Неке және отбасы. Туыстық құрылымның және оған тән экзогамияның пайда болуына байланысты алғашқы қауымдық қоғамда неке, яғни жыныстар арасындағы қатынастарды реттейтін ерекше институт пайда болды. Онымен бірге және кейбір басқа да түсініктер бойынша, кейінірек, ерлі-зайыптылар, ата-аналар мен балалар арасындағы қатынастарды реттейтін отбасылық институт пайда болды.

Некенің алғашқы түрі жөніндегі мәселе әлі күнге дейін толығымен шешілген жоқ. Этнографиялық мәліметтер бойынша, тарихи реконструкциялар екі түрлі. Біріншісі, некенің алғашқы түрі – топтық неке болып, ол кейінннен жеке неке мен  отбасының түрлі нысандарына  алмасты. Екіншісі —  қоғам дамуының ең алғашқы кезеңінен — ақ жеке отбасы болған деген пікір.

Бірінші пікірді ең алғаш ұсынған Л.Г.Морган. Ол біртіндеп алмасып отырған отбасының 5 түрін атады. Олар: қандас туыс, пуналуалды (индусша: пуналуа -құрдастар), жұптық, аралық патриархалдық және моногамды. Алғашқы екі түрі топтық некеге, ал қалғандары жеке некеге негізделеді.

Ғалымдардың екінші бір тобының пікірі бойынша, дамуы жөнінен артта қалған ертедегі аңшылар, балықшыларда және т. б. жұптық неке мен отбасы болған. Осы кезеңде жұптық неке мен отбасының болғанын бірқатар археологиялық мәліметтер дәлелдейді.

Алғашқы қауымда сақталып қалған еңбектің табиғи бөлінуі жыныстары мен жастарына байланысты ерекшеленген топтардың тіршілік етіп, олардың құқықтары мен міндеттері, әдет-ғұрыптары қалыптасты. Дамудың дәл осы кезеңінде жалпы мәдени деңгейдің жоғарылауына байланысты осындай топтардың институттары құрылды (жеке бастылар, жігіттер, қыздар, әйелдер үйлері, т.б.). Бұлардың ішіндегі ең маңыздылары – ерлер топтары, әсіресе, еркектер үйлері болды. Оларда еркектердің жиналыстары өтіп, түрлі әдет-ғұрыптарға байланысты жұмыстар жүргізілді, қонақ күтілді және т.б. Әйелдер мен иниципияланған жасөспірімдерге еркектер үйіне кіруге рұқсат берілмеді. Көп туысты қауымдарда әрбір туыстың жеке еркектер үйі болды.

Жынысқа байланысты бөліну тек кеңістіктік қана болған жоқ, көбіне еркектер мен әйелдер бөлек жұмыс істеп, бөлек тамақтанды да, олардың жеке меншіктері де өз алдына бөлек болды. Көптеген папуас тайпаларында еркектер өздері отырғызған ағаштарға, малдарға, еңбек құралдарына иелік етсе, әйелдер өздері еккен бақша дақылдарына, ас үй жабдықтарына иелік етті. Тек қана балалар мен әйелдердің тұратын үйлері ортақ болып саналды.

Жыныстары мен жастарына байланысты бөлінген топтардың орны олардың еңбекті бөлудегі рөлінен және туыстық жеке меншікке қатынасына байланысты анықталды. Егін және мал шаруашылығында тек қана еркектер емес, әйелдер де жұмыс істеді. Осы кезеңде адамдар өмірінің ұзақтығының жоғарылауына және әлеуметтік-экономикалық іс-әрекеттің күрделенуіне байланысты ересек еркектердің басқаруы анығырақ байқалды.

Алғашқы қауымның соңғы кезеңдерінде де жұптық неке үстем болды. Бұл неке екі жақтың кез келгенінің ұйғарымы бойынша оңай бұзылатын еді. Кейбір тайпаларда көп әйел алушылық жиі кездесті. Ал екінші бір тайпаларда полиандрия (бірнеше күйеу болу), әсіресе левиратты – ағайындыларға күйеуге шығу көп кездесті. Алғашқы кезде шаруашылықтың екі түрі де болғандықтан кейде полигиния мен полиандрия қатар жүрді.

Мысалы, ХVІІғасырдағы егін шаруашылығымен айналысатын гурондар мен ирокездерде ерлерінің  қосымша әйелдері, ал әйелдерінің қосымша күйеулері болды, ал гурондарда бұлардан басқа аңға шыққанда әйелдері ретінде алып жүретін аңшы қыздар болған. И.Е.Вениаминовтың айтуы бойынша алеуттер мен тлинкиттерде әйелдердің екі күйеуі, біреуі негізгі, екіншісі көмекшісі болған. Бұл кездері біраз уақыттарға дейін некелер кросскузенді болып, қауымдық туыстық ұжымдар арасындағы байланыстардың ұлғаюына байланысты кросскузендік некелер бірте-бірте жойылып кетті. йленудің түрлі дәстүрлері, некені заңды түрде тіркеу, екі жақтың ата-аналарының арасында бір-біріне сыйлық ұсыну, т.б. пайда болды.
Тағы рефераттар