Ескерткіш тілінде парсы элементтері араб сөздері секілді көп емес екендігін жоғарыда атап өткен болатынбыз. Әйтседе оларды ішінара бірнеше семантикалық топтарға жіктеуге болады:

Діни наным сенімдерге байланысты сөздер: авдаз اَودَزдәрет;  «авдаз киби намазижүн (5а, 1)» (дәрет сияқты намаз үшін). авдаздан اَودَزدَن «авдаздан соңра (24б, 3)» авдазлу اَودَزلُو «ол киши авдазлу олса (43б, 3)» (ол кісі дәретті болса). авдазсуз اَودَزسُوز«ол авдазсуз олса (43б, 4)» (ол дәретсіз болса).  Парсының аб اب (су) және даст (қол) сөздерінің бірігуінен жасалған. Ескерткіштер тілінде абдест, авдаз, авдес тұлғаларында кездеседі. ИМ: абдест; ГИ: авдес; КФ: авдаз; КФТ: авдаз; Ал-Каванин: авдаз [16, 16].Қазіргі Түркі тілдерінің ішінде тек түрік (абдест) [10. 3] және азербайжан (абдәст) [7. 2] тілдерінде сақталған. Қалған мұсылман түркі тілдерінің барлығында арабша طهارت  (таһарәт, дәрет) сөзі қолданылады. Қолжазба тіліне парсы нұсқасының енуі оғыз тілінің ықпалы болса керек. Қазақ тілінде абдәсте сулық орамал, яғни дәрет алғаннан кейін сүртінетін орамал мағынасында.

музд  مُزد —  1. сауап 2. марапат, сый 3. өтеуі, ақы;  «дахы бир сүннәт ишләмәк музд артурур (39а, 2)» (және бір сүннет жасау сауапты арттырады). муздыны  مُزدِنِى «аңды ануң муздыны үммәтинә (42 б. 5)» (есіне алды оның өтеуін үмметіне). Бұл сөз түркі тілдеріне ене қоймаған сөз болса керек. Онша кездесе бермейді. А. Зайончковский: музд премия, вознаграждение, заработная плата, зарплата, оплата [22. 43].  Дегенмен мәмлүк қыпшақтары тілінде жазылған орта ғасыр жазба ескерткіштер тілінде сирек те болса кездеседі.  КИ: мүзд бирмек; Ат-Тухфа: мүзд бирмек; БМ: мүзд әйтмек; ИМ: мүзд болмақ; ИН: мүзд [23. 395].

Загрузка...

Оруч اُرُج ораза;«дахы рамазанда оруч дутмақ (3а, 5)» (және рамазанда ораза тұту). «шул уақт оруч ажқанда (15а, 6)» (сол уақыт ораза ашқанда). «күндүз оруч дутмыш олғай (36а, 6)» (күндіз ораза тұтқан болсын). оручы اُرُجِى «оружы намазы қабул олмаз (41а, 4)» (оразасы, намазы қабыл болмайды). Парсының روزه (рузә) сөзінен шыққан. Арабшасы «صوم» (саум). Бірақ ескерткіштер тілі мен қазіргі қыпшақ тілдері мен басқа түркі тілдерінің барлығында дерлік осы парсы нұсқасы кездеседі. КК, ГИ,  ГТ, ИМ, КФ, Ал-Каванин, Ат-Тухфа: оруч; Ки: оруш; қаз.: ораза; башқ.: ураза; тат: ураза; қырғыз: орозо; түрік: оруч; азер.: оруж; түркм.: орāза; өзб.: розә;  ұйғ.: роза; [7, 664-665; 8, 899, 10, 1701; 24, 151].

намаз نَمَازнамаз; «бил хақ намаз фарздур(1б, 6)» (біл, хақ намаз парыз). «намаз динүң дирәгидүр (4а, 1)» (намаз діннің тірегі). намаза نَمَا زَه «қажан дурсаңуз намаза (11а, 4)» намазы نَمَازىِ «сақламағы биш уақт намазы (2б, 1)» (бес уақыт намазды сақтауды). Арапшасы —صلاة— (саләт). Бірақ түркі тілдерінің барлығында осы парсыша нұсқасы қолданылады. ДТС: намаз (354); БМ, БВ, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, КИ, ал-Каванин, ат-Тухфа: намаз; қаз.: намаз; башқ.: намаз; тат.: намаз; қырғыз.: намаз; түрік: намаз; азер.: намаз; түркм.: намāз; өзб.: нáмáз; ұйғ.: намаз; [7. 638-639; 8. 804, 10. 1629; 24. 269].

Егіншілікке байланысты атаулар: күләф كُلَفраушан гүлі; «күләф суйы киби  (7б, 5)» (раушан гүлі суы секілді). Орта ғасыр ескерткіштерінен күлаф//гүлаб//гүлаф//гүлеф секілді бірнеше аллофондарын көреміз. Парсының гүл كُل  (раушан гүлі) және аб اب  (су) сөздерінің бірігуінен шықса керек (раушан суы). Бірақ қолжазба тілінде тек «раушан гүлі» мағынасында жұмсалады да, «суйы» сөзімен тіркеседі. БВ, КК: күләф; ТА: гүлаб; ДМ, КИ: гүлаф; ал-Каванин, ат-Тухфа: гүлеф; ИМ: гулаф; Қазіргі түркі тілдерінде кездесе бермейді. Алайда «кітаби тіл» деп аталатын тілімізден кездестіреміз: Бетіне басын сүйіп, шашты гүлаб, Отырды тұла бойын қолмен сылап (Тұрмағамбет).

қарбус قَربُصқарбыз; «қарбус суйы киби (7б, 4)» (қарбыз суы секілді); Парсының һарбуз (خربز) сөзінен шыққан. Парсы тілінен енген сөздер көбіне егіншілікке, бақша өнімдеріне, шарушылыққа байланысты болатындығы белгілі. Сөз басындағы һ дыбысы түркі тілдеріне енгенде к//д//т дыбыстарына өзгерген. Қыпшақ жазба ескерткіштер тілінде сөз соңындағы з//с дыбыстары сәйкес қолданылған. КК, МГ, ДМ: қарбус; КФ, КИ, ат-Тухфа: қарпуз; Қазіргі түркі тілдерінде: қаз.: қарбыз; башқ.: қарбуз; тат.: қарбыз; қырғ.: дарбыз; түрік.: карпуз; азер.,түркм.: гарпыз;; өзб.: тәрвуз;  ұйғ.: тавуз; [7, 444-445].

хыярخِيَار  қияр; «хыяр суйы киби 7б. 4» (қияр суы сияқты). Түркі тілдерінің көбіне танымал сөз. Қыпшақ жазбаларында кездесе бермейді. ГТ: хыйар; қаз.: қияр; башқ.: кыяр; тат.: кыяр; қырғыз: қияр; түрік: һыяр; азер.: хияр; түркм.: һыяр; [7, 338-339; 10, 990; 24, 124].

Адамның көңіл-күйіне, жағдайына  байланысты сөздер: азад اَزَادазат, еркін; «йа иләһи азад ит бойнумы отдан (34б, 6)» (Ей тәңірім! Азат қыл мойнымды оттан). Өлі және тірі қыпшақ тілдері мен басқа да түркі тілдеріне кең жайылған.ДТС: азад (свободный; 72); БМ, КК, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, ат-Тухфа: азад; қаз.: азат; башқ.: āзад  ; тат.: азат; қырғыз: азат;  түрік: āзат; азер.: āзад; түркм.: азат; өзб.: áзáд;  ұйғ.: азат; [8, 38-39; 24, 57, 7, 183; 10, 24].  Адамның азат басы дәулет екен, Өзінде ердің еркі – сәулет екен (І. Жансүгіров).

йаран يَرَنжаран, дос, туыс; йаранлары يَرَنلَِىِ «Мухәммәдүң әһли үстинә йаранлары үстинә (1б, 4)» (Мұхаммедтің жанұясы үстіне, жарандары үстіне). Түркі тілдеріне кең тараған сөздердің бірі. йар (жар. дос, сүйікті) сөзінің көпше түрі (йар+ан). Қазақ тілінде «дос-жаран» қос сөзі құрамында жиі қолданылады. ҚБ, БВ, ГТ, ИМ, ИН: йаран; қаз.: жаран; түрік, азер.: йаран;  

дил — 1. көңіл; дилдәдүр (دِلدَه دُر) «дахы биш андан  дилдәдүр (46а, 1)» (және оның бесеуі көңілде). «ол биш дидүгүмүз дилдәдүр (46а, 5)» (ол көңілдегі бесеу дегеніміз). Түркі тілдерінің көбіне енгенімен сіңісіп кете қоймаған. Сөйлеу тілде қолданыла бермейді. ДТС: дил (сердце; душа; 160); ГТ: дил; қаз: діл; қырғ: дил; түрік: дил; азер: дил; түркм: дил; өзб: дил; ұйғ.: дил; [7, 172-173; 8, 185, 4, 589; 7, 136]. Сондай-ақ тілімізде Ділназ, Ділбар, Ділшат парсыша кісі есімдері құрамында кездеседі. Хикмәт, тағдыр халықтың өз қолында, Еншалла осы күнде толық ділім (Молда Мұса).

хаста حَستَه ауру; «дахы хаста сормақ киби (5а, 6)» (және ауру /халін/ сұрау секілді). «намаз қылсун хаста киши дуруркән (17б, 2)» (қылсын ауру кісі тұрып намаз оқысын). Түркі тілдерінің көбінде белсенді қолданылатын парсы сөзі. Бірақ қазақ тілдінде кездеспейді. ДМ, ГИ, ИМ, КФ: хаста; башқ: хаста; тат: хаста; түрік: хаста; азер: хаста; түркм: хасса; өзб: хастá;  ұйғ: хаста; [7, 316-317; 8, 336, 10, 953].

душманлық دُشمَنلِق  дұшпандық. «душманлық йоқ иллә залимләр үстинә вар (1б, 3)» (дұшпандық жоқ, тек залымдарға бар). душманларуң دُشَنلَرُك «қара қылған күн душманларуң йүзүни (34а, 2)»(дұшпандардың жүзін қара қылған күн). Өлі және қазіргі түркі тілдерінің барлығына дерлік танымал кірме сөз. Қыпшақ жазба ескерткіштер тілінде дүшман//дүшмен//тушман//түшмен тұлғаларында кездеседі. БМ, ДМ, ГИ, КФТ, КФ, дүшман; ГТ, ИН, МГ: дүшмен; Ат-Тухфа: тушман; КК: дүшман, тушман, түшман [16, 67; 288].Қазіргі қыпшақ және басқа да түркі тілдерінде: қаз.: дұшпан; башқ., тат.: дошман; қырғыз: душман; түрік, түркм.: дүшман; азер.: дүшмән; өзб., ұйғ.: дүшмән; [7, 197-198; 8, 195, 10, 658; 24, 135]. Ауыз екі сөйлеу тілімізде «дұшпан» деп қолданылса, жазба әдеби тіл туындыларында «дұспан, дұсман» деген фонетикалық варианттары да кездеседі екен [24, 135]. Қараңғылық дұспаным, Долданбай дұшпан серпілмес, Надандық кектес тұс жауым (І. Жансүгіров). Алыстағы дұшпаннан қасыңдағы қас жаман (Мақал).

Шаруашылық атауларына байланысты сөздер: базар بَزَار -пр. базар, жәрмеңке; базарында بَزَارِندَه  «оқудум намаз китабы Әби Йусуф үстинә күфжиләр базарында (40а, 3)» (намаз кітабы оқыдым Әбу Юсуф үстіне /жолы бойынша/ тақияшылар базарында). Өлі және тірі қыпшақ тілдерімен басқа да түркі тілдерінің барлығында кездеседі. КК, ГИ, ГТ, ИМ, КФТ, КФ, КИ, БМ, ТА: бāзāр; қаз., қырғыз, азер., түркм., өзб., ұйғ.: базар; башқ.,  тат.: базар /көн(күн)/; түрік: пазар;: базар; [16, 26; 7, 696-697; 8, 74; 10, 1781; 24. 42]. Бұл сөз орыс және Европаның көптеген тілдеріне (неміс, француз, ағылшын, испан, итальян, чех, поляк, румын т.б.) еніп, сіңісіп төлтума сөзіне айналған. Бұл сөздің мұншалықты кең таралуын кей ғалымдар әйгілі «мың бір түн» ертегісімен байланыстырады. Сондай-ақ бай (мол) сөзімен, бір нәрсенің көптігін білдіретін –сар қосымшасының бірігуінен байсар > базар  болғандығын алға тартатындар да бар [25. 54]. Түркі тілдерінің көбінде (түрік, азербайжан, өзбек тілдерінде) жетінші күннің, яғни базар болатын күннің атауы болса, тілімізде ауыспалы «қызық, думан, той» мағынасында да қолданылады. Сондай-ақ, Базарбай, Базарәлі, Базаркүл, Базарбек сияқты кісі есімі ретінде де жиі ұшырасады.

давар دَوَار — пр. қабырға- даварға دَوَارغَا«ики әлини силмәк даварға йа йирә (24а, 4)» (екі қолын сүрту дуалға не жерге). Ескі және қазіргі қыпшақ тілдерінде: дивар // тивар // дувар // дывар // тувар // диуар // дийуал // дуал- стена, забор, ограда [9, 33]. БМ: дивар; ГТ: дивар; ГИ: дивар;   КФТ: дивар; КФ: дивар; БВ: дивар; КК: дивар; тувар; ИМ: дивар; ДМ: дувар; ТА: дивар; КИ: дувар; Ат-Тухфа: тувар [2, 63; 66; 286].Еліміздің оңтүстік өлкесінде «дуал» тұлғасында жиі қолданылады. қаз.: дуал; қырғыз: дубал; түрік: дувар; азер.: дивар; түркм.: дивāр; өзб.: девáр;[7, 192-193; 8, 189; 10, 646; 24, 145].

зинжир زِنجيِرшынжыр;  зинжирләрдән زِنجيِرلَردَن«йа иләһи азад ид бойнумы отдан сақла мәни силсәләрдән зинжирләрдән (35а, 1)» (Ей Тәңірім! Азат қыл мойнымды отдан, сақта мені шынжырлардан). Қыпшақ жазба ескерткіштері тілінде зинжир//синжир//зенжир//зинжил тұлғаларында кездеседі. ГИ, КФ, Ат-Тухфа: зинжир; ИХ: синжир; КК: зинжил; ГТ, ИМ: зенжир [16, 338; 237].Қазіргі түркі тілдерінде з/с/ш/ч  дыбыстарының өзара сәйкестіктері нәтижесінде қалыптасқан. Қазіргі қыпшақ және басқа да түркі тілдерінде: қаз.: шынжыр; башқ.: сынйыр (з//с және ж//й); тат.: зынжыр; қырғыз: чынжыр;  түрік: зинжир; азер.: зәнжир; түркм.: зынжыр; өзб., ұйғ.: зәнжир; [7, 1018-1019; 8, 1178, 10, 251; 24, 157].

Шылаулар: берабер بَرَبَرбірге; берабердүр بَرَبَردُر«бәрабәрдүр олса қасд бирлә (21а, 5)» (әдейі бірге болса); «берабердүр олса унудуб йа қасд бирлә (22а, 1)» (ұмытып не әдейі бірге болса). Орта ғасыр қыпшақ жазба ескерткіштері тілінде жиі ұшырасатын бұл лексема, қазақ тілінде «тең, бірдей» мағынасында парапар//барабар деген фонетикалық варианттары бар. Біріншісі күнделікті сөйлеу тілімізде қолданылатын және әдеби нормадағы варианты болса, екіншісі көбіне әдеби туындыларда сирек ұшырасады. Мысалы, «Барабар сөзі теңдес адам болса, Көңілімнің тарқаушы еді қайғы шері (Біржан)». БВ, ДМ, ГИ, ИМ, КФ, КФТ, МГ, РХ, ат-Тухфа: берабер; қаз.: пара-пар; түрік: берабер; азер.: бәрабәр;ұйғ.: баравәр; [7, 62-63].

әгәр اَكَر егер. «әгәр бақса аңа бақыжы киши (7а, 2)» (егер қараса оған қараушы кісі). «әгәр күжи йәтмәсә отуркән (17б, 3)» (егер отырғанда күші жетпесе). «әгәр унудуб тәрк әйләсә (20а, 3)» (егер ұмытып тәрік етсе).  «әгәр тәрк әйләсә қасд бирлә (20а, 2)» (егер әдейі тәрік етсе). Ескі және қазіргі түркі тілдеріне кең тараған, және өте белсенді қолданылатын сөз. БМ, БВ, КК, ГИ, ГТ, ИМ, ИН, КФ, КФТ, МГ, РХ, ал-Каванин, ат-Тухфа: егер; қаз.: егер; башқ., тат.: әгәр; қырғыз: еғер; түрік: еғер; азер.: әгәр; түркм.: еғер; өзб., ұйғ: әгәр; [7. 202-203; 8, 208, 10. 675; 24. 29].

йа يَاя, не, немесе;  «йа унудуб әгәр тәрк итсә бир нәснә рүкн дидүгүмүздән (21а, 5)» (не ұмытып тәрк етсе бір нәрсе шарт дегенімізден). «силинсә үж ташилә йа үш кисәкилә йа үж авуж тобрақдан (27б, 5, 6)» (үш таспен я үш кесекпен я үш уыс топрақпен сүртілсе). Өлі және қазіргі қыпшақ тілдері мен басқа да түркі тілдеріне кең тараған, салаласа айтылған сөздер мен сөйлемдерді байланыстыратын жалғаулық шылау. ДТС: йа (или; 221); БВ, КК, ГИ, ГТ, ИН, КФ, КФТ, МГ: йа; қаз.: я; яки; башқ., тат.: йә; түрік, азер., өзб., ұйғ.: йа; түрікм.: йаа; [7, 954-955]; Қазақ тіліндегі яки шылауы да парсы тілінен енген осы йа және ки сөздерінің бірігуінен қалыптасқан.

мәғәрمَكَر мәғәр ки  مَكَركِсөйтсе, алайда, әйтсе де, тек; «мәғәр ки зәрурәт ола (26а, 3)» (алайда қажеттілік болса). Бірсыпыра түркі тілдеріне белсенді қолданылатын шылау сөз. Қолжазбада парсыша ки шылауымен бірге қолданылған. Қазіргі кей түркі тілдерінде де осылай. ДТС: мәгәр (разве; 339); БМ, БВ, ГТ, ИМ, ИН, КФТ, МГ, ИХ, ал-Каванин: мегер; тат., башқ.: мәгәр; түрік: меғер, меғер ки; азер.: мәгәр, мәгәрсә; өзб.: мәгәр; Қазақ тілінде бұл сөз кездеспейді.

һәм هَمһәм, әм, әрі, сонымен қатар;  «хақ  Мухәммәд һәм ‘абдидүр һәм расүлидүр (3 а, 4)» (хақ Мухаммед әрі құлы, әрі елшісі).

ДТС: һәм (и, также; 197); ГИ, ГТ, ИН, КФТ, КФ, РХ: һем;Түркі тілдеріне жаппай танымал шылау сөз. Ауызекі сөйлеу тілімізден гөрі жазба әдеби тілімізде һәм, әм формаларында жиі ұшырасады. Біздің бұрынғы һәм қазіргі халіміз («Айқап»). Қазіргі түркі тілдерінде: қаз: әм, һәм; башқ: һәм; тат: һәм; түрік: һем; азер: һәм; түркм: һем; өзб: һәм; ұйғ: һәм; [7, 330-331; 8, 354, 10, 977; 24, 279].

һәр حَر әр; «һәр намаздаки рүкуғ олса (6б, 1)» (әр намаздағы рүкуғ болса). «ол су һәр судур (7а, 2)» (ол су әр су). «һәр нәснәнүң мифтахы вар (11б, 4)» (әр нәрсенің кіліті бар). «һәр намаз қылғанда (12б, 3)» (әр намаз оқығанда). Қыпшақ және басқа да түркі тілдерінің барлығында кездеседі. Жекеше формадағы есім сөздердің алдына келіп даралық мағына үстейді. Сондай-ақ «әрбір, әрқайсы, әркім тб.» сияқты шылаулардың құрамында да кездеседі. қаз.: әр; башқ.: һәр;  тат.: һәр; қырғыз: ар; түрік: һер; азер.: һәр; түркм.: һер; өзб.: һәр;  ұйғ.: һәр; [7, 332-333; 8, 358, 10, 979; 24, 275]. Қазақ тілінде һәр тұлғасы да бар. Бұл әлбетте кітаби тіліміздегі тұлғасы. Һәр кісі де махаббатты шапағатты болмақты айтып бұйырады. (Абай).  Ерлік әр жерде емес тар жерде (Мақал).

ки كِىшылау; «ким ки қылса намазы (4а, 2)» (кімде кім оқыса намазды). «ол ақлықдур ки көғүң қырағында қызыллықдан соңра (14б, 6)» (ол ақ нәрсе /ғой/ аспанның жиегінде қызыл нәрседен кейінгі). Қазақ тілінен басқа көптеген түркі тілдеріне енген. Мағынасы жағынан бір-бірімен байланысты екі сөз, сөз тіркесі не сөйлемді байланыстырады. Қазақ тіліндегі «ғой» шылауына ұқсас. ГИ, ГТ, ИН, КФ, РХ, ал-Каванин: ки; башқ.,тат., қырғыз,түрік,азер.,түркм.,өзб.,ұйғ.: ки; [7, 486-487; 8, 519, 10, 1320; 19, 56]. Дегенмен қазақ тіліндегі «Яки» (я + ки) шылауының құрамындағы «ки» осы біз сөз етіп отырған шылау болса керек.

та تَاдейін мағ. шылау; «ол киши артурғай ануң үстинә та арынынжа (28а, 5)» (ол кісі арттырсын оның үстіне тазарғанға дейін). «та тамғай мүста’мәл  су қумаш үстинә (30б, 4)» (қолданылған су киім үстіне тамғанға дейін). «Дейін, шейін, бері» мәніндегі шылаулармен тіркесіп, бір істің, әрекеттің, мекеннің не бір нәрсенің басталған немесе біткен уақытын, көлемін, қашықтығын асырмалы түрде білдіретін парсышадан кірме шылау. Түркі тілдерінің көбіне енген. Бірақ қазақ тілінде кездеспейді. БМ, МГ, РХ: та; қырғыз: тē; түрік: тā; азер.: тā; түркм.: тә; өзб.: тá; ұйғ.: та;[7. 832-833; 8, 1007, 10, 2105; 19, 159].

уәләкин وَلَكِنбірақ, дегенмен, алайда; «уәләкин олур намазы ануң әксүклик  үстинә (21б, 5)» (алайда оның намазы кемшілік үстінде болады). «уәләкин дурур фарз йиринә (41а, 6)» (бірақ паыздың орнына тұрады). Түркі тілдерінде «ләкин» тұлғасында кездеседі. ГТ, КФТ, МГ: велакин; баш.: ләкин; тат.: ләкин; түрік: лāкин; азер.: лāкин ; өзб.: лекин; ұйғ.: лекин; [7, 536; 10, 1451]. Қазақ тілінің ауызекі сөйлеу тілінде кездеспегенімен жазба әдеби тілінде сирек те болса «Уа лекин, ләкин,  ләкін» формаларында  ұшырасады екен [24, 118]. Уә ләкин, өзім ойлап, ақылым қайнар Иірім соқтырғанға шығанақтың (Қаңлы Жүсіп). Бұл соғыста қан төгілмейді, ләкин қан төгілген соғыстан да ғақбыты жаман (М. Сералин).

Қорыта келгенде түркі тілдерінде, соның ішінде ана тілімізде араб, парсы тілдерінен енген сөздердің алар орны ерекше және қолданылу өрісі де мейлінше кең. Жоғарыда байқағанымыздай бұл сөздердің баз біреулері түркі тілдеріне сонау ерте заманнан-ақ еніп, фонетикалық тұлғасын тіліміздің дыбыстық артикуляциясына бейімдеп, түркі тілдерінің бәріне ортақ төл сөзіне айналған. Мұндай сөздердің кейбірі өзінің алғашқы мағынасын сақтап қалған болса, енді бірі тілдің даму процесі барысында семантикалық өзгерістерге де ұшыраған. Ал кей сөздер фонетикалық формасы пәлендей өзгеріске түсе қоймағанмен тілімізге онша сіңіспеген, тек кітаби жазба тілі үлгілерінде, ескі қысса-дастандарда, сондай-ақ діни термин ретінде ғана кездеседі. Мұндай сөздердің мағынасын көпшілік түсіне де бермейді. Ал енді бір топ сөздер түркі тілдерінде мүлдем қолданылмайды. Мұндай сөздердің саны көп те емес. Аудармашы автор бұл сөздерді аудару барысында тікелей қолжазбаның арабша нұсқасынан алған болса керек. Осы айтқандарымызға нақты мәлімет келтірер болсақ, қолжазба тіліндегі 270-ке тарта араб сөздерінің 89-90 пайызға жуығы түркі тілдерінде ұшырасса, 58 пайызы қазіргі қазақ тілінің күнделікті тұрмыста жиі қолданыста жүрген сөздер. Ал 25 пайызы кітаби тіл үлгілері мен жыр-дастандарда, сондай-ақ діни термин ретінде қолданылады. Парсы сөздерінің түгелдей дерлік қазіргі түркі тілдерінде кездеседі. 66 пайызы қазіргі қазақ тілінде, 20 пайызы ескі жазба тіл нұсқаларында ұшырасады. Олай болса қолжазба тіліндегі араб сөздерінің едеуір бөлігі мен парсы сөздерінің барлығы дерлік Мәмлүк жеріне қыпшақ тілімен бірге осы жақтан барды деуге негіз бар сияқты. Араб және парсы сөздерінің түркі тілдеріне ауысуы ұзақ, әрі күрделі тарихи процесс болғандығы анық. Бұған жоғарыда келтірген мысалдар дәлел. Түркі тілдерінің орта ғасыр дәуірі бұл сөздердің тілімізге енуінің негізгі кезеңі болып табылады. Олай болса, мұндай сөздердің қыр-сырына қанығу үшін біз сөз етіп отырған «Китаб Муқаддима» секілді әлі күнге көпшілікке белгісіз болып келе жатқан жәдігерліктеріміздің тілін зерттеп білу, ескі қыпшақ мәдениеті мұраларын игерудің бір жолы болып табылады.

.
Загрузка...

Тағы рефераттар