Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидалары мен құқықтық жағдайы және заңға сипаттама туралы қазақша реферат

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк қызмет:

1) заңдылық;

2) қазақстандық патриотизм;

3) мемлекеттiк өкiметтiң заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлiнуiне қарамастан, мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң бiртұтастығы;

4) азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерiнiң мемлекет мүдделерi алдындағы басымдығы;

5) жалпы қол жетiмдiлiк, яғни Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге және өз қабiлеттерi мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттiк қызмет бойынша жоғарылатылуға тең құқығы;

6) азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiнiң ерiктiлiгi;

7) мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiбилiгi мен жоғары бiліктiлiгi;

8) мәнi бiрдей жұмыстарды орындағаны үшiн еңбекке ақыны тең төлеу;

9) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдаған шешiмдердi орындаудың бағынысты мемлекеттiк қызметшiлер мен төменгi мемлекеттiк органдардың қызметшілерi үшiн мiндеттiлiгi;

10) мемлекеттiк қызметшiлердiң бақылауда болуы және есептiлiгi;

11) мемлекеттiк құпиялар немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып есептелетiн қызметтi қоспағанда, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;

12) мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы;

13) мемлекеттiк қызметшiлердi қызметтiк мiндеттерiн адал, ынталы атқарғаны, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн көтермелеу;

14) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және өздерiнiң өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны үшiн жеке жауаптылығы;

15) мемлекеттiк қызметшілердiң бiлiктiлiгiн арттыруды үздiксiз жүргiзу принциптерiне негiзделедi.

2. Мемлекеттiк органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн атқарған кезде заңдардың талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктер мен олардың органдарының шешiмдерiне байланысты болмайды.

Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi

1. Мемлекеттiк қызметшiлер:

1) Республиканың Конституциясы мен заңдарын сақтауға;

2) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң антын беруге;

3) азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, заңдарда белгiленген тәртiп пен мерзiмде азаматтардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;

4) өзiне берiлген құқықтар шегiнде және қызмет мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;

5) мемлекеттiк тәртiп пен еңбек тәртiбiн сақтауға;

6) өзiне заңда белгiленген шектеулердi қабылдауға;

7) заңдарда белгiленген қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;

8) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiгi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;

9) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн де, заңмен белгiленген белгiлi бiр уақыт iшiнде, ол жөнiнде қолхат бере отырып сақтауға;

10) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және олардан, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;

11) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;

12) мемлекеттiк қызметшiнiң жеке мүдделерi оның өкiлеттiгінен түйiсетiн немесе қайшы келетiн жағдайларда, оларды тағайындауға құқығы бар лауазымды адамды дереу хабардар етуге;

13) қызметтiк міндеттерін тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға мiндеттi.

2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң осы Заңда белгiленген негiзгi мiндеттерiнен туындайтын нақты мiндеттерi үлгi бiлiктiлiк талаптар негiзiнде айқындалады және тиiстi мемлекеттiк органдардың басшылары бекiтетiн қызметтiк нұсқаулықтарда көрсетiледi.

Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер

1. Мемлекеттiк қызметшiнiң:

1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесi болуға;

2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;

3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, соның iшiнде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның қызметтiк мiндетiне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;

4) үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң бақылауындағы мемлекеттік органда өкiл болуға;

5) өзiнiң қызметтiк iс-әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;

6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;

7) лауазымдық өкiлеттiгiн орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар көрсететiн қызметтi жеке мақсатына пайдалануға құқығы жоқ.

2. Мемлекеттiк қызметшi белгiленген тәртiпке және заңдарға сәйкес, қызметке кiргеннен кейiн бiр ай iшiнде мемлекеттiк қызмет өткеру уақытына өзiнiң меншiгiндегi коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестi (акциялар пакеттерiн) және осы адамдарға заңды тиесiлi ақшаны, сондай-ақ мүлiктiк жалға берілген өзге де мүлiктi қоспағанда, пайдалану табыс алуға әкеп соғатын өзге де мүлiктi сенiм бiлдiрiлген басқаруға беруге мiндеттi.

Мемлекеттiк қызметшiнiң сенiм бiлдiрiлген басқаруға берiлген мүлiктен, соның iшiнде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар, мүлiктi жалға беруден және басқа да заңды көздерден түскен табыс нысанында табыс алуға құқығы бар.

3. Заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiге өзiнiң жақын туыстары ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметке тiкелей бағынысты лауазым атқаруына болмайды.

3-1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жақын туыстары мен жекжаттарына (жұбайлардың аға-iнiлерiне, апа-сiңлiлерiне, ата-аналары мен балаларына) қатысты лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен шектеулер көзделуi мүмкiн.

4. Мемлекеттiк қызметке:

1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;

2) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;

3) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi қызметтердi атқару үшiн денсаулық жағдайына арнаулы талаптар белгiленген реттерде медициналық мекеменiң қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктi орындауға кедергi келтiретiн науқасы бар;

4) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басылық, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi ықтимал әрекеттерге жол бермеу мақсатында өзiне заңмен белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;

5) мемлекеттiк қызметке кiрер алдында екi жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылған;

6) мемлекеттiк қызметке кiрер алдында бiр жыл iшiнде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;

6-1) мемлекеттiк қызметке кiргенге дейiн үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;

6-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

7) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына өтелмеген немесе заңда белгiленген тәртiппен алынбаған соттылығы бар адамдарды қабылдауға болмайды.

5. Аталған мәлiметтердi табыс етпеу немесе бұрмалау мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тарту үшiн негiз болып табылады

Iссапарлар кезiндегi кепiлдiктер мен өтемақылар

1. Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен қызметтiк, оның iшiнде шет мемлекеттерге, iссапарларға арналған шығындары өтеледi.

Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген iссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, көздеген жерiне барып-қайту жөнiндегi шығындарға, тұрғын үй-жай жалдау жөнiндегi шығындарға кепiлдiктер мен құқығы тиесiлi болады.

2. Iссапарға жiберiлген мемлекеттiк қызметшілердiң iссапардың бүкiл уақыты бойы жұмыс орны (қызметi) мен орташа жалақысы сақталады.

Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу

1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне төленетiн ақы қызметтiк мiндеттерiн сөзсiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдарды бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақтауға жәрдемдесуге, олардың адал да бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс.

2. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаржылары есебiнен не Ұлттық Банк қаржысынан төленедi.

Бюджет қаржысының қысқаруы жалақыны, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де кепiлдiктердi, жеңiлдiктердi және өтемақыларды қаржыландыруды азайту үшiн негiз бола алмайды.

4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен индекстелуге тиiс.
Тағы рефераттар