Қос қызметті аффикстер. Қазақ тілі аглютинативті тілдер тобына жатады. Сонымен байланысты сөзжасам және сөзтүрленім қызметін көбінесе қосымшалар атқарады. Қосымша термині алғашқы грамматикаларда «приставка», «послелог», «частица» делініп түрліше аталды. «Қосымша» терминін алғаш қазақ тіліне енгізген белгілі ғалым А.Байтұрсынұлы жалғанған сөзінің тұлғасын ғана өзгертіп, мағынасын өзгертпейтіндерді – жұрнақ деп атаған. Қ.Жұбанов болса, жұрнақ терминінің орнына «үстеу» терминін қолдануды ұсынған.

Ал Ы.Е.Маманов қосымшаларды, ең алдымен, не сөз жасайтын қосымшалар не форма ғана жасайтын қосымшалар деп жіктеу қажет деген концептуалды пікір ұсынады.   Кейін Ы.Мамановтың осы концепциясын дамытқан ғалым С.Исаев қосымшаларды осы негізде бөліп көрсеткен. Ғалым еңбегінде қосымшаларды осы үлгіде жіктеуде өзгешелік кездеседі. Ол сөзжасам қосымшаларының бір тармағы етіп – функциялық қосымшалар деген бөлікті қосады. Бұл қосымшалар — -дай, -дей, -ша, -ше, -сыз, -сіз, -ғы, -гі қосымшалары. Ғалым бұл қосымшаларды жаңа сөз де тудырмайтын, форма да тудырмайтын, контексте ғана өмір сүретін сөзжасам қосымшаларының ерекше қолданысы деп атайды [5, 226 б.].

Қазақ тіл білімінде жоғарыда сөз болған қосымшалардың тілдік табиғаты туралы ең алғаш тың пікір айтқан ғалым Ы.Е.Маманов болды. Ғалымның «Лекциялар курсы» қазақ тілі морфологиясының өзекті мәселелеріне, оның ішінде сөзжасам мен формажасамның аражігі мен есім сөз таптарының құрамында қаралып жүрген қосымшалардың сөзжасамдық, формажасамдық қызметтерін анықтауға арналған. Ы.Е.Мамановтың жетекшілігімен шәкірті Қ.Шаяхметов «Екі функциялы аффикстер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады (1973).

Қазақ тіл білімінде жоғарыда аталған қосымшалар Ә.Болғанбаев, Ә.Төлеуов, Ибатов, Ғ.Қалиев, М.Томанов, А.Ысқақов т.б. ғалымдар еңбектерінде сөзжасамдық қырынан біржақты ғана қарастырылған.

Бұл аффикстердің форма тудыру қызметін ашып айтпағанмен, өзіндік ерекшелігіне баса назар аударған Ғ.Мұсабаев пен Н.Оралбаева болды.

Бұдан кейінгі кезекте әртүрлі пікір қалыптастырып, әр бағытта қарастырылып жүрген аталған қосымшалар туралы айтқан Ы.Е.Мамановтың пікірлеріне жүйелі түрде талдау жасалады. Бұл қосымшалар А.Ә.Жаңабекованың кандидаттық диссертациясында талданып, Ы.Мамановтың тұжырымдарын басшылыққа алады [6] .
Тағы рефераттар