Ноғайтану ғылымында ноғайлардың тегі мен этникалық (ру-тайпалық) құрамы туралы мәселе негізгі тақырыптардың бірі. Осы кезге дейін бұл тақырыпқа көптеген зерттеулер арналғанымен басы ашылмаған мәселелер жеткілікті.

Ғылыми әдебиетте Ноғай Ордасы ұлыстық қауымнан тұрады деген тұжырым орныққан, бірақ ол әртүрлі түсіндіріледі. Кейбір пікірлерде ол “тайпалық ұлыс” яғни бір тайпаны біріктіретін ұлыс деп қолданылса, ендігі бір зерттеушілер керісінше, басшысы мұрагерлікпен тағайындалатын “рулық негізде емес, феодалдық негізде біріккен бірлестік” ретінде қарастырды 

Дегенмен “ұлыс” ұғымын әлеуметтік емес, этникалық ретінде қолдану дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бірақ мәселенің мәнісі мынада, араб әрпімен жазылған ноғай құжаттарының түпнұсқасында “ұлыс” сөзі кездеспейді. Ол сөзді мәскеулік және астрахандық аудармашылар этнонимді немесе әлеуметтік мәні бар “ел халқы”, “ұлыс адамдары” деген ұғымдарды беру үшін қолданған. Бұл жерде аудармашылар Алтын Орда дәуіріндегі терминге басымдық берген болар. Сондықтан “ұлыс” ұғымын Ноғай Ордасына қатысты қолданған авторлардың дерегіне аса сақтықпен қарау қажет болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін мынадай аудармаларды салыстырып көрейік: “Улусы наши калмыки взяли” / “Халқымызны қалмақ алды”; “Каная князя улусы” / “Қанай би халқы”; “У нас животов нет, и лошадей нет, и улусов нет” / “Бизимде мал да йоқ, еки де йоқ, иль йоқ” [45, 554].

Загрузка...

Бұл мысалдарда “ұлыс” атауы ноғайлардағы ел мағынасын беретіндігін дәлелдейді. Демек, ел дегеніміз бір тайпа әулеттің жиынтығы. Бұл тайпалар өз ішінде әлеуметтік иерархиясы бар күрделі құрылым болды.

Ел атаулары орыс аудармаларында “ру” сөзімен қатар қолданылады. Ол көбіне экзотикалық түрік-қыпшақ этнонимдерін түсіндіру үшін қойылатын болған. Орыс аудармашылары “қыпшақ руы”, “тама руы” деп қолданса, ноғайларда жай ғана “қыпшақ”, “тама” түрінде қолданылады [29, д. 1. Л. 321].

Ал ноғайлардың арғы тегі туралы мәселе де барынша кереғар пікірлерге негіз болуда. Л.Н.Гумилев ноғайлардың арғы тегін оғыздарға апарып телиді. Оның дәлел ретінде ұстаған дерегі бір кездері оғыздардың Жайық даласын мекендегендігі [11, 673]. Бұл пікірлер негізсіз де емес, ноғай деректері онан оғыздық дәстүрдің іздерін тануға болады. Әйтсе де олардың саяси үстемдігі ХІ ғасырда аяқталды. Оларды тарих сахнасынан ығыстырған қыпшақтардың ХІІ ғ. этниклаық, саяси қалыптасуында оғыздық ықпал басым болды, әрине, одан кейінгі ғасырларда қалыптаса бастаған ноғайларға қарағанда.

Ноғай және татар этностарының арақатынасы да шатасып кеткен. Л.Н.Гумилев оларды бір-біріне қарсы қойса, М.Ахметзепов ол этностарды бірлікте қарастырады [1, 32]. Тұжырымдардың бұлайша  әртекті болуын ХІІІ–ХҮІІ ғ. “татар” ұғымының көпмәнділігімен-ақ түсіндіруге болар еді.

Ноғай этногенезінің мәселесін “маңғыт” этнонимі барынша шатастырғандығын атап айту қажет. Тарихшылар оларды моңғол-маңғұттармен шендестіреді де сол арқылы ноғай этносынан моңғолдық компонент көргісі келеді. Бұл тұжырымның жалпы құрылымы мынадай: маңғұттар Дешті-Қыпшаққа көшіп келіп, түріктеніп кетті, бұл жағдай ХІІІ ғ. беклербек Ноғайдың ұлысында іске асты, сосын олар өз төңірегіне қыпшақ тайпаларын топтастырып, ноғай этносы, Ордасы атала бастады. Ал шын мәнінде ноғайлардың бабаларының мағұттардан шыққандығын айғақтайтын бірде-бір дереккөзі кездеспей отыр. Бұл жөнінде І тарауда кеңірек айтылғандықтан, одан әрі тереңдеудің қажеті болмас.

Қазақстанның және Еділ бойының кең аймағына қанша моңғол отбасы көшіп келіп қоныстанғандығы жөнінде нақты дерек жоқ. Ал ортағасырлық дереккөздер олардың далалық қыпшақтармен салыстырғанда болмашы екендігін айтады. Әрине, көшпелі келімсектер Алтын Орда және Шағатай ұлысының өмір сүрген алғашқы бір жарым ғасырында көпсанды қыпшақтармен ассимляцияланып кеті. Ол табиғи құбылыс. Әйтсе де қыпшақтар өздерінің моңғолдарға дейінгі рулық бөлінісін мүлдем ұмытты. Оның орнына  өздері жұртында (монгол тілінде – нутаг) болған тайпалардың атын иемденді. Мысалы, маңғыт нутагында көшіп жүрген ел маңғыттар, хонкраттар – қоңырат, найман – найман, керейттер, керейт немесе керей деп аталып кетті. Жошы ұлысындағы ХІІІ ғасырдың соңы ХІҮ ғ. алғашқы жартысындағы салыстырмалы түрде айтқанда бейбіт және қауіпсіз өмір сүру демографиялық тұрғыдан барынша қолайлы болды. Ескі елдер көбейді, өсті, өнді, жаңа аталар пайда болды.

1520 жылдары маңғыт мырзаларының Ордадағы барлық билікті иемденіп, тұтас мемлекеттік билік орнатуы, онда мекендеген халықтың этникалық тұтастануына негіз қалады, осылайша ноғай политоимі этнонимге айналды. Бұрын географиялық, саяси ұғым ретінде Орданы танытса, ендігі жерде оның негізгі халқының атауы ретінде орнықты.

Халықтың саны жөніндегі мәселе де жоғарыдағы тақырыптар сияқты әртүрлі болжамдар мен тұжырымдарға негіз болған. Оның себебі мемлекеттік, елшілің құжаттарда стратегиялық мәлімет ретінде адам санының нақтылына баса мән мән берілгендіктен де түрлі мақсаттармен Орда қарамағындағы адам саны асыра көрсетіліп немесе тым төмендетіліп көрсетілуге байланысты.

Халық санын есептегенде ең негізгі өлшем – қолына қару алып, соғысқа араласатын жарамды адамдардың саны болды. Кейбір деректерде Едіге 200 мың жауынгерді жорыққа шығарды деп жазады.

Бұл мәселені тақырыбымызға тікелей қатысты болмағандықтан егжей-тегжейлі баяндамай-ақ, негізгі қорытындысына тоқталған дұрыс болар. Тарии дереккөздерінің мәліметтерін сараптай келе Ноғай Ордасы күш-қуаты толысқан шағында Еділ мен Есілдің, Кама мен Сырдың құярлығы арасындағы территорияда 1700 мың адамды құрағандығын, ал өз тарихының соңында Еділ-Жайық арасымен шектелген аумақта 120 мың адамға дейін төмендегендігіне көз жеткіземіз [45, 494].

Ал, ноғай фольклорында әдетте сансыз деген сөз қолданады. “Орманбет хан өлгенде, Он сан ноғай бүлгенде” дейтін Шалкиіздің жыры “қырық сан ноғай деген” тіркеспен қолданылатын ел саны өлшемінің бір нұсқасы ғана. Ноғай тарихының білгірі В.В.Трепавлов өзінің әйгілі еңбегінде Ноғай Ордасына қараған 70 ру-тайпалық бірлестіктердің кестесін береді [45, 499–506]. Бұл кестеден аңғаратынымыз – Ноғай жұрты мен Қазақ хандығының құрамындағы ру-тайпалардың біріне-бірі өтіп, бірін-бірі алмастырып, тіпті бірде кірігіп, бірде ажырап бір этникалық процесті бастан өткізгендігі.

Демек, Ш.Уәлихановтың ноғай және қазақ халықтарын туыстас елдер деп атауының негізсіз емес екендігін қазіргі заманғы зерттеулер де дәлелдей түседі.

Рулық-тайпалық құрылымда көшпелі өмір салтын ұстанған Ноғай Ордасы халқының арасындағы әлеуметтік жіктелу соңғы ортағасырлық көшпелілерге ортақ негізде болды. Олардың бір-бірінен елеулі айырмашылығы бола қойған жоқ. Айырмашылық шаруашылық жүргізу әдістерінен туындады.

Ноғай ордасының әлеуметтік тарихын оның шаруашылық тарихынан бөліп қарастыруға болмайды. Ноғайлар көшпелі мал шаруашылығымен айналысқандықтан оларды бүкіл экономикасы Дешті-Қыпшақ аумағында, маусымдық мал жайылымы бойынша көшіп-қонып жүруге негізделді. Содан да шет елдік зерттеушілер ноғайларды бір жайылымнан екіншісіне көшіп жүретін қаңғыбастар түрінде көргісі келеді. Ал шын мәнінде “Отан” сөзінің ноғай тіліндегі балансының бірі – “жайлау-қыстау жері” деген мазмұнда қолданылады. Бұл дәстүрдің қазақтардың жайлау, күздеу, қыстау, көктеу түріндегі өмір салтынан айырмашылығы жоқ. Ноғай Ордасы бірыңғай көшпелі мемлекет болғандықтан оның құрылымы барынша күрделі сипат алған. Ол шаруашылық құрылымында мал және мал шаруашылығы өнімдерін ұқсату, тарату, бөлу сияқты түрлері де көңіл қойып зерттеуді қажет етеді.

Көшпелі мал шаруашылығы. Ноғай Ордасы Еділдің құярлығы, Еділ-Жайық арасы, Батыс, ішінара Орталық Қазақстан сияқты орасан зор далалық аймаққа орналасты. Бұл аймақтың ландшафтында шөп және шөптесін өсімдіктер мен аласа бұталар өсті де, ормандар мүлдем аз кездесетін. Өзен аңғарларында тоғайлар өсті. Жер бедері мен өсімдік жамылғысы бойынша бұл жерлер көшпелі мал шаруашылығына барынша қолайлы болды.

Ноғайлардың мал шаруашылығы ортағасырлық көшпелілердің шаруашылығынан ерекшелене қойған жоқ. Әйтсе де сол кездегі деректерге үңіліп көрейік: “Олардың малдары үлкен және күшті және өте шыдамды. Оларда түйелер де бар, әдетте айыр өркешті болып келеді, бір өркешті  нар түйелер аз кездеседі” [30, 405] деп жазса, олардың өсірген сиырлары қазіргі заманғы әйгілі Ставрополь тұқымды сиырлардың негізін қалады. Олар әдетте жылқыны үйірімен ұстады, бір үйірде он бие бір асыл тұқымды айғыр болатын, ал үйірлер 100–150 басты құрайтын табындарға бірікті.

Көшпелілерде қолға ұстайтын малдың арақатынасы әртүрлі болып келеді. Кедейлер 1 жылқы, 1 сиыр, 6–7 қоймен шектелсе, мырзаларда олардың саны әлдеқайда  мол болатын. 50 бас мал өзін-өзі қамтамасыз етуге жететін, ал 500 бас малы барлар тұрмысы жақсы деп есептелсе, мың және одан да көп малы барлар бай болып есептелінді. Бай ноғайлар сансыз малға ие болатын. Кейбір деректерде төрт жүз мың бас малы бар мырзалардың болғандығы айтылады [45, 509].

Әдетте түйелер күш көлігі ретінде пайдаланылды, арбаға, соқаға жегілді. Олардың тасымал көлігі бірыңғай түйеге байланысты қалыптасты. Терек өзендерден өткенде салды пайдаланып, ол арқылы уақ мал мен жүкті тасымалдаса, ірі қара малды жүзгізіп өткізетін болған. Бұл тәсілді кейіннен дон қазақтары да пайдаланған. Еділ бойына орыс бекіністері салынған соң бұндай тәсілді пайдаланбайтын болды, воеводалардың бұйрықтарымен жергілікті стрелецтер ноғайларды екі жағалауға кемелерімен малыменен өткелден өткізіп тұрды.

Мырзалар басқаратын әрбір елге, ұлысына бекітілген көші-қон маршруты және жайылымдар тек жоғарғы биліктің құзырымен өзгертілетін. Бұл тәртіп көшпелілер арасында дау-дамай, ұрыс-керістің болмауына кепілдік береді.

ХҮ–ХҮІ ғғ. арасында Ноғай Ордасында екі үлкен көші-қон жүйесі қалыптасты; бірі – Арал-Жайық жүйесі, екіншісі Еділбойы жүйесі. Оларға қосымша ретінде Ноғай Башқұртстанында томаға тұйық көші-қон жүйесі болды.

Арал-Жайық циклы Сырдарияның құярлығын қыстап, Жайықтың бойын жайлауды құрады. Бұл маршруттың шекаралары үнемі өзгеріп отырады. Тіпті ХҮІ ғ. алғашқы ширегінде қазақтардың маңғыт жұртын жеңуіне байланысты бұл маршрутты қазақтар пайдаланды. Халықтар мен малдың оңтүстіктен солтүстікке және керісінше, жыл сайынғы көшіп қонуы Ноғай Ордасы ыдырап, Еділбойы жүйесі жойылған ХҮІІ ғ. бас кезіне дейін сақталып қалды.

Арал-Жайық жүйесінің бұлайша тұрақты болып келуі оның көшпелі мал шаруашылығы қажеттгіне бейімделген ежелгі дәстүрлерімен түсіндіруге болады. Ол біздің заманымыздың І мыңжылдығының ортасында пайда болып, ІХ–ХІ ғ. толық қалыптасты. Бұл бағытты осы соңғы ғасырда қыпшақтар пайдаланды. Сірә бұл циклді ноғайлар қыпшақтардан мұраға алған болуы керек, ал ноғайларды алмастырған қазақтар бұл маршрутты біршама жетілдіріп, ХІХ ғ. дейін пайдаланды.

Еділбойы жүйесі Еділдің құярлығын қыстап, жайлауға сол жағасына Самара, Кама бойына өтуімен ерекшеленеді. Осы бағытты мекендеген ноғайлар Еділ-ана деп ұлы өзенді ұлықтайтын дәстүр қалыптасты.

Арал-Жайық жүйесі сияқты еділбойы циклы да дешті-Қыпшақ үшін дәстүрлі еді. ХІІІ–ХІҮ ғғ. Жошы ұлысы хандары осы бағытты пайдаланған. Ноғайлардың әлсіреуі бұл маршрутты тарылта түсті. ХҮІІ ғ. олар Еділ бойымен қорыққаннан жоғары көше алмады. Еділ бойы циклын Бөкей Ордасының қазақтары ХІХ ғ. қайта жаңғырта алды.

Осы жүйелер қаншама дәстүрлі, орныққан деп есептелгенмен ол көшпелілер үшін шығынсыз да болмады. Көшпелілер үшін ең қиын және шығынды маусым қыс болып есептеледі. Шығыс дешті-Қыпшақ жерінде қыс орташа алты айға созылатын. Боран мен көктайғақ мал басын кемітетін, олардың егелерінің әл-ауқатына едәуір нұқсан келтіреді. Егер қыс ұзақ болып, қар жылдағыдан қалың түссе, оған жұқпалы ауру мен өзара қырқыс қосылған болса, ноғай қоғамы нағыз апатқа тап болатын еді. Наурыз айы – қатқағымен, ыбылыңқы-сыбылыңқы ауа-райымен шаруаға орасан зор нұқсан келтірген. Содан да “наурыз өтті – бәле кетті” деген ноғай мәтелін “сәуір болмай, тәуір болмас” деген қазақ мәтелімен ұқсастыруға болар еді.

ХІХ ғ. Қырым ноғайлары қысқы уақытта малдың төзімділігіне үміт артып, оларға күтім жасамаған. Ал Ноғай Ордасында малдың жайы үшін қыстаудың жағдайын жасау дәстүрлері берік орын алды.

Ноғайларда көшпелі дәстүрге орнығуы амалдың жоқтығынан іске асатын болған. Содан да көшпелі өмір салты олардың арасында барынша жоғары  бағаланды. Маңғыттардың көшпелі мемлекетінде шаруашылықтың басқа да түрлері дамыды.

Мал шаруашылығы емес салалар арасында аңшылық пен балық аулау кең өріс алды. Дешті-Қыпшақта ежелден аңшылықтың үш түрі айқын болды: қаумалап аулау (киік, ақбөкенді), ит жүгірту және құс салу. Ноғайларда осы аталған үш түр де қолданылды.

Киік аулаудың көшпелілер үшін бірнеше тиімділігі болды. Біріншіден, қысқы мерзімде уақыт өткізетін кәсіп, екіншіден, жасақшылардың жауынгерлік шеберлігін шыңдау, үшіншіден – азық қорын молайту.

Құс салу ақсүйектердің ғана үлесіне тиді. Өйткені алғыр қырандардың қолға түсуі қиын және оларды күтіп баптау тым қымбат болатын.

Ноғай Ордасы тұрғындарының Астрахань төңірегіне топтасуымен балық аулау біртіндеп маңыз ала берді. Бұлғақ кезінде күйзелген халық үшін әсіресе балық аулау қыс кезіндегі бірден-бір күн көріс көзіне айналды. Тіпті кептірілген балық ұнын нан орнына тұтынған [31, 43].

Әйтсе де ноғайлар Еділдің ойықтарын өздерінің туған даласындай еркін пайдалана алмады. Астраханьда уақыт өткен сайын көбейе түскен орыс тұрғындар оларға бәсекелес болды. Өйткені төңірегі құнарсыз, кебірдің ортасындағы қала үшін кіріс көзі Еділ балығын халықаралық саудаға шығару еді. Содан да воеводалар көшпелілердің балық аулауы өздерінің кірістеріне нұқсан келтірмеуін барынша қатаң қадағалады. Еділ мен Жайықтағы балық аулауда ірі бекіре балықтарға баса мән берді. Ноғайлардың ол балықтарды өзен бойынан аулауға байланысты қолданған әдістерін астрахандық балықшылар тез меңгеріп алды.

Тарихи деректерде ноғайларда қолөнердің мүлдем дамымағандығы жөнінде пікір орныққан. Ол тұжырымға ноғайлардың қаласы болмағандығы сияқты дәйектер негізге алынады.

Әйтсе де, тұтастай алғанда Ноғай Ордасында қолөнер баяу да болса дамыды, ол “қалыптасу деңгейінде, үй жағдайындағы деңгейде” [9, 52–53] ғана болды деген пікірдің негізі бар.

Орыс және батыс елдерінен келгендер Ноғай Ордасында егіншіліктің болғандығына куәлік етеді.  Әйтсе де ноғайлардың егіншілік мәдениеті қосалқы шаруашылық деңгейінде ғана дамығанына көз жеткіземіз. Өйткені арпа, сұлы сияқты дәнді дақылдарды еккенде қыстаудың төңірегіне аз ғана жерді шала жыртып, егеді де оларға ешқандай күтім жасамай күзде келіп жинап алатын тәсіл болған. Бұл көп күш жұмсауды қажет етпеді, сол үшін де көп өнім бере де қоймайды.

Ноғай Ордасында арпадан өзге бақша дақылдары да егіледі. Қазақстанның “Еділ қайда ел қайда” толғауында “Менің халқым жазда сүт, күзде жауын мен асқабақтан, қыста балықтан айрылды” [43, 159] деген өлең жолдарынан ол дақылдардың түрін білеміз.

Жалпы, егіншілік Ноғай Ордасында халық айналысатын шаруашылық түрі болып орнықты. Бірақ оның хандық аймағында қолданылуы, таралуы жөнінде ортақ пікір жоқ. Өйткені егіншілік Ноғай Ордасында тұрақты кәсіпке айнала алмады, халық жұтқа немесе күйзеліске ұшыраған кезде егіншілікпен көп адам айналысып, егіс көлемі артса, көшпелі шаруашылық табысты дами бастаған кезде оның көлемі күрт кеміп кететін. Осы сияқты егіншілікпен айналысатын аймақтар да біркелкі болмады.

Ал егіншілікпен тікелей айналысатындар көшке ілесе алмай қалған кедейленген әлеуметтік топты ноғайлар “тумақ” деп атады. Бұл біздің қазақтардағы “жатақ” ұғымына сай келетін. Олардан ерекшелігі тумақтар орыстармен араласып, олардың некесінен туған метистер ерекше әлеуметтік топқа айналды. Осылайша ХҮІІ ғ. түрік-славян қандастығымен пайда болған тумалар (орысша – болдырь) дон қазақтарының этикалық құрамында елеулі роль атқарды.

Ноғайлар арасындағы кең тараған бірден-бір кәсіпшілік – тұз өндіру болды. Тұз тек Еділ бойындағы көлдерден ғана емес Жайық, Елек бойынан да өндірілді. Сондай кеніштердің ең бастысы Тұз төбе Ноғай иелігінің ортасына орналасты.

Сауда ісі көшпелі мал шаруашылығы экономикасы үстемдік еткен. Ноғай Ордасы үшін көрші отырықшы халықтың егіншілік және қолөнер бұйымдарын алып, пайдалану үшін өмірлік қажеттілікке айналды. Күті мемлекеттердің қоршауында болғандықтан да Ноғай Ордасы өзінің материалдық қажеттілігін жаулап алу немесе жортуылдардан түскен соғыс олжалары арқылы қанағаттандыра алмайтын еді. Содан да қажетті өнімдерді айырбастау жолымен ғана алуға болатын. Ноғайлардың сауда керуендері елшілікке барған би және мырзаларымен бірге төңіректегі елдердің бәріне де баратын. Коммерцияның дамуына ноғайлардың Шығыс Дешті-Қыпшақ жақтағы ескі керуен жолдарына орналасуы да қолайлы ықпал жасады. Бұрыннан таптаурын болған жолдарды ноғайлар өз тауарларын айырбастауға ғана емес, сонымен бірге транзиттік керуендерден салық жинау үшін де пайдаланды.

Сауда операцияларын ұйымдастырудың өзіндік инфрақұрылымы орнықты. ХҮІ ғ. ортасына дейін Алтын Орда кезіндегі келген және кеткен саудагерлерден “тоғыз” түрінде алым жинау дәстүрі сақталып келді. Ол алымның үштен бірі бидің пайдасына, үштен бірі қазынаға, үштен бірі қызметші қарашыларға тиесілі болды. ХҮІІ ғ. басында Ноғай мыразалары Бұхараға мал айдаған отандастарынан 500 қой, ал бұқаралық саудагерлерден мың кез мата алатын болды [29, Д. 1. Л. 32–33].

Ноғай Ордасындағы бірден-бір үлкен сауда орталығы Жайық бойындағы Сарайшық қаласы болды.

Керуендер мен мал табындары Дешті-Қыпшақ арқылы бұрынғы таптаурын жолдармен жүргізілді. Ноғай мемлекетінің батыс аудандары арқылы ХІІІ–ХІҮ ғ. іске қосылған Азак, Маджар жеріне Сарай арқылы өтетін сауда керуендерінің бағыттары болатын. Бұл жол да өз кезегінде кеңінен пайдаланылды.

ХҮІ ғ. ортасында ноғай-орыс бейбіт байланыстары негізінен екі бағыт бойынша іске асырылды.

  1. Самара–Қазан–Нижний Новгород–Владимир–Мәскеу;
  2. Переволок–Дон–Воронеж құярлығы–Ряжск–Рязань–Мәскеу.

Ғасырдың екінші жартысында бұл бағыттарға қосымша сатылатын мал Астраханьнан Царицын арқылы Саратовқа айдалатын.

Негізгі жол ретінде бірінші бағыт есептелді. Ол Қазан жолы деп аталды. Мәскеу үкіметі де елшілер мен саудагерлердің тек осы жолмен келуін талап етті. Екінші  негізгі бағыт Ордабазар жолы деп аталды, ол біршама аз пайдаланылды. ХҮІІ ғ. одан Үлкен саратов жолы тармақталып шықты, ол: дала арқылы Пенза–Тамбов–Щацк–Рязань–Мәскеу бағытымен өтті.

Ресейдің Еділбойын жаулап алуы барысында екі елдің шекарасының түйісуі ынтымақтасуға жаңа мүмкіндіктер туғызды. Әдетте ноғай керуендері Ресейге патшалық шақыру грамотасын алғаннан соң ғана қозғалатын. Русь жерінде олар Мәскеу, Астарахань, Қазан, Нижний Новгород, Самара, Саратов және Сібір қалаларында сауда жасайтын. Бұл бекеттер олармен сауда жасауға бейімделген орындарға айналды.

Орыстар үшін ноғайлардың ең өтімді тауары – жылқылар еді. Далалық жылқыларды орыстар арғымақ, жорға, мініс және шаруа жылқылар деп бөлді. Сауда барысында олардың арық, семіздігі мен жасы да қатаң есепке алынды.

В.Д.Назаровтың бақылауына сүйенсек, далалық жылқының құны ХҮІ ғ. алғашқы жартысында орыс базарларында 1,5–2 рубль болған [25, 61].

ХҮІІ ғ. екінші жартысында ноғайлар үшін жылқыны Қырым мен Азовқа айдау тиімді болды. Өйткені бұл кезде ақшасы мол дворяндар молдаваның, түріктің және немістің жылқыларын қымбат болса да сатып алуға ұмтылды.

Бір сөзбен айтқанда, Ресейге екі ғасыр бойы жылқы айдаған ноғайлар сол арқылы орыс атты әскерінің қалыптасуына орасан зор қызмет етті. Бұл қызметі арқылы олар өздерінің әскери қуатын нығайта берді. Тарихта осындай парадокс жиі кездеседі. Ноғайларда ол кереғар жағдай осылайша байқалды.

Ноғайлардың Шығыс Еуропа мен Еуразия рыногына шығарған тауары жылқымен шектелген жоқ. Далалық экспортта екінші орында сиыр мен қой саудасы тұрды.

Ноғайлардың ұсынған тауарларының келесі бөлігі мал өнімдері немесе аңшылық пен балық өнімдері түрінде. 1635 жылы кедендік алымға байланысты ноғайлардың өткізген тауарлары қатарында жылқы, сиыр, қой, сүт, күйдірілген май, балық аталса [29, Д 2. С. 168], одан екі ғасыр өткенде қырым ноғайлары өткізетін тауарлардың қатарында “арпа, тары, май, бал, балауыз, жүн, тері, қозы, және т.б.) аталды” [46, 48]. Бұл ноғайлар арасында отырықшы-егіншіліктің басым бола түскенін аңғартады.

Ноғай қолөнер шеберлерінің өнімдерінің түрі аз болғанымен, олардың арасында үлкен сұранысқа ие болған тауарлар да жеткілікті еді. Солардың қатарында мал, аң терілерінен тігілген тұлыптар шет жерлерде жоғары бағаланатын.

Ноғай Ордасындағы адам саудасы ерекше ден қоюды қажет етеді. Ол ноғайлардың өз ішінде де орын алған еді, ХҮ ғасырда Едіге өз балаларын сатуға тиым салған болатын. Оның ұрпақтары кезінде де бұл мәселе қайта көтерілген жоқ. Тек ХҮІ ғ. соңы – ХҮІІ ғ. басында бұл мәселе қайтадан қалқып шықты. ХҮІІ ғ. басында көшпелілер өз туыстарын сата бастады. Ата-ана баласын, күйеуі әйелін, үлкендер өздерінің іні, қарындастарын сатты [29, д 1, л 375, 378].

Әйтсе де мырзалар мен ұлыс басшыларының табыс көзі ретінде тұтқын алу, оны құлдыққа сату кең өрістеді. Олар негізінен орыстардың шет аймақтарына шабуыл кезінде қолға түсетін. 1560–1570 жж. Мәскеу үкіметі Ливон соғысында қолға түскен еуропалық жауынгер тұтқындарды Ордабазарда Ноғай мырзаларына сатты. Бұл ішінара жағдай негізінен ноғай тұтқынына орыстар түсетін де, олар Азия базарына екі жолмен шығарылатын. Бірі – Үргеніш, Бұқараға, екіншісі – Қырым арқылы түрік иелігіне. Сауданың бұл түрі екі ел арасындағы дипломатиялық келіссөздердің негізіне айналды. Мәскеу Ноғай Ордасына осы мәселеге байланысты ықпал жасаудың қандай түрін болса да қолданып бақты. Орданың әлсіреуіне байланысты саяси, экономикалық тәуелділікке түскен мырзалар сауданың бұл түрінен бас тартуға мәжбүр болды.

Ноғай Ордасының мәдениеті туралы ортағасырлық дереккөздер өте тапшы. Тек кейбір саяхатшылар Ноғай Ордасы ыдырағаннан кейінгі кезеңде – ХҮІІ ғасырға тән өмір салты мен тұрмысы туралы мағлұматтар қалдырған. Ал оның алдындағы ғасырлардағы ноғай мәдениетімен тек олардың соғыс өнеріне қатысты деректер аз-кем жинақталған. Ноғайлардың астанасы Сарайшық туралы, олардың діни наным-сенімдері туралы деректер де тапшы. Ал олардың рухани өмірі туралы деректер мүлдем жоқтың қасы.

Ноғайлардың материалдық мәдениеті қазақ халқының сол кездегі материалдық мәдениетімен бірдей деп есептеуге болады. Бірақ қазақ халқында ол кезеңдегі мәдениет үзілмей сақталып бүгінгі күнге жеткізілгендіктен бізге оның мазмұны, сипаты жақсы таныс. Ноғайларда керісінше, олар Ресей қол астына өтуі, өздерінің ұлттық құрылымынан айырылуы, түрлі жағдайларға байланысты көшпеліліктен ертерек қол үзіп, отырықшыларға айналуы арқылы сөз етіп отырған кездегі мәдениетін тек жазба деректерден ғана іздеуге мәжбүр болып отыр.

“Ноғай Ордасының тарихы” деп аталатын үлкен ғылыми еңбек жазған В.В.Трепавловтың өзі ХІҮ–ХҮІІ ғғ. ноғайлардың материалдық мәдениеті туралы тек жазба деректерге ғана жүгінуге мәжбүр болған. Ол жазба деректердің бәрі де шетелдік, орыс жиһанкездері мен зерттеушілерінің еңбегі болуының өзі автордың бұл мәселені қаншалықты ұлттық мүдде тұрғысында игере алғандығын байқататындай. Мысалы, оның шетелдік авторлар дерегіне сүйеніп, киіз үйдің құрылысы, оның жасалуы, безендірілуі туралы жасаған тұжырымдары атүсті болып шыққан.

Біздің жасайтын тұжырымымыз – ол кезеңдегі ноғай және қазақ киіз үйлерінде елеулі айырмашылық болмаған. Олардың жасалу технологиясы, жасақталу әдісі, безендірілу түрлерінде ерекшеліктен ұқсастық басым еді. Ерекшелік тек ою-өрнек түрлерінде ғана ұшырасады. Әйтпесе олардың қолданылу мақсаты да бірдей болды. Бұл жердегі басты мәселе – осы материалдық мәлімет ескерткішінің қазіргі ноғай қауымында сақталмауы автордың жаңсақ, үстірт тұжырымдар жасауына негіз болған.

Алдағы мәселелерде де екі халықтың ортақ мәдени мұрасын тәптіштемей-ақ, олардың бір-бірінен ерекшелігіне тоқталып отырған орынды болар.

Ноғайлардың киімінің ерекшеліктері бірден көзге ұрады. Мысалы, қазақтардан өзге оларда теріден жасалған киімдер екі жақты – яғни жүнін ішіне қаратып немесе сыртқа қаратып киетін етіп тігілетін болған. Ол жыл маусымына байланысты ауыстырылатын. Ноғай бөріктері төбесі шошақ болуымен ерекшеленеді. Әйелдердің дөңгелек бас киіміне орыс бақыр тиындары әшекей ретінде ілінетін. Аяқ киімдер былғарыдан дайындалды. Былғары етіп деген сөздің өзі “Бұлғар елінде дайындалған етік” дегеннен пайда болған. Демек ноғайлар бұндай әдемі етіктерді сатып алумен бірге өздері де жасай алған болса керек.

Азық-түлік түрлері, оларды дайындау технологиясында да ұқсастықтар көп. Өзге көшпелілер сияқты ноғайлар да етті кептіру, сақтау және сүт өнімдерінен неше түрлі тағамдар дайындауға шебер болған.

Ноғайлардың қоғамындағы күнделікті ішкі ұйымдық құрылым туралы деректер де аз. Ол дәстүрлі әдет құны параларымен реттеліп отырған. Қанды кек ноғайлар арасында сақталып келген, әсіресе екінші және үшінші Бұлғақ кезінде барынша өршеленген сипат алды. Әйтсе де шетелдік кісі өлтірушілер үшін құн алу нормасы да енгізілшен. Өлім жазасы ерекше жағдайларда ғана қолданылды. Ұрылар өтем жасай алмаса құлдыққа сатылды.

Некелік қатынастар бойынша ортағасырлық және кейінгі ноғайларда да қалыңдық үшін қалың мал төлеу немесе “сүйек сату” дәстүрі ХІХ ғ. дейін сақталып келді. Осы ғасырда оның өлшемі 40 сиыр болған. Кедейлер қалың төлей алмағандықтан бойдақ болып жүре берген.

Соңғы кезге дейін бұл халықта левират және сорорат (әмеңгерлік және балдызына үйлену) институты сақталып келді. Жақын туыс ретінде үш буын өкілдері “бір қазан үлесіп шыққандар” яғни бір қазаннан ас ішкен туыстар болып есептелді. Ал одан былайғылар қандас туы (қардаш тұқым) деп айтылды. Оларда жеті ата емес, алты ата бойынша туысу орныққан. Ол туыстық, жақындық былай аталды: ұл, немере, немесе жиен, тебере (жиеншар), шөбере немесе тубансер, шепшек немесе туажат, тудын. Қазтуған Сүйінішұлының “Жембойлық” поэмасында “алты атасын сататын” деген тіркесті кездестіреміз. Шетелдік саяхатшылар ноғайларды “туған әпке, қарындасынан өзгеге” үйлене береді деп жазады. Әмеңгерлік соның бір мысалы. Әмеңгерлік жолмен өз туған жеңгесіне, келініне үйлену арқылы туысының шаңырағын сақтап қалу, жетімін қаңғыртпау, қайтара қалың мал төлеу сияқты мәселелерді оң шешетін көшпелілер үшін бұл дәстүрдің ешқандай айыбы жоқ. Ол көшпелі өмірдің өзінен туындаған дәстүр.

Некелік қатынаста алты аталық шекті қатаң сақтау жай халықтың ортасында кең тараған. Ал “Едіге ұрығы маңғыттар” оқшауланған ақсүйектік топ болғандықтан олардың арасында жақын туыстардың қыз алысуына рұқсат берілген. Мысалы, Ораз-Мұхаммед б.Дінахмет өзінің шөбере қарындасына үйленген. Бұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Оның себебі Едіге ұрпақтары өздерінің ата-тегін пайғамбарлардан бастап тарататын дәстүрмен түсіндіруге болады. Осыған сәйкес мысалдарды қазақ ортасындағы өздерін “пайғамбарлар ұрпағы” санайтын “қожалар және сунақтардың” некелік дәстүрінен кездестіреміз.

Ноғай Ордасындағы ислам діні Алтын Орданың ханы Өзбек тұсында қабылданған діннің нығайған кезіне сай келеді. Ноғай Ордасы қызметінде бұл дін орнығып, оның саяси қатынастарында оның мұсылмандық бағыт-бағдарын айқындады.

Орыс-ноғай дипломатиялық құжаттарында “біздің сенімен (Иван ІҮ патшаны айтады) құдайымыз бір, дініміз бөлек”, “Сен де, мен де құдайдың құлымыз, дініміз бөлек болса да” [29, д. 8, л 248] деген мазмұндағы деректер кездеседі.

Ноғайлар арасында ислам діні берік орныққанымен олардың исламға дейінгі наным-сенімдері де сақталып қалды. Отқа табыну, ошақты құрметтеу, жылқының басын бойтұмардай қастерлеу сияқты дәстүрлері сақталған. Олардан өзге арбау, көз байлау, жадылау, сиқыршылық, бақсылық сияқты тылсым әрекеттер де орын алды.

Ноғайлар ортасында исламның таралуына  байланысты Қожа Ахмет Ясауидің ықпалы мықты болғандығы ауызша деректерде мол сақталған. Әйтсе де оның шыққан тегі бұқаралық деп аталады. Содан да болар Ясауи идеялары уағыз түрінде айтылады да оның сол уағыздарды өлең түрінде айтқан хикметтері ноғайлар арасында кездеспейді.

Ноғайлардың мырзаларға орыстармен қатынастарда жасалған өзара шартнамалардың орындалатындығына қолына Құран ұстап ант беретін болған. Бұл олардың арасында Құранның өте жоғары қастерленетіндігін танытады. Мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа барудың белгілі бағыты орныққан. Астраханнан шыққан зияратшылар Қазы ұлысы, одан әрі Қорымға барады. Ол жерден Дунай бойындағы Ақ-Кермен, Хан-Кермен, Измаил бекіністеріне жетіп, Стамбулға барған. Стабулдан әрі түйемен, жаяу жалпы Хиджазға, Мекке қаласына жететін болған. Қажылыққа көбіне  ауқатты адамдар мен діндарлар барғаны белгілі.

Ал билер мен мырзалардың қажылыққа барып, ұзақ уақыт елде болмауы саяси толқуға негіз болар еді. Шалкиіз Темір бидің қажылық сапарға дайындалуын былай суреттейді:

Қара бас құспен шалдырып,

Көк теңіздің үстінде.

Көтеріп желкен аштырып,

Жүк тиедің кемеге.

Ниет еттің Тәңірдің үйі кебеге,

Жүк тиесең – кетерсің,

Ниет етсең – жетерсің.

Жетсең тәуап етерсің.

Одан әрі Шалкиіздің Темір – жұрт тірегі, елдің берекесі, ол алыс сапар – қажыдан оралғанша “артында қалған көп халқы” тозғындап кетпек: “Жұртқа лайық ие жоқ”. Сондықтан да жырау қажыға бару парыз еместігін еске салып, құдайдың шын парызы – қарауындағы халыққа рахымды, әділетті әмір жүргізу екендігіне Темірдің көзін жеткізбек болады

Жығылғанды тұрғызсаң,

Жылағанды уатсаң,

Қисайғанды түзетсең,

Тәңірінің үйі бәйтолла,

Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты [Марғұлан, 50, 51].

Ноғайлардың жерлеу рәсімі мұсылмандық сипатта болды. Тек олардың қайтыс болғаннан кейінгі жүз күндік, жылдық асын өткізуде құлшылық етуі, ас, сыйлық, ақша таратуы исламға дейінгі дәстүрлерден хабар береді.

Қабір басына тас үю де осындай сарқыншақ болуы мүмкін. Ноғайлар мекендеген территорияларда күйген кірпіштен немесе қашалған тастан қаланған кесене-мазарлар аздап болса да кездеседі. Әйтсе де бұндай мәдениет ескерткіштері көп сақталмаған және олардың көркемдік деңгейі де жоғары деп айта алмаймыз.

Ноғай Ордасы мұсылмандарының діни қызметкерлерінің мынадай дәрежелері анықталған. Олар: мүфти, шейх, қадий, суфи, әпенді молда, сол сияқты діни топтардан сейдтер, қожалар, садрлар, шайхтар, абыздар [40, 82].

Дін иелері өздерінің сауаттылығы арқасында мемлекеттік істерді жүргізуге елшіліктердің құрамына тартылған. Содан да діндарлар Ноғай Ордасы  билеуші әулетінің идеологиясын жасауға тартылды. Оның мысалын Едіге әулетінен шыққан тегін пайғамбарларға апарып қосу әрекетінен көреміз.

Әдебиет ісі ноғайларда негізінен ауызша дәстүрде дамыды. Түрік халықтарының арасындағы аса ірі дастан “Қырымның қырық батыры” осы ноғай халқының эпикалық дәстүрінен туындады. Бұл дастан ХІҮ ғ. қалыптаса бастады. Ноғайлардың бүкіл Дешті-Қыпшақ бойынша көшіп-қонды. Қазіргі кезде бұл дастанның толық нұсқасы қазақ халқында ғана сақталып, мүмкіндігінше жарыққа шығарылуы ол туралы барынша кең әңгімелеуге мүмкіндік береді. Әйтсе де тақырыптан ауытқымау үшін Ноғай Ордасында осындай эпикалық дәстүрдің пайда болуының негізі – көшпелілердің көне заманнан бастау алған жыршылық дәстүрі екендігін айтуымыз керек.

Қазіргі заманғы зерттеушілерге ноғайлы дәуіріндегі мынадай өнерпаздардың есімі белгілі. Олар: Шез-Баян Балашықұлы, Кет Бұғы Найманұлы, Сыбра Шопбаслы, Парыздақа Шабенұлы, Құба Қыпшақ, Қара-Бойса Қаңлы, Ұзын-Айдар Қоңырат, Сұлу Мәмбет Шырын, Мөңке Маңғыт. Бұларды кейбір зерттеушілер бірде ноғайға, бірде қазаққа телиді. Әйтсе де ХІҮ ғ. қазақ та, ноғай да жоқ, тек олардың арғы тегі болып саналатын Жошы Ұлысының қыпшақтары бар еді. Демек, оларды қазақ, ноғай, башқұрт, қарақалпақтардың ортақ мұрасы ретінде қарастырған жөн болар.

Ауызша дәстүрмен қатар ноғайларда жазба мәдениеті де қалыптаса бастаған еді. Орданың билеушілері көрші ел басшыларымен араб әліпбиі негізінде жазба құжаттар алмасқан. Ноғай мырзалары Мәскеу үкіметінен өздеріне жіберілетін құжаттардың “татар жазуымен” жазылуын өтінетін [29, д 2, л 21].

Әдетте бұл құжаттарда сол кездегі кеңсе тілі болып есептелген ортаазиялық түрік тілінде, яғни шағатай тілінде жазылды.

Ноғайлардың әскери өнері де көрші мемлекеттерді қызықтырған мәселе болғанымен олардың қару-жарағы, жасақшылардың ұйымдық құрылымы, стратегиялық әдіс-айлалары туралы деректері барынша аз кездеседі. Осы саланың белгілі маманы М.В.Горелик осы кездегі Еуразия көшпелілердің әскери ісінің дамуы алтыншы кезеңді бастан өткерді деп, оны былай сипаттайды: бұл кезең көшпелілердің әскери істегі біртұтастығының ыдырауы, отырықшы-егіншілік орталықтары қаруының, әсіресе, Түркия мен Ресейдің қырымдықтар мен ноғайларға ықпалының артуымен ерекшеленеді [10, 23] деп жазды.

Қорыта айтқанда, Ноғай Ордасының үш ғасырлық тарихында материалдық және рухани мәдениет ескерткіштері дамудың жаңа сатысына көтерілген еді. Қоғамдық қатынастардың, материалдық өндірістің дамуы отырықшы елдерге қарағанда баяу жүргенімен алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда едәуір ілгерілеушілік байқалады. Әйтсе де Ресей мемлекетінің саяси, экономикалық қуатының артуына орай олардың отарлық саясатының күшейе түсуі – Ноғай Ордасының өз ішіндегі саяси бытыраңқылық ықпалымен ыдырауына ұласып, этникалық мәдениеттің ұлттық мәдениет болып қалыптасу процесін орта жолдан үзіп тастады.

Қ О Р Ы Т Ы Н Д Ы 

Еуразия халықтарының “ноғайлық кезең” деп шартты түрде атауға болатын қоғамдық-саяси және халықаралық қатынастардың тұтас бір дәуірі айқындалады. Бұл атау ғылыми термин ретінде башқұрт және қарақалпақ тарихнамасында, қазақ және қырғыз халықтарының фольклорлық ескерткіштерінде “батырлық заман” ретінде ноғайлы билігі түрінде кездеседі. Бұл терминологиялық құбылыс Ноғай Ордасының Шығыс Еуропа Батыс Қазақстанның территориясында билік жүргізіп, қуатты империяға айналған ХҮ–ХҮІІ ғғ. тарихи оқиғалардың жаңғырығы еді. Ноғай Ордасы және оның құрылымындағы халықтар қазақтар, қазан, қырым татарлары, Сібір, астрахань жұрты, башқұрттар мен қарақалпақтар, түрікмендер мен қалмақтармен ассимиляцияланып, олардың құрамына сіңді. Тіпті Дон және Жайық казактарының қатарын толықтырып, өте күрделі жан-жақты ассимиляцияға түсті. Ноғайлардың өз көршілеріне тигізген ықпалын саяси, этникалық және мәдени аспектіде қарастыруға болады.

Ноғайлардың саяси ықпалы. Ноғай мемлекеті Шығыс Еуропада тарихи қысқа мерзімде ХҮ ғ. соңы мен ХҮІ ғ. алғашқы жартысында қуатты мемлекетке айналды. Әйтсе де оның саяси ықпалы оған дейін де, одан кейін де сезілетін. Ең басты ықпал  Алтын Орда ыдырағаннан кейін пайда болған Ноғай Ордасының өзі қатарлы хандықтардың қызметінен байқалды. “Едіге ұрығы маңғыттар” ХҮ ғ. алтынордалық Шыңғыс ұрпағының арасында жетекші роль атқарды. Содан да маңғыт беклербектері Жошы әулеті құрған хандықтарда жетекші тұлғаларға айналды. Еділ–Жайық–Жем бойын мекендеген маңғыттар Ноғай Ордасын құрды. Олардың Қазан, Астарахань, Сібір жұртымен шекаралас болуы ол хандықтарға өз қолдаушыларын отырғызуға қол жеткізді.

Ноғай Ордасының шығыс көршілері Қазақ хандығы және Орта Азия хандықтары болды. Оның Қазақ хандығымен қарым-қатынасы барынша күрделі сипат алды. Олардың арасында қырғын соғыстар да орын алды. ХҮІ ғ. алғашқы ширегінде Қасымхан Еділдің сол жағасындағы иеліктерді тұтастай өзіне қаратуға қол жеткізді. Одан кейінгі кезеңде Ноғай Ордасы күшейіп, Қазақ хандығының иелігіне кеткен жерлерді қайтарып алды.

Ноғайлардың Мәскеуге ықпалы бірнеше себептермен әлсіз болды. Олар діни, экономикалық кедергілермен бірге жер шалғайлығы еді.

ХҮІ ғ. бастап Мәскеу патшалығының иелігіне өткен ноғай мырзалары Кутуловтар, Урусовтар, Юсуповтар сияқты князьдық әулеттің негізін қалады.

Ноғайлардың этникалық ықпалы олардың өзге этностардың қалыптасуына тікелей және жанама үлес қосуымен ерекшеленеді. Ауызша шежіремен бірге қарақалпақ эпостары да ноғайлардың туыстығын айғақтайды.

ХҮІ ғ. ауа көшулердің барысында  қазақ құрамындағы ноғай компоненті нығая түсті. Ол әсіресе, ХХ ғ. дейін Қоңырат тайпасының арасында ноғай және маңғытай рулары атауының сақталуы түрімен де көрінеді. Ал Кіші жүз территориясы тұтастай Ноғай Ордасының иелігін қамтуының өзі де екі халықтың тұтастану деңгейін танытады.

Мәдени ықпал ретінде ноғайлардың көрші елдерге материалдық және рухани тұрғыдағы ықпал әсерін қарастыратын болсақ, онда ХҮІ ғ. бастап көшпеліліктің біртіндеп отырықшылыққа ұласу процесін басшылыққа алуымыз керек. Ноғайлар өзге көшпелі хандықтарға қарағанда  отырықшылыққа алғашқы болып тартылды, соған сәйкес шаруашылық жүргізумен бірге отырықшы өркениеттің үрдістері де өзге халықтарға ноғайлар арқылы тарады. Ресейдің атты әскері негізінен ноғай жылқысынан жасақталды [44, 110]. Ал оның қару-жарағы да ноғай қару-жарағын үлгіге алды [12, 40].

Ноғайлық дәстүрлер көрші елдерге кең тарағандығын ноғай пеші, ноғай қамшы (нагайка), ноғай күресі, ноғай тоны деген атаулардың көп кездесуі де аңғартады.

Малдың күтіміне байланысты Ставрополь тұқымды сиырлардың, Дағыстандағы ноғай қашырларының өсірілуі де көп жайды аңғартса керек.

Өзге елдерге миграция барысында ноғайлар рухани мәдениет дәстүрлерін де таратты. Османлылар Дешті-Қыпшақ тілін ноғай тілі деп атады, қалмақтар Ресеймен жазба қатынастарын ноғай тілінде жүргізді. Еуразиялық түркі халықтарында ноғай, татар, башқұрт, қазақ, қарақалпақтарға ортақ батырлық дастандар циклы қалыптасты, ол Қырымның қырық батыры немесе Ноғайлы жырлары деп аталды. Ноғайлардың  негізін қалаушы Едіге тұлғасы да осы халықтардың қасиетті тұлғаларының біріне айналды.

Қорыта айтқанда, тарихи және этнографиялық материалдар соңғы бес ғасырда ноғай халқы еуразиялық өркениетке елеулі үлес қосқандығын айғақтайды. Демек, Ноғай Ордасының тарихы – адамзат тарихының құрамды бөлігі ретінде дербес қарастыруға әбден лайық тарих.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 

  1. Ахметзянов М.И. Ногайская Орда и ее роль в этнический истории татар. //Идель. Казань, 1994. № 3–4. С. 32–40.
  2. Батырлар жыры. ҮІ том. Алматы, “Жазушы”, 1990, 272 б.
  3. Байпаков К.М. О локализации позднесредневековых городов Казахстана //СА. 1977. № 2. С. 201–209.
  4. Беляев И.А. Сказание об Едигее и Тохтамыше: Каракалпакская народная поэма / Протоколы заседании и сообщения членов Закаспийского кружка любителей археологии и истории Востока. Вып. 3. Ашхабад, 1997. С. л –39.
  5. Буканова Р.Г. Закамская черта ХҮІІ в. АКД. Воронеж. 1981. 22с.
  6. Валиханов Ч.Ч. Эдигей // Соч. СПб. 1904. С. 265–273.
  7. Валиханов Ч.Ч. Заметки по истории южносибирских племен // Собр. соч. Т. 1. А.–А., 1961. С. 380–391.
  8. Вамбери Т. История Бохары или Трансоксании с древнейших времен до настоящего. Т. 2. Спб. 1873. 228 с.
  9. Газиз Г. История татар . Сост., пер. с татарск. С.Г. и А.Х.Губайдуллиных. М., 1994. 198 с.
  10. Горелик М.В. Основные этапы военного дела кочевников Евразии в древности и средневековья (Историко-культурные контакты народов алтайской языковой общности. / Тез. Докл. 29-и сессии. Постоянной международной алтаист. конф.) Гл. ред. В.М.Солнцева. М., 1986. С. 22–23.
  11. Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая Степь. М., 1989. 764 с.
  12. Денисова М.М. Поместное конница и ее вооружение в ХҮІ–ХҮІІ вв. // Тр. Гос. истор. Музея. Вып. 20. М., 1948. С. 29–46.
  13. Жданко Т.А. Очерки исторической этнографии каракалпаков: Родо-племенная структура и расселение в ХІХ в – начале ХХ в. М.; Л., 1950. 172 с.
  14. Златкин И.Я. История Джунгарского ханства. 1635–1758. М., 1983. 332 с.
  15. Ибн Арабшах Шихаб ад-Дин Ахмад ибн Мухаммад. Аджаиб ал-макдур фи ахбар Тимур. Каир. 1305/1887–1888. 252 с.
  16. История Каракалпакской ССР. Т.1. С древнейших времен до Великой Октябрьской социалистической революции. Ташкент, 1974. 330 с.
  17. История Казахстана. Очерк. Ред. М.К.Козыбаков и др. Алматы, 1993. 416.
  18. Йазды Шараф ад-Дин Апи. Зафар-наме. Подгот.  к печ., предисл., примети, указ. А. Урунбаева. Ташкент, 1972, 1240 с.
  19. Карамзин Н.М. История государство Российского. 5-е. Изд. М., 1989. Кн. 2. Т. 5–8.
  20. Қадыр Али-Бек. Сборник летописей. Казань. 1854. (БВИ. Издаваемая И.Н.Березиным. Т. 2. Ч. 1.) 178 с.
  21. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Государста и народы евразийских степей; Древность и средневековья. СПб., 2000 , 320 с.
  22. Кононов А.Н. Родословная туркмен: Сочинение Абу-л Гази хана хивинского. М., Л., 188 с.
  23. Қазақстан тарихы. 5 томдық. ІІ том, Алматы, 1998. 638 б.
  24. Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. Алматы, 1992. 176 б.
  25. Назаров В.Д. Россиийско-ногайская торговля (первая половина ХҮІ в.) //Восток. М., 1998. № 1. С. 48–64.
  26. Народы Карачаево-Черкесии (Историко-этнографические очерки) Ставрополь, 1957. 154 с.
  27. Натанзи Муии ад-Дин. Мунтахаб ат-Таварих-и Муини. Техран. 1336/1957. 550 с.
  28. Новосельский А.А. Борьба Московского государства с татарами в первой половине ХҮІІ в. М., Л., 1948, 447 с.
  29. НКС – Ногайские книги и столбцы (РГДА, ф. 127. Оп. Л)
  30. Олеарий А. Описание  путешествие в Московию и через Московию в Персию и обратно. Введ., пер., примеч.  и указ. А.М.Ловягина. СПБ., 1906. 610 с.
  31. Очерки истории Ставрополького  края. Т. 1. Ставрополь. 1986. 462 с.
  32. Очерки истории Саратовского Поволжья. Т. 1. Саратов. 1993. 272 с.
  33. Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сб. 1. Ред. С.Д.Асфендиярова. А.-А., М., 1935. 297 с.
  34. Рашид ад-Дин Фазоллах ибн Абу-л-Хайр Хамадани. Сборник летописей. Т. 1. Кн. 1. М., Л., 1952. 225 с.
  35. Рашид ад-Дин Фазоллах ибн Абу-л-Хайр Хамадани. Сборник летописей. Т. 1. Кн. 2. М., Л., 1952. 315 с.
  36. Рогожин Н.М. Посольская книга России конца ХҮ – начала ХҮІІ в. М.; 1994. 224 с.
  37. Самарканди Абдурраззоқ. Матлан саъдайн ва мажмаи бахрайн. Тошкент, 1969. 464 с.
  38. Сафаргалиев М.Г. Ногайская  Орда во второй половине ХҮІ в. //Сб. научн. работы Мордовского гос. пед.института. Саранск. 1949. С. 32–56.
  39. Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. Саранск. 1960. 276 с.
  40. Сиккалиев А.И. Ногайский героический эпос. Черкасск. 1994. 328 с.
  41. Смагулов О. Населения Казахстана от эпохи бронзы до современности (пелеоантропологические исследования). А.-А., 1970. 240 с.
  42. Сокровенное сказание монголов: Анонимная монгольская хроника 1240 г. Элиста, 1990. 280 с.
  43. Толстова Л.С. Исторический фольклор каракалпаков как источник для изучения этногенеза и этнокультурных связей этого периода // Этнические история и фольклор. М., 1977. С. 141–164.
  44. Трепавлов В.В. Конь боевой и романовский полушубок. // Родина. М., 1977. № 3/4. С. 109–112.
  45. Трепавлов В.В. История Ногайской орды . М., 2001.
  46. Тунманн С. Крымское ханство. Симферополь, 1991. 96 с.
  47. Устно-поэтическое творчество мордовского народа. Т. 9. Саранск. 1982. 352 с.
  48. Утемиш–Хаджи. Чингиз-наме. А. -А., 1992. 296 с.
.
Загрузка...

Тағы рефераттар