Батыр ағамыз 1921 жылы Павлодар облысы, Қашыр ауданы, Сұлуағаш ауылында дүниеге келген. Қазақ, КОКП мүшесі. 1940 ж. Павлодар педогогикалық училищесін бітіріп, Жанауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Қызыл Армия қатарына 1940 жылы қазан айында шақырылған. 1942 жылы артиллерия училищесін аяқтаған соң майданға кіші лейтенант болып аттанады. Оның соғыс жолдары Сталинградтан Берлинге дейін аралықта жалғасын тапқан.

Волгаға қарай жау құтырына ұмтылды. Осы арада Калач станциясы маңында Құдайберген тұңғыш рет фашист басқыншыларымен бетпе-бет ұстасты. Сталинград түбіндегі шайқаста 1942 жылдың желтоқсанында кіші лейтенант ауыр жарақат алады. Емделіп шыққаннан кейін 142 – ші пушкалық артиллерия бригадасы, 8-ші батарея басқармасының взвод командирі аға лейтенант Сұрағанов көптеген қала, ауылдарды азат ету мен Днепр, Одер, Висла секілді өзендерді жаудан тазартуға қатысты.

1945 жылдың көктемінде Кеңес Армиясының бөлімдері фашист жыртқыштарын өз ұясында талқандауға кірісті. Одердің батыс жағалауындағы шабуыл шайқастары кезінде Сұрағановтардың артиллеристері 49-шы атқыштар дивизиясының жаяу әскерлерімен бірге жылжып, оны үздіксіз оқпен қолдап отырды. Батарея командирі барлау ісін тамаша ұйымдастыра білді. 1945 жылдың 16 — 17 сәуірінде Полиц, Риссен, Цильтендорф ауданында оның барлаушылары дұшпанның бірнеше батареясының оқ ататын позицияларын анықтап алды. 49-шы атқыштар дивизиясының бөлімдері неміс қорғанысының маңызды тірек пунктерін алу үшін шайқасқан кезде, Қ.М. Сұрағанов дұшпанның траншеясына 200 метрдей қашықтықтан еңбектеп келіп, біздің артиллерияға нысананы дәлдеп көрсетіп берді. Совет зеңбіректерінен дүркін-дүркін атқылаған оқтың фашистерді өлтіре соққаны соншалық, біржола есеңгіреп қалған дұшпан кішігірім барлаушылар тобының батыл соққысымен ірі елді мекеннен қуып шығарылды. 23 сәуірде Фордер көлі маңында шабуы жасап бара жатқан 49-атқыштар дивизиясының 222-ші полкі дұшпанның қарша бораған оғы астында жатып қалуға мәжбүр болды.

Сұрағанов батарея зеңбіректерін 2-батальонның жауынгерлік сапына орналастырды. Артиллеристер дұшпанның Одер өзенінің қорғаныс жүйесіндегі ең соңғы траншеясын тура нысанаға алып атқылай бастады. Батарея дәлдеп атып, фашист зеңбіректерінің үнін өшірді. Осының артынша жау минометтері талқандалды. Біздің жаяу әскерлеріміз артиллерия оғының қалқалауымен гитлершілерді қорғаныс шебінен түріп шығарды, сөйтіп оларды өкшелей қуып, Одер-Шпре каналына шықты, дұшпанның кейін шегінетін жолы кесіліп қалды. Ұрыстан кейін санағанда Сұрағановтың оқ-қаруымен  жаусатқан траншеяда фашистердің 100 – ден аса солдаттары мен офицерлерінің мүрдесі алынды.

Өзінің жас сапарын құлаған Берлинде аяқтаған Совет Одағының Батыры туған Қазақстанына қайтып оралады. 1946 жылдың 15 маусымында КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығы бойынша аға лейтенант Қ.М.Сұрағановқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Қан майданнан аман-есен оралғаннан кейін де ұстаздық жолын жалғастырған. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» дегендей Құдайберген аға 1951 жылдары Алматыда Абай атындағы педагогикалық институтын тәмамдайды. 1955 жылы Қазақ қыздар педагогикалық институтында жұмыс істейді. 1975 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты, ал 1982 жылдан математика, геометрия кафедрасының доценті атағын иеленіп, қажыр қайратын ұстаздық жолына арнады. Туған елінің ғалым – қарт солдаты ортамызда жасай берсін демекпіз.

«Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» — деп Бауыржан Момышұлының нақыл сөзі Құдайберген Сұрағанов ағамыздың өмірімен астарласып, сырласып тұрғандай. 2006 жылдың 25 мамырында 85 жасқа толуы торқалы тойдың бір белесі ретінде аталып өтті.
Тағы рефераттар