1920-шы жылдары Қазақстан музейлерінің даму жүйесі өлкетану қоғамдарының зерттеулерімен тығыз байланыста болды. Өлкенің табиғатын зерттеу, тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу жұмыстары, құнды жәдігерлерді жинақтау, сақтау жұмыстарымен ұштасып жүргізілді.

Осы жылдары музейлер жинақтау жұмыстарын жүргізді. 1920-30 жылдардағы өлкетанулық зерттеулер музей ісінің дамуын өрістетті. Республика өмірінде музейлер жүйесінің құрылып, жұмыс жүргізуінде ерекше орынды 20-шы жылдардағы ғылыми қоғамдар алды. Қазақстанда – Қазан төңкерісінен кейін құрылған қоғамдық ұйымдардың бірі Қырғыз Өлкесін зерттеу қоғамы (1925 ж. Қазақ Өлкесін зерттеуші қоғам) болды. Қоғамның құрылуына ықпал еткен тарихшы-өлкетанушы А.П.Чулошников, А.П.Гра, Ә.Диваев, С.П.Петров, А.Л.Мелков, И.В.Мелкова, А.А.Четыркина, И.М.Расторгуев, Н.А.Чулошникова, т.б. болды. 1920 ж. 15 қазанда Орынбор Өлкелік музейінің қоғамдық жиналысы болып, қоғамның жарғысы қабылданды. Қазақстанды зерттеу қоғамы Қазақ АССР Халық Ағарту комиссариатының 15 қазан 1920 ж. ғылыми комиссиясының протоколымен құжатталып, 1 қарашада ресми тіркелді. Қоғам жарғысында ғылыми материалдарды, кітап, қолжазбаларды, акт, карталар, мерзімді басылымдарды, өнер туындыларын жинау, сақтау өлкелік музей құру мәселелері қамтылған болатын. Қоғамның Орал, Семей, Алматы, Петропавл, Ақмола, Қостанай, Шымкент, Өскемендегі бөлімшелері өлкенің экономикасы, тарихы мен мәдениетін зерттеумен бірге тарих пен мәдениет ескерткіштерін анықтап, сипаттаумен, жаңа музелер құрумен, музей экспонаттарын жинаумен айналысты. Қазақстанда өлкетануды дамытушылар қатарында С.Меңдешов, М.О.Әуезов, С.Л.Асфандияров, Ә.А.Диваев, В.Г.Герасимов. О.К.Жандосов, т.б. ғылым мен мәдениет өкілдері болды.

ҚАССР Халық ағарту комиссариатының Академиялық орталығының 1921 ж. 1 қазан – 1922 ж. 1 қыркүйек аралығындағы жүргізген жұмыстарындағы 1922 ж. 2 қыркүйектегі төрағасы А.Байтұрсыновтың есебінде музей ісі мәселесі, Орталық өлкетану музейінің басқару жүйесінің өзгертілуі, музейді 1922 ж. тамызда құрылған Кеңес басқаратыны қамтылған. Кеңес құрамы музейдің ғалым сақтаушысынан, музей бөлімдерінің меңгерушілерінен және Қазақ Өлкесін зерттеу қоғамының өкілінен тұрды. Орталық өлкетану музейінде музей материалдарын жүйелеу, топтау жұмыстары жүргізілді. Музей мамандарының штаты азайып, қысқартулар болған. Мұндай жағдай елдегі саяси-экономикалық ахуалдың сипатына қарай болғаны белгілі.

1921-1922 жж. Орталық өлкетану музейі қоры Торғай уезі бойынша А.Байтұрсынов жинап, тапсырған этнографиялық материалдар, қазақ әйелдерінің күміс әшекейлері, басқа да заттар коллекциясы, жүзік, сырға, бас киім мен шашбау әшекейлері, ат әбзелдері, пышақтар, балталар, ертұмандар, барлығы 26 дана заттар жиынтығымен толықтырылды. Аталған есепте В.Л.Пушкина тапсырған башқұрт, қазақтардың күміс, ақ металдардан жасалған көне әшекейлерінің 28 данадан құралған жинағы туралы мағлұмат бар. Музей қоры көне жәдігерлермен толықтырылып, ғылыми жүйеленіп отырған.

1922 ж. наурызда мектепке дейінгі тәрбиелеу музейінің жабдықталуы аяқталып, келушілер үшін аптасына төрт рет ашылып отырды. Музейде алты бөлімі жабдықталып, сөйлеуді дамыту, балалар шығармашылығы, т.б. жұмыс істеді. Елдегі аштық, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың сипаты музей жұмысының баяулануына, келушілер санына әсер етті.

1922 жылдың мамыры мен 1922 жылдың қазаны арасында ұйымдастырылған Қызыл керуенге қатысқан Қазақстанды зерттеу қоғамының ғылыми қызметкері А.А.Четыркина Торғай, Ақмола, Семей облыстарын аралап, өлең, аңыз-әңгімелер, ертегілер, т.б. халық өнері туындыларын жинақтады. Қазақ тілінде 22 жазба жасады. Қазақ халқының қолөнер туындылары, ағаш ұқсату өнері, кілем, текемет түрлері зерттелді.

Музей үшін Семей облысында қазақ әйелнің киімі, көйлек, қамзол, бас киім мен Ақмола мен Атбасар уезінің шекарасында табылған мамонттың азуының сынығы алынды.

Қазақстанды зерттеу қоғамының мүшелері А.А.Четыр-кина, А.Л.Мелков 1920, 1923-1924 жылдары қазақ ауылдарын аралап, көптеген ауыз әдебиеті материалдарын, халық қолөнері бұйымдарын жинады. Жиналған экспонаттар 1925 жылы Парижде өткен көркем қолөнер бұйымдары мен қолданбалы әсемдік өнерінің Дүниежүзілік көрмесінде көрсетілді.

Ә.А.Диваев – Қазақстандағы музей ісінің, археологиялық, этнографиялық зерттеулердің дамып, өркендеуіне үлкен еңбек еткен ғалым. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі жазулардың аудармасына, Ахмед Ясауи мөрінің зерттелуіне мүмкіндік жасады. Атап айтқанда, Ә.А.Диваев 1880 жылдан бастап Шымкент уезінің бастығының көмекшісі ретінде Түркістанның жергілікті тұрғындарының ауыз әдебиетін, тұрмысын зерттеуді бастайды. 1896 жылдан бастап Түркістан археология әуесқойлар үйірмесінің мүшесі, Сырдария облыстық статистика комитетінің мүшесі, Қазан университеті жанындағы археология, тарих, этнография қоғамының мүшесі, т.б. қоғамдардың мүшесі болып, ғылыми зерттеулер жүргізеді. Ахмет Ясауи кесенесіндегі жазулардың аудармасына, Ахмед Ясауи мөрінің зерттелуіне мүмкіндік жасады. Атап айтқанда, 1894 жылы Қазан университеті жанындағы археология, тарих, этнография қоғамына кесененің жазуларын және Ахмед Ясауи мөрінің көшірмесін жіберді. Ол қоғам қайраткері, педагог, музей қызметкері ретінде көптеген еңбектер жасады.

Ә.А.Диваев Ташкент Өлкетану музейінің археология-этнография бөлімін басқарды. 1920-1922 жылдары Түркістан тұрғындарын зерттеген арнаулы экспедицияны басқарды. Экспедиция үлкен ғылыми материалдар жинақтады. Кеңес Өкіметі кезеңінде Ә.Диваев Түркістан халық музейінің археология және этнография бөлімін басқара отырып, музей экспонаттарына сипаттама жасау, жіктеу жұмыстарын жүргізді. Музей залдары бойынша жолкөрсеткіштер жасап, көптеген ғылыми жұмыстар жариялады. 1923 жылы Түркістан музейі Ә.Диваев атындағы қазақ этнографиясына арналған арнаулы бөлімді ашты.

1925-ші жылдары Қазақстанды зерттеу қоғамы, «Талап» қоғамы, Түркістан Халық ағарту комиссариаты бірікті. 1927 жылы Қазақстанда 9 мұражай, 5 қорық болды. Музей, қорықтардың жұмысы барлық кезде уақыт талабына сай болмады. Ғылыми мекемелердің материалдық базасы жақсар-туды талап етті, сонымен бірге музей, қорық қызметкерлерінің жалақысы төмен болды. 1927 ж. 13 қазанда Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесі Халық ағарту комиссариатын мәдени-экономикалық құрылысты, музейлерді, кітапханалар-ды, т.б. дамытуға ықпал етуді міндеттейтін қаулы қабылдады. 1926 жылы Сырдария губерниясында өлкетану қоғамы құрыл-ды. Б.П.Тризна Сырдария губерниясының көне ескерткіштер, өнер туындылар, табиғат ескерткіштерін сақтау жұмыстарына, И.К.Шпота губерния музейінің меңгерушісі ретінде музей жұмыстарын өркендетуге қатысты. И.К.Шпота ескі Сайрам, Шымкент қаласын, Ақсу-Жабағылы қорық аумағында тарихи-археологиялық зерттеу жүргізді.

1926 жылы маусымда Қазақ Республикасының Халық комиссарлар Кеңесі Ақсу-Жабағылы қорығының құрылғаны туралы қаулы қабылдады. 20-шы жылдары Шымкент мұражайының директоры болған Б.П.Тризнаның белсен-ділігінің арқасында қорықтың қалыптасу, бекіну жұмыстары жүргізілді. Географиялық қоғамның толық мүшесі Б.П.Тризнаның бүкіл өмірі Түркістанда өтті. Орта Азия музей ісі, көне ескерткіштерді, өнер туындыларын және табиғатты қорғау комитетінің мүшесі ретінде, музей маманы ретінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғауға қол жеткізді, Қабынсайдағы дермене жусанын, Қарабастау, Ақбастау қорықтарының құрылуына да еңбек етті.

Қазақстанды зерттеудің Сырдария бөлімінің белсенді мүшесі М.Е.Массон болды. 1924, 1928 жылдары Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зерттеп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Бұл зерттеу нәтижесі 1930 жылы Ташкентте жарық көрген еңбектерінде жарияланды. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде көптеген құнды археологиялық материалдар алынды. 1926-1927 жылдары И.Шпота «Өлкетанулық губерния музейлерінің қазіргі жағдайы, маңызы, жұмысы» деп аталатын баяндама жасады.

1929 жылы жергілікті өлкетанушылардың бастамасымен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі құрылды Музей қорында минерология, палеонтология, ботаника, археология, тұрмыс, этнография және қолөнері, т.б. материалдар жинақталды.

1930 ж. Халық ағарту комиссариаты өлкетануды оқу жоспарына енгізіп, өлкенің этнографиясын, тарихын білуге жан-жақты білуге мүмкіндік берді. Қазақстанды зерттеушілер қоғамы ел арасында лекциялар, баяндамалар оқыды, музейлер құрып, экспонаттар жинады. Көне ескерткіштер мен өнер туындыларын қорғаумен айналысты.

Қазақстанды зерттеу қоғамы, басқа да өлкетану ұйымдары музей ісінің қалыптасып, дамуына ықпал етті. 20-шы жылдардың соңында Қазақстанда облыстық музейлердің өлкетанулық саласының қалыптасуы негізінде аяқталды, дегенмен алда олардың экспозицияларының құрылымы мен ұстанымдарын зерделеу мәселелерін шешу тұрды.

Мұра жинау, сақтаудағы Орта Азия Музей ісі, көне ескерткіштер, өнер туындыларын қорғау комитетінің және алаш зиялыларының атқарған қызметі 

1921 ж. Мұражайлар ісі және көне ескерткіштерді, өнер туындыларын және табиғатты қорғаудың Түркістан комитеті құрылды. Комитетке мұражайларды дамытып, көне ескерткіштерді қорғауға мүдделі мекемелердің өкілдері енді. Комитеттің негізгі мақсаты Қазақстан мен Орта Азиядағы музей ісі, көне өнер, археологиялық ескерткіштерді, табиғи ескерткіштерді қорғау, дамыту болатын.

1924 жылдан бастап Қазақстанды зерттеу қоғамының маңызы арта түсті. Осы кезеңде Мәскеудің шығыс мәдениеті мұражайы мен материалдық мәдениет тарихының мемлекеттік Академиясы өздерінің далалық археологиялық қызметін бастаған болатын.

1921 жылдан бастап Туркомстарис Орта Азия мен Қазақстанда көне ескерткіштерді зерттеу, есепке алу, қорғау, жөндеудің жоспарлы жұмыстарын жүргізді. 1924 жылдан бастап Туркомстарис Средазкомстарис болып аталды.

Комитет бірқатар мұражай мекемелерін қайта құруда үлкен жұмыс атқарды. Туркомстаристің бірінші төрағасы Д.Нечкин болды. Құрылымы бойынша Туркомстарис төрт секцияға бөлінді:

  1. Мұражайлық.
  2. Көне ескерткіштер, өнер туындыларын сақтау, қорғау, қайта қалпына келтіру.
  3. Археологиялық.
  4. Табиғатты қорғау.

Комитет ескерткіштерді есепке алу, қорғау саласында үлкен жұмыс жүргізіп, бағыт беруші ғылыми-зерттеу орталығы болды.

20-шы жылдары Орта Азиядағы мұражайлар тарихы туралы әдебиеттер көп болған жоқ. Олардың бірі 1926-1928 жж. шыққан “Средазкомстарис Хабаршысының” үш саны болды. Бірінші саны 1926 жылы академик В.В.Бартольдтің редакциясымен шықты. Осы санындағы А.Мироновтың “5 жыл ішінде Средазкомстаристің ұйымдастыру, ғылыми, практикалық қызметі” деп аталған мақаласының маңызы зор болды. Онда Туркомстаристің құрылу, жұмыс істеу тарихы, ескі мұражайларды қайта құру, жаңа мұражайлар ашу, қорларын толықтыру, жұртшылықтың мұражайға келуінің өсу мәселелері бейнеленді. Үшінші басылымда археология, этнография, өнертану, мұражайтану тақырыбына арналған ғылыми мақалалар жарияланды. Мысалы, А.Семенов, А.Миронов, М.Цвибактың зерттеулері жарияланды.

Зерттеу жұмыстарына академик В.В.Бартольд, проф. А.А.Семенов, Ә.Диваев, В.Л.Вяткин, М.Е.Массон, Л.В.Ошанин секілді ірі ғалымдар қатысты. В.В.Бартольдтің ғылыми қызметі Орта Азиямен байланысты болды. Ол Орта Азияға 1920, 1925, 1927, 1928 жылдары ғылыми жұмыстармен келіп, ғылыми кітапхана құру, мұражайлар мен қолжазбалар қорын құру жұмыстарына көп еңбек сіңірді. Орта Азиядағы мұражай ісі, ескерткіштерді, табиғатты қорғау мекемелерімен байланыста болып, тәжірибе-кеңестер беріп отырды. Орта Азия мұражайларын ғылыми айқындап, қорын жинақтауда көп еңбек сіңірді.

А.А.Семенов 1918 жылы РСФСР Халық Ағарту комиссариаты жанындағы мұражайлар ісі және көне өнер ескерткіштерін қорғау коллегиясының жұмысына жауапты қызметкер және Шығыс мұражайлары комиссиясының мүшесі ретінде енгізілді. Мұражай қызметкерлерінің 1919 жылғы бірінші конференциясына қатысты. 1921 жылы Ташкентте Туркомстаристің ұйымдастырылуына байланысты материал-дық мәдениет тарихының Ресей академиясының төрағасы етіп тағайындалды. Туркомстарис ұйымдастырған археологиялық экспедицияларға белсене қатысты. Ә.Диваев фольклор мен этнография саласында үлкен табыстарға жетті. Құнды этнографиялық материалдар жинап, этнография қорын құрды. Этнографиялық және археологиялық коллекцияларды жүйелеу мен сипаттау жұмыстарын жүргізді.

Музей қорында жұмыстар жүргізіп, қордағы заттарды тіркеу жұмыстарын дамытты. Сонымен бірге археологиялық, этнографиялық экспонаттар жинау бағдарламаларын жасады.

М.Е.Массон 1918 жылдан бастап Орта Азиядағы ескерткіштерді қорғау, қайта қалпына келтіру іс-шараларына тұрақты қатысып отырды. Ол археология, мұражай ісі саласының үлкен білгір маманы болды. 1921 жылы Шымкент қаласында Шымкент музейінің негізі қаланған болатын. Музейді құруда М.Е.Массон, В.П.Тризна, И.К.Шпота сынды мамандар еңбек етті және 1925 жылы мұражай салтанатты түрде ашылды.

1922 жылдан бастап Туркомстарис көне ескерткіштерді есепке алу, зерттеу, сақтау, қорғау, жөндеу мәселелерімен айналысқан кезде арнаулы ғылыми комиссия профессор Д.И.Нечкин, А.А.Семенов, проф. А.Шмидт, инженер Орлов Ахмет Ясауи ғимаратында өлшеу жұмыстарын жүргізді. Комиссия құрылысты нығайтып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын ұсынды. Осы комитеттің қаржысына және Сырдария мұражайының қаржысына 1924 жылы кесененің едені зерттеліп, кейбір жөндеу жұмыстары жүргізілді.

1925 жылы профессор Б.Денике мен архитектор М.Логиновтың археологиялық экспедициясы мавзолей мешіттің архитектуралық, археологиялық өлшемін жүргізді және оны қоғауды ұсынды. Фототүсірмелерге түсіріліп, есептік құжаттар жасаумен айналысты.

1926 жылы осы комитеттің дерегі бойынша Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу бойынша 110 ескерткіштер есепке алынып, тіркелді. Соның ішінде Түркістан және Сайрам объектілері бар.

Қазіргі кезеңдеОрта Азия және Қазақстандағы материалдық мәдениет ескерткіштерін М.Е.Массонның зерттеуінсіз елестету мүмкін емес. М.Е.Массон Орта Азия археологиясының “патриархы” деп әділ бағаланған. 1920-1930 жж. аралығында М.Е.Массон Оңтүстік Қазақстан аймағына үлкен көңіл бөлген. 1927 ж. бастап Қазақстанды зерттеу қоғамының Сырдария бөлімінің белсенді мүшесі болды. Шымкент музейінде 1912-1925 жж. жұмыстары музейге үлкен ізденістер алып келді. Средазкомстаристің белсенді қызметкері ретінде мұражайлардың дамуына үлкен үлес қосты. Шымкент мұражайы 1920 ж. майда Халық ағарту облыстық комиссариатының бастамасымен педагогикалық лабораторияның жанынан құрылған болатын. Бірақ мұражай ісінде де ешқандай хабары жоқ адамдардың жұмысы істі тоқтатты. М.Е.Массон Шымкент мұражайын құруда үлкен қызмет атқарды. Мұражайдағы заттардың ретсіз, жүйесіз қойылуы мұражай экспозициясының талаптарына сай болмады. Мұражай ғимаратына бөлінген бөлмелерді жөндеу жұмыстарымен қатар, экспонатты толықтыруды жүргізді. М.Е.Массон экспозицияны келесі бөлімдерге бөлді: географиялық және статистикалық, экономикалық; табиғи-тарихи; мәдени-тарихи. Бірінші бөлімде тек карталар мен картограммалар болды. Екінші табиғи-тарихи бөлім үлкен топқа бөлінген. Бұлар зоологиялық, ботаникалық, минеро-логиялық деп аталды. Олардың ішінде көптеген экспонат заттарды жинақтаған зоологиялық бөлім болды. Ботаникалық бөлімде өсімдіктер коллекциялары орналастырылған болатын:

1. Орта Азия климатының ерекшелігіне өсімдіктердің бейімделуі атты коллекция.

2. Губерниядағы жабайы техникалық пайдалы өсімдіктер коллекциясы.

3. Дермене коллекциясы.

4. Губерниялық ағаштардың, ағаш түптерінің кесінділер коллекциясы.

5. Тұқымдардың кішігірім коллекциясы.

6. Гербарийлердің кішігірім коллекциясы.

Минерология, геология және палеонтология коллек-циясына пайдалы қазбалар мен тау жыныстарынның жинағы енген. Сонымен қатар Шымкент ауданының топырақ үлгілері қойылған. үшінші бөлім мәдени-тарихи бөлім археологиялық, нумизматтық, әскери-тарихи, этнографиялық заттардан тұрды. Археологиялық коллекцияларға екі сын тас, губерниялық археологиялық ескерткіштердің сурет, фототүсірмелері, Сайрамнан алынған заттар, кейбір архитектуралық ескерткіштердің көркем құрылыс материалдары, қабіртастар енгізілді. Нумизматикалық коллекцияға 150 заттар енді. Коллекцияға Орта Азия мен оған іргелес елдердің ежелгі кезден пайдаланған теңгелері енді. Әскери-тарихи коллекцияға атылатын қарулар мен суық қарулар енген. Соның ішінде Қоқан қаруларының үш түрінің шойын стволын мұражайды жарнамалаудың тамаша үлгісі болды.

Қазіргі кезеңде бұл мұражай Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы деп аталады. Ғылыми жұмыстары кең ауқымды қамтиды. Ескерткіштерді құжаттау, ескерткіштер жинағын шығару жұмыстарына белсене қатысу, тас ғасыры, ортағасырлық, т.б. ескерткіштерді, этнографиялық заттарды зерттеу, мұражай заттарына айналдыру, сипаттау сынды көптеген жұмыстарды кең игерген, білікті мамандары бар мұражай ретінде танылды.

Мұра жинау, сақтау және

алаш зиялыларының атқарған қызметі 

Қазан төңкерісіне дейінгі және төңкерістен кейінгі мәдени-рухани іс-шаралардың бәріне дерлік алаш зиялылары себепкер болды. Бірақ, олардың тарихи ісі әдейі ұмытылған болатын. Алаш көсемдеріннің бірі –А.Байтұрсынов 1920-21 жж. Халық Ағарту Комиссары болды. Осы қызметте ол тұңғыш мемлекеттік баспаны, Академиялық орталықты, Ғылыми комиссияны, Халыққа білім беру институтын ашты. Бірақ, ресми тарихта бұл туралы ештеңе жазылған жоқ. Сонымен бірге мәдени ұйым мен музей ісіне қатысты ғылыми иелікке айналған фактілер де аз емес.

Д.Қамзабекұлының зерттеулері бұл бағытта алаш зиялыларының үлкен қызмет атқарғанын көрсетеді. Революциядан кейінгі қазаққа қатысты мәдеи шаралардың көбі Ташкентте өткен.

Ташкентте 1922 жылы 4 желтоқсанда «Талап» атты қазақ мәдениетін көркейтушілердің қауымы құрылды. Төрағасы – Х.Досмұхаммедұлы болды. Басқарма мүшелері: А.Шмид, И.Тоқтыбайұлы, М.Есболұлы, М.Тынышбайұлы, М.Әуезов, Тыныстанов қатысты. «Талап » жарғысындағы мына мәліметтер музей тарихына қатысы бар деуге болады. Ұлт өнерін насихаттауға қазақ-қырғыз халқынның тарихын, салтын тексеріп қарастыру мақсаттары қойылды. Бұл мәселелерді іске асыру үшін қоғам мүшелері қазіргі музейлерде кең өрістеп отырған іс-шараларды өткізген. Олар «диспут, баяндамалар, экспедициялар, экскурсиялар, көрмелер ұйымдастыруға, кітаптар, қолжазбалар, өнердің үлгілерін, ескіліктің тамтықтарын жинауға қауым ерікті» деген. Осы мақсатта «Талапта» этнограф Ә.Диваев – археология туралы, М.Тынышбайұлы «түркі-монғол тарихы» туралы М.Есболұлы «Алтынсариннің өмірі жайында», М.Жұмабайұлы «Абай өлеңдері» туралы дәріс оқыды.

20-жылдары Орынборда «Қазақ Өлкесін зерттеу қоғамы» жұмыс жасады. Ол қоғамның тарихи-этнографиялық бөлігін, қазақ халқының тұрмыс салтын, көшпелі тіршілігін, балалардың ойынына дейін зерттеген. Өз жұмысын ұйым «Қоғам еңбектері» деген атпен жариялап отырған. Осы ретте А.П.Чулошников баяндамалары, зерттеулері көзге түсті. Зерттеулер қазақ халқының шығуын, 15-18 ғғ. өлкенің рухани мәдениетінің мәселелерін қамтиды.

1924 жылы 12-17 маусымда Орынборда Қазақ Білімпаздарының тұңғыш съезі өтті. Оған Ресей, Түркістан, т.б. жерлерден алаш зиялылары қатысты. Съездің бір мәжілісінде мұра жинау ісі қаралды. Оған Ә.Бөкейханов төрағалық етті. Мәжіліс қаулы қабылдап, онда мұра жинаудың бағдарламасы, осы жөнінде мамандар топтастыру, бұл іске мемлекеттен қаржы бөлу мәселелері қарастырылды.
Тағы рефераттар