы толық алынып ұзатылған қызға берілген жасауды даулау әдетке айналмаған. Қарттардың айтуынша, өлген қыздарының белгісі ретінде төркініне сәукелені қайтару әдеті болған көрінеді. Өйткені сәукеле әуелде қызға арналып жасалған қуаныш белгісі болғандықтан, төркіндері оны «пәлен жанның сәукелесі» деп, оның көзіндей көретін ескерткіш ретінде қалдырады.

Сонымен қазақ халқы әдеттік құқық негізіне сүйене отырып, әке мұрасына иелік етіп, оны мұрагерлер арасында дұрыс бөлісуге көп мән берген. Әкеден қалған мал мен мүлікті орын-орынымен бөлісу үстінде адамгершілікке жатпайтын дүниеқорлық, озбырлық қылықтарды істеп, алауыздықтың тууына, көбінесе жол берілмейді. Мұны жоғарыда баяндалған мұрагерлік құқының сан алуан түрлері қазақтың әдеттік ережелерінде өте орынды ескертілгендігінен де байқауға болады. Марқұмның өлердегі өсиеті, артында қалған жас балаларының, жесірінің, қара шаңырағының, тіпті енші алып бөлек кеткен балалары мен ұзатылмаған қыздарының мүддесі және өліктің жетісін, қырқын, жүзін және асын беру шығындары түгелдей ескеріледі. Кейде мұндай дәстүрді бұзушылар да табылатын. Ондай озбырларда есесі кеткен мұрагерлер билер алдына барса да теңдік алатын. Мұндай жағдай сирек кездесетіндіктен, оны бүкіл халық болмысына тән деп қарауға болмайды. Мұра бөлісу дәстүрінің әдеттік ережесінде соншалықты мұқият қаралуының өзі оған біреудің озбырлық жасап, қиянат жасауына жол бермеудің ежелден бергі кепілі тәрізді.
Тағы рефераттар