Қазан революциясына дейін дворяндық-помещиктік ағымдағы орыс тарихшылары Кенесарыны «қарақшы», «бүлікші» деп бағаласа, екінші жағынан, осы көтеріліс женінде арнайы еңбек жазған Н. Середа сұлтанның жеке қолбасшылық қасиетіне таң қалғаны сонша, оны «жеке басының аса ірі қасиеті бар билеуші, егер басқа жағдайда тәрбиеленсе, керемет мемлекеттік қайраткер болатынына» сенімі молдығын қайран қала суреттеген. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті өзінің 1951-жылдың 10-сәуірінде осы мәселеге байланысты қабылдаған қаулысының үшінші тармағының «В» пункітінде көтеріліс тек «бауржуазиялық-ұлтшылдық қозғалыс ретінде зерттелсін» деген нұсқау беруі былай тұрсын, Кенесарының жеке басына тағылған негізсіз айыптардан адамның жаны  түршігетін еді.

         Иә, сұлтанның біраз жантүршігерлік қатыгездігі болғаны рас еді. Бірақ көпшілік және бірқатар тарихшыларымыз да сондай біржақтылықтың шылауында кетіп, Кенесарының патша үкіметі мен қазақ елінің мүддесін соғыссыз, мүйіздеспей, келіссөзбен, бейбіт жолмен шешуге мейлінше күш салғанын есепке алмай, назардан тыс қалдыруға бейім болып келді. Осылайша талай тарихшының қырғыз және қазақ халықтарын «қасіретке душар еткен қандыбалақ» Кенесарының “кемшіліктерін”  табуға тырысқаны баршаға аян. Мақаламыздың осы бөлігінде Абылайдың жолын қуған, мұрасын шашыратпауға тырысқан өз заманының саяси қайраткері Кенесары Қасымовтың дипломатиясы жайлы дәйекті пайымдауларымызды ұсынып отырмыз. Сұлтан — алдымен қолбасшы, оның бұл қасиеті жайлы арнайы әңгімеде сипаттаған мақұл. Ал дипломатиялық қабілетінің қалыптасып, шыңдалуында заңды өріс бар. Бұл ретте мына бір жайға мән бере қарау қажет деп санаймыз. Оның дипломатиясы он жылға созылған табанды күресте шыңдалды. Патша үкіметінің жазалау-әскери қимылдарының және екі жақ күші ара салмағының үнемі Омбы, Орынбор және Петербург жағында басым түсіп жатқандығы көп-көп тығырыққа тіреді. Осындай қиын-қыстау жағдайда Кенесарының алдына қойған мақсатына дипломатия жолымен  жетуге  үміт  артуы  көңіл  бөлер  жай. /21/

Байырғы қазақ жерінде, тіпті, Оқжетпестің түбінде, Абылай алаңына 80 шақырым маңда отарлау ошағының шаңырақ көтеруі (Көкшетау өкірүгі) Қасым төре тұқымының бас көтеруіне түрткі болғанын атап кеттік. Әкесі мен ағасы Саржан сұлтанның көтерілісін жеткіншек жасынан қуаттаған Кенесары, әрине, мәселені шешудің бірден дипломатиялық жолына түспеді. Елдің дербестігіне қазақ руларының басын қосып, отаршылдыққа қарсы ойдағыдай арпалысса жетуге болады деп сенген жас сұлтан келіссөз әдісін бірден қалаған жоқ. Жиырма екі жастағы Кенесары Батыс-Сібір генерал-гүбірнатырлығы озбырлығына қарсылығын былай білдіреді: «Абылай хан тұсындағы Ресеймен келісімнің бұзылуы бізге үлкен нұқсан келтіреді. Құдай қаласа, барлық қырғыздардың басын біріктірсек, Абылайдың тұсындағы жағдайымыз қалпына келеді.» «Бұл ұсыныс Қасым төре маңайына түгел ұнады. Ресейге қарсы күреске көтерілуге бәрі де келісті» деген шешімді Е. Смирновтың өңдеуімен 1889-жылы Ташкентте орыс тілінде шыққан кітапта Кенесарының ұлы Ахмет те растайды. Кенесары көтеріліс басшысы ретінде Орынбор гүбірнатыры В.А.Перовскийге жолдаған алғашқы хаттарының бірінде жыпырлап салынып жатқан әскери бекіністерді ең болмағанда 35 жылға тоқтатуды талап етеді. Екінші талабы тұтқынға алынып, каторгаға айдалған Ғұбайдолла сұлтанды босату болған. Кейін 1867—1868-жылдардағы патшаның қазақ жерін отарлауға кең жол ашқан реформаға қарсы бағытталған, 1870-жылды қамтыған Маңқыстаудағы   адайлықтардың   көтерілісі  туралы  арнайы еңбек жазған Н. Середаның мәліметтеріне қарағанда, орыс үкіметі Ғұбайдолла сұлтанды 1838-жылы екінші рет қамауға алып, жер аударды, қара жұмысқа салған. «Уәлиев Ғұбайдолла ханның ешбір кінәсі жоқ, бізбен де байланысты болмаған», — деп ақтады өзінің туысын Кенесары В.А.Перовскийге жеткізген  хаттарының  бірінде.

ХІХ-ғасырдың 30-жылдарының екінші жартысынан былай қарай бірде Орынбор, бірде Батыс-Сібір генерал-гүбірнатырына әр түрлі мазмұнды хаттар жолдап, шиеленіскен ахуалды келіссөзбен шешуді ұсынған пікірлері Кенесары саясатының түбірін анықтайтын басты құжаттар. Атышулы сұлтанның кейінгі дипломатиялық талаптарының мәні мен мазмұнын тереңірек ашу үшін, біздің ойымызша, 1822-жылғы патша ұстабына отаршыл әкімшілер мен қазақ феодалдарының берген бағаларын салыстыру жөн сияқты. Кезінде «қарақшының» тұтқыны болып, 1848-жылы «Отечественные записки» жорналында «Төрт ай қырғыз даласында» деп аталған жазбаларын жариялаған барон Услар әлгі ұстабтың қазақ халқының еркіндігін табанға басатындығын мойындаған. Патшаның ақсүйек өкілі әулетінің қорытындысында  терең мән жатыр.

Жоғарыда аталған Н. Середаның 1833-жылғы Польшадағы азаттық күреске қатысқаны үшін қазақ даласына жер аударылған, 1847-жылы Сібір шекаралық комиссиясының әміршісі генерал-майор Вишневскийдің экспедициясымен Орта және Ұлы жүзде қазақ феодалдарымен тілдескен Адольф Янушкевичтің, орыстың ұлы саяхатшысы П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің және басқалардың жазбаларында Кенесары саяси тұлға, қолбасшы, шебер дипломат ретінде аса жоғары бағалағанын ішінара басқа мәселелермен байланыстыра айтып өттік. Янушкевич, патша генералы тобының құрамында бола отырып, кейіннен Кенесарыны бірде Әлжір халқының француз отаршылдарына қарсы күресінің көсемі, шешен, ақын Абд-Әл-Қадерға, бірде біздің жыл санауымызға дейін 2-ғасырда Рим импеирясымен күресіп, кейде өз одақтастарын да сатып кеткен, көптеген соғыстар жүргізген Нумидия патшасы Югуртаға теңейді. П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің Кенесарыны «Қырғыз даласының Митридаты» деп бағалауында мол негіз бар. Көпті керген, өз заманының аса білімді перзенттерінің бірі — орыс саяхатшысының қазақ сұлтанын Рим империясының жаулау саясатына қарсы табанды  күрес   жүргізген,   Кіші   Азиядағы  шағын  ғана   Понт патшалығының дербестігін сақтап қалуда әр түрлі жолдарды қарастырған, айла-амалдардан да тайынбаған, белгілі қолбасы Гней Помейдің жеңісінен кейін өзін-өзі өлтірген Митридат Евпаторға теңеуі — оның қолбасшылық, дипломатиялық  қасиеттерін  жоғары  бағалағандық.

Кенесарының әскери, дипломатиялық тапқырлығы мен айлакерлігінің, саяси қайраткерлік қасиеттерінің көтеріліс барысында мейлінше әсер етіп, оған қатысушылардың қатарының өсуіне зор ықпалын тигізгенін орыс тарихшылары кезінде бірауыздан атап айтқан. Н.Середаның құжаттарына қарағанда, ол өз туы астында топтасқан әр түрлі рулардың өкілдері арқылы (теленгіттер, батырлар, туыстары) күллі қазақ даласына үндеу таратып отырған. Соның нәтижесі — шалғай жерлерден де сарбаздар топ-тобымен келіп жатты. Кенесарының тапқырлығы Россия билігіне ойысқан сұлтандарды да өзінің ырқына көндіруге дейін жеткен.

Бірде мынадай оқиға болған. Полковник Қоңырқұлжа Құдаймендинмен бірігіп, көтерілісшілердің соңына түскен нағашысы Әбділда сұлтан Кенесары сарбаздарының қоршауына түседі. Патша өкіметіне өзін байлап бермек болып жүрген Әбділданы Кенесары жазаға тартпай, арнайы үй тіктіріп, екі тәулік қонақ етіп жібереді. Осы айласы кейін көп қазақ ауылының көтерілісшілер жағына шығуына әсер  етеді.

Россияның билігін таныған феодалдарға қарсы күресте Кенесары ауыз толтырып айтатын жетістіктерге жетсе де, масаттанбады. Қолындағы күш пен мүмкіндігін сарапқа салып, патша үкіметімен қайшылығын келіссөзбен шешуге зор мән берді. Граф В.А.Перовскийге жолдаған хатында І-Николайды патшалардың патшасы деп көпіртіп мақтап, мадақ сөздерді аямай үйіп-төккен. Оның «Ұлытау мен Кіші тауға әскер жібермеңіз. Басқаша болса, біздің жұбайларымыз бен балаларымыз патша ағзамға қызмет ете алмайды» деуі, сұлтанның осалдығының көрінісі емес, қазақ даласына әскерді жолатпаудың қамы болды. Кенесары В.А.Перовскийге жолдаған тағы бір хатында, Абылайдың кезінде ІІ-Екатерина патшайымға жіберген құжаттағыдай, «мен оған алыста, жақында болсам да жүрегім мен жанымды салып қызмет етуге дайынмын. Маған бір шен мен грамота алып берсеңіз», — деген өтініш  жасайды.

Кенесарының І-Николайдан атақ, шен сұрап, Орынбор әкіміне «жығылуын» бірыңғай феодалдық мемлекетті қалпына келтіру   жолындағы   тактикалық   айла  деп   ұққан дұрыс. Ханның бұл әрекетінің терең астарына мән бермеген, бірақ қуанып қалған В.Перовский Петербургке жолдамасында: «Мұғалжардан шығысқа қарай көшіп, жайғасқан Кенесарының өтінішін қабылдап, оның беделін қайсақтар арасында орыс билігін күшейту үшін пайдалануды жөн көремін», — деген ұсыныс енгізеді. Бұл ойға Петербург сарайы тіпті құлақ салмайды. /22/

Бірақ бұл кезде империядағы саяси ахуал да өзгеріске ұшырады. Бұхар әмірі мен Хиуа хандығының Кенесарымен жақындасуы, әскерлердің бір бөлігін имам Шәміл туы астында топтасқан «ғазауат» жариялаған тау халықтарының күресін басуға аттандыру қажеттігі патша үкіметін қазақ ханымен келіссөз жүргізуге итермеледі. Келіссөз арқылы қазақ хандығын сақтап қалуға үміттенген Кенесары да дипломатиялық шаралардан бас тартпады. 1840-жылы өзінің інісі Көшекпен бірге қол қойған (арап тілінен аударма) І-Николайға жолдаған хатының мазмұнына мән берсек, Кенесарының патша үкіметімен келісуге әлі де үміттен таймағанын байқаймыз: «Патша ағзамға, ең құрметті, биік, бақытты тақта отырған ұлы патшаға… Сібірдегі сіздің генерал-гүбірнатырларыңыз және генерал-майорларыңыз күшке сүйеніп, біздің ханымыз, атамыздың иелігін басып алды, дуандар ұйымдастырды. Осыны біз Сіздің рұқсатыңызбен істелген шара деп қарамай, генералдарыңыздың шектен асып кеткендігінен деп білеміз. Осыдан Сібірдегі орыс адамдарымен алыстық та шайқастық. Ұсынысымызды қабылдамасаңыз, біз Үргенішке (Хиуа) көшіп кетеміз…». Хаттың екінші бөлімінде Кенесарының тұтқында болған «орыс казағы» Лобановты босатқанын, осыған жауап ретінде «патша ағзам да соғыста тұтқынға түскен жігіттерімізді босатады» деп сенім білдірген.

Кенесарының Орынбор және Омбы әміршілеріне жазған көптеген хаттарының бір ойландыратын жері — шындығында қазақ ханы нағыз қандыбалақ І-Николайға үміт артқан ба, озбырлықтарды тек патшаның шенеуніктерінің істеп отырған зардаптары деп ойлауы да мүмкін екеніне таң қалуға болмайды. Кенесарының Орынбор әкімшілерінің ішінде ерекше сеніммен қарайтыны Петербургта да байланыстары берік генерал-майор А.Ф.Генс болды. Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасына Кенесарының хаттарынан жылы лебіз аңқиды. Басқа да деректерге қарағанда, Генс — көшпенді қазақтарға ілтипатпен қараған әскери шендегі белгілі шенеунік. Орынборда А.Ф.Генстің қолына табыс етілген, кейіннен 1843-жылдың маусым айының 23-інде соғыс міністірлігіне жіберген хаттан үзінді келтірсек: «Сіз Орынборда тұрып, денсаулығыңыз тәуір болса, маған көп жақсылықтар жасайтындығыңызға сенімім мол, өзіме де жаманшылық болмас. Сізбен кездесуге құштармын, жоғары мәртебелі императорға көп жай туралы жеткіздім. Суайт өтірікшілерге сенбеңіз, Сіз императорға жақынсыз, бізге де қамқоршысыз. Өтінетінім, болып жатқан жағдайды жоғары мәртебеліме жеткізсеңіз. Бұл біз үшін зор қайырымдылық болар еді» .

Алайда Еуропаның жандаралы, декабристерді қанға бояған, Польшадағы азаттыққа ұмтылуды аямай жаныштаған, тау халықтарын қырып-жойған, империяны мылтықтың найзасының күшімен ұстап тұрған Николайдың қанішер қимылдарын өз даласының еркіндігі үшін арпалысқан Абылайдың немересі білмеген болар. Патша үкіметінің мақсаты — елшілік жіберу арқылы Кенесарыны тәуелділікте ұстау болса, сұлтанның мақсаты — елшілердің көзін жеткізіп, өкірүгтерді жойып, қазақ халқының тәуелсіз өмір  сүруін қамтамасыз  ету.

Ресей үкіметі орыс әскері бас штабының поручигі Герн мен Долгов бастаған елшіліктің алдына нақты төмендегідей міндеттерді орындатуды тапсырды: ханға империяның билігін мойындаттыру, Бұхара, Хиуа хандарымен Кенесарының келіссөз жүргізуіне тиым салу. Кенесарыға бәрінен ауыр тигені — патша үкіметі белгілеп берген жерлерде ғана көшіп-қону, орыс әкімдері тағайындаған сұлтандарға бағынуға көну талабы болды. Әрине, сұлтанның бұл әділетсіз талаптардан бас тартуының толык, негізі бар еді. Малға жем, шөп керек деген желеумен бірнеше ай бойы даланы кезген Кенесары әскерімен бірге «қаңғырып», әбден титықтаған орыс елшілері мардымды нәтиже шығара алмай, кері қайтты. Кенесарының табандылығы маңайындағы батырлар мен сарбаздарды  қайран қалдырып,   риза  етті.

Сұлтанның патша үкіметімен арадағы тартысты жою мен феодалдық мемлекетті сақтап қалу бағытындағы ең алдымен дипломатиялық шараларға жүгініп отырғандығын, тіпті, 1838-жылдың қазан айының 26-сында өзіне сенімді бес елшімен Батыс-Сібір генерал-гүбірнатыры В.Д.Горчаковқа және І-Николай патшаға жолдаған хаттары айқын көрсетеді. Оның патшаға жолдаған хаты бұрын да,  кейінгі кезде де толық жарияланбағандықтан, осы арада мазмұнын толық беруді жөн көрдік: «Бүкілресейлік дара билеуші патша ағзамға. Бүтін «қырғыз ордасын» билеген Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымовтан. Тақсыр, төмендегі жағдайға көңіліңізді аударсаңыз, бақыттымын деп санаймын. Сіздің ата-бабаларыңыз, бізде менің атам Абылай хан билеп-төстегенде халық тыныштықта болды. Оған еш пенде қолын сұққан жоқ, екі жақ та саудаласты, қалыпты өмір сақтады, біздің қоныстарымыздан ешкім алым-салық жинамайтын. Кейінгі кезде біздің ха дан алым-салық ала бастады, әр түрлі қысым көрсетуді сезіндік. Бұрынғы бейбіт келісімді (трактат) сіздің төменгі буындағы басқарушыларыңыз, ақиқатпен санаспай, барша қырғыз халқын Ресейдің құрамында деп есептейді. Менің марқұм атам Абылайдың иелігінде жатқан өңірде Сіздің адамдарыңыз сегіз диуан құрғаны бізді қатты қынжылтады. Барлық қырғыз халқына қысымды тоқтату үшін және тыныш өмірдің рақатын көруді қамтамасыз ету үшін Сізден, ұлы патша, біздің өмірімізге қол сұқпауыңызды, сегіз диуанды және басқа да даламыздағы қоныстарды жоюды Сізден өтінуді бақыттымын деп санаймын. Құрметпен мөрін басқан Кенесары Қасымов».  /23/

Кенесары осылайша кикілжіңді келіссөздер арқылы шешіп, қазақ ауылдарының бейбіт өмірін отарлаудан сақтап қалуға үміт артқан еді. Жоғарыда атап қана кеткен Кенесарының Омбыға жіберген елшілері кімдер еді, ханның жолдамасы Петербургке жетті ме, елшілердің тағдыры не  болды?

Атақты тарихшымыз Е. Бекмахановтың тамаша зерттеуінде осы хатты В. Д. Горчаков арқылы империяның астанасына жеткізуді міндетіне алған Тобылды Тоқтин, К,ойшыбай Қазанғапов және үш қазақты 1838-жылдың көктемінде Омбыға аттандырылғаны айтылады. Ал Сібір қазақтары шекаралық басқармасы әкімшісінің міндетін атқарған полковник Ладыженскийдің Омбы дуанбасына жолдамасында әлгі бес елшінің 1838-жылдың желтоқсан айының 26-ында Үшбұлақ өкірүгтік приказының маңайында ұсталғандығы хабарланған.  Жоғарыда естеріңізге салғандай, Ерекеңнің кітабында бес елшінің екеуінің ғана есімі келтірілген. Біз ақтарған мұрағат қазынасы Кенесарының қалған үш елшісінің де аты-жөндерін, қай жақтан екендігін толықтыруға мүмкіндік береді. Олар-Жүсіп Жанкүшіков, Мәмберді  Қонысбаев,  Тайтоқ  Дөненов.   Тобылды  Тоқтин —35 жаста, сауатсыз, Ақмола өкірүгінің Мамай-Төртқұл болысынаң, Тайток, Дөненов — Көкшетау өкірүгінің Атығай болысынан, Қойшыбай Қазанғапов -33 жаста, Көкшетау өкірүгінің Керей болысынан, Мамберді Қонысбаев — Баянауыл өкірүгінідегі Мұса Шормановтың ауылынан. Жүсіп Жанкүшіков жөнінде біз қараған мұрағат істерін мәлімет кездеспеді. Елшілердің ішінде Қ.Қазанғапов орыс тілінде тәуір  білген.

Полковник Ладыженскийдің Омбыға хабарлауына қарағанда, елшілердің арасында Кенесарыға әсіресе жақын болған — Қойшыбай Қазанғапов. Ол басқалармен салыстырғанда «бұзықтығымен» айрықша көзге түскен. Үшбұлақта Қазанғаповты Омбыға қарауылмен айдап алып бара жатқанда, казак станицаларының бірқатар тұрғындары оны таныған. Елшілер алғашында жауап алу үшін Омбы қалалық түрмесінде қапаста ұсталып, 1839-жылдың желтоқсан айының 20-ында генерал-лейтенант В.Д.Горчаковтың шешіміне сай Шығыс-Сібірге айдалуға кесілді. Желтоқсан айының соңғы күндерінде Кенесарының елшілері жер аударылғандардың Тобылдағы орталығына аттандырылған.

Кенесары Жетісу жеріне келгеннен кейін де жергілікті қазақ сұлтандарымен інісі Құдайменді Құлжадағы Қытай билеушісіне жібергендігі оның Шыңжандағы қазақтарға барып тыныштық табайын деген жоспарымен байланысты ма екен? Қытай әміршісі Құдайменді бір ай ұстап, қошемет, қонақжайлық көрсеткен, Абылайхан кезіндегі өзара қарым-қатынасты дамытуға уәде берген. Алайда Кенесары елшісі Шыңжан  әміршілерінен  саяси  қолдау  таба  алмады.

Патша әскерлерінің, олармен қоян-қолтық тасқан қазақ феодалдарының күштерінің қысымымен қырғыз жеріне кіруге мәжбүр болған Кенесары манап Орманға және т. б. жолдама жіберіп, салауат (мәселелерді келісіп шешу) жариялайды. Алайда сұлтанның озбырлығы да шектен асып кететін…
Тағы рефераттар