Күйдің дамуы туралы қазақша реферат

      Қазақ күйшілерінің орындау мәнері аймақтық күй ұяларына байланысты дамиды. Күй әуені интонациялы саз ретінде әуелде бір түбірлі болғанмен орындаушылық мәдениеттің тезіне түскен кезде әртүрлі арнаға түседі. Қазақтың күй өнері негізінен төкпе, шертпе деп айдарланған екі машыққа  бөлінеді, соған орай олардың жерге, топыраққа тартып тұратын айшықты мінездемелері де бар. Төкпе және шертпе деген анықтама күйдің тәсілді тартысына байланысты туындаған кейінгі аттар, А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабындағы Тәттімбет жайлы зерттеуде шертпе күй деген сөз кездеспейді, мұндай атау У.Бекенов кітаптарынан кейін енген (Шертпе күй шеберлері.). Күйлердің қазіргі оқытудағы аймақтарға қарай ұялық бөліністері жеті мектепті құрайды:

1)Алтай күйшілік ұясы, аймағы –Шығыс Қазақстан ;

2)Арқа күйшілік ұясы, аймағы –Орталық Қазақстан ;

3)Жетісу күйшілік ұясы, аймағы –Оңтүстік Шығыс Қазақстан;

4)Қаратау күйшілік ұясы, аймағы –Оңтүстік Қазақстан;

5)Жиделі Байсын күйшілік ұясы, аймағы –Сырдария, Арал өңірі;

6)Орда күйшілік ұясы, аймағы –Батыс Қазақстан;

7)Түбек күйшілік ұясы, аймағы -Маңғыстау.

Күйшілік ұялардың бұлай бөлінуінің жүйесін алғаш жасаған А.Сейдімбек, оған дейін мұндай мектеби жіктеу жасалған емес. Бұл күй тарихы мен орындалу мәдениетіне дұрыс бағдар бере алатын нақты әрі дәл анықтама болды. Қазақ күйлерінің аймақтық ұяларының мұнан да басқа әлі айқындала қоймаған күйшілік мектептері бар, олардың көбісі өзінше төбелі мәнер болғанымен аз ескеріледі. Алтай күйшілік мектебінде – Тарбағайлық, Арқада – Тоқырауындық, Жаңа арқалық, Жетісуда – Таластық, Қаратауда –Күнгейлік, Жиделібайсында – Аралдық, Ордада – Оралдық, Түбекте –Үстірттік (Түркіменше шалу мәнері) мектептер қалыптасқан, және олар жеке күйшілік ұя болуға әбден ылайықты. Бұлардан өзге Іле, Шығыс Түркістан мен Байөлке жеріндегі күйшілік те өзінше төрге шығуға тұрарлық мәнерлі мектептер. Осы мектеп өкілдері – Аққыз, Тоқа, Байсерке, Үсен төре, Мәмен, Әренжан, Есір сияқты күйшілер орындаушылықтың шыңына шығып, артына із қалдырған домбырашылар. Бұл мектептер тәжірибеде орындаушылығы бөлек домбырашылық өнер болып бағаланғанымен жоғарыдағы мектептердің атына жалпылама телініп жүр. Осыларды қомақтай айтқанда қазақтың күйшілік ұяларының жалпы саны он сегіз болар еді:

Алтай, Тарбағатай, Арқа, Жаңа арқа, Тоқырауын, Жетісу, Талас, Қаратау, Қаратаудың күнгейі, Жиделібайсын, Арал, Орда, Орал, Түбек, Үстірт, Іле, Шығыс Түркістан, Байөлке.

Күйшілік ұялардан басқа үлгілік мектептер де бар. Әрбір күйшілік ұяның басында сол саладағы орындау мәнерін жасаған тұлғалар бар. Байжігіт, Тәттімбет, Қожеке, Сүгір, Қазанғап, Құрманғазы, Абыл сияқты күйшілер өз мектебінің іргетасын қалағандар және шығармашылығы ерен жасампаз (реформатор) сазгерлер. Олардың үлгілерін ары қарай дамытқан замандық күйшілеріміз солардың шәкірттерінің қолынан күй алғандар, әрі сол күйлерді тарту барысында өз орындаушылық мектептерін де қалыптастырған домбырашылар. Осы күні Ә.Хасенов, М.Хамзин, Н.Тілендиев, Ж.Қаламбаев, Т.Момбеков, С.Балмағамбетов, Б.Басығараев, Қ.Жантілеуов, Р.Ғабдиев, С.Шәкіратов сияқты күйшілердің орындаушылық мәнерлері де өз кезегінде жалғасын тауып, жеке мектеп болып қалыптасқан үрдіс саналады.

Қазақ күйлерінің шығуы, құрылымы мен тегі бір. Алайда, аймақтық  мектептерге бөлініп, жеке орындаушылық үлгілердің өз алдына отау тігетін  заңдылығы және бар, бұл үрдіс күй табиғатын тануға әсте бөгет болмайды,  керісінше, аспаптық музыкамыздың байлығы мен кемелдігін айшықтайды.  Аймақтық факторларды ескергеннің өзінде, күйдің шертпе, төкпедеп  бөлінуін тек қана тарту техникасының өзгешелігімен түсіндірген абзал.  Күйлердің әуелде бір сарынды болып (көне күйлер, аңыз күйлер) кейіннен  әрқалай мақамда дамуы – кезеңдену процессіне байланысты.

Қазақ даласының шығыс аймағына кең тарап, ғасырлар бойы дамыған  күйдің ұлы арнасы —  шертпе,күй атасы – Кетбұғыдан басталып Байжігітке,  одан Тәттімбет пен Бежеңе (Бейсенбі) ауысқан шертпе өнері ұлттық музыка  мәдениетінің классикалық мұрасы болып табылады.
Тағы рефераттар