ХХ ғасырдың басында Қазалы Қалалық шаруашылық басқармасы қалалық қорды көбейту мақсатында жылжымайтын мүлiктердi жалға беру жұмыстарын жүргiздi. Жердi, сауда лавкаларын, мал соятын жерлердi жалға беруге хабарландырулар жарияланды және оны  алуға азаматтардың өздерi өтiнiш бердi. Мысалы, Қазалылық көпестер мен саудагерлер атынан мешан Мұхамед-Салих Абубакировтың 1901 жылғы желтоқсан айындағы өтiнiшiнде, 1893 жылы алынған сауда лавкасының жалға беру мерзiмi 1905 жылы 1 қаңтарға дейiн анықталғаны. Осының алдында 30 жылға жалға алу туралы келiсiлгенiн, ендi неге өзгертiлгенiн сұрай отырып, келiсiм шарттың түзiлу жобасын ұсынған [1,14-15-пп.]. Соған тоқталсақ:

  1. Мен …Қазалы  қалалық шаруашылық басқармасынан жалға қала ішінен жер алдым.
  2. Белгiленген жердегi лавка  комиссияның көруiмен куәлендiрiлiп, оның қазiргi жайы туралы акты түзiлуi тиiс…
  3. Лавка менiң есебiмде жалға берілсе оны жөндеу жұмыстары менiң есебiмнен жүргiзiледi.
  4. Мен жылдық төлемдi уақытында апаруға мiндеттеймiн.
  5. Белгіленген   келісім  шарт  уақытында,  лавкасы  мен  жерді  басқа біреуге бере аламын… Жаңа  жалгер барлық міндеттерді мойнына алады.

6. Келiсiм шартты жазу шығындары менiң есебiмнен.

7. Қандай жағдайда да, кейбір қаралмаған істер заңмен басқарылады.

8. Iс қағазы екi жақта да сақталады.

1903 жылы 8 ақпанда Қазалы қаласының 70 лавка иеленушісінің атынан өзіне сенім артқан Георгий Вильгельмович Ливенсовтың Сырдария облысы жергілікті губернаторының атына өтініші бар. Онда дәл қазіргі уақытта осы лавкаларды иеленушілердің  бұдан кейін 20 жылға пайдалану және айлық жинауды осы кездегі мөлшерде қалдыруды сұраған [2, 9-9 арт. -п.].

1902 жылдың 23 шілдесінде Қазалы уездік басқармасы қалалық мал соятын орынды сатуға сауда жүргізетіні, жалға беру уақыты 1902 жылдың 1 қаңтары мен 1903 жылдың 1 қаңтарын қамтитыны, саудаға қатысу үшін 1701 сом 50 тиын төлеу керектігі, өтініш, өзінің жеке іс-құжаты болуы керектігі туралы 18 мамырда хабарландыру береді.  1901 жылы 4 тамызда 23 десятин 1500 кв. сажин мал жайылымдық жерді жалға беру үшін сауда жүргізіліп, ол 2556 сом төлеген, Жангаспай Асимовке беріліп келісім шарт түзілгені туралы дерек бар [3, 7, 41-41 арт. -пп.].

1902 жылғы 6 наурыздағы Қазалы қалалық шаруашылық басқармасының қаулысында төмендегідей мәселелер қаралған. Қалалық жердің бір бөлігін жалға беру туралы айта келіп, ол 1902 жылы 1 қаңтардан 1903 жылдың 1 қаңтарына дейін астық өндіру мен шөп дайындауға Михайловқа берілген. Осы жылдың 2 наурызында 110 сом ақшаны бұқаралық сарт Хамрабай Шимболатов төлеуге ұсынған. Қалалық шаруашылық басқармасы мынандай шешімге келген, жерді бір жылға жалға беріп, үлкен көлемде ақша төлеу, одан бір жылда үлкен кірісті күтуге болмайды. Сондықтан оны бірнеше жылға жалға берсе, иесі үшін де пайдалы, әрі ол өзінің құнын да өсіреді. Осы мәселені Сырдария облысы әскери губернаторына жіберіп, рұхсат алу туралы айтылған [4, 20-20 арт. -пп.].

1901 жылғы 2 наурыздағы Қазалы қалалық шаруашылық басқармасының қаулысының көшірмесінде  жиналыста қалалық өткелді жалға берудің жаңа кондициясы туралы мәселенің қаралғаны анық. Қаулыда өткелді 3 жылға жалға беру және оның 23 тараудан тұратын ережесін берген. Ереженің негізгі дегендеріне тоқталсақ:

1.  Сырдария өзеніндегі өткел …жалға беріледі;

2. Жалгердің міндеттер, мысалы, жеткілікті деңгейде жұмысшылармен және паром, қайықтармен қамту;

3. Түні бойы жарық болуы үшін жалгер  әрбір паром мен әрбір жағалауға кем дегенде 2 фонарьдан қою керек;

4. Жұмысшыларға тұруы үшін жалгер өзен жағасында жер иеленуі керек немесе өз есебінен жер үйлер салуы керек, оны жылыту жалгердің есебінен болады;

5. Қандайда болмасын шығын болғанда оны жалгер жөндеуге міндетті;

6. Тасымал өткелінде төлемді мынандай мөлшерде бекітуге құқы бар: а) бес адамға –1 тиын,  б) аттар – 5 тиын, 4 тиын  в)  түйелер –10 тиын, 5 тиын, д) ірі қара – 3 тиын,  е) қой, ешкі, ұсақ малдар – 1 тиын;

7. Тауарларды тасу мен апарудан не иесінен, не тасушыдан ақы сұрауға болмайды. Егер де  зат қызметкерлердікі болса онда әрбір жүкке 3 тиыннан артық алмайды;

8.  Такса  орыс немесе түземдік тілінде жазылуға тиіс, ол көрінетін жерге ілініліп қойылуы керек;

9.Такса мөлшерін жалгер көтере алмайды. Қарсылық көрсеткен жағдайда 3 есе айып пұл төленеді. Жалгер ешқандай айып төлей алмайды;

10. Жалгер ақысыз өткізуге міндетті: а) қазыналық  заттарды, почта, кері  қайтарылған жәшіктерді, б) мемлекеттік қызметтегі және босатылған төменгі шендегілерді, в) түземдік әкімшіліктің: болыс билеуші, хат жазушы,  қызметтік іспен айналысушыларын, т.б.

12. Жалгер күндіз не түнде болсын, тез жылдамдықпен, барлық күшті жұмсай отырып, жүктерді өткізуге міндетті, тек боран мен мұз басып қалса ғана тоқтатады.

14. Керуендерді тексеру  өткел иесіне берілген. Егер күдікті жағдай туса, полицияға хабарлау керек» [5, 2-5 арт. -пп.].

Шаруашылық салада атқарылған игi шаралардың бiрi — Қазалы қаласының жергiлiктi тұрғындарын қажеттi тұтыну заттарымен қамтамасыз ету мақсатында тұтынушылар қоғамының құрылуы едi. Қоғамның уставын 1894 жылы 3 мамырда Әскери министр бекiткен. Устав 5 тараудан, 58 параграфтан тұрады [6, 6-7 арт.,11-11арт. -пп.]. Уставтың мазмұнына тоқталатын болсақ:

«Бiрiншi тарау. Қоғамның мақсаты мен жұмысы. §1-§3. Қазалы қаласындағы тұтынушылар қоғамының алдына қойған мақсаты өз мүшелеріне қажетті тұтыну заттарын жеткізу,  жергiлiктi халықты сапасы жақсы, жағдайға қарай арзан бағадағы және қоғамға түскен кірістен  қор жинау. Қоғам осы мақсаттардың негізінде а) тұтынуға қажетті заттарды сату және оны дайындау үшін жеке мекемелерді жалға береді немесе салып береді; б) саудагерлермен, өнеркәсіпшілермен, коммисионерлермен келісімге келеді; в) қаржының көбеюіне байланысты берілген рұқсатпен қалыптасқан ережелерді сақтай отырып, жеке меншікке айналдыра алады.

Тауарларды сату қоғам мүшелеріне нақты ақшаға немесе кредитке беріледі. Бөтен адамдарға тек нақты ақшаға сатылады. Кредиттің берілуі және оның ережелері қоғам мүшелерінің жалпы жиналысында шешіледі.

Екiншi тарау.Қоғамның қаржысы. §4-§10. Қоғам қаржысы айналмалы капиталдан және қордағы артық ақшадан құралады. Айналмалы капиталдың өзi мүшелiк пайдан, заемдардан құралады. Айналмалы капитал қоғамның сауда операциялары және күнделікті шығындарға қызмет етеді. Ал қоғамдағы артық ақшалар  қоғамға кiру төлемiнен, сауда кiрiсiндегi жылдық түсiмнен, кездейсоқ пайдадан, есеп кiтапшаларын сатудан түскен соммадан жиналады.

Үшiншi тарау.Қоғамның құрамы, мүшелерiнiң құқықтары, мiндеттерi. §11-§23. Қоғамға ер және әйел адамда мүше бола алады. Қоғамға кiрер кезде: а) Кiру жарнасы — 1 сом, б. 25 сом пай төленедi. Пай 1 рет ғана немесе бөлініп төленеді. Қоғам мүшелігіне 5 сом ай сайын 3 сомнан кем төленбейді. Әрбір мүше қоғамның айналмалы капиталына 20 пай төлейді. Қоғамға кірген әрбір мүшеге жалпы жиналыстың шешімімен уставтың бір данасы, есептеу кітапшасы беріледі, онда қоғам мүшелеріне берілген тауарлардың саны,  ақшасы, төленген төлемдер, кассадан алынған ақшалар көрсетілген;   Ескерту: есептеу кітапшасы қоғам мүшелеріне дивиденд берудің негізі болады.

Төртiншi тарау. Қоғамның басқару жұмыстары. §24-§52. Қоғамның жалпы жиналысы кезектi және кезектен тыс шақырылады. Жалпы жиналыс жылына 3 рет өткiзiледi. Жалпы жиналыс әрбiр рет өткiзiлгенде төраға мен хатшыны қайта сайлайды. Қоғам мiндеттерiнiң iшiне түрлi тауарларды жеткiзетiн  тасымалдаушылармен  контракт  және  келісім  түзу кiредi. Қоғам мүшелерi егер де, заттардың жоғалуына кiнәлi болатын болса, заң бойынша жауапқа тартылады.

Бесiншi тарау. Кiрiстi бөлу және қоғамның жұмысын тоқтатуы. §53-§58. Қоғамның кiрiстерiн бөлу жылдық есептiң бекiтiлуiмен жалпы жиналыста хабарланады. Кiрiстiң 10 пайызы қоғамның қорына жiберiледi, 50 пайызы қоғам мүшелерiнiң арасында бөлiнедi. Қалған 40 пайызы қоғам мүшелерiне пай ретiнде бөлiнiп берiледi».

Қазалы тұтынушылар қоғамы осы ереже негізінде  жұмыстар атқарған.

ХХ ғасырдың басында Қазалы қалалық шаруашылық басқармасы қалалық өмірдің қалыптасуы  мақсатында бiршама іс-шаралар жүргізгені, жалға беру келісім-шарттары ұзақ жылға жасалғаны  және арнайы ережелермен  реттелгені байқалады.

ӘДЕБИЕТТЕР 

  1. ӨР ОММ. 17-қ., 1-т., 22086-іс, 14-15-пп.
  2. ӨР ОММ. 17-қ., 1-т., 22086-іс, 9-9 арт.пп.
  3. ӨР ОММ. 17-қ., 1-т., 22047-іс, 7, 41-41 арт. пп.
  4. ӨР ОММ. 17-қ., 1-т., 21985-іс, 20-20 арт. пп.
  5. ӨР ОММ. 17-қ., 1-т., 22038-іс, 2-5 арт. пп.
  6. ӨР ОММ. 17-қ., 1-т., 22026-іс, 6- 7 арт.,11-11 арт.пп.

Тағы рефераттар