Қазақстандағы кәсіпкерлікті басқару туралы қазақша реферат

Экономикасы нарықтық бағытқа бет алған Қазақстан үшін кәсіпкерлікті даму мәселесі — өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Өйткені, нарықтық экономиканың өзі – кәсіпкерлік экономика. Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық дамытудың кепілі. Сондықтан да, кәсіпкерлік төңірегіндегі көптеген мәселелердің көтеріліп жатуы да оның экономикадағы рөлінің өте маңыздылығын дәлелдейді.

Қазақстан Республикасы Конституциясында былай деп жазылған: «Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар». Бәрімізге мәлім, өндірістің негізгі факторлары табиғи, еңбек, өндірістік ресурстар болып табылады. Нарықтық экономика кезінде осы фактордардың жұмыс істеп, қозғалысқа түсуіне әсер ететін нақты күш бар. Олар, іскерлік, басқару және өз мүмкіндіктерін белгілі бір мақсатта жетістікке қол жеткізуге пайдалана білу икемділігі.

Жалпы өркениетті елдердің қай қайсысын алсақ та өздерінің экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуде кәсіпкерлікке арқа сүйейді. Себебі кәсіпкерлік халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар қосымша жұмыс орындарының ашылуына да себебін тигізеді. Кәсіпкерліктің осындай және басқа да экономикалық және әлеуметтік функциялары оны дамыту мәселесін маңызды мемлекеттік міндеттер қатарына жатқызуға және экономиканы реформалаудың ажырамас бөлігі деп қарастыруға негіз береді. Техникалық прогресс, тұтынушы сұранысын толық қанағаттандыру кәсіпкерліктің тиімділігіне байланысты болады.

Кәсіпкерліктің түрі формаларының өзара тиімді антымақтастық құруы келешегі зор бағыт. Шағын кәсіпорындар ғылыми техникалық жетістіктерді қабылдауға анағұрлым қабілетті, нарықтағы сұраныс өзгерісіне оңай бейімделеді. Сондай-ақ ірі кәсіпорындарға тауарлар жеткізу мен қызмет көрсету құқығы үшін өзара бәсекеге барады, мұның өзі олардың тұрақты табыстарына кепілдік береді. Олар ірі кәсіпорындардың орнықтылығын және өндірістік диверсификациясын қамтамасыз етіп, монополистік бағытқа қарсы әрекет етеді. Кәсіпкерлік нарықта колсалтингтік, брокерлік, маклерлік, делдалдық, жарнама, қолданбалы зерттеу жұмыстары бойынша қызмет көрсетумен қамтамасыз етіліп, белсенді рөль атқарады. Кәсіпкерлер өздерінің күштері мен қаржыларын біріктіріп, жалғыз бастылықтан ұжымдық іскерлікке  өтуге бейім тұрады. Бұл жағдайда ортақ біртұтас кәсіпорын құрамында жекелеген кәсіпкер өз мүлкіне жекеменшігін сақтайды. Дегенмен де серіктестіктерде, кооперативтерде оның құрылтайшылары мен қатысушылары құрал-жабдық және басқа да мүлікті толық немесе ішінара біріктіреді. Жеке кәсіпкерліктің бұл мүмкіндігі бизнесті дамытушы күш, маңызды фактор болып есептелінеді. Сонымен қатар, ұжымдық бизнестің көптеген формалары капиталдың қосылуы, ортақ меншіктің құрылуы, осы бірігудің барлық мүлкіне жауап беретін заңды тұлға жасаумен байланысты.

Кәсіпкерлікті дамыту кез келген деңгейдегі басқаруды жетілдіру үшін қажет. Кәсіпкерлікті дамыту мынадай сұраққа жауап іздеуі керек: «Геосаясаттық өзгерістер іскерлік белсенділікке қандай әсер тигізеді»? Кез келген экономиканың бүгіні мен болашағында «стратегиялық көзқарассыз» ешқандай даму болмайды.

Кәсіпкерлік мәселелері бүкіл іскерлік әлемді толқытып отыр. Сондықтан да 1990 жылы мамыр айында Вашингтонда өткен стратегиялық басқарудың халықаралық конференциясының лейтмотиві – «кәсіпкерлер жаңа шаруашылық ойлауды іздестіруде» деп аталды. Онда кәсіпкерлердің ұшқыр мәселелері, экономикаға, ұйымдастыруға, технологияға, өнімге деген жаңа қадам іздестіру туралы толғаныстар қарастырылды.

Кәсіпкерлікті жетілдіру экономиканың тұрақтылығы мен оның бәсекелік сипатын қалыптастыруда басты күштерінің бірі болып табылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін субъектінің белгілі бір дәрежеде еркіндігі мен хұқығы, шаруашылық қызметінің бағытын таңдауда еріктігі, қабылданатын шешімдерге, одан туындайтын нәтижелерге тәуекелдіктің болуы қажет.

Еркін кәсіпкерлік меншіктің әр түрлі формада, түрде, типте болуын қалайды. Кәсіпкерлік қызметтің орын алар жері ең алдымен – кәсіпорын. Заңмен бекітілген іскерлік қызметті ұйымдастырудың әдістері бизнестің немесе кәсіпкерліктің ұйымдық-құқықтық әдістері бизнестің немесе кәсіпкерліктің ұйымдық-құқықтық формасы деп аталады. Нарықтық қатынастарға өтуде халықты кеңінен кәсіпкерлікке тарту қажет. Нарықтық экономиканың тиімді жұмыс істеуі үшін нарықтық іс басындағы субъектілердің толық өзін-өзі басқаруы мен олардың экономикалық тәуелсіздігі болуы қажет.

Халық шаруашылығында жұмыс істейтін кәсіпорын ұйымдық-құқықтық құрылысы, масштабы, қызмет ауқымы жағынан әр түрлі болып келеді. Құқықтық және өндірістік жағынан алғанда олар жекелеген топтар мен түрлерге бөлінеді. Олар: шаруашылық серіктестіктері, акционерлік қоғамдар, өндірістік кооперативтер, сондай-ақ мемлекеттік секторында – мемлекеттік немесе ұлттық және муниципалдық кәсіпорындар.

Республикада кәсіпкерлікті дамытуға үлкен ден қойылып, бірқатар заңдар мен жарлық, қаулылар қабылданған. Алғашқы құжаттардың бірі болып «Жеке кәсіпкерлікті қорғау мен қолдау туралы» Заңы 1992 жылдың 4 шілдесінде қабылданып, онда кәсіпкерлікті мемлекеттік қорғау және қолдаудың мәні мен мазмұны, басты бағыттары мен мақсаттары айқындалады. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қорғау және қолдау дегеніміз – аталған қызметті орындаудағы құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық, жағдайды қалыптастыру, мемлекетте жаңа экономикалық құрылымдарды орнату болып табылады. Республикада «Кәсіпкерлікті қолдау мен бәсекені дамыту» Қоры құрылып, Президент жарлығымен 1994 жылдың сәуір айында «Кәсіпкерлікті қолдау мен бәсекені дамыту жайындағы» мемлекеттік комиссия өз қызметін бастады. Жалпы бағыттық іс-әрекеттерді жүйелі орындау мақсатында Қазақстан Республикасы кәсіпкерлікті мемлекеттік қорғау және қолдаудың 1994-1996жж. арналған бағдарламасы жасалынды. Аталған бағдарламаның басты мақсаты – экономикада жеке меншіктік секторын қалыптастыру және дамыту, кәсіпкерліктің инфрақұрылымын жетілдіру болып табылады. Ел Президентінің «Азаматтар жөніндегі хұқығын қорғау туралы» жарлығының қабылдануы мемлекеттік кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне зор маңыз бергенін дәлелдейді. Әр жылдың сәуір айында Алматыда өтетін республика кәсіпкерлерінің жыл сайынғы форумында да осы мәселеге көп көңіл бөлінеді. Мұнда кәсіпкерліктің дамуына баға беру мәселесі қаралып, оның нәтижесінде кәсіпкерлікті дамытудағы кедергілер мен оларды жою бағыттары қарастырылады.

Әрине, кәсіпкерліктің құқықтық-ұйымдастырушылық негізін құруда әлі де болса шешімін күткен мәселелер айтарлықтай. Оның үстіне лицензия беруші, тексеруші органдардың көптігі, кеден және салық заңдарының жетілмегені, кемшіліктер, несие алудың қиындығы, кәсіпкердің мүддесін қорғайтын органның болмауы, бюрократия кәсіпкерлікті дамытуға елеулі кедергі жасайды. Сондықтан да экономикада кәсіпкерлік субъектілерінің сандық үлесі артса да, одан түсетін салықтық кіріс мөлшері аз. Бюджетке салықтың аз түсуі салық жүйесінің жетілмегені де әсер етеді. Себебі салықтың жоғары болуынан кәсіпкерлер табыстарын жасырады.

Кәсіпкерлік қызметті дамыту мақсатында мынадай іс-шараларды жүзеге асыру қажет:

—   мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті барынша қолдау;

—   мақсатты бюджеттік қаржыландыру саясатын жүргізу;

—   жеңілдетілген несие беру саясатын жүргізу;

—   кәсіпкерлер құқығын қорғайтын орган жұмысын жандандыру;

—   кәсіпкерлік қызметті тіркеуден өткізу кезіндегі қиыншылықтарды жою;

—   тексеруші органдар санын қысқарту;

—   заңдардың орындалуын қамтамасыз ету, т.б.

Жоғарыда аталған факторлар кәсіпкерлік субъектілерін «көлеңкелі экономикаға», салық төлеуден жалтаруға итермелейді. Қазіргі кезде бизнестегі кризистік процестер оның жүйесіз және хаостық түрде құрылғандығымен айқындалады. Бұл жағдайдың басты себебі – несие алудың жоқтығы ғана емес, сонымен бірге кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік стратегиясының жоқтығы. Бұл шараның көмегімен шағын және орта кәсіпкерлік нарықта өз арнасын, жаңа нарықтарды, жаңа тауар түрлерін алады, сонымен қатар экономикада бәсекені жақсартады.

Нарықтық экономика жағдайында кәсіпкерлік – шаруашылық қызметінің маңызды түрі. Оның рөлін Адам Смит былай деп бағаланған болатын: «Кәсіпкер өз мүддесін өзі үшін ұтымдылық жағдайды көздейді дей тұрғанмен, ол қоғам мүддесіне де қызмет етеді». Қазіргі экономика кәсіпкерлікті шаруашылықты ұйымдастырудың түрі ретінде анықтайды. Кәсіпкерлердің экономиканы өрлетуге қосар үлесі өте зор.
Тағы рефераттар