Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені және оның реформалау мен нарықтық қатынастарға көшу кезеңіндегі дамуының негізгі бағыттары туралы қазақша реферат

     Қазақстан – 16,5 миллион адам тұратын Орталық Азиядағы ірі ел, ол өзінің көлемі жағынан дүние жүзінде сегізінші орын (жер аумағы 2 миллион 717, 3 мың шаршы километр) алады.

Көмір, қара және түсті металл, мұнай, газ өңдіру жөніндегі дамыған өнеркәсібі, металлургия және металл өңдеу, машина жасау, химия және жеңіл өнеркәсібімен қатар республиканың мықты агроөнеркәсіптік потенциалы да бар.

Ауыл шаруашылық жерінің жалпы көлемі 222,3 миллион гектар, оның ішінде егістік жер 36 миллион гектар, жайылымдық жер 182 миллионнан астам гектар және шабындық жер 5 миллиоға жуық гектар құрайды. Әрбір жан басына шаққанда шамамен 2,2 гектар жерден келеді. Бұл дүние жүзіндегі ауыл шаруашылығы жағынан дамыған көптеген елдердегіде әлдеқайда көп.Соңғы жиырма жылдың ішінде жыл сайын орташа есеппен 24 миллион тоннаға жетеғабыл ет, 3,5 миллион тоннадан астам сүт және 100 мың тоннаға жуық жүн өңдірілді.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарының 60-қа жуық түрі өсіріледі, сүтті және етті ірі қара, жүнді, етті-майлы және қаракөл қойлар, жылқы, түйе, шошқа, құстың бірнеше түрлері, марал, сондай-ақ ара мен балық, мамық жүнді аң шаруашылығы бар. Республиканың агроөнеркәсіптік кешенінің бірінші сферасы (І – қор шығаратын) машина жасау, микробиологиялық және химиялық өнеркәсіппен айналысады.

Агроөнеркәсіп үшін машина жасаумен Павлодар трактор зауыты, Ақмола эрозияға қарсы техника шығару өңдірістік бірлестігі және «Манкентживмаш», «Актюбсельмаш» пен Мамлют машина жасау зауыттары мал шаруашылығы үшін машина жасаумен айналысады. Бұдан басқа, бөтен саладағы, оның ішінде қорғаныс зауыттарында да ауыл шаруашылық машиналарының кейбір түрлері және қосымша бөлшектері шығарылады.

Химиялық өнеркәсіп саласында Жамбыл және Ақтөбе облыстарындағы кәсіпорындар минеральдық тыңайтқыштар шығарады. Мұндай өнімдерді жолай өнім ретінде Қарағанды металлургия және Өскемен титан-магний комбинаттары да шығарады. Шымкенттегі «Фосфор» өндірістік бірлестігі өсімдіктерді қорғаудың химиялық құралдарын шығаруды жүзеге асырады. Микробиологиялық өнеркәсіптің басын Шымкент гидролиз, Түркістан жемдік дәрілер және Степногорск «өркениет» сияқты үш зауыт біріктіріп тұр.

Республика агроөнеркәсіп кешенінің екінші сферасында (ІІ – ауыл шаруашылығы) экономикалық  реформалардың басында 2200 кеңшар және басқа мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен 406 ұжымшар жұмыс істеді.

Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің үшінші сферасы (ІІІ – дайындау, сақтау және т.б.) тамақ, ет-сүт және ұн-жарма өнеркәсібі кәсіпорындарынан, дайындау, сақтау, сондай-ақ ауыл шаруашылығын өндірістік-техникалық, транспорттық, агрохимиялық, мал дәрігерлік-санитарлық және суландыру жөнінен қызмет ететін кәсіпорындар мен ұйымдардың жүйесінен және агроөнеркәсіп кешенінің басқа да салаларынан тұрады.

Адамзат тарихы әлі саясатөкіметі, яғни мемлекеті болмаған қоғамды білмейді. Мемлекет өте маңызды саяси, әскери, экономикалық, құқықтық және т.б. қызметтерді атқарады. Олардың барлығы бір-бірімен байланысты және бәрі де экономиканың даму дәрежесіне тәуелді болып келеді Ұзақ уақыттар бойы мемлекет тек елдің шекарасын қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау және салық жинаумен айналысты. Экономикалық қатынастардың дамуы, әсіресе, нарықтың пайда болуымен: мемлекет өзіне тиесілі қызметті дұрыс атқарып отыр ма ? деген мәселе туындады. Бұл мәселе туралы бірнеше көзғарас, пікірлер бар:

  1. экономиканы толықтай, жаппай мемлекет реттейді деген пікірді жақтаушылар: мемлекеттің күшімен бүкіл экономикалық мәселелерді шешуге болады деппайымдайды. Яғни, экономиканың тиімділігін қамтамасыз ету, адамдарды еңбекпен қамтамасыз ету, әлеуметтік тепе-теңдікті қалыптастыру сияқты сұрақтар нарықсыз, мемлекеттің өктемділігімен, билігімен жүзеге асырылмақ;
  2. экономикаға мемлекеттің араласуын шектеуді жақтайтындар экономикалық мәселелерді шешетін мемлекет емес, адам және өзін-өзі реттейтін нарық деген пікір айтады. Олардың ойынша, мемлекет нарыққа араласпайды, ол тек ақша сферасына араласуы керек;
  3. мемлекеттің экономикаға белсенді араласуын жақтайтындар экономикаға мемлекет болмаса экономикалық дағдарысты, өндірістің құлдырауын жұмыссыздықты жою мүмкін емес және т.б. дейді.

Нарықтық қатынастар кеңінен дамып отырған Қазақстанда мемлекет экономикалық Істерге араласпауы керек деген түсінік барынша кеңінен тараған. Соған қарамастан, Қазақстанда 5-6 жыл бұрын басталған реформалар мемлекеттің экономикалық қызметінің қажеттігін көрсетті. Яғни, мемлекеттік реттеу – экономиканың қажетті буыны, мемлекеттің реттеуінсіз нарықтық экономика жұмыс істей алмайды. Қазіргі нарықтық экономикада үкіметтің сапалы, жан-жақты жасалған бағдарламасы егер оны іске асыратын мықты мемлекет құралдары болмаса іске аспай қалады. Себебі, нарық барлық жағдайда  да кез-келген мәселені шеше алатын әмбебаб немесе тиімді реттеуші бола алмайды. Көптеген мәселелердің шешуі нарыққа бағынбайды және мемлекеттің араласуын қажет етеді. «Мемлекет жекеше сектор басты роль атқаратын нарықтың заңды шеңберлерін құра отырып, экономикада маңызды, бірақ шектеулі роль атқаруға тиіс.»

Нақты түрде мемлекеттің қазіргі экономикада ролі ұсақ-түйекке (мысалы, бұрын біздің тәжірибемізде болғандай, дән себу, егін жинау және басқалары) араласпай, бүкіл халық шаруашылғы үшін маңызды деген салаларға араласпауы керек. Алдыңғы қатарлы ірі индустриялы елдерде товар өндірісінде мемлекеттік сектор бар болғаны 20-30 проценттей болып келеді. Шетелдерде мемлекет ұлттық өнімді бөлуге араласады. Мысалы, Швейцарияда мемлекет ұлттық өнімнің 27 процентін  қайта бөледі, Жапонияда 33%, АҚШ-та -36%, Германияда-45%, Италияда-43%. Бұл елдерде мемлекет жаңа экономикалық құрылымдар жасау, кәсіпкерлік қызметтің барлық түрлерін кеңінен өрістету бағытында неғұрлым батыл күш-жігер жұмсайды. Біз әзірге бұл мәселелерде шабандық көрсетіп, жасқаншақтыққа бой ұрамыз.

Мемлекетарқылы шешілетін экономикалық мәселелерді мынандай топтарға біріктіруге болады:

  1. адамдардың және шаруашылықтардың табысын қайта бөлу;
  2. бүкіл елдің ресурстарын қоғам мүддесі үшін қайта бөлу;
  3. қоғамдық өнім өндірісі мен қызмет көрсетуді ұйымдастыру;
  4. экономиканы тұрақтандыру;
  5. адамдарды әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру;

Жоғарыда айтылған сұрақтармен нарық нашар айналысады немесе тіпті айналыспайды.

Ұлттық табысты мемлекеттің араласуы арқылы қайта бөлу адамдардың арасындағы әлеуметтік теңсіздікті болдырмауға көмектеседі, яғни бай адамдардың табысын кедей адамдарға қарай ығыстыру мүмкін болады. Мұндай теңсіздік нарық жағдайында көрінеді.

Ұлттық табысты мемлекет екі жолмен қайта бөледі:

  1. трансферттік төлемдер ақша төлеуді, товарларды беруді және қызмет көрсетуді бір жақты ұйымдастыру (айырбас ретінде емес). Бұған әртүрлі жәрдем ақыларды жатқызуға болады (мүгедектерге, жұмыссыздарға, стипендия және т.б.).
  2. баға құрылымы процесіне араласу арқылы. Мемлекет кейбір халыққа өте қажет товарларға және қызмет түрлеріне шектеулі баға қоюды, жалақының төменгі мөлшерін анықтауды ұйымдастырады.

Мемлекет ұлғаймалы түрде өндіруге болмайтын ресурстар мен бүкіл адамзатқа тиесілі ресурстарды тұтынуды реттейді.

Қазіргі уақытта нарық айналысқысы келмейтін көптеген қоғамдық товарлар мен қызметтер бар. Мысалы, білім, денсаулық сақтау, ұлттық қорғаныс, қоғамдық көлік, автомобиль жолдары, дамбылар және т.б. Бұл товарлар жеке тұтынуға жатпайды. Ал, оларды күтіпұстау, жөндеу, ол үшін қаржы бөлу тек мемлекеттің қолынан келеді.

Ауыл шаруашылығындағы қоғамдық товарларға жеке өндіруші шығара алмайтын товарлар мен қызметтердің түрлері, мәселен, ауыл шаруашылығы ауруларымен күресу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің зиянкестерімен (колорад қоңызы, шегірткелер) күресу, шикізаттар мен азық-түлік өнімдерінің сапасын тексеретін ұйымдарды ұстау үшін шығатын шығындарды жатқызуға болады.

Қазақстан экономикасы дамуының қазіргі сатысында мемлекеттік реттеу арқылы «меншік құқықтарын рәсімдеуге, бәсекелес рынок пен монополияға қарсы күрестің сенімді құралдарын құрауға, фиськалды және монетарлық саясатты қолдауға әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға, қажетті инфрақұрылымды, білім деруді, денсаулық сақтауды дамытуды қамтамасыз етуге және мықты экономикалық саясат жүргіуге бағытталған құқықтық және нормативтік база жасауды аяқтау көзделіп отыр».

Дүние жүзілік экономикалық тәжірибе көрсетіп отырғандай нарықты монополияландыру кезінде қоғамға көптеген шығындар келеді: өнімді сату көлемі азаяды, соған сәйкес баға көтеріледі, жаңа фирмалар шаруашылықтар ашуға «жасанды» кедергілер жасалады. Бұл жағдайда мемлекет ауыл шаруашылығындағы өндірушілерді қолдау мақсатында өнімді өндіру, өткізуге кепілдік беруге тиіс. Мемлекеттік реттеусіз монополизм жағдайында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы арасындағы бағаның паритетін қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан да өндіріс құралдарын шығаратын, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына қызмет көрсететін немесе олардың өнімін өңдейтін барлық монополист-кәсіпорындар үшін келісімді бағаның жоғарғы шегін (немесе рентабельдік деңгейінің шегін) белгілеу қажет. Сонымен қатар, мемлекет ауыл шаруашылығы нарығын реттеу кезінде қаржы, инвестиция әлеуметтік саясаттарына көп көңіл бөлуге тиіс. Яғни, мемлекет аграрлық секторды жеңілдікпен қаржыландыруға, жекелеген экономикалық аймақтарды дамытуға, шаруа қожалықтарын ұйымдастыруға, табиғи апаттардың шығындарын өтеуге, ауыл шаруашылығында жаңадан ұйымдастыратын өндіріс шығындарын жабуға көмектеседі.

Ауыл шаруашылығындағы инвестициялық саясат өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға паритетінің сақталмауы жағдайында мемлекеттік қолдау көрсету жолымен меншіктің барлық тәсіліндегі ауыл шаруашылық кәсіпорындарының материальдық-техникалық базасының сапалық жаңғыруын, негізгі қордың шапшаң қалпына келтірілуін және жаңартылуын, өндірістік инфрақұрылымның дамытылуын көздейді.

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік реттеудің басты құралдарының бірі-жоғарыда айтылған салық саясаты. Қазақстан аграрлық секторында салық салу кәсіпорындарға тікелей салықтық жеңілдіктер берумен ерекшеленеді. Айта кету керек, Қазақстанда салық саясатында реформа басталған кездерден-ақ көптеген жеңілдіктер жасалды. Айталық, Қазақстан бойынша 30 проценттік салық үстемесі жағдайында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін (меншік түріне байланыссыз-ақ ет, сүт, жеміс-көкөніс, нан өнімдері, мақта өндірісі, балық, құс, мал шаруашылықтары) 10 проценттік салық үстемесі белгіленді.

Алғашқы екі жыл бойына ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін кәсіпорындар, кооперативтер табысқа салық төлеуден босатылып отырды. Яғни, бұл кооперативтер өзін-өзі ақтайтындай дәрежеге жеткізуге жағдай туғызады деген сөз.. Сол сияқты, балалар бақшаларында, мүгедектер үйіне, ауылдық ауруханаларға, мектеп асханаларына өнім өткізетін шаруа қожалықтарықосымша құн салығын төлеуден босатылған.

Жер ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі құралы екендігін және оны тиімді пайдаланудың маңыздылығы ескеріліп, жер участоктерін ғылыми зерттеу ұйымдары, тәжірибе шаруашылықтары пайдаланған уақытта, олар жер салығынынан босатылды.

Мұның барлығы, әрине, ауыл шаруашылығы өдірісін дамытуға ынталандырғаны сөзсіз. Алайда, мәселенің екінші жағы сол , республика агроөнеркәсіп кешеніне жеңілдік салық салу бюджеттің табысының өспеуіне, ауыл шаруашылығы өндіріс көлемінің артпауына әкеліп соқты. Осыған сәйкес 1995 жылдан бастап ауыл шаруашылығында салық саясатына өзгерістер еңгізілді. Енді салық саясатының негізгі мақсаттары мен принциптері арасында бұрын берілген салықтық жеңілдіктердің басым көпшілігі алынып қалынды. Бірақ, бұрынғы 10 проценттік салық үстемесі сақталып қалды.

Тағы бір агроөнеркәсіп кешеніне жасалған жеңілдік сол, шаруашылықтарда өндірістік құрылысты жүзеге асыратын технологиялық құрал – жабдықтарды орнатудың құңы салық салынатын табыстан алынып қалатын болды. Шаруашылық шығындары табыстың есебінен кейінгі бес жыл бойы жабылып отырады. Мұның өзі негізгі қорды жаңартуға және өндірісті кеңейтуге қаржыны көбірек жұмсауға шаруашылықтарды ынталандырады.

Жаңа тәртіп бойынша агроөнеркәсіп кешеніндегі шеттен әкелінген құрал-жабдықтарға, шикізат-материалдарға, қосалқы бөлшектерге және товарларға шаруашылықтар қосымша құн салығын төлемейді. Шаруа қожалықтары үшін ыңғайлы, ықшамдалған салық төлеу әдістері белгіленіп отыр. Әңгіме бұл жерде заңды тұлғалардың патент алу арқылы салық төлеуі туралы. Қазіргі уақытта шаруа қожалықтарын жүргізушілердің басым көпшілігі қағаз жүзіндегі есеп-қисапқа шорқақ, білімі жетіспейді, соның кесірінен салық ұйымдарына берілуге тиісті құжаттарды сауатты толтыруды келістіре алмайды, декларацияларды уақытында толтырып бермейді. Мұның өзі ақыр соныңда, қосымша шығындарға әкеледі (штраф). Ауыл шаруашылығының ерекшеліктері (маусымдық сипаты, өндіріс уақытының ұзақтығы және т.б.) шаруашылықтарда өндіріс жүргізудің нәтижелерін есепке алудың жан-жақты тегерішін ойластыруды қажет етеді. Көптеген шаруа қожалықтарында түпкілікті қаржылық нәтижені анықтағанда, олардың іс жүзінде коммерциялық қызметпен де айналысатынын ескеру керек. Сондықтан, өтпелі кезенде салық әкімшілігі, салық төлеуде шаруа қожалықтарының бюджетпен өзара қарым-қатынасының қарапайым жүйесін қолдауды талап етуі тиіс.

Мысалы, шаруа қожалықтары бойынша табыс және жер салығын бірге қоса есептегендегі салықтың орнына белгілі бір қондырылған үстеменің болуы әбден мүмкін. Шаруа қожалықтарына салық төлемейтін табысты есептеудің арнаулы жүйесін пайдалану құқы берілуі мүмкін. Шаруа қожалықтарына салық төлемейтін табысты есептеудің арнаулы жүйесін пайдалану құқы берілуі мүмкін. Бұл жерде жердің, өндірілетін дақылдың түрлері, малдың түрі және аймақтың жер жағдайы бойынша гектармен есептегенде алынатын табыстың көлеміне қондырма алдын-ала белгіленеді. Қондырылған және іс жүзінде алынған табыстың арасындағы айырмашылық мұндай жағдайда келесі жылдың табыс салығы бойынша берілетін декларацияда ескерілуі тиіс. Мұндай жүйе Бельгияда және Европалық қауымдастықтың басқа да бірқатар елдерінің фермерлеріне табыс салығын салуда кеңінен қолданылады.

Қазақстанда 1996 жылдың басынан тәжірибе ретінде Семей облысында бюджетпен есеп айырысудың сатып алынатын патент негізіндегі жүйесі енгізілді. Оның нәтижесі патент сатып алудың шаруа қожалықтарының өздеріне берілген жер учаскелерін барынша тиімді пайдалануына, ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы көлемінде олардың үлес салмағының артуына ынталандыратындығын көрсетті.

Салық салудың мұндай тәртібі салық ұйымдарының салықты уақытында және дұрыс төлеуі үшін бақылауды барынша қарапайым жүргізуге жол бастайтыны сөзсіз.

Ауыл шаруашылығында мемлекеттің бағаға ықпал етуінің үш нұсқасы болып отыр: сұраныстың көлеміне ықпал ету және бағаны тікелей директифтік түрде белгілеу жүйесі бізге өткен әміршілдік басқарудан белгілі. Сондықтан баға саясатына негігі бағыт еркін баға тағайындауға көшу.

Сонымен мемлекеттік басқару жүйесінің ролі маңызды және сан алуан. Біздің мемлекетіміз – негізгі міндеттермен ғана шектелетін кәсіпқой мемлекет. Қазіргі таңда мемлекеттің экономикалық реформаларға араласуы мынандай принцип бойынша болуға тиіс: мемлекет экономиканы басқаруда белсенді роль атқаруы керек, дәл сол уақытта оның экономикаға араласуы шектеулі. Мысалы, еліміздің экономикасында әлі де болса әкімшілік жүйенің қалдықтарына толған жерлері, нарық дамыған жерлер көп. Осы жерлерде мемлекет нарықты дамыту мен нарық кеңістігін тазартуға араласуға тиіс. «Экономиканың өзі тұрақсыз дамуды аралық кезінде тұрғанда, мемлекеттің реттеуші ролі мен араласуы бара-бар болуға тиіс.» Ал қазіргі тәжірибе көрсетіп отырғандай, бізде мемлекет қажетсіз жерлерде зор әкімшілік билікке ие болып, керісінше, ролі жоғары болуға, яғни, шаруашылық мәселелерін шешуге тікелей араласқан жерлерде енжар қалып отыр. Мұның өзі экономикалық дамуымызға барған сайын кедергі болуда және мемлекеттің ролінің маңызына нұқсан келтіруде, халық арасында мемлекеттік көңіл-күй әкелуде.

Тағы бір мәселе – бұл қазіргі кезде басқару жүйесіндегі басшылардың экономика , финанс, бухгалтер, құқықтық жағынан білімдерінің төмен немесе тіпті болмауы. Мысалы, шет елдерде маман әрбір 3-4 жылда өз білімін көтеріп отырмаса, мамандығын жетілдіру жүйелерінен өтпесе –оған перспектива жоқ, жұмыссыз қалады. Тіпті ғылыми-техникалық прогрестің жедел дамуы оны білімін өне бойы жетілдіріп отыруға мәжбүр де етеді. Сондықтан, біздің мемлекетімізде тұрақты үздіксіз оқу жүйесін және кадарларды аттестациялауды барлық деңгейде міндетті түрде енгізу керек. Өкінішке орай, бұрын бізде болған маманды қайта оқыту, білім жетілдіру жүйесі әбден бұзылды, көптеген ондай оқу орындары қаражат жоқтықтан жабылып қалды.

Қорытып айтқанда, жаңа адамға сәйкес келетін, нарықты жақсы білетін басқарушылар даярлауға тиіспіз және олар білек сыбана іс тындыруға әзір, басым мақсаттар мен міндеттерге жетуге қабілетті білімдарлар болуға тиіс.

Кадрларды қызметке алғанда, немесе, оны жоғарылатқанда, олардың ұзақ мерзімді, перспективалық міндеттер қоюға қабілеттілігі, ол міндеттерді жаңа жағдайда шешу үшін білімділігі мен жігерлігі секілді қасиеттері басты өлшем болғаны жөн. Яғни, әрбір қызметкер өзінің іс жүзінде отырған қызмет орнына сәйкес екендігін өне бойы дәлелдегені дұрыс. (9)

Қазіргі кезде қалыптасқан мемлекеттік басқару ұйымы мақсатты экономикалық саясат жүргізуге әлі де болса жеткілікті бейімделе қоймағаны ескеріліп, мемлекеттік аппаратты қайта ұйымдастыру мен жетілдіру қолға алынды. Үкімет орталық және аймақтық деңгейлерде қысқартыла бастады және бұл процесс жалғаса береді, яғни, мұндай қайта құрудың нәтижесінде «Қазақстанда нарықтық экономика үшін оңтайлы болатын мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы, тиімді жүйесін жасау, басым мақсаттарды іске асыруға қабілетті үкімет құру, ұлттық мүдделердің сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру» мүмкін болады.

Болашақта министрліктер мен ведомстволардың арасында, аймақтардың арасында үйлесімді арақатынастар орнату қажет. Министрліктер мен ведомстволардың жалпы санын қысқартып, жалпы экономикалық, әлеуметтік, ірі материалдық өндіріс салаларына көшкен дұрыс. Олар бірыңғай мемлекеттік саясатты белгілеп, жүзеге асырар еді, макроэкономика мәселелерімен шұғылданар еді. Материалдық өндіріс саласында ведомствоаралық сипаттағы жаңа тұрпаттағы министрліктер қажет. Олар мемлекеттік реттеуді жүзеге асырып, жекелеген жағдайда ғана экономикалық әдістерді пайдаланып, салаларға (кешендерге) немесе қызмет салаларына тікелей басшылық жасауға тиіс. Ал, қазіргі жағдайда министрліктер мен ведомстволардың жауапкершілік деңгейі олардың өкілеттік көлемінен асып кетіп отыр. Соның кесірінен басқару тиімділігі күрт төмендеді.

Министрліктер мен ведомстволар өзіне тән емес қызметтің түрлерінен арылуы керек, оларды мүмкіндігінше орталықтан аймақтарға қарай, ойыстыру қажет. Сатылар мен аралық буындар аз болған сайын, өкілеттіліктердің ара жігі де айқын ашылады.

Министріктің қызметі мынандай принциптерге негізделуі керек: өнеркәсіптік, инвестициялық, ғылыми-техникалық саясат әзірлеу мен жүзеге асыру міндеттеріне құрылым мен адам санының сәйкес келуі; ұйымдық бей-берекетсіздікке, функциялар мен жауапкершілігін ара жігінің жүйесіз ажыратылуына жол бермеу; мәртебедегі, құрылымдағы, қызмет сипатындағыақтаусыз ала-құлалықты жою.

Қазақстанда болашақта негізгі міндеттермен ғана шектелетін кәсіпқой мемлекет қалыптастыруға мүмкіндік беретін жеті негізгі стратегиялық принциптерді еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев көрсетіп берді. Олар мыналар:

  1. Неғұрлым маңызды бірнеше функцияларды ғана орындауға жұмсалған ықшам әрі кәсіпқой Үкімет.
  2. Стартегиялар негізіндегі іс-қимыл бағдарламалары бойынша атқарылатын жұмыс.
  3. Нақтылы жолға қойылған ведомствоаралық үйлестіру.
  4. Министрліктердің өкілеттіктері мен жауапкершіліктерін, олардың есептілігін және олардың қызметіне стратегиялық бақылауды арттыру.
  5. Министрліктердің ішінде орталықтан аймақтарға мемлекеттен жекеше секторға қарай орталыққа тәуелділікті жою
  6. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл да ымырасыз күрес.
  7. Кадрларды жалдау, даярлау және жоғарылату жүйесін жақсарту.

Бір сөзбен айтқанда, басқарудың бұрынғы, әлі де болса байқалып отырған нарықтық емес әдістерінен біржолата бас тартуымыз, демек ХХ1 ғасырға жаңа экономикалық формацияға барабар болатын, дүниежүзілік тәжірибені ескеретін жаңа басқару жүйесімен қадам басуымыз үшін мүмкін болған нәрсенің бәрін істеуіміз қажет.
Тағы рефераттар