Орынды тәуекел туралы қазақша реферат

Қылмыстық кодекстің 35-бабында әлеуметтік пайдалы мақсатқа қол жеткізу үшін орынды тәуекел кезінде заңмен қорғалған құқықтық мүдделерге зиян келтіру қылмыс болып табылмайды делінген. Бұрынғы Қылмыстық кодексте мұндай ұғым болмаған еді. Сондықтан да бұл қылмыстық заңдағы жаңа институт болып табылады. Егер әрекеттер қазіргі ғылыми-техникалық білімдерге сәйкес келсе, ал қойылған мақсатқа, тәуекелге байланыссыз, әрекеттерсіз жетуге мүмкіндік болмаса және тәуекелді пайдаланған адам заң қорғайтын мүдделерге зиян келтірмеудің барлық мүмкін шараларын қолданса, тәуекел орынды деп танылады.

Егер ол адамдардың өміріне, денсаулығына көрінеу қатер төндіретін, экологиялық апатқа немесе өзге де зардаптарға апарып соқтыратын болса, тәуекел орынсыз деп танылады.

Заңға сәйкес орынды тәуекелге байланысты әрекеттер екі түрлі шартқа  байланысты қылмыс болып табылмайды. Бұл шарттарды екі түрлі топқа бөлуге болады.

Бірінші топқа тәуекел әрекеттерін қолдануға негіз болатын шарттар, ал екінші топқа сол әрекеттің өзін сипаттайтын шарттар жатады.

Тәуекел әрекеттерін қолдануға медицина, ғылым, техника, мәдениет, шаруашылық саласы қызметінің тиімділігін жетілдіру қажеттілігі негіз болады.

Қажеттілік қоғам, мемлекет алдына қойылған маңызды міндеттерді шешуден де туындайды. Ғылым, техника, өнер саласындағы жаңалықтар ашу көп жағдайда әр түрлі тәжірибелерді игеру нәтижесінде жүзеге асырылады. Мұндай кәсіптік қызметті іске асыруда зиянды зардапқа әкеліп соғатын қажеттіліктердің де болуы мүмкін. Творчестволық, кәсіптік немесе шаруашылық қызметінде орын алатын осындай қажеттіліктерге жол бермеу орын алса, онда ғылым мен техниканың дамуы да болмас еді. Мұндай тәуекелге барудың негізгі мақсаты, сол арқылы тиімді жетістіктерге жету, тәуекелсіз алға қойылған мақсаттың орындалуы жүзеге аспайтындығы болып табылады. Осыған байланысты мұндай әрекеттерден туындайтын теріс зардаптар орынды тәуекел күйінде келтірілген деп саналып, ол қылмыс қатарына жатқызылмайды.

Тәуекел әрекеттері кейде кездейсоқ жағдайларға байланысты да қолданылады. Мысалы, соқырішекпен ауырған адамға операция жасау үшін, оны 120 шақырым жердегі ауруханаға жеткізу қажет болды. Оған жеткенше жолдың кедір-бұдырына байланысты, аурудың жағдайы өте қиынға соғуы мүмкін. Жергілікті дәрігер жағдайды жан-жақты есепке алып және аурудың көлікке отыруға жарамайтынын, оның ауыр жағдайын ескеріп, қажетті жағдайлардың жоқтығына қарамастан операцияны өзі жасауға шешім жасауға тәуекел еткен. Нәтижесінде  ауру адам қаза болған. Мұндай жағдайда адам өмірін құтқарып қалуға байланысты әрекет- орынды тәуекел күйінде жасалған деп танылады. Яғни, осыған сәйкес қажеттілік орынды тәуекелділікті  қолданудың бірінші негізі болып табылады. Орынды тәуекелді қолданудың екінші негізі болып, алға қойған мақсатқа тәуекелге  байланыссыз әрекеттерсіз жетуге мүмкін болмаған талаптан туындайтындығы болып табылады. Алға қойған мақсатқа жету қолданылып жүрген технологиялық әдістердің, ғылыми эксперименттердің, нұсқаулықтарда, ережеде көрсетілген талаптардың шеңберінде жүзеге асырылмайтын болса, онда орынды тәуекелді қолданудың да негізі жоқ.

Қылмыс болып табылмайтын тәуекелді қолдануға байланысты шарттар да теорияда бірнеше түрге бөлінеді. Оның бірінші шарты – кәсіптік тәуекелді жүзеге асыру, кәсіпке байланысты дәрігерлік, ғылыми, технологиялық, техникалық қызметтерге байланысты жұмысты жүзеге асыру. Екінші шарт – орынды кәсіби тәуекелді қолдану арқылы заң қорғайтын мүдделерге зиян келтіру. Үшінші шарт, орынды тәуекел ақталған болуы керек. Орынды тәуекелде құқық қорғайтын мүдделерге зиян келтірілуі мүмкін. Кәсіпкер тәуекелді қолдана отырып оның зияндылығын сезеді және одан болатын жалпыға қауіпті зардапты болжайды. Сөйте тұра тәуекелге бел буады, бұлай етпейінше  ол алға қойған мақсатына жетпейді. Сондықтан да тәуекел жай емес – ақталған, орынды болуы қажет. Егер әрекеттер қазіргі ғылыми-техникалық білімдерге және тәжірибелерге сәйкес болса, тәуекел орынды деп танылады. Осы шартқа сәйкес осындай тәуекелге барған адамның теориялық білімге және іс-тәжірибелік істерге негізделген жеткілікті кәсіптік сауаты болуы қажет. Мұндай біліктілік белгілі бір әрекетті білгірлікпен жүзеге асыруға, жаңалықтар табу арқылы алға қойған мақсатына  жетуге мүмкіндіктер туғызады.

Егер тәуекел күні бұрын экологиялық қауіптің болуына немесе адамдардың өміріне, денсаулығына қатер туғызатын болса, онда ол орынды тәуекелге жатпайды.

      Төртінші шарт, тәуекелді қолданған адам заң қорғайтын мүдделерге зиян келтірмеудің барлық шараларын қолданса ғана орынды тәуекел болады. Осы шартқа байланысты адам тәуекелге байланысты әрекеттерді істегенге дейін мүмкін болатын барлық кедергілерді күні бұрын қарастырып, оны жоюдың амалдарын ойластырып, одан туындайтын  қоғамға зиянды нәтижелерді болдырмаудың барлық шараларын қолдануы қажет.

     Бесінші шарт, орынды тәуекел алға қойған мақсатқа тәуекелге байланыссыз әрекеттерсіз жетуге мүмкін болмаса ғана қолданылады. Яғни, орынды тәуекелдің алға қойған мақсаты қоғамға пайдалы нәтижеге жету болып табылады. Олар ғылымда, техникада жаңалық ашу, жаңа технологияны өндіріске енгізу, жаңа материялдар, шикізаттар жасап шығару, ауруға қарсы тиімді емдер табу т.б. Жоғарыда айтылған шарттардың біреуі жоқ болған жағдайда тәуекел орынды деп саналмайды, кінәлі адам жалпы негізде жауапқа тартылады. Аса қажеттілік пен орынды тәуекелдің бір-бірімен ұқсастығы, сондай-ақ өзара айырмышылықтары да бар. Бұларға тән ортақ белгілер: екеуінің де құқықтық және әлеуметтік мәні бірдей, екеуіде құқық қорғайтын мүддеге зиян келтірумен байланысты. Аса қажеттілік құқық қорғайтын мүддеге табиғат күштерінің, биологиялық процестердің, адамдардың қоғамға зиянды әрекеттері арқылы қауіп төндіруі жағдайы негізінде пайда болады. Орынды тәуекел мұндай қауіппен байланысты емес. Аса қажеттілікте адамның әрекеті зиянды тойтаруға бағытталған. Орынды тәуекелде әрекет қоғамға пайдалы жаңа жетістіктерге немесе қолда барды жақсартуға бағытталған. Аса қажеттілік жағдайында зиян үшінші жаққа келтіріледі. Ал орынды тәуекелде зиян тек қана бейтарап немесе үшінші жаққа келтіріледі. Мәжбүрлі қажеттілік жағдайында қауіпті тойтару арқылы сақтап қалған мүдделерге азырақ зиян келтіріледі, ал орынды тәуекелде зиянның көлеміне ешқандай шек қойылмайды.
Тағы рефераттар