Отырар – Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалаларының бірі. Қаланың қалдығы Отырар төбе деген атпен белгілі, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының  Шәуілдір елді мекенінің жанында орналасқан. Отырар қаласы туралы көшпеген саяхатшылардың жазба деректерінде айтылады. Тарихи  деректерге  үңілер болсақ, Отырар кезінде Фараб деген атпен де белгілі болғанға ұқсайды. Алғаш сол аймақтың аты Фараб атанып, астанасы Отырар болған, ал кейіннен қаланың өзі де Фараб атанған (ҮІІІ ғасырда). Сонымен бірге қала ІХ ғасырдың басында Тарбан деп де аталған. Қаланың мұндай аты Білге Қағанға арналған ежелгі түрік руникалық жазуында кездеседі. Ал ХІІІ ғасырдан өмір сүруін тоқтанғанға дейін қала Отырар атанған.Отырар қаласының атының дәуірлеп шыққан кезі Шыңғыс хан жаугершілігі тұсында 1218 жылы Шыңғыс хан Қайырхан басқарған қазақ қаласына 450 адамнан тұратын саудагерлер елшілігін жіберді. Саудагерлер керуені Отырарға келген кезде Қайырхан олардың арасында “жансыздар” бар екенін естіп, сенімсіздік білдіреді де, тұтқынға алып жазалайды. Осы уақиға монғолдардың қазақ даласына жаугершілік жасауына  себепші  болады. 1219 жылы құмырсқадай қаптаған монғол қолы Отырарды қоршап алып, бес ай бойы жанкешті ұрыс жүргізеді. Ақырында өз іштерінен шыққан әскери басшы Қарашақожаның сатқындығынан қала монғолдары ойранына ұшырап, қайсар да ержүрек басшы Қайырхан қолға түседі.

Осындай есеңгіреткен қырғыннан кейін де Отырар қайтадан ес жиып, бұрынғы қалпына  келіп отырды. Бір жағынан тоғыз жолдың торабында – Жібек жолының бойында  орналасқандықтан, қала экономикалық жағынан тез өркендеп өсті. 1248 жылы қалада алғаш рет Отырар белгісімен ақша соғылды.

Ұлы ғұлама, данышпан бабамыз Әбу-Нәсір әл Фарабидің  туған қаласы көптеген ғасырлар бойы батыс пен шығысты байланыстырып тұрған күретамыр орталығы болған. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері көрсеткендей, бұл қала сол кездің өзінде–ақ озық ойлы жобалармен тұрғызылғаны анықталды. Қаланың бір елең еткізетін, мамандарға  ой салатын жері — оның су жүйелерінің қазіргі қалалардағы жүйелерге тән ұқсастығы. Онда үйлердің әр бөлмесіне су құбырлары жүргізілген. Құбырлардың жасалуы да әрі ықшам, әрі әдемі, ернеулеріне нақышты өрнектер салынған. Үй мен үйдің арасын жалғайтын құбырлар бұлардан едәуір жуандау болып келеді. Сонымен қатар кейбір бөлмелерде жуынып шайынатын бұрыштар, тіпті ванналар кездеседі – деді 1975  жылы археологиялық қазба жұмысына қатысқан зерттеуші, өнер  танушы Әбдуәли Төлебиев.

Отырарда сонымен қоса ғажайып үлкен қыш ыдыстар – хумдар көптеп кездеседі. Олардың кейбірінің үлкендігі адам бойындай зор болып келеді. Ол ғажайып ыдыстарда, құмыраларды  астық, жем сақталатын болған. Қазір Отырар қазынасының аса бір көзге елеулі көрінетіні – оның керамикалық ыдыстары, күміс, қола құмғандары және түрлі қыш қақпақ дастархандары. Әсіресе Отырар керемикалары  өзінің комозициялық құрылымы жағынан, Ою-өрнектерінің күрделігі, ерекшелігі жағынан назар аударады. Қаншама ғасыр өтсе де табақтардағы бояулар өз сапасын жоймаған. Бояу түрлерінің  бір-бірімен жымдасуы, әдемі нақышты өрнегі, жасалу сапасы берік.

Кейінгі  қазба жұмыстарының нәтижесінде Отырарда сәулетті сарай, мешіттердің болғанын дәлелдейтін олардың қалдықтары аршылып алынады. Бұл жағынан Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы археология, тарих және этнография институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді экспедициясының 1970 жылдан басқарып, жемісті еңбек істеп келе жатқан атақты археолог ағаларымыз Кемел Ақышев пен Кирл Байпақовтың ашқан жаңалықтарының арқасында Отырар қазынасы жалпақ жұртқа әйгіленді.

Тараз. Қазақ халқының көне тарихының көзіндей өмір сүрген қаланың бірі-ежелгі Тараз. Қала жазба деректерде сонау Ү ғасырдан белгілі. Көне жылнамалар түрік 568 жылы Юстинианың (Юстиниан –Византия империятр)

Земарх Киликийски басқарған елшілігі келгенін баяндайды. Елшілік сол кезеңдегі қаған Дизабулмен кездескен. Сонау көне заманнан бері қарай Тараз қаласы Шығыстағы елге мәлім ірі қаланың бірі болған. Ірі керуен жолының бойында тұруы, жанындағы Талас Алатауының қойнауынан күміс кенішінің жұмыс істеуі қаланың тез өркендеуіне әсер етті. Х ғасырда қалада болған араб жиһангері Макдиси былай деп жазады. “Тараз – ірі қорғанды, көптеген бау-бақшалары бар, халық жиі қоныстанған қала. Оның төрт қақпасы бар, қала ортасынан өтетін өзен оны екіге бөлген, оларды байланыстыратын көпір бар. Орталық базарда жиналмалы мешіт орналасқан”. Қала Х-ХІІ ғасырларда өзінің өркендеуін басынан өткерді. Ал монғол шапқыншылығы кезінде Хорезмшах Мухаметтің бұйрығымен қала қиратқызылады. Көз жауын алатын әсем қаланы жау қолына бергенше, билеуші амалсыздан осылай істеген еді. Содан қала ХІІІ ғасырда өмір сүруін тоқтатады.

Таразда Х-ХІІІ ғасырларда тұрғызылған әсем сәулет сарайлары, мешіттер сақталмаған. Бірақ ондағы аршылып алынған Шығыс моншасы жұрнағының, табылған түрлі керамикалық ыдыстарының өзі және қала маңында сол дәуірлерде тұрғызылған кесенелер оның ежелгі даңқын жоққа шығармайды. Қала орталығында аршылған монша құрылысы өзіндік ерекшелігімен көзге түсті. Оның бөлмелерінің еденіне түрлі-түсті 50х50см шаршы плиткалар төселген, ал жуынатын ванна бөлмесінің керегелері әр түсті глазурлы кірпіш-плиткалармен көмкеріліп сегіз бұрышты өрнектермен айшықталған. Өрнектер қара сызықтармен жиектелініп қызыл фонға салынған. Ал ваннаның өзі су өткізбейтін сылақпен сыланған, кірпіштермен өрілген. Моншаны жылытатын бу, су құбырлары еденнің асты арқылы өтіп, жуынатын бөлмелердің еденін белгілі бір жылылықта ұстап тұрған. Алматыдағы Арыстан Моншасының шығыс бөлігі осы тараз моншасының жүйесіне сүйеніп салынған.

Тараздың керамикалық ыдыстарының басқа қалалардан табылған табақтардың өзіндік ерекшеліктері бар. Мұндағы ыдыстарда символикалық белгі —  өрнектермен қоса, жан-жануар бейнесі жиі кездеседі.

Х-ХІІ ғасырларда қала маңында салынған ескерткіштер Тараз мәдениетінің, сәулет өнерінің шарықтаған кезеңі екенін дәлелдейді. Енді осы сәулет ескерткіштеріне қысқаша шолу жасайық.

Айша-бибі кесенесі ХІІ ғасырда тұрғызылған қазақ сәулет маржаны, қазақтың Тәж-Махалы. Өзінің сәулеттік сымбатымен, өрнекті керегелерінің  айшықтығымен бүкіл Орта Азия мен Қазақстанда теңдесі жоқ құрылыс. Қазіргі ғалымдар “Айша бибіге” осындай баға беруде. “Айша бибіні” тұрғызған сәулетшінің аса кемеңгер шебер екеніне көз жеткізу қиын емес. Ол үшін құрылыстың әр бөлігін, әр кірпішін аса кірпияз шеберлікпен оймыштап, дестелеп жасағанын байқасаң болғаны.

Орта Азия мен Қазақстанда кездесетін тамаша сәулет кешендері баршылық. Олар Шир-Дор ансамблі, Қожа Ахмет Иассауи ғимараты және тағы басқалары. Бұлар да көрерменді таңдандырып, айтса ауыздың суын құратын ұлы ескерткіштер, бірақ та соған қарамай, білгір ғалымдар, сәулетшілер “Айша-бибіні” солардан жоғары қояды, бірегей туынды дейді. Неге? Өйткені бұл құрылыстың өн бойы бедерлеме тәсілімен ойылып жасалған өрнекті текше плиткалардан құралған. Әр кірпіштің өзі бір өнер туындысы. Сондықтан да кесене іргесі қыздың кестесіндей құрылып, адамды табындырады, нәзіктігімен таңдандырады. Мұнда Орта Азия мен Қазақстан сәулетіндегі бар айшықтар және қазақ нақышты ою-өрнегі түгелімен топтасқан, сондықтан кесене қазақ өнерінің символы болып, ғасырдан ғасырға жасай бермек. Бір өкініштісі – ескерткіш толығымен сақталмаған, мамандардың айтуынша, кезінде төбесі күмбезбен жабылғанға ұқсайды. Бірақта қазіргі жартылай құлаған қалдығының өзі алтынның  сынығындай құлпырып, өлмес мұраға айналған. Ежелгі ел аузындағы аңыз бойынша, құрылысты қараханиттер әулетінің билеушісі өзінің сүйікті қалыңдығы Айша бибіге тұрғыздырған дейді. Аңыз желісі былай шертіледі.

Екі жасқа арналған той қамы дайын болады, бірақ уәделескен күні әскери жорықта жүріп, жас батыр жете алмайды. Бір жағынан сағыныштан, екіншіден махаббаттың нәзік сезімі тағат таптырмай, қалыңдық сүйіктісін қарсы алу үшін жолға өзі шығады. Тағдырдың жазғаны солай шығар, жолдың ауыртпалығын көтере алмай ауырып, жас ару  қайтыс болады. Сүйікті жарының адал да кіршіксіз махаббатына тәнті болған батыр өз махаббатын мәңгілік есте қалдыру үшін оның басына осы кесенені тұрғызуға әмір еткен. Ақылды сәулетші мен шебер қолды құрылысшылар махабаттың символы болған ескерткішті өзіндік шеберлікпен өре білген.

Тараз қаласы аймағында “Айша-бибіден” басқа, одан ертеректе тұрғызылған тағы бір әйелге арналған ескерткіш бар. Ол – Бабатша қатын кесенесі (ХІғ). Ескерткіш құрылысы өте қарапайым, күйдірілген кірпіштен қаланған. Кезінде төбесі сан қырлы күмбезбен жабылған. Қазіргі кезде күмбездің тек тұқылы ғана сақталған. Бұл ескерткіш – көшпенділердің бірегей  ескерткішінің бірі, кейінгі ғасырларда салынған талай сәулет кешендеріне үлгі болған классикалық құрылыс. Бірақ ескерткіштің кімнің басына орнатылғаны туралы ешқандай дерек те, аңыз да сақталмаған.

Түркістан. Орта ғасырлардағы Қазақстан қалаларының  бірі – Түркістан. Оның бұрынғы ежелгі аты Шабғар. Шабғар кезінде мықты қорғанысы бар сол аймақтың орталығы болған. Тұрған жері  қазіргі Түркістанның жанында Сырдария сағасының маңайы. ХІІ-ХІІІ ғасырларда  қала  өзінің бұрынғы маңызды атақ-даңқынан айырылып, ел кетіп, елеусіз қалады. Аймақтың  орталығы Яссы- Түркістанға көшіріліп, бұрынғы кішігірім елді мекен өсе келе ірі сауда-саттығы өркендеген қалаға айналады. Кейіннен осы Түркістан қаласы Қазақ мемлекетінің орталығы, қазақ хандарының ордасы – резинденциясы ролін атқарады. Қазақ тарихының негізгі уақиғалары, игі жақсыларының өмірі осы шаһармен нығыз байланыста болып келді. ХІІ ғасырда Түркістанда Орта Азия мен Қазақстанда мұсылман дінін уағыздаушы, Мұхамбет Пайғамбардан кейінгі екінші адам атанған Қожа Ахмет Иассауиге  кесене орнатылады. Бірақ ескерткіш Тоқтамыс ханның  жаугершілігі тұсында бүлініп, кейіннен Ақсақ Темір билік құрған дәуірде  құрылыс қарқыны қайтадан қолға алынады. Заманында Қожа Ахмет Иассауи әулиелігімен, пайғамбарлығымен қарапайым халық арасында үлкен беделге ие болған адам. Әсіресе оның данышпандық қағида өлеңдері халық арасында “Диуани хикмет” (Даналық кітабы) атты еңбегі арқылы кеңінен тараған. Ахмет Иассауи адамдарды ізгілікті, кішіпейіл болуға, үлкенді сыйлап, құрметтеуге, пайдакүнемдік пен  нысапсыздықтан жиіркенуге  уағыздайды. Мұсылман дінінің қағида,  шарттарын ұстануға шақырады. Осындай әулие адамның қадір-қасиетін көтеру үшіун, бытырап жүрген көшпенді халықты бір дінге, бір орталыққа бағындыру үшін және де өзінің билік, беделін нығайту мақсатында Ақсақ Темір оның басына зәулім де айбынды мемориалдық кешен салдырады. Бұл құрылысты мемориалдық кешен дейтініміз- мұнда  бірнеше қызметтерге, мақсаттарға арналған бөлме-сарайлар бар. Онда мешітпен қатар медресе, кітапхана, хан сарайлары, тағы да басқа бөлмелер болған. Түрлі мақсаттағы бөлмелердің бір кешенде  біріктіріле салыну сол заман үшін үлкен жаңалық, прогресс еді. Оған дейінгі тұрғызылған мұндай кешен Орта Азия мен Қазақстан аясында жоқтың қасы, әдетте олар жеке-жеке салынатын. Сонымен қатар Иассауи сәулет ғимараты өзінің көлемділігімен, сәулетті айшықтарымен де көзге түседі. Оның ұзындығы 65 метр де, ені-46,5 метр. Қасиетті қола қазан тұрған Қазандық күмбезінің үшар басына дейінгі биіктігі –38 метр. Қазандық  күмбезі Орта Азиядағы ең үлкені, оның диаметрі 18,3 метрге жетіп жығылады. Сәулет ғимараттарын салу барысында сол кезеңдегі сәулеттік тәжірбиенің қалыптасқан озық үлгерімінің бәрі қолданылған. Ғимараттың іші-сырты керегінше беті жылтыр түрлі-түсті мадайкалы өрнектермен, жазулармен көмкерілген. Жалпы алғанда Иассауи сәулет ғимараты – қазақ сәулетінің классикалық көне ескерткіші. Қазіргі кезде әлемдік маңызы бар ескерткіштер қатарына Қазақстаннан тіркелген бірден – бір ғимарат. Бұл туралы көптеген еңбектер жазылған, әсіресе қазақтың белгілі суретшісі Нағым Нұрмұханбетов көп зерттеген. Ол кісінің еңбектерін оқыған адам Қожа Ахмет Иассауи сәулет ғимаратынан толық мәлімет алады.
Тағы рефераттар