Орта ғасырлық өнердің дамуы туралы қазақша реферат

Мазмұны

Кіріспе

1. Діни сәулет өнері

2. Бейнелеу өнері.

3. Қолданбалы өнер

Cәулет өнері ескерткіштері —  оны жасаған қоғамның өмірі туралы аса бай ақпарат көзі. Өнердің және құрылыс техникасының ескерткіштері болуымен қатар, олардың дәуіпдің эстетикалық нормалары, идеологиясы туралы, ғылыми-техникалық мүмкіншіліктің дамуы туралы, мәдени қарым-қатынастар туралы, құрылыс қолөнерінің ұйымдастырылуы мен деңгейі туралы айқын түсінік береді.

Алайда Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қазіргі кезге дейін сақталған архитектуралық құрылыстар саны көп емес және мұсылмандық орта ғасырлар дәуірімен шектелген. Сондықтан сәулет өнері тарихының жалпы проблемаларын шешу, архитектуралық-көркемдік бейне эволюциясын ашып көрсету көбінесе сәулет өнері ескерткіштерін археоллогиялық зерттеулерге байланысты.

Сәулет өнері археологиялық қазба жұмыстарында табылған ескерткіштерде, тіпті тас дәуірі ескерткіштерінің өзінен-ақ ұшырасып, одан кейінгі кезеңдерде барған сайын ұлғая береді. Ол адамның материалдық және рухани мәдениет сапаларын біріктіретін жасампаздық қызметінің ерекше түрі – «пайданың, беріктік пен әсемдіктің» ұштастырылуы болып табылады.

 Діни сәулет өнері. Қалаларда еңселі ғибадатхана және діни ғимараттар болған. Ақбешім мен Суябтан екі будда ғибадатханасы толық қазып ашылды, олардың мерзімі VII ғасырдың аяғы – VIII ғасырдың басы деп белгіленді.

Бірінші Ақбешім ғибадатханасы тік бұрышты етіп жоспарланған. Көлемі 76×22м. Ол мінәжат ететі орын мен галереядан тұрады, оларға аула жақтан үш орамды баспалдақ апарады. Мінәжат орны жанындағы сегіз бағаналы залдың төбесі тегістеліп жабылған. Шығыс жағына тұрғылықты және шаруашылық мақсатындағы  қақпалы құрылыстар оорналасқан. Олардың жүйесіне шаршылап жоспарланған кішкене шіркеу қосылған. Дәліздің қабырғаларын бойлай жасалған тұғырлар мен сәкілерін мүсіндер қойылыпты. Кіреберістегі целлада екі жағында сатылы екі тұғыр тұр, сірә, оларға аяғын салбыратып отырған Будданың мүсіндері қойылған болса керек. Мінәжат орнының еденінен иконостастың Будда бейнеліп, алтын жалатылған қаңылтырлары табылды.

Ақбешімдегі екінші ғибадатхана шашылап жоспарланған (38×38м) және есігі солтүстікке қаратылған. Айқастырыла жоспарланған целлада (10,5×10м) шағын шаршы алаңға шығаын екі дәліз салынған.

Мінәжат ететін орны мен дәліздердің қабырғаларында мүсіндер қоюға арналған қуыстар бар, қабырғалар сурет салып әшекейленген. Қыш мүсіндердің қалдықтары ішінен будда пантеонының әр түрлі кейіпкерлері, соның ішінде Будда, бодисатва, докшита мүсіндері табылды. Мерзімі IX-X ғасырлар деп белгіленген Қызылөзеннің бірінші ғибадатханасы Ақбешім ғибадатханаларынан біраз өзгеше. Ол айналма дәлізі бар целла мен оңтүстік-шығыс жағы ашық залдан тұрған. Ортадағы мінәжат ететін орнының көлемі шағын (3,2×3,2м). Оның тегіс ақ түспен әрленген қабырғаларының көгілдір, қоңыр және қызыл бояулармен сурет салынған шағын тұстары сақталған.

Фрагменттерінің біреуінде қара «сиямен» салынған жазу бар, нашар сақталуы себепті оны оқу мүмкін болмады. Айналма галерея мінәжат орнын үш жағынан қоршап жатыр, дәліздердің ені 2,3-2,7м. Ғибадатхана кешенінде мінәжат орнының бүйір жақтарынан жапсыра салынған, аула жағы ашық екі орын бар.

Қызылөзеннің екінші ғибадатханасы жоспарлануы жағынан бірінші Ақбешім ғибадатханасына ұқсайды. Мінәжат ететін орны мен оның алдындағы ауланың кішкене учаскесі, екі айналма дәліз қазып салынды. Целла шаршылай жоспарланып (6×6 м), күмбезбен жабылған; тромпылар түріндегі, аркаларына әшекейлер салынған күмбез астындағы құрылыс жақсы сақталған. Мінәжат орны күрделі мүсіндік композициялармен безендірілген, олар құрылымы жағынан қабырғаларды ағаш бағандар мен тіреулердің көмегімен бекітуге байланысты болған. Уақыт қабырғалардағы мүсіндерді қазіргі кезге дейін жеткізбеген, бірақ үйінділер астынан ұсақ пластиканың көптеген фрагменттері (жоғарыға, қуыстарға орналастырылған немесе мүсіндік композицияның негізімен ұштастырылған) қазылап алынды. Целлаға кіре берістен екі қыш мүсінінің қалдықтары табылды. Олар тұғырларда бүйірінен тұрады; денесінің және басының жекелеген бөліктері бойынша есептегенде олардың биіктігі бір жарым адамның бойынындай болатыны анықталды. Мүсін ерте заманда-ақ қираған.

Айналма дәліздердің ұзындығы – 12 метрден. Қабырғаларында сары топырақты полихромдық кескіндердің қалдықтары сақталған, олар құрылыс қайта салынған кезеңдердің бірінде ганчаға салынған кескіндеме композициялардың астында қалған. Батысындағы дәлізде «Нирвандағы Будда» мүсіні боялған (басы мен денесінің бір бөлігі сақталмаған). Мүсін қызыл түске боялған тұғырда оң жақ бүйірінен жатыр екен. Будданың матамен қатпарланып әсемделген киімі де қызыл түсті.

Ақбешім және Новопавловск (Ключевск) қалаларының орнындағы кескінемемен және өрнекті әшекеймен, іргелі мүсінмен және бедерленіп безендірілген тұрғын жайлар кешендерімен қоса ішінара қазып-аршылған монастырьлар (сангарамалар) мен кішкене шіркеулер де сол уақытқа жатады.

Жетісудың несториан-христиандары ғибадатханаларының архитектурасы жөнінде Ақбешім қала орны шахристанының солтүстік-батыс бөлігінен аршылған шіркеуден аңғаруға болады. Жоспарлануы жөнінде бұл – кіреберісі аркамен көркемделген тік бұрышты ғимарат. Оның көлемі 36×15 м. Үй ұзын жағынан батыстан шығысқа қаратылған; батыс жағында аула бар, оның қабырғаларын бойлай бастапқыда жаппа жасалған. Шығыс жағында шіркеудің өзі орналасқан. Шаршылап жоспарланған шіркеу төбесі күмбезделіп жабылып, қабырғалары ашық бояулармен боялған. Осында қазып алынған құрал-сайманды қабір арқылы бүкіл кешеннің мерзімі VII-VIII ғасырлар деп белгіленеді. Шағын, түрі қарапайым Ақбешім шіркеуі Марыдағы V-VI ғасырлардағы салтанатты (Хароба-Қошық) несториан шіркеуімен біртектес. Таяу Шығыс ғибадатханаларының  христиандық сәулет өнерінен айырмашылығы – Орта Азияда шіркеудің ерекше үлгісі қалыптасты, онда неф ашық ауламен алмастырылды.

Зороастрийлік діни құрылыстар да мәлім. Ғибадатхана мақсатындағы бір кешен, тегінде, зороастралық жерлеу салтын өткізуге және қасиетті от жағуға байланысты болса керек, ол Қызылөзен қаласы жұртының батыс бөлігінде орналасқан. Бұл – айналасында аулаға кіретін және қоршау құрайтын орындары бар мұнара тәрізді ауқымды құрылыс. Бүкіл кешен 250×160 м жерді алып жатыр. Сүйір басты, биіктігі 12м мұнара диамтері 40м болатын үлкен алаңда орналасқан. Төбесінде шикі кірпіш төсеп, беті арнайы қоспамен салынған алаңша бар. Одан 2,3 метрдей төменіректе,сірә, галерея болса керек. Мұнара-ғибадатханада қасиетті от жанып тұрған болуы мүмкін, ол Иран мен Хорасанда сасанилер кезеңіндегі әдет бойынша, қоғамдық ғұрыптар кезінде жоғарыға шығарылып отырған.

Қазақстанның зерттеліп отырған ғимараттарының құрылысында пайдаланылған негізгі құрылыс материалдары шикі кірпіш болған. Уақыт өте келе оның түрі мен көлемі біртіндеп өзгере берген. Кірпіштерден басқа күйдірілген балшық кесектері пайдаланылған. Қабырғаларды қалаудың үш түрі: шикі кірпіштен немесе күйдірілген балшық кесектерлен және кірпіштен күйдірілген кесектерді араластырып қалау түрлері аңғарылды. Сарайлар мен қарапайым тұрғын үйлер бөлмелерінің едені сазбен немесе сабан араластырылған балшықпен сыланған. Олар өте беріктігімен ерекшеленеді, оларды жөндеу оңай болатын, пайдалану барысында еденге балшықтың жаңа қабаты үнемі жағылып отырды. Кейбір архитектуралық ғимараттарда есіктің төменгі жағынан ағаш табалдырық табылды. Табалдырықтардың құрылысы зерттеушілердің жалпы есік жақтауы мен есік табалдырығының  құрылысын анықтуына мүмкіндік береді. Орта ғасырлардағы сәулет өнеріне талдау жасай отырып, зерттеушілер еңселі үйлерде әдетте есіктерге арка тәрізді маңдайшалар салынған деген қорытындыға келді. Құрылыстың төбесін жабудың жалпақ аралықпен, күмбездеп, «дірбазарлап» және тікелей көтеріп жабу сияқты бірнеше түрі кездеседі. Ғимараттардың сипатына, жайдың неге арналғанына, климат ерекшеліктеріне, жергілікті құрылыс материалдарының болуына қарай сәулетшілер белгілі бір жабу түріне артықшылық беріп отырған. Жайдың көлемі үлкен болып, бір бөренелердің ұзындығымен жабуға мүмкін болмаса, бөлменің ортасына төрт баған орнатылып, «дарбазаның» төбесін солар ұстап тұрған. Бағандар айван-жаппалар астына да орнатылған. Ошақтарлың мынадай түрлері: еденге, қабырғалар жанына, қабырғаға жанастыра орнатылған, алып жүруге ыңғайлы түрлері болған.

Бейнелеу өнері. Сарайлардың салтанатқа арналғанжәне діни орындары көбінесе қабырғаларына сурет салып, бұйымға және алебастрға, ағашқа ою салу арқылы безендірілген. Қостөбенің сарай кешенінен оюланаған саз бұйымдар, өрнекті ганча мол кездесті. Сәндеудің ең жақсы сақталған түрі – саз сылақтың қалың қабатын көркемдеп оймыштау. Бөлмелердегі қабырғаларды оймыштау өсімдік және геометриялық түрдегі өрнектерді қамтиды. Қабырғаларға арнайы бейнелер мотивтері жиі салынған, олардың ішінде сабағына ілініп тұрған бүлдірген, құлпынай жемістері де, ірі інжулер қатарлары да ішінде шеңбері бар қос қабатты ромб тәрізді торлар да ұшырасады. Қабырғалардың жоғарғы жағы сабағы бар әдемі гүлдермен, жапырақтармен, гүл қауыздарымен безендірілген. Оюланған белдікте шиеленіп шырматылған жапырақтар, сабақтар, үлкен медальон түріндегі өрнектер бар. Еден мен сәкілердегі оюланған бұйымдардың кесектерінде шиеленіп шырматылған қызыл беделер, көп бұтақты пальметтер, інжу салынған қос қабатты дөңес шеңберлер, жапырақтары, сабақтары және шоқталған жүзімі бар, салмақты жүзім шыбығы мотивтері сақталған. Өсімдік  және геометриялық өрнектердің мұндай мотивтері Афрасиаб, Варахша сарайларының, замоктарының, бай тұрғын үйлерінің сәнделуінен жиі кездеседі.

Ағащты өрнектеу үлгілері Құйрықтөбе қамалындағы сарайдың салтанат залынан ұшырасты. Оны қазып тазалаған кезде үйдің төбесіне салынған, ою-өрнекпен безендірілген ағаштың көмірге айгалған қалдықтары көп мөлшерде жиналды. Ағаш құлап түскен төбенің астында қалу арқасында сақталған. Бөренелердің, консольдердің, басқа да үйдің төбесіне салынған ағаштар, овалдар, крестер, торлар, дөңгелектенген және жүрек тәрізді жапырақшалар, көктепкеле жатқан өсімдіктер түрлерімен өрнектеу арқылы безендірілген. Серігүл бейнеленген бөрене тіреуіштері қызықты.

Бір кезде салтанат залының қабырғасына көрік беріп тұрған фризден қалған тақталардың қалдықтары бірегей олжалар қатарына жатады. Фрагменттері бар тоғыз тақта тазартылып, алынды. Басқалардан гөрі зооморфтық тақта отырған құдайлар бейнеленген тақтай жақсырақ сақталған. Оның ұзындығы 122 см, ені 25см. Аркаларда тақта отырған құдайлар бейнеленген. Сол жақта қанатты екі түйе мүсіні түріндегі бейнеленген еркек құдай тақта отыр. Бір түйенің ұзын тұмсығымен тікірейген құлағы сақталған. Түйелер мойындарын бұрып, бір-біріне қарап тұрғандай. Құдай қарсы қаратып бейнеленген, шынтағынан бүгіліп, қолының басы кеуде тұсында тұрған оң қолына құдай бүгілген үш өркені бар нәрсе ұстап тұр. Оның сол қолында шеті кертілген тостаған бар. оң жақтағы құдай, сірә, әйел болар, қос таутеке бейнесіндегі тақта отыр. Шынтағынан бүгіліп, жоғары көтерілген оң қолына үшбұрышты зат, сол қолына асатаяқ ұстаған, басын маңдайынан бантпен таңып алған, оның ұштары желбіреп тұр.

Фриздің төменгі жақтан түйіскен тағы бір тақтасының фрагменті табылды. Онда тақтың аяқтары қанаты бар зооморфтық хайуандар түрінде бейнеленген.

Тақтарға жабылған кілемдердің немесе көрпелердің бейнелері байқалады. Таутеке түрінде жасалған тақтың алдында, сірә, донаторлар болар, тізерлеп тағзым еткен екі адамның кішкене мүсіндері бейнеленген. Аркаларға ішкі жағынан төрт жапырақты гүлдер, аркалардың арасындағы қабырғаға отырған кейіпкерлердің бейнелері салынған. Тақта отырған құдайлардың бейнелері Соғды әшекейлерінен де белгілі. Мәселен, Варахшада бұхар-хұдаттар сарайы Шығыс залының қабырғаларында орталық тұлға қанатты түйелер түріндегі тіректері бар тақта отыр. Құйрықтөбедегі сияқты, олар да грифондарға ұқсас, зерттеушілердің оларды «түйенің басы, мойыны және аяғы бар сары грифондар» деп айтатыны тегін емес.

Құйрықтөбе тақтарындағы сияқты, тақ алдында тізерлеп табынушы кейіпкерлер берілген. Пенджикент әшекейлеріндегі жұпты құдайлар көрсетілген көрініс Құйрықтөбе көрінісіне жақын. Еркек құдай түйе түрінде безендірілген тақ үстінде отыр. Оның зайыбы таутеке түріндегі тіреуіші бар таққа жайғасқан. Құдай қолына түйенің мүсінін ұстап отыр.

Фризден қалған «замокты қоршау» көрінісі бар тағы бір тақтаның жұрнағы сақталған, оның ұзындығы – 93см, ені – 23 см. Тақтың орталық бөлігін, сірә, замоктың немесе  қаланың болар, төрт жапырақты гүлдермен безендірілген аркасының пирамида сияқты тістері бар қабырғаларын екі садақшы бейнеленген композиция алып жатыр. Осында қолдарын көтеріп, бір қолына дөңгелек нәрсе ұстаған құдай алдыңғы жақта бейнеленген. Құдай басына қанаты бар тәж киген. Аркалар арасындағы қабырғаларға түрегеліп тұрған кейіпкерлер салынған, олар өте нашар сақталыпты. Сақталып қалған бөлшектеріне қарағанда, құдайлардың төрт қолы болған, олардың екеуі әлгінде атап өтілгендей, жоғары көтеріліп, қалған екі қолы төмен түсірілген. Мүмкін, замокты немесе қаланы қоршау көрінісі жау қоршаған қаланың құлауы туралы айтылатын сондағы – манихей тексінің өзінділері мен салыстырған жөн болар. Онда «Нана-ханым» есімі айтылады.

Топталған адамдардың бедерлі бейнелері бар, көлемі 125×35см тік бұрышты ағаш тақта қызықтырарлық. Жоғарғыда суреттелген, құдайлар бейнеленген тақталардан айырмашылығы, онда ақсүйектер көрінісі берілген. Ортасында бір-біріне қырынан қарап еркек пен әйел тұр, олардың атақты адамдар екені сөзсіз. Әйелдің (ол сол жақта тұрған) жүзі дөңгелек, мұрны жалпақ, көзі үлкен қиықша келген.

Басына бөрік киген, мандайына диадема таққан. Бөрік астынан жемелік байланып өрілген бұрымы оң иығына түсірілген. Оң құлағында салпыншағы бар сопақша шар түріндегі сырға, мойнына әр түрлі ірі моншақтардан алқа таққан. Әйел сыртынан желбегей жамылған.

Еркектің беті нашар сақталған. Басында бөрік, үстіне сол жаққа қарай қусырылған (оң жақ өңірі үстінде) шапан киген. Шапанның ішінен тік жағалы жейдесі көрініп тұр. Еркек оң қолымен әйелді құщақтап алған, онығ саусақтары әйелдің иығына салулы, ал алақаны жоғары көтерілген сол қолы әйелдің бетіне жақындатылған. Алақанында дөңгелек нәрсе жатыр. Әйел еркектің сол қолын шынтағынан қолымен қысып ұстап тұр.

Бұл жұптың сол жағында тұрған кейіпкер тура қаратып бейнеленген, оның беті дөңгелек, мұрны жалпақ, басына сәлде ораған, маңдайына жіңішке таңңыш тапқан. Құлақтарының бөбежіктеріне салпыншағы бар сопақша шар түріндегі сырға таққан, кеудесінде алқа, оның ұштарында кішкене шарлар бар. ол шапан киген, оның кеуде тұсына інжулерден жасалған гүл жапырақтары түрінде өрнек салынған. Шапанның ішінен тік жағалы жейде көрінеді. Кейіпкер бүгілген сол қолына бір нәрсе ұстап тұр. Ақсүйек адамдарының оң жағына салынған тұлға да тура қаратылып бейнеленген. Басы мен бет-әлпеті бүлінген. Кейіпкер шапан киген, оның ішінен тік жағалы жейде көрінеді, ол қолына подносқа немесе табаққа ұқсайтын бір нәрсе ұстап тұр.

Ортадағы топтың оң жағында тағы да екі кісі бейнеленген, бірақ олардың нобайлары ғана сақталған; топтың сол жағынан жалғыз-жарым кісілердің көмескі кескіндері байқалады. Аркалар аралығындағы қабырғаларға толтыра төрт жапырақты гүлдер мен жапырақтары салбырап тұрған пальма бұтақтары салынған. Басқа ескерткіштерден табылған оюлы ағаш олжаларының арасында адамдары бар мұндай композиция ұшыраспады. Афрасиабтан, І-залдың солтүстік қабырғасынан табылған әшекейлердегі көріністің кейбір ұқсастығы байқалады. Бейнеленген кейіпкерлер арасында қайыққа мінген үш әйел назар аударады. Әйелдердің біреуі қасында отырған әйелдің оң қолының саусақтарын ұстап отыр, ал ол өз кезегінде сол қолын оң жақ иығына салған. Балалықтепе кескіндемесінен осындай көрініс кездестірілді, онда екі еркек пен артқы жақта отырған әйел бейнеленген. Л.И. Альбаумның пікірінше, «қол ишарасы» сипатты мұндай сюжеттер күйеу мен қалыңдықтың құдалары арасындағы сөз байласудың ғұрыптық көріністерімен байланысты. Құйрықтөбеден алынған оюлы тақтада да кескіндеменің сондай көрінісі бейнеленген болуы мүмкін.

Сарайлар мен ғибадатханалардың қабырғалары суреттермен, фрескалармен әшекейленген. Олар мейлінше ашық бояумен салынған. Өкінішке қарай, суреттердің фрагменттері ғана табылды, алайда өнердің бұл түрінің төлтума екенінің Орта Азияның қалаларында сақталып, табылған суреттерге қарап айтуға болады. Суреттердің сюжеттері діни және киелі сипатта болған. Мәселен, Буддалық Қызылөзен қаласының жұртынан Будданы жерлеу, сый тарту сияқты көріністердің бейнелері табылды.

Бейнедеу өнерінің тағы бір түрі – ертедегі түріктердің жартастағы бейнелеулері (петроглифтер) көрінеу көз тартарлығымен және терең символикасымен айрықша болды. Олар мазмұны жағынан екі топқа бөлінеді: біріншісі – салт аттылар, қаумалап аң аулау, көшіп-қону, жекпе-жек бейнеленген көріністер; екіншісінде ертедегі түрік қағанаттарының өзінше бір нышандарына айналған таутекелердің таңба сияқты бейнелері бар.

Евразия көшпелілерінің бейнелеу өнеріндегі салт атты жауынгер бейнесі дала мемлекеттерінің әскери-саяси сипатын көрсетеді. Түріктердің салт аттылары ұзын шекпен түріндегі қорғаныс сауытын киген. Олар мықты аттарға мінген, ат әбзелдеріне ер, үзеңгі, өмілдірік пен құйысқан, жүген, жабу кіреді. Аттың жалын үш немесе одан да көп тісті етіп әдемілеп күзеу, құйрығын күзеу мен ерекше әдіспен өру оны әсемдеудің міндеттері элементтері болған. Салт атты үш бұрышты ұшы бар найзамен қаруланған, ол оны бір қолымен белдемше тұсында, не қос қолымен кеуде тұсында ұстап тұрады. Қылышы, садағы бар жауынгерлердің бейнелері де кездеседі. Кейбір жауынгерлердің белдіктеріне қорамсақтар ілінген. Салт аттылар дулығаларының төбесі үшкіл болып келеді, бірқатар жағдайларда үкі тағылады. «Мүйізді» дулығалар да мәлім, олар, тегінде, қорғану және ғұрыптық міндеттерді қоса атқарған олса керек. Түріктердің салт аттысын бейнелегендегі негізгі элемент ту болып табылады, ол діңгектің басындағы екі, үш және одан да көп салалы, шет жағы кең, тік бұрышты енді мата түрінде бейнеленеді. Найзаның сабына бекітілген жалаулардың, жалаушалардың және бір уыс жылқы қылын шоқтап байлаған суреттері кең таралған. Салт аттылармен бірге садақ, найза ұстаған, кейде жекпе-жек кезіндегі жаяу жауынгерлер бейнелері де ұшырасады. Петроглифтер орта ғасырлар дәуіріндегі жауынгерлердің тартыс пен ерлікке толы алыста қалған жауынгерлік рухын көрсетеді.

Мүсін өнерінен Будданың, бодисатвалардың, перілердің канонға айналдырылған бейнелері кездеседі. Буддалардың беті жалпақ, қабағы қатыңқы, құлақтарының ұшы салбыраған болып келеді.

Мүсіндерде балшыққа жағылған ганч үстінен қызыл сызықпен көз шарасының жоғары жағы, мұрынның қыры жүргізіліп, еріннің жиектері боялған; көздері самайда тұтасып келетін қара сызықпен қоршалған. Қас пен шаштың ірі бұйралары көк және қара түске боялып, самайға тағатын жарты шар түріндегі жапсырма үлкен әшекейлер – сылдырмақтар, кеудеге тағатын алқалар, білезіктер сызықпен айқын бейнеленген. Ақбешімдегі будда ғибадатханасынан табылған бодисатваның басы, күнәлілерді қорқытатын докшит-дін қорғаушысының басы қызықты.

Ертедегі түріктердің тастан жасалған тұлғалары ерекше назар аудартады. Көрнетілігі мен көркемдік деңгейі жағынан олар әсте де біртектес емес. Кейде таста тек бас пен бет қана бейнеленген, бірақ олардың ішінен мәселен, үш мүйізді тәж кигізілген белгілі бейне секілді нағыз өнер шығармалары кездеседі.

Мүсін жасау үшін ұзындығы 0,5 метрден 2,8 метрге дейінгі ұзынша тастарды таңдап алынған. Оларды тастың жалпақ бетін аса батырмай бедерлеу немесе бейненің тұрқын қашап шығару техникасымен жасаған. Тұлғалық мүсіндер сирек кездеседі.

Көбінесе мұртты және сақалды еркектер жиі бейнеленеді, әйелдердің бейнесі сирек кездеседі. Сақал-мұрты бар еркектер әдетте денесімен дене болып тұратын шекпен киіп, белдік  буынған. Белдікке қару, қайрақ, қалта және басқа керек-жарақтар ілінген. Мүсіндерде қашап салынған заттар әдетте ертедегі түріктердің обаларында өлген адамдармен бірге қойылған заттар арасынан кездеседі. Бас киім кигендері аз, кейде шашы көрсетілгендері бар. Тұлғалардың  көпшілігінің оң қолына немесе  екі қолына бірдей тостаған, саптыаяқ немесе текше тәрізді ыдыстар ұстатылады. Адамның басы немесе беті ғана бейнеленген  мүсіндер аз емес.

Әдетте тұлғалар діни салт ғимараттары қоршауларының шығыс жағына, беті шығысқа қаратылып орнатылған түрінде кездеседі. Оған жалғаса шығысқа қарай діңгек тас-балбалдар тізбегі кетеді. Мүсіндердегі еркектердің бет-пішіні әдетте моңғол өңдес, сабырлы да салиқалы болып келеді. Қиғаш көздері, шығыңқы шықшыттары айқын көрсетілген. Бейнелердің көпшілігі нақты адамдардың «портреттері» болып табылады. Ғасырлар қойнауынан мінез-құлқы әр түрлі —  асқақ та көркем, жауынгер және арманшыл нақты адамдардың жүздері қарап тұрады.

Қолданбалы өнер. Қала мен даланы мекендеушілердің көркем шығармашылығы мейлінше алуан түрлі болуымен ерекшеленеді. Ең алдымен көзге түсетіндері – ұсақ пластика, терракота, көркем керамика мен металл. Металл мен ағаш оюлардың көптеген сюжеттері керамикаға көшірілген. Ою өнерінде жаңа техникалық тәсілдер, атап айтқанда, жапсыру, доғал және өткір стекалар, пунсон, қалыптар игерілді. Жұқалап ойып өрнектеу мен жылтырату кеңінен дамыды. Оюлардың сюжеті де мейлінше әр түрлі: діни-магиялық сипаттағы нышандар мен эмблемар, антропоморфтық және зооморфтық мотивтер.

Терракота бет-әлпеті, шашы және киімі жөнінен сипаты үлгідегі соғдылардың, түріктердің бейнелері болып келеді. Олар антропоморфтық ыдыстарда да, ыдыстардың жапсырмаларында да бейнеленген. Терракоталарда мейлінше алуан түрлі кейіпкерлер бар, олардың кейбіреулері зороастралық және буддалық иконография құдайларының бейнелерімен байланысты. Бұл жағынан алғанда, Қызылөзендегі терракоталық плакеткаға салынған құдай образыедағы патшаның немесе қорқор ұстаған Аровахишт құдайларының бейнесі ерекше.

Оссуарийлер қақпақтарының төбесі көбінесе адамның басы, құстар мен аңдар, ғажайып мифологиялық бейнелер түрінде безендірілген. Оссуарийлерге балшықтан ойып, қалыптап, жапсырып және бояп түрлі бейнелер салынған.

Солардың ішіндегі екі оссуарийлердегі бейнелер ерекше қызықты. Олар сопақша етіп жасалған, алдыңғы қабырғасында жоқтау көрінісі бейнеленген, онда композицияның ортасында мінәжат етіп, қолдарын кеудесіне басқан үш адамның бейнесі бар оссуарий мен жәшік сияқты тік бұрышты, ғибадатханада қасиетті от жағу көрінісі бар оссуарий бейнеленген. Ортасында – ішінен жалын шығып тұрған сатылы биік мехрап, ал жан-жағында ұсақ қатпарланып сәнделген және үщ рет оралған белбеулі ұзын жейде киген абыздар бейнеленген. Абыздардың қолдарында және олардың айналасында ғибадатханадағы дұға оқу ғұрпына тән әр түрлі айшықтар бар.

Көшпелі және отырықшы халықтың көркемдігі жоғары бұйымдарының көпшілігі киім-кешек әшекейлері болып табылады. Құрама белдіктердің қаптырмалары, салпыншақтары мен қарсы ілгектері, ат әбзелдерінің әшекейлері ою-өрнектің байлығымен ерекшеленеді. Әсем құрама белдіктердің бейнелері түріктердің тас мүсіндерінде, Пенджикент пен Афрасиабтың фрескаларында сақталған. Қаптырмалар географиялық түрде – төрт бұрышты, ай сияқты, жүрек тәрізді мүсіндер болып келеді.

Белдіктердің ұзына бойына тағылып, өсімдік тірізді және зооморфтық оюлармен өрнектелген олар біртұтас ансамбль сияқты әсер қалдырады. Белдіктер киімнің, жауынгерлік керек-жарақтардың атрибуттары ғана емес, сонымен қатар ерекше айырым белгісі және көркемдік мәдениет көрсеткіші болған. Жалпы алғанда, көркемдік мәдениетті былайша сипаттауға болады. Аз уақыттың ішінде бүкіл Орта Азияны бағындырып алған түріктер «отырықшы өркениет өнерін кеңінен пайдаланды, оларды көп мүсінді композициялар»…«иконографиялық канондар, күрделі оюлар қызықтырды…», олар «соғдылардың өсімдік тәрізді оюларын» үйреніп, одан әрі дамытып, «абстрактілі элементтерінің ұштасуына айналдырады». Сонымен бірге көшпелілер мәдениеті өз кезегінде соғдылардың отырықшы қоғамына да ықпал етті. Варахша жолбарыстарының жарқындығы, күміс ыдыстардағы қарақұйрық пен таутекенің сезімталдығы күдіргі және көпен ері безендірілген стильді және сонымен бірге тірі сияқты көрінетін жолбарыстар мен барыстырды, қабандар мен таутекелерді, құландар мен еліктерді еріксіз еске алады.
Тағы рефераттар