Мәди Бәпиұлының күрескерлігі өз алдына, ақын, сазгерлігі өз алдына бір әлем. Оған музыка зерттеушісі Александр Затаевич және Ахмет Жұбановтар сонау жылдары баға берді. Мәдидің әніне тұңғыш рет ғылыми баға беріп, нотаға түсіріп алған А. Затаевич екендігі Зарқын Тайшыбайдың  «Алтын бесік ән орда» (Қарағанды, 1998 жыл)  кітабында жан-жақты суреттелген. Онда Александр Викторовичтің Ғаббас, Мұсылманқұл, Жұман тәрізді әншілер шырқаған Мәди әндерін сүйсіне тыңдап, қуана нотаға түсіргені айтылады. А. Затаевич Мәдидің әнін нотаға түсіріп, «Қазақтың 1000 әні» музыкалық-этнографиялық жинағына енгізген [2; №661, 251 б.]. Зерттеуші бұл әндерді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтан, жалынды ақын Сәкен Сейфуллиннен сонау жиырмасыншы жылдардың басында естіп, іштей қатты құмартып, қызыққан. Кейінде, 1926 жылдың жазында Қарқаралы — Қу өңіріне сол кездегі үкімет төрағасы Нығмет Нұрмақовпен бірге келіп, екі апта жатып, Мәди әндерін нотаға түсірді. Бағалы мұра осылайша тұңғыш рет ғылым   игілігіне қосылды. Мәдидің есімі, оның музыкалық мұрасы қазақтың әндері мен күйлерін терең зерттеуші, бес аспап білгір Александр Затаевичтің қаламына да ілікті: «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген іргелі ғылыми еңбектерге Мәди әндерінің нотасы мен сөздері енгізілді.[3; 45 б.]

Ал одан бұрын 1914-1915 жылдары қазақ даласында ән-күй жинаған, Шоқан Уалихановтың сүйікті досы Г.Н.Потаниннің назарына Мәдидің әндері іліккен. Белгілі орыс оқымыстысы «Сібір өмірі» дейтіп кітабында «Бүкіл Қарқаралы даласы Мәдидің әнін шырқап тұрғандай» деп жазған еді.

Академик-композитор Ахмет Жұбанов Мәдидің әншілік өнеріне мынандай баға берген: «Мәди халық бақыты үшін өмірін күреспен өткізген қайраткер. Оның шығармалары үнемі халықтың аузында, музыка майданында шаттық үніндей болып естіледі». Осы берілген баға — шын, әділ баға. Ал оның «Қаракесегі» жайлы Ахмет Жұбанов «Мәдидің «Қаракесегі» бүкіл қазақ халқының әнұраны десе болғандай»,  деп  бір ауыз сөзбен жеткізді. Асау өзендей буырқанған алапат күшті ән шырқалғанда 62 тамыры шымырламайтын қазақ жоқ! [3; 46 б.].

Қазақтың ұлы перзенті Мұхтар Әуезов Қарқаралы уезіне барған сапарында, Мәдидің қайғылы қазасы жайлы естіп қатты қапаланды.     Ақынның қалай атылғанын, қайда жерленгенін сұрастырып білгеннен соң,    «Қазақ елі» газетінің 1921 жылғы 8 наурыздағы санына «Мәдидің өлімі» деген азалы хабар жариялады. Сол хабарда болған оқиғаны толық баяндай келіп: «Қайран, арыстан жүректі ер Мәди екі жылдан бері бұрынғы тентек мінезден тыйылып, сенімді халық азаматтарының қатарына кірген еді. Ақ қардың үстінде етпетінен құлап қанға бөккен Мәдиді  Қарқаралы жұртшылығы арулап, ақыреттеп Мәліксайға Ақбейітке қойды» — деп жазған болатын. [3; 45 б.].  |

Тұңғыш рет Мәди туралы кітап жазған жазушы Әшімбек Бектасов болатын. Ол ел арасындағы әңгімелерді жүйелеп, ұлы бейнені жарыққа шығаруға талпыныс жасады. Оның «Мәди» деп аталатын алғашқы кітабы кестелі тілмен жазылған әдемі әңгіме еді. Мәдидің көркем бейнесіне көрнекті жазушы Әлжаппар Әбішев «Найзағай» атты үлкен роман арнады. Соның негізінде сахналық шығарма туғызды. Сөйтіп, Мәди тұлғасы театр сахнасынан да көрінді. Әлжекеңнің бұл еңбектері өте құнды, әрі тот баспас алтындай қымбат. Асыл бабамыздың әншілігі, сазгерлігі жайында ертеректе Мақсұтбек Майшекин, бертінде музыка зерттеуші қаламгер Ілия Жақанов бірнеше радио хабарларын ұйымдастырды.

Зерттеуші-ғалым, белгілі журналист Зарқын Тайшыбаев Мәди туралы тың деректер жинап, «Алтын бесік ән орда» кітабын жазды. Жазушы Сапарғали Ләмбекұлы, журналистер Масғұт Халиолла, Мақсым Омарбекұлы, өнерпаз Қыдырғали Рақымұлы көлемді мақалалар жазып, кейіпкер өміріне қатысты естіген — білгендерін ортаға салды. Ақын, марқұм Кәрім Сауғабай Мәдиге арнап деректі хикая жазып бастырды.

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, танымал журналист Ермек Балташұлының баба туралы «Сұрасаң-Мәди еді менің атым»драмасын оқырман қауым жылы қабылдады. Мәди Бәпиұлы туралы жазылғандардың басын қосса үлкен кітап болып шығар еді. Мұның сыртында Мәдидің ата-тегі, өскен ортасы, отбасы туралы тарихшы Ахмедия Ығыбасұлы бастаған бірнеше адамның естелік жазбалары да баршылық. Сайып келгенде, Мәди есімі ел есінде тайға таңба басқандай сақталып қалды.

Соңғы жылдарда бұқаралық ақпарат беттерінде Мәди туралы бірнеше жаңа деректер жарық көрген. Оның ішінде туысқандарымен сұхбаттар үлкен орын алады. «Орталық Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 19 мамырда берілген, Тоқаш Кәдікеев ақсақалмен сұхбат өте бағалы. Мәдидің дауысы құлаққа жағымды, жүректі тербететін, көмейден күмбірлеп шығатын қоңыр дауыс.  «Қаракесек», «Қарқаралы» сияқты әндер шырылдаған дауысқа көне қоймас.Ат сейістің пірі болғанын,құйғытып шауып келе жатып , аттан секіріп түсіп, секіріп мініп жүре беретінін, талай рет күш сынасқанын да көргендігін, балуандармен күреске түскенін тамашалағандығын, Тоқаш ақсақал әсерлі етіп әңгімелеп берген.Тоқаш Кәдікеев Мәди Бәпиұлының күйеу баласы. Бәпидің екі әйелі болған. Бәйбішесі Күләнда Бітібай қызынан Мәди мен оның қарындастары Үрия мен Мәпіруза туған.Осы Мәпірузаның жолдасы.Кейінгі уақытта баспа беттерінде беріліп жүрген Мәдидің жалғыз суретін,Атбасар деген жерде тұратын Қаракесек Жайсаң қажының Камал деген баласының әйеленің қолынан,1953 жылы Тоқаш ақсақал алған. Мәдидің Тоқашқа айтқаны: «Осы суретке 1915 жылы Атбасар абақтысынан қашып шығып, жасырынып жүргенде туысым Камал бір суретшіні үйге әкеліп түсірткен еді.(Ол кезде Мәди 35 жаста) Басымдағы тымақты Алшын – Жаппас елінің (Батыс Қазақстан) азаматы,абақтыда бірге болған жолдасым беріп еді.»Тоқаш атаның айтуынша, Мәдидің түрі ақ сұр емес, қараторы. Қашып –пысып жүргенде жүдеуліктен ақ сұр болып көрінуі мүмкін.Мына суретте көзі қысыңқы.Негізі көзі отты, қасқырдың көзіндей қып-қызыл еді.[ 4; 5 б.]

Тағы да бір Мәди жайлы дерек, Ұлы отан соғысының ардагері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Айтжанов Кәкен Дүйсембекұлының естіген, білгенімен бөліскені. «Руымыз Қарақесек, оның ішінде Шаншар боламыз. Шаншардың үш әйелі болыпты: Қыздамбике, Айбике, Нұрбике. Біздің аталарымыз Айбике-Шаншардан тарайды,- деп бастады әңгімесін ақсақал.-Шаншардың Келдібегінен Қаз дауысты Қазыбек би туады. Қазыбек бабамыздың бірінші әйелінен Қазымбет туады. Қазымбеттен Қанай туады. Қанай кейіннен Ер Қанай аталады, бұл кісі туралы М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында жазылған. Қанайдың бірнеше баласы болған, соның бірі Құлмамбет. Құлмамбет малды, бай адам болыпты. Бұл кісі тоқалдыққа өзінің қойшысының қызын алып, одан Жолдыбала туады. Жолдыбала ер жеткен соң Мәдидің атасы Алшынбайдың жылқышысы болған. Жолдыбала бабамыздан екі ұл бала туған: Шөней жоне Айтжан. Олар да әкесімен бірге Алшынбайдың жылқысын бағысады. Шәнейден екі ұл туады: үлкені Нұрлыбек, кішісі Дігербек (Дігербай), ал Айтжаннан үш бала туған: үлкен қызы Ақжар 1898 жылы туған, ұлы-менің әкем Дүйсембек 1900 жылы туған және үшінші баласы Құлшар 1908 жылы туған. Бұлардың туған жері-Едірей болысы, кейіннен совет үкіметі кезінде ол 2-ші ауыл аталған. Жоғарыда айттым ғой, Жолдыбала екі баласы Шөней жоне Айтжанмен Алшынбайдың жылқысын баққан деп, содан Алшынбай қайтыс болғаннан кейін оның малына баласы Қақабай иеленеді де, сол Қақабайдың бас жылқышысы біздің Шөней болады. 1880 жылы Қақабайдың інісі Бөпиден Мәди туады. Бозбала кезінде Мәди аталарым Шөней мен Айтжан ауылына барып күреспен шұғылданады екен. Шөней Мәдиді ерекше жақсы көріпті, Мәдиде Шөнейге көп үйір болып, ол кісіден көп тәлім-тәрбие алып отырған екен. Шөней өзі атасы Ер Қанай сияқты батыл да батыр, сөзге шешен адам болған екен. Шөнейдің есімі Әшімбек Бектасовтың «Мәди» атты кітабында Бөженей деп қате жазылған, ал шындығында ол біздің атамыз Шөней болған.»Тағы да аса бағалы дерек: «Мәди 1921 жылы  1 февральда Қарқаралы қаласында 41 жаста атылды, атқан Қарқаралы қаласының 5 участок начальнигі Жасанов. Оқ тиген жерден қан токтамаған соң больницаға апарған, соңғыда бір түн жатқан. Екінші күні Қарқаралыдағы Орынбасар диірменіне тақау тұратын бір жесір әйелдің үйіне апарған (бұл Айтжанның Дүйсембегінің үйі болу керек, өйткені Мәли: «Бәріміз бір атадан тараған туыспыз» деп қалаға келгенде осы үйге де түсіп жүрген), осы үйде бір күн түнетіп ертеңіне Қарқаралыдағы Құнанбай мешітінің азаншысы Әбіш молданыкіне апарып 3 күн сақтаған, өйткені қырдан әйелінің келуін тосқан, әйелі кешіккен соң 6-шы күні Мәліксайға аманат (уакытша) деп қойған, әйелі Қази қойғаннан кейін келген. Әбіш молданың үйіне бір жылқы сойып Қази жетісін берген. Елге алып баруға жол бойы денесі бұзылып кететін болғандықтан сол жерге (Мәліксайға) мәңгілік қалдырылған. Больницадан Дүйсембектің үйіне Мәдидің сүйегін алып келгендер: Рымбай Сатыбалдин, Әмен Сәдірбеков, Әбіш молда, Қапаштың Сәдуі және сол кездегі Қарқаралыдағы дәрігер Жүніс Сүгралин, Мәдидің жаназасын шығарған Әбіш молда сондықтан құлын жарғағын соған берген. Көшеде жатқан кезде басында отырып иман айтқан Рымбай Сатыбалдинге түлкі тымағын берген.

Мәди екі әйел алған: бәйбішесі Қази, екінші әйелі Дина. Екеуінен де бала болмаған. Мәди өлген соң Қазиды Қақабайдың Айғожасы алған. Айғожадан 4 бала тапқан, қазір бірі де жоқ.  Динаны Дәкімбек деген кісі алған, одан 3 бала тапқан, қазір бұларда жоқ.

Осы оқиғаның ішінде болған және Мәдиді ертеден білетін, бұрынғы Қарқаралы уезі, Ақсары болысы, руы Құдайберлі Әмен Хұсайын ұлы Сәдірбековтен жазып алған Хасен Мусин. 20.05.71ж. Осы қолтаңбамды сүйікті балдызым Кәкенге ескерткіш ретінде берем.» [5; 34-35 б.]

Ақын Серік Ақсұңқарұлының, 2008жылғы, бірінші нөмірлі «Мәди» деген ұлттық журналына «Менің Мәдиім» атты мақаласы жарық көрген.Осы мақаласында былай деп толғанған:  «Сұрасаң руымды- Қаракесек!»- деген ол.Абыралы- Қарқаралы- Қызыларай- Тоқырауын- Балқаш- Шуға дейінгі ұлан- ғайыр аймақты алып жатқан қалың Қаракесектің ұзын санын ғана емес, бекзат болмыс бітімін айтып мағмұрланған еді ол.

Атасы – азуы алты қарыс Алшынбай!Онымен Тобықтының тізгінін ұстаған Құнанбайдың өзі санасқан.Алшекеңнен туған Ділдә ару – исі қазақтың маңдайына біткен ең ұлы ақын Абайдың құдай қосқан қосағы.

Мынау сайын Сарыарқа.Атамыз күйеу болған жер,анамыз келін болған жер.Оның сайын төсін дүбірлетіп,небір жақсы мен жайсаң өткен.Соның бірі һәм бірегейі Мәди еді. Жер бетіне ұлы дүбір салған көшпенділер цивизилациясының соңғы тұяғы еді.

Дүниежүзілік поэзияда Мәдиге тағдыр таланы ұқсас бір – ақ ақын бар екен. Ол Франсуа Вийон. Француздар оны бүкіл Францияның пірі көреді.

Сарыарқаның орталығы Қарағандыда Мәдиді еске түсіретін не бар? Екінің бірі болса арманы — жоқ, Егіздің сыңары болса бір жөн.Ол біздің ұлтымыздан туған, ешкімге ұқсамайтын ерен тұлға еді ғой.Мәдидің заманы жаңа келді. Елі – азат. Бодандық келмеске кеткен.Мәдидің әнімен рухтанып,арқасына жырынан аруақ біткен қазақтың бүгінгі буыны ұлы тұлға алдындағы парызын қайтаруға тиіс![6; 4 б.]

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,ақын Кәрім Сауғабаев Мәдидің өлеңдері кең тараған ошақ Ақмола аймағынан «Өз елім деп келіп едім» атты өлеңін жазып алған.Кәрім Сауғабаевтың айтуы бойынша ақынның басқа өлеңдері онбір буыннан құралса,мына табылған өлеңнің өзгешелігі жеті буыннан құралып жазылған.

Өлеңінде   оның   өмірден   қажығандығын,  бойында,  ойын да  билеген     қайғы – қасіретін,  ел – жұртына өкпе назын да  аңғарамыз, — деп жазыпты ақын Кәрім Сауғабаев Қарқаралы журналына шыққан еңбегінде.

 

 

Өз елім деп келіп едім…

( Мәди Бәпиұлы)

Қол – аяқ жоқ домалап,

Құр кеудемен жорғалап..

Ғұмырдайда біз жүрміз,

Жол осы деп жобалап.

 

Ағайын жоқ,  туысқан

Мінезі жоқ жұғысқан.

Көңіл қалды әр істен,

Естіп аңдыр алыстан.

 

Ешкім білмес бұл сарды,

Өз елім деп келіп ем.

Өз халқым деп сеніп ем,

Ескі аруақтың орны деп,

 

Бұл қораға келіп ем.

Мұгша қоймай қуатын.

Қақабайға неғып ем?

…Сақта Алла пәлеңнен,

 

Асып тұр ғой шарадан.

Шағам тілмен шағып тұр,

Шиққан шыққан жарадан.

Жараның аузы бітпей тұр.

 

Ірің саулап ағып тұр.

Бізді аңдыған дұшпанның,

Табасы әбден қанып тұр.

Дұшпан ұстап қолымнан,

Иттер тістеп тонымнан…

 

Мәди бабамыз жайлы айтылған,  жазылған деректердің бәрі өте маңызды әрі бағалы. тағы бір маңызды оқиға,ғасырдың ғажайыбы, хас таланты Жүсіпбек Елебековтың Мәди әншімен кездесуі. «Мәдидің  «Қаракесек»,  «Үшқара»,  «Шіркін –ай »  сынды тағдырлы әндерін  1975 жылы Совет Одағының Батыры мәлік Ғабдуллиннің үйінде асқақ әнші Жүсіпбек Елебековтың өз аузынан тыңдағанмын. Сол бір мәжілісте ұлт зиялылары  Әлкей Марғұлан, Бауыржан Момышұлы,  Шапық  Шөкин,  Өмірбек Жолдасбеков,  Ісмет Кеңесбаев,  Ғайниден Мұсабаев,  Әди Шәріпов,  Шерхан Мұртаза сынды ардақтылар болғанды.  Жүсекеңнің бөрі басты таяғын,  киімін,  мүбәрәк қолын ұстағанның өзі бір ғанибет. » [7; 108 б.]

«1912 жыл.  Қоянды тауы.  Әйгілі  Жақыпбек әнші Жүсіпбекті  Мәдиге таныстырады.  Сонда атақты  әнші –ақын Мәди Жақыпбекке:

—         Баулып жүр едім де, қыран қанаты қатпаған балапанын қиядағыға баулиды.  Жастайынан  топ ортасына салуың маған соны елестетті.  Тек  өзіңдей  биікке самғайтын болсын, — деді де, маған қарап:

—         Кішкетай інішегім,  мені  байлар,  бектер  жек  көргенімен,  қарапайым  ел қадір тұтады.  Ендеше,  менің де бойымда  бір қасиеттің  болғаны да.  Мә, мына ақшаға көйлек алып ки,  менен тәбәрік болсын деп,  менің  қолыма  бір бөлек  қағу  ұстатып,  өзі тез басып  шығып  кетті. » [8; 22 б.]

Мәди   бабамыз   өмірдің   талан- таражына   түсіп,   тар   қапастың   ар

жағында жатып,  туған   жерін  аңсап,  халқының   арман  тілегін   әндеріне   қосып, қапаланып   жатқанда кішкене  болса  да,  көңіліне  медет  болар  алданыш  іздейді.  Мәди әні шартарапқа шалқып,кең тарайды. Есіл ердің даусын естіген жалпақ елі құрметтеп,ас-суын әкеліп,көңілін сергітіп, жігерлендіреді. Атбасар оязы адамның сырттаны Мәдиді қатаң бақылауға алды. Жолығуға сұранғандарды тәптіштеп тергейді.Осынау күндерде Баянауылдан ойшыл,дала данасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Атбасар түрмесіне ат басын тірейді. Әдейі іздеп келген Мәшһүр Жүсіпті Мәдимен сөйлестіруге ояз рұқсат бермейді. Себебі, Торғай  Өңірінде Әмір Әбдіғапар мен    Кейкі Батыр бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тұтанаған еді.  Қазақтың бұтақты мүйіз құлжасы Мәди  мен  әмбебап дарын Мәшһүр Жүсіп бірігіп,тұтас Сарыарқаны дауылдатып, Жүрер деп сескенеді.

Мәдиді көруге үмітін үзген Мәшһүр Жүсіп түрме маңына дастархан жайып,мұсылманшылығы мол бір жігітке Мәдиге жазған хатын табыстайды.

Жүсіптің сәлемі мынандай:

 

       Аман сау жатырмысың Мәди батыр,

          Тұтқын боп бұл түрмеде әркім жатыр.

     «Жуымас аққа пәле» деген сөз  бар,

        Қалас боп құтыларсың бір күн ақыр.

         Жаңбырдай жауа берген көздің жасы,

   Ат пенен не көрмейді ердің басы.

         Шөп шулап,ағаш шулап сәлем айтты,

 Он екі қазылықтың таумен тасы.

     Біз елден шығып едік өткен қыста,

Болмады, оңдалмады асығыста.

                                       Қағыстық бір-екі амандықты,

Анадай ат үстінде, тұрып тыста.

    Құмарым тарқамады көріп көзбен,

         Білмеймін жүргеніңді қай түрлі ізбен.

                                       Кіруге қайта-қайта қарауылшы

       Қарайды ұрсып-зекіп жаман көзбен.

 

Бекітіп талай ерді кісіндеген,

     Сонда да ажал келмей кісі өлмеген.

     Басында бір кемшілік түскен кезде,

  Рас деп шындығына бір сенбеген.

 Жүргенде басы боста жігіттікпен,

    Сонда да ажал келмей кісі өлмеген.

  Басына бір кемшілік түскен кезде,

 Рас деп шындығына бір сенбеген.

Ақсұңқар аспандағы түсер торға,

    Өрлеген өнерпаздар жығылды орға.

      Ес кетіп жан шыққандай іс болғанда,

   Құтылып кейбіреулер шығар зорға.

                                      Ниетің болу керек хаққа дұрыс,

     Әркіммен жасай берме жанжал ұрыс.

     Зынданда жалғыз жатқан сен емессің.

      Әр түрлі жақсылар бар қылған қоныс.

        Жақсылыққа тырмыса бер, басшы бала,

………………………………………………….

  Қадірін білсең сөздің нұрлы гауһар,

                                     Сырға қыл құлағыңа, әнші бала.

      Бұл сөзді айтушы ағаң- Мәшһүр Жүсіп

Елдей боп қара басы жүрген көшіп.

   Сөз зайыры қадіріне жетпеске айтқан,

    Сенде де бір алтын жүзік қалған түсіп.

 Бұл жерде сен де ғаріп, мен де ғаріп,

        Мойны ұзын алыс жерде жұртым қалып.

Күшім жок ақылдасар кісім де жоқ,

 Кетемін ерікке қоймай жұлып алып.

        «Бұл кісі ағам да емес,әкем де емес, менің қадірімді түсініп, алыстан, елімнен іздеп келген қазақтың пайғамбары – Мәшһүр Жүсіп» — депті Мәди.

Осы сөзді естіген Мәшһүр Жүсіп: «Ай, заман-ай, адамды заман билейді ғой! Ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде болған заман ғой!» — деген.
Тағы рефераттар