Қазіргі қазақ прозасында Т.Шапайдың «Үйдің иесі» атты туындысы − гротескілік әңгіме. Бұл әңгіме ә дегенде ұсақ-түйек оқиғаға құрылғандай көрінеді. Кейіпкер өзі туралы айтқанда, «орташа» деген ұғымға екпін түсіреді. Бұл ойдың астарында иллюзия бар. Т.Шапай прозасы − қазақ әдебиетіндегі саяси гротескінің ерекше үлгісі. Үйдің иесі – бұл қожайын емес, біздің қоғамның аллегориялық бейнесі. Қаламгер аталмыш шығармасында тұрмыстық, заттық, этнографиялық портреттік детальдар арқылы кейіпкердің рухани әлеміне тереңдей үңіліп, адам психологиясын ашады. «Детальдар арқылы кейіпкердің қоршаған ортасы, халық  тұрмысы шыншылдықпен бейнеленуі және сол дәуірдің мәдени-тарихи, тұрмыстық ерекшеліктері айқындалары хақ» [30, 271 б]. «Бұл пәтер бүгінде – сайтанның сауық үйі. Өзгелер бұл үйді Сайтан – клуб дейтін көрінеді». Сол сәт сөрелер қайғыдан «опырылып түсті». Бұл − күшті деталь. Қоғамның дерті күшті, ішінен іріп жатыр. Ал, бұл қоғамның рухани азғындап, іріп-шіруі қашан басталған?! «Сіз кітап оқуды қойғалы бері (яғни, не заманнан бері) осы үйді жын иектеді…» дейді үй иесіне қарсы сотта кітап шкафы. Жазушы заттарға адами кескін береді. Сылаңдаған сұлу қасық, күлімкөз рюмкалар – сайтанша арбайтын сұлудың өзі. «Алтын қасық аузыма кіріп шыққан сайын мадақ айтады, күміс қасық құлағыма жағымды тәтті өсектермен сыңғырлайды» – бұл ер-азаматтың асыл қалыбына көлеңке түсіретін, қазақ қоғамын өрмекшінің торындай торлап алған жағымпаздықтың персонификациясы, яғни тұлғалануы. Өзі тұтынған заттар үй иесін жан-жағынан қаумалап, қарғыс айтады. Сол сәт тәубесіне түскендей болған ол «қайран алтын күндерім» деп, көкірегі қарс айрылады. Бұл өкініштен Шәкерім қажының тура осылай зарлағаны, жастық шағын сағына, алаңсыз күндерін аңсап құса шеккені еске оралады. Абайда бұл өкініш − ұлттың, этностың ащы өкініші: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» − қазақтың көп игіліктен кенже қалуы.

Бұл әңгімеде заттар адамдардың мінез-құлқын қабылдап алған. Оқиға үй ішінде өтеді, пәтер − мемлекеттің символы. Қазақтың қазіргі мінезі заттарға көшкен: «Мен − қонақ шақырғанды, той-домалақты сүйетін адаммын». «Өзім жетелеп әкеп, кәделі мүлік қатарына қосқан орындықтарым опасыз болып шыққанда, қалғаны мені жұлып жер, сірә». Бұл да қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың аллегориясы. Енді пәтердегі зат атаулы бұрынғы құлдық, құлшылық мінездерінен жаңылып, қожайынды соттайды. Гротеск, сарказм әдісі, Рабле прозасының ықпалы байқалады. Көркем шығармадағы көркемдік құндылықтардың  бірі осы заттар әлемі екендігі сөзсіз. «Сенің бар мәдениетің осылар» – дейді кітап шкафы, яғни руханияттың тұлғалануы үй иесіне ыдыс-аяқтарды нұсқап. Жемір қоғамда қарын мен қара бастың қамы мемлекеттік, отаншылдық мүддеден биік тұрады. «– Сенің аузыңа, құлағыңа, қарныңа қызмет ететіндер ғана бағалы, сыйлы, қоңды-күйлі. Сенің миың мен жаның ұйықтағалы біз азып-тозып, бітіп барамыз! Сен көресің бе осыны?.. Ұғасың ба… нағылет?!». Бұл енді памфлетке ұқсайды. Сатиралық проза осындай пафосты сүйеді. «Ол, ол ма, осы үйдің еденін шаршылап бөліп, сатып жібере жаздаппын! Әлі де ол ойдан қайта қоймасам керек. Шешен шәйнек қанша дүние шашқанымды, қанша затты жалға бергенін қылға тізіп айтады». Бұл жердің сатылуы мен ұзақ мерзімге шетелдіктерге жалға берілгеніне тұспал. Үйдің төбесін өрмекшінің торы басқан. Біздің қоғам да сол сияқты. Былық пен шылық. Үйді ол қараусыз қалдырғандықтан, қоғамнан аласталады – енді жаңа үй іздеуге мәжбүр. Қоғам тазару мен жаңаруды күтеді. Әңгімедегі гротеск ащы әжуадан туады. Бұл тұста Аристотельдің катарсис идеясы айқын сезіледі.

Қ.Әбілқайырдың «Қағаз қаласы» атты әңгімесіндегі әлеуметтік сатира айқын. Баспанасыздық дерті қазақ қоғамын шырмауықтай шырмап алды. Жастар үшін бүл үлкен кедергіге айналды. Өзіне-өзі сенбеу, келешегіне күмәндану содан басталады. Қазақ халқы, оның өсіп келе жатқан ұрпаққа ие болатын бөлігі мұның зарын сұмдық тартты. Бұл қоғамда тамыр-таныстық, жағымпаздық дертін тудырды. Өзін-өзі кемшін сезіну енді нәсілдік, ұлттық ерекшелікке айналып үлгеруге шақ тұр, талайлардың  тауын шақты. Әңгіме бірінші жақтан баяндалады. Гротеск пен гипербола мол, әңгіменің көркемдік құнын арттыратын да − сол. Автордың алып отырған суығы, жылуы жоқ үй әлеуметтік жағдайы жоқ суықтық. Қаңғыбас кім? Жазушы даладан келіп, қаладан ұядай орын таппаған сансыз қазақтың мұңын көрсетіп отыр. Баспанасыздық зарын тартқан қазақ ұлттық болмысына тиетін зиян мен зардапты шегіне жеткізе суреттейді. Бұл пәтер неге аспанда? Риторикалық сауал емес, пәлсапалық нышан. Пәтер құны аспандап кеткен заман, қазақ үшін ұсынса қолы, жетпейді. Бұл тақырыптық жағынан Қ.Мүбарактың «Пәтер» атты әңгімесімен үндес. Тіпті бір гротеск тәсілді екі жас жазушы қатар қолданады. Екеуі де жер бетіндегі пәтер емес, көктегі пәтерді яғни, қиялда ғана, тіршілікте болмайтын байлықты көксейді. Ел болу үшін мұндай әлеуметтік теңсіздіктің жегі құрттай зияндығын ашады. Яғни, шығармада бүгінгі әлеуметтік шындық, қазақ тағдырындағы шешуін күткен түйінді мәселе – баспана мәселесі негіз болады. Әңгімедегі аллегория пәтерсіздікті ишаралау үшін алынған. Пәтерлер пәтер сияғы жоқ, бұл да фантастикалық детальдар арқылы әсірелене суреттеледі. Бұл да − ишара, қазаққа жақсы, құны жоғары үй бұйырмайды деген түңілісті сарыннан туған. Басшылар төменді менсінбейді, жоғарыны ғана көреді. Мәтінде «жағымпаз үкімет, көз жұмған депутат» деген тіркестер бар. Жазушының қаламы солай жазуға тиісті. «Ауа райы ешбір министрлікке бағынбайды», − екен деп, таң қалысады» – бұл да − жалдамалы құлдық психологиясы құрсаған бүгінгі қазақ қоғамының сиқы.

Қ.Мүбарактың «Пәтер» атты әңгімесінің де негізгі тәсілі гротескмен берілген. Тақырыбы − қазіргі қазақ жастарының әлеуметтік жағдайы Әңгіме қызықты оқылып, оқырманды  тең баурап алады. Себебі, бұл − ауылдан, кең даладан қым-қуат тіршіліктегі қалаға келген қара көз қазақ баласының  бір баспанаға зар ауыр халі. Әңгіме кейіпкер атынан баяндалған. Диалогқа құрылған. Қазақ жастарына мынау нарық заманында үлкен, кіші қалалардаң жайлы пәтер алу – арманнан ары, жеті қат көктегідей қол жетпес қиял деген сөз. Мақалда: «Кісідегінің кілті аспанда», − дейді. Жас автор осы мақалдан өз әңгімесінде метафора жасайды. Үй бағасы шырқап тұр, оған қарапайым халықтың қолында қаржысы, өлсе, жетпес. «Ақымақ, – дейді көршім. –Ақымақ, үйдін кілтін алудан бұрын ұшуды үйренуін керек», – деп қайтадан лып етіп көкке көтерілді де кетті» [29]. Әңгіме осылай аяқталады. Гротескілік сипат әңгіменін негізгі идеясын ұқтыру үшін қызмет атқарады. Шындық өмір мен қиял шектесе алмай қиналады. Ащы әжуа авторға қоғамдық үкімді, қарғысты астарлап, айту үшін қажет болған. Және ол ниетіне жеткен. Әңгіме соңындағы өз ернін өзі қыршып, қаны бұрқ еткен кейіпкердің көңіл-күйі − Қазақстандағы талайларға етене таныс ауыр әлеуметтік зардап суреті.

Т.Нұрмағамбетовтің «Ұлттың дерті» атты әңгімесінде де қазіргі заманғы демократия мен демогогияны әшкерелеу үшін автор гротескіні таңдайды. Мылжыңдық, құр сөзді сапыру, теңіздей тасыған бос сөздер − мұның бәрі өтірікті пір тұтып, көз бояуды амал қылып алған кез-келген қоғамның малданары. Әңгіме кейіпкері зейнет жасына шыққан соң осы көк мылжың дертке ұшырады. Ұзамай дерт асқынып,  ұлына, одан немересіне жұғады. Ақыры ұлттың өзегіне түскен жегі құртқа айналады. Біз − әсіре дақпыртшыл халықпыз. Оған көңіл жықпастық тағы қосылады, жағымпаздық мүлдем буып тастайды. Өтірікті пір тұту рухани құндылықтары азайған қоғамды меңдуанадай шырмап тастайды. Автор әңгіменің соңына шейін үміт қалдырмайды. Әлеуметтік сауалдар қазақ қоғамын сансыз сұрақтармен шырмап отырғаны рас. Автор бұл әңгімені асқан отансүйгіштікпен жазады. Асыра сілтеп кететіні содан. Мына әңгіме түңілдіріп жібереді де. Ал, ұлт туралы туындыны олай қара бояуға мала беру аса қатерлі құбылыс екенін ұмытпауымыз керек.

Сонымен қатар, Т.Шапайдың «Ауыз бен құлақ» атты әңгімесі: «Әркім өз бетінше сөйлеп жүр… Ешкімді ешкім естімейді, ешкімді ешкім түсінбейді. Өйткені ешқайсысының аузы бос емес!». «Ауыз осынша жыл босқа айқайлағанын ұқты, тыңдайтын құлақ жоқ екен!» − деп басталады. Әңгіме идеясы әлеуметтік жағдайды гротескіге гипербола тәсілін қосып бейнелеу. Бір мемлекет көк мылжың, ақпа құлақ. Бұл енді демократия деген атаумен беріледі. Ертегі түрі дұрыс таңдалған, бірақ мысалға келеді. Аңыздағы Вавилон мұнарасы еске түседі. Онда ығы-жығы, абыржыған, у-шу халық бір-бірін түсінбей қор болады. Егемендік алған еліміздің кейбір кемшіліктерін көркем проза түрінде автор осылай ашады. Мұндағы Ауыз – қалың ел. Құлақ – билік. Құлақтың туған айдай шеті қылтиды. «Сонда көрді: Құлақ бітеу екен!». «Құлақ өлі туған екен!». Автор ертегілік, эпостық тәсілді еркін қолданады. Рухы төңкерісшіл, айбат көрсетеді. Жасу жоқ. Ал Ә.Кекілбаевтың «Ауыз» атты әңгімесінде, керісінше, рухы тым төмен, жасық. Экзистенцианальды, түңілісті сарында жазылған. Өмір сүйгіш рухтан ада. Екі әңгіме де санасы сарғайған, құлдық психология мен коррупция дерті меңдеткен ортақ қоғам туралы жазғанмен, арасы жер мен көктей. Рухани құндылықтар әлсіреп, материалдық құндылықтар шырқап кеткен қоғам түбі азып, құриды. Бұл − аксиома. «Алдымен адам деген мұның еш жерде көрмеген мақұлығы сияқты» көне дүние философының күндіз қолына шам ұстап адам іздеп жүргені туралы әпсананы еске салады. Ол бөшкедегі Диоген болса керек. «…Еш түсінгісі келмейтін «адам», «ой», «пікір» деген пәлелерді бейшара бала білмесе, білмей-ақ қойсын» деп ойлады» – Ә.Кекілбаевтың «Ауызында» мүлдем саңылау жоқ. «Ауыз бен құлақта» жарық мол. Үміт күшті. Авторлардың өмірлік ұстаным бір кішкентай ракурста болсын көрініс табады. Бірі − күрескер, қайсар, ұлтжанды. Бірі − әлсіздік, салғырттық танытады. Адамға сенбейді. Сөздің жаны кіріп, материялануы бар. Әңгіме көп сөзді, шұбалыңқы. Артық кететін, көлемі жалпақ кететін тұстары бар. Кейіпкердің болмысында бір дерексіздік бар. Бұл да авторға сын. Тегінде осы тектес гротеск басқа әдебиетте бар. Әлі де жетілдіре түсетін тұстары болса да, көркемдік әдіс − қазақ прозасы үшін тың қолданыс. Автордың туындылары сонысымен бағалы.

Қазіргі қазақ прозасындағы жете зерттелмеген саланың бірі – сарындар, соның ішінде айқай сарыны. Т.Нұрмағанбетовтің «Айқай» повесі сонау грек-түрік соғысы тақырыбына арналған. Өткенге көз жіберіп, шегініс жасау арқылы әңгіменің ішіндегі әңгіме желісі өрбиді. Автор айшықты прозаның өрнектерін қолданады. Т.Нұрмағамбетовтің бұл  шығармасындағы түрлік ерекшелігінің бірі ­осы «айқай» сарынынан танылады. Қазіргі қазақ прозасына өз үнімен «айқайлап» келген Оралхан Бөкейдің Айқайы қандай еді? Абайдың айқайы­ жартасқа барып соғылып, кері жаңғырып қайтқан − сол Баяғы айқай еді. Ал, Оралхан Бөкейдің айқайы ­ − Алтай  тауын жаңғыртқан, қайта-қайта жаңғырығып тұрар – Анаулардың айқайы еді. Т.Нұрмағамбетовтің айқайы − алапеспен ауырған тіліне, нәсіліне, ұлтына қарамайтын адамдардың, яғни тәніне ғана емес жан-жүрегіне, жан-дүниесіне алапес дағы түскен барша адамзаттың баласының  айқайы.

Жалғыздық сарыны. «…Жалғыз қалдым, тап шыным», − деп Абай айтқандай, қазіргі  қазақ прозасында жалғыздық сарыны түрлі пішінде беріледі. Жиі кездесетін жалғыздықтың түрі − махаббаттағы жалғыздық.
Мәселен, Бейбіт Сарыбайдың «Жалғыздық жыры» әңгімесінің өзегі:«Мен адамды бір-біріне жақындататын тән емес, жан екендігін ұғынғандай болдым.Ол жалғыз екен. Жаны жалғыз екен. Жалғыздығынан қашып құтыла алмапты». [31, 194 б]Бұл − жас автордың тұжырымдамасы. Көп ішіндегі жалғыздық идеясы мұнда ерекше лирикалық қуатпен суреттеледі. Әңгіменің жұмбақ романтикалық мұңға оранып тұратыны сондықтан. Бірақ бұл әңгімеде адам баласының табиғатына тән бақытқа құштарлық сезімі күшті. Оқырманды түңілдірмейтіні сондықтан. Әйтпесе екі ғашықтың бейнесі толық ашылмаған. Олар бір символ тәрізді. «Алайда сезім диалогы дамымаса, бақыттың орнын қайғы басады. Қайғының досы – жалғыздық [18, 511 б]. Әңгімені тылсым мұң әсерлі қылып тұрады. Автор сенімді күйретпейді, сонысымен ұтып тұр. Бұл әңгімедегі жалғыздық қазіргі қазақ қоғамын өрмекші торынша торлаған рухани жалғыздықты білдіреді.

Жазушы Р.Отарбаев «Аспандағы ақ көбелектер», «Қытайдан жеткен сәлемдеме» атты әңгімелер мен повестер жинағында жалғыздық тақырыбын аз көтермеген. Д.Амантай «Қайдан келдің жалғыздық?» деп өз прозасында талғамы биік кейіпкерлерінің жатсынуын жалғыздыққа әкеліп тірейді. Жалғыздық сарынын қазіргі қазақ прозасында өмір мен өлім тұжырымдамасы тұрғысынан қарастыруға болады. Жалғыздық сарыны прозалық туындыларда алуан түрлі сипатта көрініс табады. Мәселен, М.Әуелханның әңгімесінде қарт көңілдің жалғыздығы айшықты прозаның өзгеше көркемдігімен кестеленген.

Р.Отарбаевтың «Аспандағы ақ көбелектер» атты кітабындағы «Торшақыз бен тотықұс» әңгімесінде өзгеше тағдыр тордағы тотықұстың атымен беріледі. Әңгіме тордағы құстың атымен беріледі. Бұл − тұспал. Жалғыздықтың шектен шығуы. Адамдардың психологиясындағы әсіресе, қалалықтардың көбінің төрт қабырғаға қамалып, елеспен өмір сүруі, қазақтың оқу оқыған қызының көбіне дұрыс отбасы құра алмай қалуы тақырып етіп алынған. Күндестіктің асқынған сипатын көрсету арқылы автор уыты күшті жалғыздық сипатына тереңдей енген. Ал, Р.Отарбаевтың «Дүние ғайып» повесінде. Аласапыранда жақсылық пен жамандықтың беттесуі арқылы баяғы аңыздағы Абыл мен Қабыл оқиғасының вариациясы беріледі. Автор өмір туралы толғауын Айнан бейнесі арқылы берген. Мұнда да жалғыздық азабы тым терең қаузалған. Иен даланың азынаған дауылды кеңістігінің өзі жалғыздықтың символы. Автор өзі де философиялық ойды тұғыр етеді.

Ал, Ә.Салықбайдың «Түн түнегіндегі екеу» атты әңгімесіне шығармашылық адамдарын шырмайтын жалғыздық арқау болған. Қабырғасымен кеңесу, жас жазушының арман, қиялының биіктігі әңгімеде әжептәуір шынайы көрініс тапқан. Үлкен әдебиет «раздвоение личности»  деп атайтын дүние емес. «Құдай қарызға берген бес күн», − дейді автор санасы буырқанып, сол тіршілікті көркем, мағыналы жұмсау − жазушы атаулының мақсат, мүддесі. Ұйқысыздықтың өліарасында жатып, жазушы-кейіпкер өз-өзіне есеп береді. Қасындағы жауаптасқан серігі − ұйқы, ол кісі бейнесінде екен. Өзімен-өзі диалог құру − мидағы бір шығармашылық үдеріс, сол замат ол философқа айналып кетеді: «Біз өтірік айтуды ең әуелі өзімізді алдаудан бастаймыз. Шындық − шыңырау, өтірік өлермендігімен өміршең. Өтірікті шындыққа орап айтса, өтімді». Бұл − кейіпкердің ар алдындағы  таза ойы. Өзімен-өзі қалу адам үшін кілең мойындаулардан тұрады. Бұл әңгімеде де айна идеясы бар. Айнадан бетін көру. Бұл жан тазалығына кепілдік. Жебеуші періштесі, ұйқы-кісі өзін солай атайды, мұның бетіне кінәсін басқанда, түкірмепті, соның иллюзиясын жасапты. Айна жанын жарқыратып жібергенін көріп, кейіпкер қатты қуанады. Бұл оған өмірден түңілмеу үшін қажет. Жалғыздық идеясын автор солай түрлендіреді.

Сонымен қатар С.Жүнісовтің Ақан серісінің жалғыздығы өзгеше. Суреткер Ақан образын бедерлегенде, сол ақынның қоғамдағы тарихи орнын көрсетіп қана қоймай, сол заман шындығымен терең ұштастыра білген. Бұл тәсілмен ол Ақан образын жасаудағы ұтқаны көп. «…Өзгеше жол іздеді. Сұлуды сүю, маңына өнерлі жастарды жинап, дүниеден думандатып өту, жүйрікті таңдап мініп, саятшылықты кәсіп ету оның жалғыздыққа қарсы күрес амалы еді. Бірақ опасыз өмір сері жолына қақпан құрды да отырды. Батима мен Үрқияның өлімі, Ақтоқтымен ажырасу, кейін кездесіп, көз жазып қалған Жамал мен Балқадиша тағдырлары, Құлагердің мерт болуы, Қараторғай мен Базаралыдан айырылу, Құлагерге мініп, бәйгеге шауып жүрген кенже інісі Айбергеннің қазасы — бәрі де Ақан қашып құтыла алмаған, оны қамаған жалғыздық атты темір тор еді,” − [1, 96 б] деп академик С.Қирабаев баса назар аударып отырған Ақан серінің жалғыздығы − бүгінгі күні орыс әдебиеттануында “человек в мире отчуждения”, яғни өскен ортасынан жеру, қоғамынан түңілу, жатсыну, жалғызсырау пішіні болып табылады.
Тағы рефераттар