Қазақтың тіл байлығы тек сөздің ұзын санымен ғана өлшенбейді. Сөз байлығы деген ұғым – сөздің әр алуандылығы мен мағына реңктерінің молдығымен бағаланатын аса күрделі категория болып табылады. Сөз алуандығы дегенде бірінші байқалатын ерекшелік – халық ана тілі арқылы ақиқат дүниедегі зат, құбылысты бір-бірінен ажыратып, айырымын тап басып ат қойып, айдар тағады. Бұл көбіне сезім мен түйсіктің, ал заттар мен құбылыстардың басын қосатын ортақ белгілерінің сырын біліп, сапасын анық табуы ойлау мен сананың әрекеті болып табылады. Сөз алуандылығының тағы бір байқалатын тұсы – адам баласы өзін қоршаған мың сан дүниеге ат қойып қана қоймайды, оларға деген сезімін де білдіріп отырады. Ұнату, ұнатпау, жақсы көру, жек көру, құрметтеу, қастерлеу, аялау, жиіркену, мадақтау, мазақтау, әжуалау т.б. толып жатқан мағынаны ажырататын эмоционалды сөз легінің болуы сөз алуандығының бір белгісі болып табылады.

Ұлттық тілдің сөз қазынасы түр-тұрпаты жағынан да әр алуан болып келеді: жеке сөздер, күрделі сөздер, қос сөздер, тұрақты сөз тіркестері түрінде кездесетін лексикалық бірліктер бар. Солардың бір саласы «фразеологиялық тіркестер» екендігін жоғарыда атап көрсеттік.

Мәдени-тілдік ұжымның (халықтың, ұлттың, этностың) байырғы дүниетанымы, дүние түйсігі, салт-дәстүрі жеке сөздерге қарағанда фразеологизмдерде молырақ қордаланған. Сондықтан фразеологизмдердің этномәдениеттің қоймасы, этномәдениетті сақтаушы және бүгінгі заманға жеткізуші (трансляциялаушы) қызметтері көрер көзге ұрып тұрады. Халықтың байырғы күнтізбе жүйесі, уақыт пен кеңістік өлшемдері, халық астрономиясы, халықтық юриспруденция, дәстүрлі мәдениет институттары т.б. қатысты ұғымдар, тірлікте болмағанмен тілде сақталған мифологиялық, этнографиялық көнеліктер көбіне фразеологиялық тіркестер құрамында кездеседі [1, 10].

Қысқасы, фразеологизмдерде адам, қоғам, табиғат жөнінде тілдік ұжымның сан ғасырлық дәстүрлі білімдер жүйесі сақталғандығы бізге белгілі болды. Фразеологизмдер тіл қазынасының ерекше бір қымбат дүниесі – сөз жүйесінің ішінде шоқтығы болып көрінетіні де сондықтан.

Қазақ тіл білімінің іргетасын қалаған  және Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов сынды ғұламалармен бірге 1946 жылы Ұлттық Ғылым академиясының уығын ұстап, шаңырағын көтеріскен 14 құрылтайшы академиктердің бірі                Ісмет Кеңесбайұлы Кеңесбаев қазақ тілінің осынау сөз қазынасын ұзақ жылдар бойы жинап, «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» атты аса құнды еңбекті дүниеге әкелді. Бұл – түркі әлеміндегі тұңғыш толық фразеологиялық сөздік еді. Сөздікке он мыңдай фразеологиялық тіркес алынып, олардың анықтамасы берілген, фразеологиялық тіркестердің варианттары да сыйыстыру әдісімен көрсетіліп, бүгінгі көркем әдебиет,  байырғы ақын-жыраулар, эпикалық шығармалар тілінен дерексөздермен дәйектелген болатын. Сонымен бірге сөздік соңында ғалымның көлемді теориялық зерттеуі, этнолингвистикалық мазмұндағы сөздік мақалалар, танымдық мәні бар байырғы түркілік ай аттары, жыл қайыру, ру-тайпа таңбалары т.б. материалдар қосымша түрінде берілуі оның қадір-қасиетін арттыра түсті [1, 10-11]. Міне, бұдан «Қазақ тілінің фразеологизмдер сөздігінің» академиялық сипаттағы басылым екенін және қалың оқырманнан гөрі зиялы қауымға арналғанын байқауға болады. Қазақ тілінің қолдану өрісін кеңейтіп, оның мемлекеттік тіл мәртебесіне лайық қызметін күшейту қолға алынып жатқан қазіргі кезде халықтың сөз қазынасының мәйегі жинақталған мұндай дүниені әсіресе қалың оқырманмен табыстыру игілікті іс болып табылады. Сонымен бірге зерттеушілерге, ізденушілер мен аспиранттарға, жоғары мектеп оқытушыларына, қолына қалам ұстаған өзге де зиялы қауымға арнап сөздіктің академиялық сипатын сақтап шығарудың да мән-маңызы айрықша болып табылмақ. Сонымен қатар, біздің дипломдық жұмысымыздың мағынасын ашу үшін де осы сөздіктің көп пайдасы тимек. Осы сөздікті негізге ала отырып өз ойымызды одан әрі қарай жалғастыра түспекпіз.

Қандай халықтың болмасын өзінің жеке-дара, басқаға ұқсамайтын мінез-құлқы, күн көрісі, тұрмыс-тіршілігі болады. Олар халықтың жеке өміріне байланысты жетіп отырады.

Тіл – ұлттың жаны. Тіл арқылы халықтың өмірін, тұрмыс-тіршілігін, мінез-құлқын, қасиетін білуге болады. Сондай өнерлі де, әуезді де, мағыналы да бай тіл – қазақ тілі.

Халқымыздың тіл арқылы ерекшелігін көрсететін басты байлығымыздың бірі – тұрақты тіркестер. Халық өзінің өткен дәуіріндегі наным-сенімін, түйсік-түсінігін, ой-қиялын, тыныс-тіршілігін, өмірі, дүниетанымын, сана-сезімін аз сөзбен тұрақты тіркестер арқылы білдірген.  Г. Н. Смағұлова: «Әр ұлттың мәдени ағымындағы тілдік құбылыстар тамырланып қалыптасуы үшін оның көптеген алғы шарттары мен салалары болу керек. Фразеологизмдердің мәдени ақпар көздерінің түсініктері қандай мәдени негізде пайда болып, жасалады деген сауалдарға:

  1. олар халықтың ең маңызды мәдени ұлттық ерекшеліктерінің бірі – жан-жақты қамтылған дәстүрлі мәдениет үлгілеріндегі дағдылы ұлттық рәсімдер;
  2. мақал-мәтелдер;
  3. тұрақты теңеулер – деп көрсеткен [2, 149].

Ғалымның осы принципіне сүйенсек, фразеологизмдердің бірінші ұлттық мәдени негізі – ұлттық рәсімдерге жататын әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер.

Қазіргі тұрақты тіркестердің еркін тіркес түріндегі бастапқы мотивтері салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім, өнермен бірге көмескіленіп кеткен. Солардың мағыналарын тіл білімінің этнолингвистика саласы арқылы ұлттық мәдени негіздерге, салт-дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға сүйене отырып, тұрақты тіркес болып қалыптасуын ашып көрсету біздің басты мақсатымыз болмақ. Этнолингвистика тұрғысынан тұрақты тіркестер арқылы көрініс табатын салт-дәстүрлердің ең көнесі, атадан балаға өзгеріссіз мұра болып жеткені – қыз балаға, әйелдерге қатысты ырым-жоралғылар, әдет-ғұрыптарды сөз етпекпіз.

«Атадан  ұл қалғаны өзі қалғаны, қыз қалса, ізі қалғаны» деп айтпақшы қазақ халқы болашақ жар, ана болатын қыз тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Оны алдын ала жеке өмірге дайындап, тұрмысқа бейімдеп тәрбиелеген. Тұрмысқа шығарда қызға арнап әр түрлі әдет-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерді ұстап отырған. Сол салт-дәстүрлер ана тілімізде тіркестер арқылы сөздік қорымызды байытып отыр. І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» атты еңбегін қарастыру барысында әйелдерге қатысты тұрақты тіркестер көптеп кездесетіндігін байқадық. Сондықтан да әйелдерге қатысты салт-дәстүрлердің тұрақты тіркестермен берілуін басқа да салт-дәстүрлердің тұрақты тіркестермен берілуінен бөліп алып, жүйелеп, бір арнаға тоғыстырып жазуды жөн санадық.

Қыз баланың тұрмысқа шығуына байланысты тұрақты тіркестер, яғни салт-дәстүр атаулары біршама. Олар – ертеден халық өмірінде пайда болып, қалыптасып, тіліне сіңіп, бізге мұра болып жеткен үлгілері. Халықтың қыз балаға қатысты барлық салты тілде әр түрлі номинативті атаулардан, әсіресе фразеологизмдерден көрініс тапқан. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде кездесетін тұрақты тіркестерді пайдалана отырып, біз әр тұрақты тіркеске анықтама беріп, талдау жасадық. Енді соларға жеке-жеке тоқталайық.

Қыз баланың тұрмысқа шығуына қатысты тұрақты тіркестер қыздың үйленуінің бірнеше кезеңдеріне қарай бөлінеді:

1. Қызды айттыру кезеңі.

2. Жігіттің есік көру кезеңі.

3. Қызды ұзату кезеңі.

4. Келін болып түсу кезеңі.

Осы төрт кезеңге қарай түрлі салт-дәстүрлер, ырым-жоралғылар қолданылып, әрқайсысы жеке-жеке тұрақты тіркестермен аталып отырған.

Ерте заманда қызға үйленудің үш жолы болған: бірінші жолы – қызды кішкентайынан атастыру; екінші жолы – қызды айттыру; үшінші жолы – қызды алып қашу.

Атастыру — негізінен аралас-құралас, бірін-бірі жақсы білетін жора-жолдастар арасында жүретін салт. Келінінің немесе күйеу балсының текті жерден, тәрбиелі, көргенді ұядан болғанын қалайтын ата-ана кішкене баласын не қызын атастырады. Кейбір адамдар балалы болмай жатып, болашақта қызды не ұлды болса құда болатындарына уәде беріп, «бел құда» болады. Балалары бесікте жатқан жерінен атастырып, уәде байласатындар да болады. Ондай құдаласуды «бесік құда» деп атайды. Ондағы ойлары күн өте баласының не қызының кесірлі келінге, не кесапатты күйеу балаға тап болып қалмауын ойлағаны. Болашақ келінінің, не күйеу баласының өскен ортаға бейім тәрбиеленіп, сол әке-шешесінен өнеге алатынын біліп, әке-шешесінің мінез-құлқына қарай, отбасындағы қарым-қатынасына, сыйластығына қарай көргенді жерден атастыратын болған.

«Атастырылған қыз» тіркесіндегі атастыру сөзі қыздың басын байлау мағынасын береді. Сондықтан қыз келін боп түскенде оны «көргенді жерден» келген деп сыйлаған. «Көргенді жер» — жақсы ата-ана, жақсы тәрбие, жақсы үлгі берген ұя дегенді білдіріп,  көбіне «қыз төркіні» дегеннің орнына жиірек қолданылады.

Халқымыз қыз баланы «он үште отау иесі» деп, он бестегі ұлды «ат жалын тартып мінер азамат» деп өз алдына үй етудің қамын ойлай бастаған. Қыз он үшке келгенде «бой жетті» деп, ұл он беске келгенде «ер жетті» деген. Он бес жасқа толғанда ұл балаға әке-шешесі ата-баба жолымен қалыңдық айттыра бастайды. Ата-баба салтында кәмелетке толған ұлын әкесі жолдас-жораларымен қыз іздеу сапарына аттандырады немесе айттырылған қызы жоқ жігіттер қастарына жора-жолдастарын, ауылдас өнерлі жігіттерді ертіп алып, ауыл-ауылды аралап, қыз көруге кетеді. «Қыз көру», «Жар таңдау», «Қыз қарап жүр» — жігіттің өзі қарап, қыз іздеп, таңдап жүргенде айтылады. Әдетте бір емес, бірнеше ауылды аралап жүріп ойын-сауық құрады. Әрбір қонған ауылына жастарды жинап алып, олармен алтыбақан теуіп, ән-күй айтып, айтысатын болған. Осындай кештерде өнерлі деген қыздар алға шығып, қонақ жігіттермен айтысып, жігіттердің көзіне көрінген. Кейбір жігіттер олардың арасынан көріктісін таңдаса, кейбірі сұлуын таңдаған. Кейбіреулері қыздың сөйлеген сөзін, әрбір қимылын қалт жібермей бағып отырып, ұнатқан қызын алған. Қыз таңдау сапарынан оралған жігіт өз таңдауын жеңгелері арқылы үлкендерге жеткізеді. Үлкендер қыз ауылына келісуге жаушы жібереді. Қыз ауылы келісімін берген соң, ауылдың үлкендері қыз ауылына қыдырыстап, ата-анасымен танысуға барып, қызды айттырады.

І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» қызды айттыруға байланысты «Қыз айттыру» тіркестері бар.

Қыз айттырды. Қызға құда түсті, атастырды, қызды алмақ болып уәде байласты [1, 484]. Бұл «қыз іздеп, қызды ауылды, я қызы бар бір үйді діттеп келгенде айтылады» деген. Осындағы «айттыру» сөзінің өзі «айтқызу», «сөйлесуі» онда барып келісу деген мағынаны білдіреді. Енді осы ойымызды одан ары қарай көркем шығармадан алынған біраз мысалдармен дәлелдеп көрелік.

Жайшылықта мұндайды көргенде жалшылардың жер-жебіріне жететін Тұрлықұл Қасеннің бұл жауабын елең қылмады. Бүгінгі күні оның ойында қыз айттырудан басқа шаруа шамалы еді [3, 12].

Әбіштің Тұрлықұлға Ғайшаны айттыра келгенін сезіп, қуанып, жөнді ас іше алмай жатыр еді. «Мал алсақ кімнің қызын айттырсам екен?» деген оймен арпалысумен болды [3, 13].

Мамыттан қол үзгенімізді естіген жұрт тұс-тұстан қыз айттырып, жаушы жіберуді көбейтті [4, 84].

Осы сияқты қаншама мысалдарды алып қарасақ та «қыз айттыру» тіркесінің көркем әдебиетте көптеп кездесетінін аңғаруымызға болады. Салт-дәстүрлеріміздің қазіргі уақытқа дейін өз мағынасын сақтап келуде көркем шығармалардың да өзіндік қызметі бар екендігін есте ұстауымыз керек.

Қызды айттыруға, әдетте жігіттің өзі емес, ағайындары немесе туған-туыстары келіп, қыздың әке-шешесімен келісіп, қалыңмалын төлеп кететін болған. «Қалыңмал» — қыздың болашақ қайын-жұртының әкелетін малы.

— Қалыңмал деген ата-бабамыздың салып кеткен жолы ғой. Қашаннан қалыптасқан кәдеміз емес пе? Менің шешеме де қалыңмал төлеген, маған да қалыңмал төлеген. Қыздарымның қалыңмалын алып, құтты орнына қондырғанмын, ұлдарыма қалыңмал төлеп, келін түсіргем. Енді немерелерім қалыңмалсыз-ақ жөндерін табады дегені несі екен? – Ол осылайша күңкілдеп қояды. – Қалыңмалсыз өзге босағаны аттаған қызда қандай қасиет бар дейсіз? Құны жоқ қызды кім сыйламақ? Ондай қызды байлары тегін алып, тегін қуып жібермей ме? Өз аяғымен келіп, өз аяғымен кетті деген сөз болмай ма? Қалыңмал алмадым дегенше – жасау жасалмайды, той өтпейді десеңші. Оның не қасиеті қалар дейсің, — деп өз-өзінен бұрқылдайды. – Жоқ, олай бола қоймас. Мен тірі тұрғанда қалыңсыз қыз бермеспін. Менің жолыммен, менің жөніммен жүресіңдер. Ал мен өлген соң, не істесеңдер де еріктерің [4, 69].

Осы бір мысалдың өзінен-ақ қазақ даласында қалыңмалдың қандай рөл атқарғандығын анық көруімізге болады. Ойымыз нақтылана түсу үшін тағы да мысалдар келтірейік:

Қыздың ашылмаған гүл, жарылмаған бүр болып шыққанына риза болған Шағай, сол бір айлы түнде Күнсананы қалыңмалын төлеп алмақ болып ант береді [5, 274].

— Е! Мен ат-тон айыбы мен қалыңмалын қайтартпақшы болдым ғой. Ол итке мен болмасам, мал қайда? – деп Байғазы тағы күлді [3, 7].

Жатса-тұрса ойлайтұғыны – қалыңнан алған малы, киітке мінген аты [3, 41].

Бір жұмадан соң бізді Аюбайдың ауылы шақырыпты. Құдалар қалыңмалдың бір бөлігін бермек екен. Әкем бұл жолы барған жоқ [4, 88].

Осы мысалдардағы қалың «көп», яғни малының көлемі деген мағынаны білдіреді. Қыз баланың болашақ күйеуі белгілі болғанда «айттырған қыз», «айттырылған қыз» деген жанама ат таңылатын болған.

Кейбір жерлерде дәстүр бойынша жігіт жақ қыздың әке-шешесіне үкілі құнан, не дөнен әкелетін болған. Мәселе жылқыда болмаған, оның кекіліндегі үкіде. Ол үкі қыздың үйінің босағасында ілініп қойылған. Егер босағасында үкі ілініп тұрса, ол үйдің қызының атастырылған екенін бірден байқауға болады. Сондықтан қыз балаларға «үкілі қыз», «үкісі бар қыз», «үкі тағылған қыз» деп жанама есім таққан. Үкі бұл жерде осы қызды – болашақ келінді өздерінің баласы етіп алдын-ала иемденген, үкіленгені мағынасын береді.

«Басы байлаулы» тіркесінің ішкі формасы тура мағынада «басы жіппен байланған» мағынасын береді. Бұл тіркес тура мағынасында малға қатысты, ол ешқайда кетіп қалмасын деп айтылады. Бұл – күнделікті тіршілікте кездесетін ситуация. Көз алдымызда жиі қайталанатын көрініс. Сырт қарағанда «басты байлаудың» қызды айттыруға қандай қатысы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл – ескі салт бойынша айттырылған қызға халықтың көзқарасынан шыққан тіркес. Яғни бұл теңеу түрінде, егер қыз айттырылып қойса, ол «басы байланған мал сияқты», басқа жігіттерге берілмейтіндігін, тек айттырылған жігіттің қалыңдығы болатындығын, басы бос еместігін білдіреді. Бұдан барып «басы бос емес», «басы байлы» тіркестері де қыздарға қатысты айтылады.

«Қыз қарап жүріп» жігіттер бір ауылдың ұнаған қызымен келісіп, егер оған ұнаған қыздың басы байлы болса, онда қыздың келісімімен алып қашатын болған. Алып қашатын кезде қыздың әке-шешесіне білдірмей, қыз жеңгесі арқылы, я қыздың өзімен келісіп, белгілі бір жерде жасырын кездеседі. Солай кездесіп жүріп, жігіт қызды алып қашуға келіскенде, қыз түн ортасында ел ұйқыда жатқанда сүйген жігітіне еріп кетеді. Содан былай «алып қашты» тіркесі қалыптасқан:

Бірке тұрып:

— Олай деме, Жүніс, жиен Ғайшаны алып қашса, артынан іздеп барушы болар, бірақ жиеннің елі де іргелі ел емес пе… Бұл елді алсақ, бұ да сүттей ұйып отырған ел емес… Тұрлықұлдың жесірі үшін өле кетуші шамалы болар. Міне, Тұрлықұл үшін өлмейтіннің бірі мына мен, — деді [3, 27].

— Енді мен құр бозбалашылығым болса, бөтен біреу естіп, сезсе де еш нәрсе етпес еді, құдай бұйырса, осы жаз алып қашамын ба деген ойым бар, ешкімге сездірме, Бекарыстан, өзің ат салысып маған жәрдемші бол, — деді [3, 30].

Амантай үйіне келіп, қатынына:

— Ғайшаны алып қашайын деп жүрген кім екен? Осы ауылда осыны білетін біреу бар ғой…Сен сездің бе, қатын? [3, 54].

Қалтасынан бір бүктеулі қағазды алды да:

— Мына хатты Шұғаға жазып отырмын. Менің ойым, Шұғамен көңіл қоссам, алып қашып кету еді. Болмаса, мың жылда Есімбек маған қызын бермейді де және оған беретін менде мал да жоқ. Не жауап қайтаратынын қайдан білейін, — деп күрсінді [6, 18].

Бірінші мысал жоғарыда айтқан ойымыздың нақты дәлелі бола алады. Яғни қыз басқа біреудің атастырылған жесірі болса да, өз сүйгенінің етегінен ұстап, сонымен бірге қашып кетпек. Қыздың өз еркімен кеткенін жұрт естісе, жігіттің «етегінен ұстап кетті» деген.

Жалпы қазақ халқы қыз тәрбиесіне өте қатаң қараған. Қыз баланың бойжеткен соң әрбір қадамын санап басып отырған. Себебі кейін болашақ жарының үйіне барғанда ары таза, ниеті түзу болып, артынан сөз ермес үшін барлық жағдай жасаған. Ертеде ата-бабамыз қызды «қызойнақ» сияқты жастардың жиылатын жерлеріне көп жібере бермеген. Ондай жерге барған қыз әке-шешесінен сөгіс естіген. Осы орайда «қызойнаққа» түсінік бере кеткенді жөн санадық.

Әке-шешелері жоқ кезінде бойжеткен қыздар оңаша қалып, ойын-сауық ұйымдастырады. Оған (жасырын түрде) жігіттер де қатысады. Бұл мәжіліс құпия өтеді және оны ұйымдастырушылар тек қыздар болғандықтан «қызойнақ» деп аталған. Қызойнақ көп ұйымдастырылмайды, ата-ана оған өз қызының қатысуына қатаң тыйым салған. Оның мақсаты – қыздардың жеңілтектіктен немесе ұятты болып қалудан сақтандырады [7, 85].

С.Кенжеахметов өз еңбегінде «қызойнақтың» мағынасын осылай түсіндіреді. Мұнда да ондай жерге барған қыз ата-анасынан сөгіс есітетіндігі жазылған. Себебі, сондай «қызойнақтардың» кесірінен кейбір қыздар бала көтеріп, жүкті болып қалып отырған. Жүкті болып қалған қызды тұрмысқа берерде, жігіт жақ оны «төсегімен көтердік» деп айыптаған. Қыздың арына дақ түсірген. Ондай келіндерді «төсегімен көтерілген» дейтін болған. Осыдан барып «төсегімен көтерілген» тіркесі қалыптасқан. Қазақ даласында «қызойнақтың» болғанын екендігін нақты мысалдар арқылы дәлелдеп көрелік:

Бір күні бір қызойнаққа барып таң ата келе жатсам, ұйықтап қалған екенмін, әжем оятады:

— Жаппас келіп қонып жатыр. Базарбаймен көрісіп, қарағымды сүйіп келдім, — дейді [7, 9].

Ертеңінде қой сойылып, той-томалақтың ырымы істелді. Қыз ибасын бір қараша үй алып, қызойнақ қылды. Өз шамасынша жиналған қыз-бозбала ойнаған, өлең айтқан болысып, ауыл жігіттері орамал, шаршы ырымдарын алысып тарасты [8, 405].

Ерте заманда, сонымен қатар, сүйген жігітінің артынан еріп келген қызды болашақ қайын жұрты «өз аяғымен келген қыз» деп табалаған. Бұл тұрақты тіркес құда түсіп алынбай, «кездейсоқ» келген әйел ұғымын береді. Сондықтан әке-шеше өз қызының арын сақтап, оған дақ түсірмеу мақсатында осыншама салт-дәстүрді ұстанып, қыз балаға көптеген тиымдарды салып отырған. Бұл әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер – халықтың бала тәрбиесіндегі үлкен жетістігі.

Қыз он үштен асып, атастырылып, үкі тағылған соң, араға екі-үш жылдың жүзі өткенше жігіт пен қалыңдақ әбден танысып, араласып, бір-біріне бауыр басуы қажет. Ол үшін ата-бабамыз екеуін ерекше қалдырып, кездестіретін болған. Оны да бет алды жолықтырмай өзіндік ырым-жоралғылармен жасаған.

Жігіт тойға дейін қыз үйіне келу дәстүрін «есік көру», «есік ашар» деп атаған. Қыз жақ болашақ күйеу баласының есік көруіне, қызға жолығып тұруына рұқсат етілген.  Есік көруге келген жігітке арнап қыздың әке-шешесі кішігірім той жасайтын болған.

Абайдың бұл келісі ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есік көре келу деп, қол ұстау деп те аталады. Ең алғашқы күндерде талай нәрсеге көндіге білу керек. Сол өзгешеліктің үлкені – қалыңдықты оңай көрсетпеу [9,  247].

Қалыңдық көруге келген жігіттен қазақтың тағы бір ғұрып – жігіттен кәде алынатын болған. «Қалыңдықсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» дегендей, жігіт тарапынан қыздың туған-туыстарына, жеңгелеріне беретін сыйды кәде деп атаған. Кәде тек қызды үйлендіруге қатысты болмай, басқа да той-жоралғыларда да бола береді. Оны күйеуден сұрауға қыз туыстарының еркі бар. Тек кәде жиі берілетін кезі – ол күйеу тарапынан қалыңдықтың туыстарына берілуі. Сондықтан оны «күйеу жолы кәдесі» деп атайды. Бұл болашақ күйеу баланың жомарттығын білдіреді. Кәдені көбіне жеңгелер сұрайтын болған.

Мұның бәрі де жігіттің ұрын келуінде болатын ырым-жоралғылар.

Ұрын келу [ұрын барды], ұрын жіберді. Айттырған қызға тойдан бұрын күйеудің жеңгелеріне деген сыйлықтарын алып, қыздың аулына жасырын келу (бару, жіберу) мағынасында. (Мұны кей жерлер «ірге көру» деп те атайды)     [1, 733].

І.Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» еңбегінде осындай түсінік береді. Енді осы дәстүріміздің қазақ даласында қандай орын алғандығын мысалдар арқылы дәлелдеп көрелік.

Екі айдан соң, ол қайтадан бағын сынап, елге ұрын келеді. Бұл жолы ауылдың қыз-келіншектері еріндерін тістеп, еркін қалжыңға ерік берген жоқ    [4, 94].

… Жазғы кеш… Мақтым ұрын келген. Түксиген қабақ, қушық мұрын, еңкек денелі қара сұр жігіт [7,  90].

Күйеуі Сұлушаштың ұрын келді,

Қисайып жаман тымақ қырын келді, —

дегендей-ақ, Күнікейдің күйеуі бір күні кешке таман салша жетіп келді. Қасында үш-төрт жолдасы бар. О да ауылға келмей, анадай жерге түсіп, атын ұстап отырды. Не дегенмен күйеу аты бар ғой. Тымағының төбесіне селтитіп үкі де қадап апты. «Шауып келді» алуға балалар да жүгірісті [8, 402].

Осы  мысалдардан-ақ «ұрын келудің» қазақ даласында қандай рөл атқарғандығын көре аламыз. Яғни бұл қыз бен жігіттің еркін көрісіп, тілдесуі болып табылады. Осы ойымызды одан әрі толықтыру үшін тағы да мысалдар тізбегіне көз жүгіртейік.

Осы байлаумен қатар, Құнанбай енді Ұлжанның басқа екі баласы туралы да жаңалық айтты. Оның біреуі – Тәкежан туралы. Былтыр ұрын барып келген Тәкежан енді осы жақында үйленбек. Қайны болса, бар малын алған [9, 239].

Рас, өзге құданың бәрінен жолы бөлек Алшынбай. Оның үлкен достығынан басқа, өзі Арғынға белгілі Қазыбек Тіленшінің Алшынбайы. Бұл атраптағы қазақтың одан үлкен аруағы жоқ. Сондай ауылға бала қайындату, әсіресе, ұрын жіберу осал қам емес. Мал-дүниенің барлығынан да көп үлес  мол шығын шығару керек деген сөз [ 9, 240].

Көріп отырғанымыздай, салт-дәстүріміздің ішіндегі ең жауаптыларының бірі – осы ұрын келу. Онда түрлі ойын-сауықтар, айтыс- өлеңдер айтылады, түрлі ырым-жоралғылар жасалады.

Ұрын келу әр аймақта әр түрлі аталады. Кейбіреулер «ұрын келу» деп атаса, біреулер «қалыңдық ойнау»деп атайды [6, 34].

Енді шалқасынан жатып, бозбала кезіндегі қалыңдық ойнағаны есіне түсіп, енді заман сондай болар ма екен деп тәтті қиялда жатып, талығып көзі ұйқыға кетті [3, 11].

Күйеу бала ауыл шетіндегі топ талдың түбінде бой тасалап қалыпты да, жолдасы екі қоржын арқалап, жалғыз келіпті. Ондағы ойлары қызбен көрісіп, қалыңдық түнін бірге өткізбек екен [4, 89].

Яғни, «қалыңдық ойнау» мен «ұрын келудің» мағынасы бір екенін осы мысалдардан көруімізге болады, олардың атқаратын қызметтері де, мағыналары да бір болып табылады. Осы орайда «ұрын келудің» тағы бір синонимі бар, ол – «қынаменде» деп аталады.

«Қынаменде» — бұл да ұлттық ғұрпымызда салтанатты да, көңілді кешінің бірі. Құда түсіп, уәде пісіп, қалың мал төлеген соң күйеудің атастырған қалыңдығын алғаш рет көруге келген тойы «қынаменде» деп аталады. «Қынаменде» кеші қыз абыройының тазалығын білдіру үшін қалыңдықпен бірге болған күннің ертеңіне де өткізіледі. Ән, күй, би қатар өткізілетіндіктен «қынаменде» жас жұбайлардың шаттық кешіне, жастардың махаббат мұратына жету символына айналған. Бұл да дәстүрімізге бай еліміздің тәрбиелік ережесінің бір саласы. Қазақ үшін, әсіресе жеңгелер мен жастар үшін бұл да өзінше бір той десе де болады. Болашақ күйеу қыз ауылына өзінше «көрінбеген» болып, бірақ қараңғы түсе салтанатпен, жолдас-жораларымен келеді. Мұны «есік көру», көбінесе «ұрын келу» деп атайды. Күйеу осы жолы өзінің болашақ жарын көріп, танысып-білісіп, тілдесіп көңілін демдейді. Құда түскенмен, келісім жасалғанмен күйеудің қыз ауылына «ұрыннан» бұрын келуге хақы жоқ. Егер келе қалса қыздың туыс-туғандары (аға-інілері)  қазақ әдет-ғұрпын бұзғаны үшін, тәртіпсіздігі үшін оны сабап жіберетін заң тағы бар. Демек, құда түсумен бірге тәрбиелік ереже-қағидалары, тәрбиелік ғұрыптары әдеп пен тәртіпті талап етеді [6, 51]. Көріп отырғанымыздай, «ұрын келудің» өзінің бірнеше синонимдері бар екен.

Ұзатылар қыз қасына бір жеңгесін және бір туысын ертіп, туған-туыстарын аралайтын болған. Бұл салт «қыз танысу» деп аталады. Қыз туыстары дайындалып, дастарханнан дәм татқызады, азды-көпті сыйлықтар, төсек орнына кілем, сырмақ, киім-кешек берген. Табалдырығынан аттаған қызды туыстары төрге отырғызып, «қызда қырық көліктік бақыт бар» деп есептеген. Тойда күйеу тарапынан қыз шешесіне – «сүт ақы» берілсе, әжесіне «ілу» берілетін болған.

«Сүт ақы» туралы С. Кенжеахметов «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» еңбегінде: Қыз ұзату тойы мезгілін қалыңдық құдалармен келісе отырып белгілейді. Бұл тойға күйеу бас құда бастаған құдалар тобымен және өнерлі күйеу жолдастарымен келеді. Мұнда құдалық кәделері өте көп. Соның ішіндегі жолы бөлек, қымбат кәделердің үлкені «сүт ақы» деп аталады. Бұл қыздың анасына тартылатын сыйлық. Бұған анасы бата береді [6,  24], — деген түсінік береді. Бұл осындай қызды ақ сүт беріп, тәрбиелеп өсірген сізге рахмет деген сияқты мағынаны білдіреді.

Сонымен қатар, қыз әкесі үйінің артынан қалыңдық пен жігітке арналған ақ отау тігеді.

Ұлтымыздың мәдениетінде «отау көтердің» деген сөз бар. Ол «үйлендің», «жұпты болдың» деген мағынаны білдіреді. Демек, үйленумен бірге отау көтеруге тиіс. Әдетте ұлы үйленетін, қызы тұрмысқа шығатын ата-ана алдымен отау дайындайды. Қыз жасауына отау қосыла берілетін. Отау жас отбасының бақыт шаңырағы болып саналатындықтан оны барынша әсемдеп, әдемілеп, толық жабдықтап әзірлеу аз шаруа емес. Оған көрші-көлем, жақын-туыс, нағашы-жиендер толық араласады. Кесе-аяқтан бастап үй киізіне дейін әкеледі. Сөйтіп бүкіл ауыл болып отау көтеру әрі қызық, әрі міндетті іс. Отау алғаш тігілгенде оған құрметті әрі елге сыйлы аналар бастайды. Шаңырақты да бақанға ақ мата байлап, ел ағалары көтереді. Отқа май құйылады, «босаға майлау» жасалады. Алғашқы дастарқан жайылып, оған мол тағам жасалады. Кіргендер шашу шашып, «құтты болсын», «іші жанға, сырты малға толсын»  деген тілекпен қуанышын білдіреді. Жақын туыстар отауға көрімдік әкеліп, мал атайды, бағалы мүліктер сыйлайды. Жас отау әке үйінің оң жағына тігіледі. Бұл үйге жасы үлкендер шақырусыз кірмейді. Ал жастар мен балалар қызықтап, осы отауды төңіректейді. Ауылдастар мен жанашырлар жас отау түтінінің түзу шығуын, жаңа үйленгендердің тыныс-тіршілігін сырттай бақылап, келінге баға беріп отырады. Жас келін ерте тұрып өз үйінің ғана емес, жанындағы іргелес үйлердің де түндігін ашуы оның әдептілігі мен мәдениеттілігін білдіреді [6, 46].

Жасау-жабдық түгелденіп болған соң, әпкемді ертіп келді. Ауылдың үлкен жеңгесі алдынан қарсы алып, қолтықтады да, отауға қарай беттеді. Осы сәттегі әйелдердің толқуына шек жоқ еді. Бәрі қыбырсыз тына қалды. Демдерін іштеріне тартып, салтанатты сәт күткендей, кейбіреуі көзіне жас алып жатыр. Әлгі үлкен жеңгеміз босағаға жақындағанда, Үбианға тіл қатты:

— Отауыңа оң сәт тілеп, есігін аштырғалы тұрмыз, еркежан. Отауың бақытқа толсын, иелері қайғысыз болсын [ 4, 96].

Енді қалыңдықтың отауы мен күйеудің отауы арасында қызыққұмар адамдар сеңдей соғылысты [4, 100].

Әйелдер жағы алдымен қалыңдықтың отауына бас сұғады.

— Бақытты бол, бағың ашылсын!

— Әр күнің бүгінгідей ашық болсын!

— Басыңнан жақсылық кетпесін!

— Босағаң берік болсын!

— Үйің қуанышқа толсын!

Әпкем бәрінің де ықыласына риза болып, шын жүректен алғыс айтады: «Жақсы сөз жан семіртеді, құлақ құрышын қандырады, үмітіңді үдетеді, жүрекке қанат бітіреді. Сендердің жарқын жүздеріңе көз тайдырар емеспін. Өмір бойы ұмытпаспын сендерді» [4, 102].

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, қызға көтерілген отауға осындай ізгі тілектер, ниеттер айтылатын болған. Отау тігуге ауыл адамдары түгел жиналып, жеңгелері мен балдыздары күйеу баладан «кереге керер» жолын алады. Отау тігіліп болғанша үлестірілетін «уық шаншар», «туырлық жабар», «түндік жабар», үйге кірген соң «отау байғазысы» тәрізді кәделер алынады. Сонымен қатар, өзімізге белгілі, хабарымыз бар салттарымыздың тағы бір түрі – «шаш сипар», «қол ұстатар», «көрпе қимылдатар» сияқты салттарымыз. Енді осыларға аз тоқталып, ойымызды мысалдар арқылы толықтыра түсейік.

Қатындар қалыңдықты ортаға алып, оң жаққа шымылдық құрып: «шымылдық құрар», «қол ұстатар», «шаш сипар», «төсек салар», «етік шешер», «ірге тебер», «көрпе қимылдатар» кәделерін «жол менікі, сенің жолың анау, жолы біткен» десіп, керілдесіп, керісіп, таласа-тармаса бір жапырақтан жырымдап алысуға, оның артын ала жаздай өсекке, пыш-пышқа, араздыққа айналдыруға байдың үйіне қарай ентелесті [8, 387].

— Бәрі де жарайды ғой, — «ит ырылдатар», «бақан аттар», «қол ұстатар», «отқа құяр» деген ырымдарың бар шығар, бірақ біздің бала байдың астынан ат мінем, үстінен киім аламын дейді, оның реті қалай болар екен? – деді [3, 58].

Осындағы салт-дәстүрлердің бірі түсінікті болса, бірі түсініксіз екендігіне көзіміз жетіп отыр. Мысалы, «ірге тебердің» мағынасы қандай, ол қалай жүзеге асады деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Тігіліп болған отауға қалыңдық пен күйеу бала кіргізіліп, қалыңдық пен күйеу кезектесіп сол жақ босағаға қарай оң аяғымен жерді бір теуіп сыртқа шығады. Бұл «жаңа отаудың иесіміз» деген мағынаны білдіреді.

Ендігі салттардың бірі «қол үстатар», «шаш сипардың» қалай іске асатындығын, оның жолдары қалай жасалатындығын мына мысалдар арқылы дәлелдеп көрелік.

Ана жақтағы қара бәйбішенің жарлығымен Қатыш деген қатын омыраулап, күйеу, қалыңдықтың алдына келіп отырып, екеуінің оң қолдарын екі қолымен ұстап:

— Кәне, шырақтарым, ата-ененің жоралғысы…бір-біріңе жібектей жұмсақ, балдай тәтті боп өмір сүріңдер! Өмір жастарың ұзақ, үбірлі-шүбірлі болыңдар! – деп, күйеудің жібек орамалымен ұстаған қолын қалыңдықтың қолына айқастырды да, жібек орамалды қалтасына салды [8, 388].

Бұл «қол ұстатардың» анық көрінісі болып табылады.

Түні бойы ойнап, шаршаған балдырған денесінің әнтек дамылдап сая тапқаны да, ойында Байменмен сөйлескені де, оның артынан қиялына келген шіли-міли сұлу елестер де, жаңағы «қол ұстатардың» сән-салтанатына қызыққаны, жек көргені, күңіренгені де, содан барып жаман Тұяқпен қол ұстаймыны есіне түсіп, оған мойны жар бермей қапастағы торғайдай жүрегінің бұлқынғаны да – бәрі де сол толған көкіректің «ымы» деп қыңқ еткен жалғыз дыбысымен сыртқа шығарған лебізі еді [7; 390].

Ендігі мысал арқылы «шаш сипардың» мағынасын аша түсейік.

«Шаш сипардың» жөні менікі емес пе? – деп, қатындар Қара бәйбішені қамалап жатыр еді. Орынбасар деген қатын маңдайы жарылқағандай: «Былай тұрлап», екі қолын ербеңдетіп кимелеп келіп, күйеудің асыл шүберек ұстаған қолымен Шәмшидің шашын сипады да, шүберекті ол алды [8, 389].

Бұл салттардың бәрі де өзіндік орны бар дүниелер екендігінде дауымыз жоқ. Мұның бәрі де ұлтымыздың, халқымыздың тыныс-тіршілігін ашуда үлкен қызмет атқарады.

Жоғарыда айтқандарымыздың бәрі қызды ұзатқанға дейін болатын салт-дәстүрлер болып табылады.  «Қыз ұзату» тойынан кейін ертеңіне қыз көпшілік алдында сыңсу айтып, туған-туыстарымен қимай қоштасады.

Бас құданың рұқсатымен қыз жасауы буылып-түйіліп, әйелдерге «тең ашар» сыйлықтары салынатын болған. Осындағы «қыз жасауына» мысалдар келтіріп, оның мағынасын аша түсейік.

Бүгін кешке қызының жасауын тағы бір көріп шықпақ. Оны үстіне үй тігіп, бөлек көш қыоып жөнелтпек [10, 22].

Итбай бір дүкенге кірді.

— Ұзататын қызға жасау керек еді, — дегесін, саудагер Итбайдың алдына: батсайы, шайы, қырмызы, барқыт, берен сықылды товарларды жайып салды   [3, 43].

Амантай шал:

— Қайырлы болсын, мұндай жасаумен бұл жерде қыз ұзатқан жан жоқ шығар, — деп Итбайды көтере сөйлеп отырды [3, 45].

Біріншіден, әкем дәулеті шалқып отырған бай емес еді. Сондықтан қалыңдықтың жасауын қолма-қол әзірлей қоюға шамасы жоқ болатын  [4, 88].

Ал бір жарым, екі жылдың ішінде әкем шәрі аралап, базар барып жүріп, қыз жасауын атына сай етіп әзірлеп үлгеретініне сенген сияқты [4, 88].

Көкемдер алып келген мал лезде сатылды. Көкем базаршы болып, жан-жақтан әпкеме жасау әкеле бастады [4, 89].

Осы тұста «қыз жасауы» дегенге анықтама бере кетсек, С.Кенжеахметов өзінің «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты еңбегінде атап көрсетеді. Бұл тіркеске І.Кеңесбаевтың «Фразеологиялық сөздігінде» «қыз жасауына» тоқталмаған. Сондықтан С.Кенжеахметовтың еңбегіне сүйенуді жөн санадық.

Ұзатылатын қызға берілетін дүние-мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген. Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім-кешек, әсем әшекейлі тағымдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады [6, 34]. Көріп отырғанымыздай, халқымыз қыздың жасауына көп көңіл бөлген екен, барған жерінде ұятты болып  қалмас үшін еш нәрседен аянбай, бар жақсысын қыз жасауына қоса білген. Осылайша қыздың жасауы көтеріліп, көш түзеп, қыз жолға щығады. Қызға жеңгесі, я шешесі ереді. Яғни қыз жігіттің ауылына дейін көш түзеп барады. Осы орайда «қыз көшіне» көңіл бөлейік.

Құда аттандырар кәдесі жасалғаннан кейін ұзатылған қыз шешесі, жеңгесі, жас іні, сіңлілерімен бірге көлікке отырып жолға шығады. Қыз артта қалғандарға қарамауы керек. Құдалар алға түседі. Одан кейін шаңырақ түйе (қыз көші) жүреді. Тойшы жігіттер көш соңынан әсем киініп ән- күймен ереді. Былайша айтқанда, көште ерекше жарасымдылық болады. Қыз ауылынан бір көш жер шыққанша мұны «қыз көші» деп атаған. Одан әрі асқаннан кейін «келіншек көші» дейді.

Келіншек көшінің келе жатқанын білетін жолдағы ауыл қыз-келіншектері, жастары «келіншек көшін» тоқтатып «түйемұрындық» алып, батасын беріп, «жол болсын» айтып шығарып салады [6, 35].

Бүдан байқағанымыз, «қыз көші» қыз ауылынан ұзап шыққаннан жігіт ауылына келін болып түскенге дейінгі жолда болатын түрлі ән-жыр, ойын-сауықтарға толы салтымыз болып табылады. Сөзіміз дәлелді болу үшін көркем шығармадан алынған мысалдарға тоқталайық.

Қызға берілетін дүние, мал әлдеқашан іріктелген. Енді соны ақырғы рет қапысыз қарап алмақ. Болғалы тұрған тойдың ең үлкен қызығы, той тарқатар салтанаты – қызының көші [10, 23].

«Қыз ұзатуды» халқымыз «құтты жеріне қондырды» деген тұрақты сөз тіркесімен де тілімізде жиі айтады. Сол Айтжанын құтты жеріне қондырып, жалғаз өзі іші пысып, ұрынарға қара таба алмай жүргенде, мына хабар Бозінгенге құдайдың үйге айдап әкеп берген дәулетіндей көрінді – деген мысалда «құтты жеріне қондыру» — қызын ұзату, күйеуге беру деген мағынаны білдіреді [8, 197]. Сонымен, қыз өз үйінен, ауылынан ұзап шықты, яғни «қызды ұзаттық». Енді қызымыз «келін болып түскенде» қандай салт-дәстүрлер жүреді екен, енді соған біраз тоқтала кетеміз.

Келінді оң аяқпен аттатып қайын атасының үйіне кіргізеді. Қалыңдық босағаны аттай салысымен тізе бүгіп, сәлем етеді. Үйге кірген соң отқа еңкейіп «от ана, май ана» деп отқа табынып, қолын отқа қыздырып, бетін сипайды. Яғни осы жерде «отқа май құю ырымы» жүзеге асады.

Келін түскенде, келіншек босанғанда, жас отау шаңырағын көтергенде жасалатын жақсы ырымдардың бірі – отқа май тамызу. От – халық зердесінде қасиетті ұғым. Отпен аластау – «от ана», «отың өшпесін», «ошақтан от кетпесін» деген тілек пен ырым сабақтастығы ертеден келе жатқан ғұрып         [6, 188].

Осылайша отқа май құйылып, Үбиан да ошақ иесі болып шыға келді. Келіндерін ел оң босағаға жайғастырып, жаңадан дастарқан жая бастады           [4, 119].

«Отқа май құюдың» мағынасына келер болсақ, өзімізге белгілі, жанып тұрған отқа май тамызғанда ол сөнбей, одан әрі лаулап жанады емес пе? Сондықтан да «отың сөнбесін», «осылай лаулап жана берсін» деген ұғымның негізінде пайда болған ғұрып болып табылады. Сөздікте де осы мағынада айтылады : Жаңа түскен келін мен күйеудің босағаны бірінші аттағанда берер ырым-сыбаға, жол-жорасы. Келіннің қайын атасының үйіне бірінші рет келгенде жасайтын ырымын «отқа май құю», «отқа салар» дейді [1, 561].

Осындай толып жатқан ырым-жоралғылардан кейін беташар болады. Жаңа түскен келінді екі абысыны екі жақтан қолтықтап сыртқа шығарып, ауылдың өнерлі деген жігіті келіннің бетін ашады. Осы беташардың толық көрінісін біз Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» атты повесінен анық көре аламыз.

— Қадамың құтты болсын, қарағым! Үлкен босағадан, киелі босағадан аттадың. Атаңа құрмет көрсет, — деді отқа жақын отырған бір кемпір.

Әпкем иіліп сәлем салды. Сонан соң екі қадам жасады да, Өтептің алдына келіп тұрды. Бүркеншектің шашағы жер сызып, әпкемнің аяғына дейін көміп тұр…

… Өтеп оны да азырқанды. Өйткені «келін текті жердің қызы, батыр елдің қызы, өскен ортаның өрелі, өнегелі жаны» екенін ескертті.

Байтақ елдің гүлі бұл,

Бар ауылдың нұры бұл,

Өскен жердің қызы бұл,

Өнегенің ізі бұл,

Көрсетпеймін келінді,

Саусағыма жүзік іл, —

дегенде әжем орнынан емірене тұрып, Өтептің маңдайынан иіскеді де, қолына алтын жүзік салды. Ел тамсанып гулеп жатыр. Үбиан риза болып, иіліп сәлем салды…

…Бұл екі арада Өтеп ел жақсыларын, ауылдың абыройлы адамдарын таныстыруға көшкен еді. Солардың атын атап, Үбианға арнайы салем салдырмақ,

Ең алдымен Үбианның атасы, ауылдың ең қадірменді қарты, жасы да үлкен, орны да бөлек – қуаныш иесі Майлыбайға сәлем салдырды.

Сексенің де жеңілген,

Көргені көп өмірден.

Майлыбайдай атаңа,

Сәлем салшы көңілмен.

Үбиан ерекше құрмет көрсетіп сәлем салды.

— Көп жаса, шырағым! Өркенің өссін, — деді Майлыбай дауысы тағы да қаңылтырша қалтырап…

Аулымыздың ағасы,

Аулымыздың жағасы.

Аулымыздың панасы,

Аулымыздың данасы

Үлкен қайнағаңа бір сәлем.

Майлыбайдың үлкен ұлы көтеріліп қалды…

…Басқан жері ойылған,

Сақтанып жүр дойырдан.

Тас мүсіндей таймаған,

Осы сенің қайнағаң.

Бітімі де ерекше,

Сәлем салшы, бөлекше, —

дегенде Үбиан иілді. Өтеп термесін жалғастырып отыр:

Ал ағайын, ал дайын,

Келініңіз бал дейын.

Бет ашайын тап қазір,

Көрер көрік бар дейін.

Оған дейін, шырағым,

Маған сәлем сал дейін.

Өтеп осы тұста әпкемнің басындағы төгіліп тұрған сәлкеш орамалын, қолындағы оқтаудың ұшымен іліп алып, көтеріп тастады. Жұрт жамырап бата бере бастады. Үбиан әпкем иіліп сәлем салып тұр [4, 113-118].

Бұл мысалды келтіріп отырған  себебіміз, мұнда беташар қалай өткізіледі, онда жасалатын іс-әрекеттер қандай деген сауалдарға толық жауап ала аламыз. Енді осы «беташар» салтының ішінде фразеологиялық тіркес болып келетін салттың бірі – салем салуға тоқталайық. «Сәлем салу» — келіншектің ата-енесіне, абысын-ажындарына, қайынаға-қайынінілеріне деген сый-құрметі, ілтипаты болып табылады. Бетін ашып тұрған ақын жігіт әр өлеңнің соңында келіншекке «иіліп сәлем беріңіз» деп отырады. Ақын жігіт көпшілікке қаратып келінге жаңа туыстарын, көрші-қолаң, қайын-жұртын өлеңге қосып таныстыра бастайды. Әрбір туысын өлеңге қосқан сайын, келін абысындарымен қосылып, иіліп сәлем беру керек. Мұның көрінісін жоғарыда келтірілген мысалдан толық байқадық.

«Отқа май құю», «беташар», «сәлем салудан» кейінгі келетін, мағынасы өте тереңде жатқан салттарымыздың тағы бір түрі – «неке қию». Осы некеге байланысты «ақ неке», «некеқияр», «некесін қиды» деген тіркестер тілімізде жиі ұшырасады. «Неке қию» — жауапты іс болып табылады. Қазақ салтында «ақ некеден» аттап қыз бен жігіт ешқашан оғаш қылықтарға бармаған. Шариғатта да оған рұқсат етілмеген, яғни күнә болып табылады.

Осы орайда, І.Кеңесбаевтің  «Фразеологиялық сөздігінде» : Ерлі-зайыпты боп тұрмыс құрмақ болғандардың бас қосуын шариғат жолымен, ескі салт жолымен куәландыру – деген түсінік береді [1, 536]. Неке сөзінің  мағынасын мына мысал арқылы дәлелдеп көрелік.

Зейнеп елде жүргенде шешелерінің айтқанынан есітетін: «Неке ерлі-байлы адамның тұрмысын бір-біріне байлайтын жіп. Бірін-бірі көрмеген, бірін-бірі сүймеген екі адамды неке сүйдіреді. Неке махаббат жібі, ерлі-байлы адам қаншама бірін-бірі көрместік болып араздасса да, неке тұрған жерде махаббат үзілмейді. Ал, ерлі-байлы адамның жиіркенішті тұрмысына дәнекер болып тұрған жіпті үзетін бір нәрсе бар, ол – талақ!…» [7, 109].

Ал, осы «неке қиюдың» тәртібі бізге біраз өзгерістермен жеткен деуге де болады. Олай дейтін себебіміз, салт-дәстүрге тұнып тұрған көркем шығармаларды еске түсіретін болсақ, «неке қию» ертеректе оң босағада, яғни жігіттің «ұрын келуінде» болатын салт екеніне көзімізді жеткіземіз. Түрлі ырым-жоралғылардан кейін қыз бен жігітті «ақ отауға» салған, яғни бұрынғы кезде қызды ұзатардан бұрын арнаулы үйде оны күйеуімен кездестірген. Қысқасы, қыздың некесі оң жақта қиылған. Ал уақыт өте келе бірқатар көркем әдебиетте де, қазіргі таңда да неке қызды ұзатып алып келгеннен кейін жасалатын салтқа айналған. Оның көрінісін келесі мысалдардан көруімізге болады.

Бір қарасам, екі жігіт Аюбайды дедектетіп ішке алып кірген екен. Мен некеқияр басталғанын сезе қойдым. Екі жұбай үйдің екі босағасында  қарама-қарсы жайғасты. Қожа әлгі екі куәгер жігітті шақырып алып, жұбайлардың аты-жөнін біліп келуді тапсырды. Әлгі екеуі Аюбай мен әпкемнің алдына кезек-кезек тақақтап барып, қайтып келді. Қожаға баяндап жатыр.

— Күйеу бала – Аюбай, Майлыбай мен Зылиханың ақ некесінен туған ұл – дінмұсылман. Жасы жиырма бесте.

— Қалыңдық – Үбиан, Момыш пен Рәзияның ақ некелі қызы, жасы жиырма бірде.

Қожа енді куәгер екі жігіттен: «Бұл міндетті бұлжытпай орындауға алла алдында ант етесіздер ме?» — деп сұрады. Аналар «ант етеміз» десті.

«Куәгер жүрер алдында жуынып-шайынып, адалданып, күнәдан арылып келдіңдер ме?» — деді қожа қайтадан. Анау екеуі «күнәдан пәк» екенін айтысты.

— Барыңдыр, екеуінен де сұраңдар! Бұл неке көңілдің қалауынан, жүректің еркімен қосылып па?

Екі жігіт қолдарына ұстатқан орамалдың ұшынан тізбектесіп қосыла сайрай жөнелді.

Куәдірміз, куәдірміз,

Куәлікке жүрәдірміз.

Таңның һақ қасында,

Дәл бүгін халық қасында,

Ақ куәлік берәдүрміз. –

десіп, құс қимылмен Аюбайға жеткенше айтып та үлгерді. Аюбайдың алдына келген соң, олар тергеуге ала бастады.

Момыштан сызған,

Рәзиядан туған,

Үбиан перизатты адал жар тұтуға дайынбысың?

Аюбай сәл қызарақтап отырды да, ұялғаннан «ризамын» деп мұрнының астынан сөйледі.

Куәлер енді осылайша әндетіп Үбианға да жетті.

Майлыбайдан сызған,

Зылихадан туған,

Аюбайдай арысқа

Жар болуға ризамысың?

…Әлден соң әпкем төмен қарап басын изеді  [4, 119-120].

Қожа қайтадан кеседегі суға төніп, әлденені оқыды да, бетіндегі орамалын алды. Сөйтіп куәге жүрген жігіттерге ұсынды. Олар кеседегі суды Аюбайға апарды. Ол суға ернін тигізіп қайта берді. Сонан соң куәлар Үбианға апарды. Әпкемде ернін тигізді. Бұдан кейін куәлар неке суынан дәм татты. Осылайша үйде отырған елдің бәрі де неке суынан ішісті. Кеседегі су таусылған соң, қожа екі жақтың некесі қиылды деп жариялады [4, 121].

Көріп отырғанымыздай, осы мысал арқылы некенің қалай қиылатынына, ондағы жасалатын түрлі дәстүрлерімізге көзімізді жеткіздік. Оның қаншалықты маңызды екендігін байқауымызға болады. Бірақ, бұрынғы мен қазіргі «неке қиюды» ортақтастыратын бар-ақ нәрсе бар, ол – шариғат жолы, «ақ неке» ұғымы болып табылады.

Жалпы қазақ халқының салт-дәстүрге, оның ішінде қыз баланың тұрмысқа шығып, отбасылы болуына байланысты қолданылатын тұрақты тіркестері өте көп. Бұл тұрақты тіркестер үйлену тойына байланысты ырым-жоралғыларымен, салт-дәстүрлермен жымдасып жатыр. Басқа да салт-дәстүрлердің өшкенін жаңғырту, ондағы тұрақты тіркестердің түп төркінін этнолингвистикалық тұрғыда зерттеу – тіл білімінің алдағы зерттелінетін проблемасы болып қалмақ.
Тағы рефераттар