Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында Елбасы Н.Назарбаев «Ұлт бірлігі Доктринасы» төңірегіндегі мәселелерді мейлінше байыптап, оны жалпыхалықтық талқыға шығаруымыз шарт деген еді. Осыдан соң «халық», «ұлт», «этнос», «қоғам», «отан» және «ұлтаралық қатынастар» сөздері мен сөз тіркесі лауазымды жандардың, жалпы жұртшылықтың тарапынан жиі-жиі тілге алынатын болды. Алайда, бұл сөздер бір мағыналас болып көрінгенмен, олардың астарына үңілген абзал. Оларды біздің қалайша ұғынатынымызға байланысты ой-пікірлеріміздің одан әрі өрбітілуінің сипаты анықталмақ, сіздермен бірге біздің де тағдырымыздың өзгеріске ұшырауы бек мүмкін.

Латын тілі арқылы біздің тілімізге еніп, орныққан ұлт мағынасындағы «нация» сөзі көбінесе «халық» немесе «этнос» терминімен астарлас келеді. Бұл сөз халық жады мен жанынан өшкен жоқ, бірақ ол біздің тілімізде де жаңа мағынаға ие болуда. Мұны дөп басып байқаған да – сарабдал саясаткер Н.Назарбаев. Өкінішке орай, бұл сөзді баспасөзде қалай болса солай қолдану белең алуда. Мысалы, Президент тарапынан алға тартылған осынау Доктрина қазақ баспасөзінде «Қазақстанның Ел бірлігі» деп аударылған[1] және басқаша сөз тіркесімен берілген: «…Ұлттық келісім доктринасын қабылдау қажеттігін мәлімдеді …». – «Ассамблея ана тіліне бет бұрды» // «Жас қазақ», 30 қазан, 2009 жыл. 2 бет., т.б.[2]

«Ұлт» терминінің орнына «халық», «ел», «қоғам» және «этнос» сөздерін орынсыз қолдана беруге болмайды деп білемін. Олардың әрқайсысының өзіндік мағынасы бар. Сондықтан да түрлі қауымдастықтарды ұлттық қоғамдастыққа біріктірудің әлемдік тәжірибесін және тұтастай алғандағы Дүниедегі, әсіресе Қазақстандағы болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, «ұлт» ұғымының ғасырлар бедерінде қандай түсінілгендігін және оған бүгінгі таңда қандай мағына беріліп жатқандығын бағамдау қажет-ақ.

Газеттерді парақтағанда, радионы тыңдап, теледидар хабарларын тамашалағанда бірінші болып «халық» сөзі ойға оралады. Бірақ ол қазіргі қоғамға қаратыла қолданылғанның өзінде де көп мәнге ие. Оның бір мағынасы – қоғамның төменгі топтарын бейнелейді. Халықтың олигархтарға, ақсүйектерге, билік басындағыларға қарсы күресі демеуші ме еді. Бұдан тысқары, «халық» сөзі белгілі бір гео-әлеуметтік организмге (территориясы мен саяси-экономикалық жүйеге ие) жататын адамдардың жиынтығын белгілеу үшін де қолданылады. Мысалы, кезінде «совет халқы» деп айтатын едік қой. Қазіргі уақытта да Ресей немесе Қазақстан халқы деген сөз қолданылуда. Алайда, бір кездері біртұтас болған, қазіргі уақытта ыдырап, жоқ болып кеткен Совет Одағы тұрғындарының арасынан қазақтар, армяндар, молдавандар және т.б. топтар бөлініп шықты. Адамдардың бұл қауымдастықтарының әрқайсысын бейнелеу үшін де «халық» сөзі қолданылуда. Сол грузин, қазақ т.б. қаратыла айтылатын «халық» сөзі «совет халқы» дегендегіге қарағанда басқаша мағына беретіндігі түсінікті болса керек. Нақ осынау мағынаны (жекеленген халық пен оның өзіне ғана тән ерекшеліктерін) білдіру үшін этнологияда айрықша терминдер пайданылады. Олар – «этнос» деген сөз бен «этностық кауымдастық» сөз тіркесі.

Этнос дегеніміз не? Егер барша қазақтар, айталық француздардан нендей қажеттерімен ерекшеленіп тұрады деген сауалды қойсақ, оның жауабы қандай болар еді? Әрине, олардың бір гео-әлеуметтік организмнің құрамында болуы дей алмаймыз, яғни территория мен экономика бірлігі емес. Қазіргі уақытта 5 млн-ға жуық қазақ басқа елдерде тұрып жатыр. Ал, өз елінен ақш-қа оралмастай болып кетіп қалған орыстар көп уақыт бойы, көбінесе өмірінің ақырына дейін орыстар болып қала береді. Белгілі бір қауымдастықтың мүшелерін туыстандыратын, сонымен бірге оларды мұндай басқа қауымдастықтардың өкілдерінен ажыратып тұратын бірінші белгі тіл сияқты. Дегенмен де бұл қағиданың ағылшындар, француздар, испандарға қатысы жоқтай, өйткені олардың тілдерінде басқа қауымдар да сөйлейді. Халықтар арасындағы айырмашылық ең алдымен мәдениет пен мінез-құлықта көрініс береді. Жоғарыда тілге алынған халықтардың тілі бір, бірақ олардың мәдениеттері басқа-басқа. Иә, тілдік бірлік мәдени қауымдастықтың пайда болуы мен дамуының ең маңызды шарты болып табылады. Сонымен бірге этностың ең маңызды компоненттерін оның өзіндік сана-сезімі мен атауы – этноним құрайды.

Этнос – бұл әлеуметтік қауымдастық. Бірақ оған кей-кейде биологиялық сипат беріліп, қарастырылады. Мұндай ұстанымды Ю.Семенов терістейді[3]. Ал, шынтуайтына келгенде балалар ата-аналарынан мәдениет пен этникалық сананы ғана емес, дене құрылымын да мұра етіп алып, алға қарай жалғастырады емес пе? Осыдан барып этникалық қауымдастық негізінен бұл шығу тегінің бірлігі, әрбір этнос – бұл адамдардың айрықша әулеті, тегі деген ұғым келіп шығады. Адамның бір этносқа жататындығы оның қаны бір шығу текпен байланыстыра анықталады. Адамдар өздерінің ата-аналарын басқалармен шатастырып алмайды, қанымыз да осындай. Мұның бәрі этностық текті адамдардың айрықша биологиялық түрі-әулеті ретінде түсінуге үндейді. Адам және оның ұрпақтары өздерінің шығу тегі мәселесін әрдайым есінде сақтайды емес пе? Олар биологиялық ата-аналарын таңдай алмайды. Ортақ ататек әрдайым адамдардың бір-біріне деген бейілділігін күшейте отырып, олардың жақындасуының негізін қалайды. Демек, этникалық тек адам өмірінің объективтік жағдайларының әсерімен қалыптасады екен. Туылғанынан бастап адам белгілі бір этностың бөлшегі болып табылады.

Әрине, егер этностың қалыптасуының алғашқы кезеңінде бірінші орынға адамдардың шығу тегі мен территория бірлігі шықса, кейініректе бұл рөлді ситуацияға қарай тіл, мәдениет, идеология (дін), әлеуметтік-саяси құрылым бірлігі, бір әміршінің құзырында болу сияқтылар алмаса отырып атқарады. Айта кету керек, әдебиетте этнос пен қоғам теңдестіріле қарастырылуда. Олар өзара байланысты болса да, басқа-басқа құрылымдар. Мысалы, немістер ГДР мен ФРГ сияқты түрлі типтес әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық құрылымдарда өмір сүрді емес пе? Демек, этнос қоғамның тілдік-мәдени және биологиялық ерекшеліктерге ие тұрғындарының топтарынан ғана құралады. Сондықтан ол кездегі немістердің қоғамдық құрылымы туралы әңгімелеуге болмас. Бірақ тұтастай алғандағы Германияның қоғамдық құрылымы туралы сөз қозғауға болады. В.Бабаков пен Ю.Семенов этнос пен ұлт ұғымдарын ажырата отырып, этнос территориялық-тілдік және мәдени-психологиялық компо-ненттерден тұрады, ал ұлт ұғымынан этникалықтық және әлеуметтік процестер орын алады дейді. Бұл тұжырыммен келіспеуге де болады. Археологиялық, этнографиялық және тарихи деректер этнос – бұл адамдардың белгілі бір ұжымы екендігін, ендеше онда, сөз жоқ, әлеуметтік қатынастардың бой көрсетіп жататындығын көрсетеді. Бұл ретте В.П.Торукалоның этнос және оның типтері биологиялық пен әлеуметтіктің бірлігі деген диалектикалық ұстанымын қолдауға болады. «Ұлт,– дейді ол,– әлеуметтік-экономикалық факторлармен анықталады. Олардың ішінен ең бастысы – мемлекет»[4]. Бұл мәселелерді зерделеуде жүйелік ұғымдарға жүгінген В.Б. Касевич, этникалық қауымдастық өзін «қандық» белгілер арқылы ғана емес, мәдени стереотиптердің сипаты арқылы да ажырата түйсініп-түсінеді. Ұлт өмірінде бірінші орында гео-саяси ерекшеліктер тұрады, ал мәдени белгілер екінші орынға ығыстырылады, деп тұжырады. Айта кету керек, мұндай жағдай бірнеше этникалық топтардың негізінде пайда болған ұлт өмірінен ғана орын алады. Ал, моноэтнос — ұлтқа мұндай ерекшелікті телуге болмайды.

Бұл ретте автор тарапынан тілдің рөлі ауызға алынбаған. Шын мәнінде, ол – күллі мәдени стереотиптердің іргетасы, яғни онда этнос пен ұлт өмірінің кристалданған бейнесі көрінісін тапқан.

Жалпы алғанда, ұлт сияқты құрылымның мәні саяси мақсаттарды көздеген ұлттық қозғалыстарда анық көрінеді дейтін авторлардың сөздерінің жаны бар. Капиталистік қатынастардың туындауы, бүкіл елді қамтыған нарық әлеуметтік-саяси организмнің тұтастығын одан әрі нығарлайды. Нәтижесінде бір уақыттың өзінде орталықтанған мемлекет болып табылатын бұл организм өзінің мүшелерінің көз алдында ортақ отан ретінде сезініле бастайды да, бұлардың бәрі бұл отанның мүдделерін жақтаған қоғамдық күш ретінде, яғни ұлт ретінде топтасады. Қазіргі жағдайда ұлт кей-кейде адамдардың бір ортақ отанға біріккен жиынтығы ретінде көрінуде. Азды-көпті үлкендеу әлеуметтік-тарихи организмдер толығымен мұндай отандық сипатқа ие бола алады. Шынында да, жаhандану, интеграциялану мен универсализациялану процестері белең алған қазіргі заман мен жағдайда ұлттың өзі адамдардың өмір сүріп отырған елін Отаным деп, ал өздерін отандастар деп біртіндеп мойындаған жерде пайда болуы мүмкін. Демек, ұлттың Кеңес өкіметі кезіндегі классикалық деп саналған анықтамасы толықтыруды қажет етеді. Өзгеріске ұшырамай қоймайтын, қатып қалған зат, құбылыс және оқиға деген болмайды. Сондықтан да ұлттың «төрт тағанды» белгілеріне кейбір жағдайларда басқаша қарау керек сияқты. Оның қалыптасып, түбегейлі орнығуы капиталистік қатынастардың өрістеуімен тұспа-тұс келеді. Нәтижесінде Отан идеясы орнығып, бірыңғай ұлттық сана-сезім қалыптасады. Нина Митчинова жазғандай, отандастар – бұлар менімен бір мемлекетте тұратын, өзінің өмірі мен мемлекетін жақсартуға ұмтылатын, шығу тегіне қарамастан адамдарға қол ұшын беретін ар-ұжданды азаматтар. «Сообща», «согласие», «соотечественники» сөздерін «со» (сөз алды қосымшасы) приставкасы біріктіріп тұр. Түбірлері әр түрлі, бірақ бірыңғай приставка оларға теңдес ұғымдық сипаттар беріп тұр. Отандастар қазіргі мен болашақ ортақ өмірдің ең өзекті мәселелері бойынша келісімге келуге әзір тұрады. Ортақ мәселелердің шешімін бірігіп табуға бейілдік танытады. Келісім (согласие) беру өтінішке оң жауабын беру деген сөз. Бұл – пікірлестік[5].

А.Смит еңбегінің түпнұсқадағы аталуы («Исследования о причинах и природе богатства народов» деп келетін) «халықтар» («peoples») емес. Онда «ұлттар» деп («nations») жазылған. Демек, А.Смит ұлттар дегенде (біздің түсіні-гіміздегі) ешқандай ұлттарды емес, нарық байланыстарының негізінде пайда болған әлеуметтік-тарихи организмдерді түсінген. Мұны Дж. Вико да жазған. Ұлттың мұндай түсінігі күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мысалы, Ұлттар Лигасы, БҰҰ сияқты атауларды еске алудың өзі жеткілікті. Демек, қазіргі уақытта ұлт дегенде шын мәніндегі ұлттың өзі ғана емес, жоғарыда тілге алынған организмдер түсінілуі керек. Және де бұл сөз ағылшынтілдес әдебиетте (біздің де) көбінесе осындай мағынада қолданылады. Ал, гео-әлеуметтік организм ұлттың пайда болуының іргетасы ретінде қызмет етеді. Мысалы, француз ұлты француздық әлеуметтік-тарихи организмнің құрылуынсыз, яғни Францияның өзінсіз пайда бола алмас еді. Олай болса, «Франция» мен «француз ұлты» терминдері бір-біріне сәйкес келе бермейді. «Қазақстан» мен «қазақ ұлты» жөнінде де осыны айтуға болады.

Егер Қазақстанда тек қазақтар ғана тұрғанда еді, онда мұндай идеалдық жағдайда оның барлық тұрғындары әрі бір этносты, әрі бірыңғай ұлтты құраған болар еді. Идеалды этнос дегенде ол тұрып жатқан ел мен жерде басқа этнос немесе диаспоралық топтардың өкілдерінің ғана емес, субэт-ностардың да жоқтығы түсініледі. Мұндай қауымда трайбалистік тенденциялар мен диалектілер дегеніңіз атымен жоқ болып шығады. Өкінішке орай, қазақтардың өз ішінде ана тілі мен халықтық-этникалық мәдениеттен алшақтап кетіп бара жатқан жандардың үлкен тобы көрінуде. Бұлар бөгде жұрттікімен мінезі сіңісіп, тұрмысы араласып кеткендер. Тұқым-тұяғы шетінен орысша ағып тұр. Бірақ бұл топтардың арасынан ара-кідік жайсаңдар да кездесіп қалады. Жалпы алғанда, мұндай жағдайдың ұлттық топтасуға жетелемейтіні анық. Этнологияда мұндай топтар «субэтнос» және «субнация» деп аталады. Мұндай «субэтнос» келешекте басқа бір халықтардың құрамына еніп кетуі немесе өз алдына жеке этносқа айналуы мүмкін. Бұл ретте Ресей халықтары Ассамблеясы Кеңесінің Төрағасы Р.Абдулатиповтың аузынан шыққан мына бір тәмсілді келтіре кеткен жөн: «күндердің бір күні бүркітке оның қасиеттері жете бағаланбай қалғандай көрінеді, өйткені маңайда өзі сияқтылар өте көп екен. Бүркіт қиянға кетейін, сонда менің ерекшелігімді танып, білетін болар деп шешіпті. Қанаттылардың патшасы бөгде жерге келсе, ешкім де, ешқашан да бүркіттерді кездестірмеген екен және асқақ құсты үлкен тауыққа ұқсатыпты да, тауық қораға қамап, дәнмен қоректендіріпті. Бүркіт жемін жемей қойыпты – сөйтсе мұның тәбетінің жоқтығы тұмсығынан болар деп, оны қысқартыпты. Қамалған бүркітке тор тарлық етіпті. Сонда бағандағы қонақтап отырған көршілеріне ұқсасын деп қанатын кесіп, жүнін жұлып-жұлып тастапты. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған бүркіт үйіне қайтып келіпті. Бірақ мұнда да оны туысым деп ешкім мойындамапты»[6].

Үстем таптардың халықтың тілі мен мәдениетінің дамуы мүдделерімен, адамдардың өмірлік мұң-мұқтаждықтарымен санаспай қоюы немесе ықылассыздық танытуы, ақырында патриоттық күштердің өздерінің отанындағы компрадорлық, паразиттік, антихалықтық топтарға қарсы күресу үшін бірігуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Мұндай әрекеттер Латын Америкасындағы ұлттардың қалыптасуында байқалған жәйт[7]. Сонымен бірге мемлекеттік мүдделер әлеуметтік-тарихи организмнің талабымен қабысуы мүмкін. Кейбір елдер мен жерлерде мемлекеттік аппараттағылардың, ең алдымен билік басындағы топтардың мүдделері социорлық мүдделермен сәйкес келе бермеуі де мүмкін. Бұл ретте тарихтан фактілерді көптеп келтіруге болады.

ХVIII ғасырда Францияның шегінде тілі мен мәдениеті жағынан француздардан әлдеқайда алшақ тұрғындар – Бретанидің кельттері, пиренейлік Франция маңындағы баскілер, Корсикалық итальянтілділер, Эльзас пен Лотарингінің немістері тұрған. Бұлар, әрине, этникалық жағынан осы күнге дейін француздардан алшақтау өмір сүріп жатқан этникалық топтар болып табылады. Алайда, бұл жайт олардың француз ұлтының құрамына енуіне ешбір тосқауыл бола алған жоқ. Өйткені, Франциядағы Ұлы революция кезінде Франция олардың отанына айналған еді. Олар діттеген бар мүддесін осы жерден тапты деуге болады: жер телімдеріне ие болып, өздерін еркін жандар ретінде сезінді. Нәтижесінде, этникалық айырмашылықтарына қарамастан, олардың баршасы бір ұлтты – француз ұлтын құрай бастады және осынау мағынада бәрі бірдей француздар болып шыға келді. Швейцарлар туралы да осыны айтуға болады. Әлбетте, ұзақ жылдар бойы бір мемлекеттің құрамында қалған осынау тұрғындар уақыт өтісімен біртіндеп өздерінің этникалық ерекшеліктерін жоғалта барып, француздарға сіңісіп кетуі әбден мүмкін. Бұл процесс тек уақыттың еншісіне ғана тиесілі сипат алады.

Адамдардың белгілі бір этностың жиынтығын (бірлестігін немесе қоғамдастығын) ұлтқа айналдыру үдерісін этносты ұлттандыру (нациозация — этнонация) деп атауға болар еді. Ал, түрлі этностық топтардың топтасуы негізінде пайда болатын ұлтты социорлық ұлт дейміз. Қазақстанда ұлттық қалыптасудың осы екі үдерісі қатар жүріп отыруы керек.

Әрине, ең алдымен қазақтардың бірлігін тастүйіндей етіп алу аса маңызды және шарт. Осының негізінде ғана Қазақстандық бірлікті ойлауға, мойындауға, қалыптастыруға болар еді. Керісінше болған жағдайда, қазақтың өз ішінде де, жалпы алғандағы Қазақстанда да этностық-ұлттық бірыңғайлықтың жүзеге шығуы неғайбыл. Біздің билік басындағылардың назарынан осынау тоғысқан мәселенің екеуі де қалыс қалмауы тиіс. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев нықтап айтты ғой. Бұдан тысқары, Қазақстандағы ұлттық бірлікті нығайту үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сәйкестілігін қалыптастыру тұжырымдамасының (мұны Президент бекіткен) жүзеге асырылуын қадағалау керек[8]. Онда мемлекеттік сәйкестіктің маңызды белгісі ретінде қазақ тілі (басқарудың, заңнамалықтың, күллі ел аумағында қызмет ететін тілі) көрсетілген. Бұл ретте көптеген сұрақтар туындауы мүмкін. Мысалы, Қазақстандық идентификациясының (бұл тамаша идея), яғни ұлттық бірлікті нығайтудың негізінде қайсы тіл мен мәдениет жатуы керек? Экономика – адамның бір аяғы болса, оның екінші аяғы – тіл мен мәдениет емес пе? Бұлар қатар жүруі керек, бірінің артынан бірі емес. «Алдымен экономика деген тұжырым …онша дұрыс емес»[9]. Соңғылары халықтың халық болып қалуының аса маңызды факторлары болып табылады. Экономиканы белгілі бір санасы бар адамдар басқарады емес пе? Бұдан өз-өзінен туындайтын тұжырым, пиғыл-ниет, іс-әрекет сұранып тұр. Айта кету керек, Қазақстандағы кейбір этникалық топ өкілдерінің қос азаматтыққа ие болу құқығын талап етуі мен олардың, жақында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүргізілген әлеуметтану зерттеулері көрсетіп отырғанындай, орыс респонденттерінің 45,6 пайызының өз ұрпағының келешегін қазақ ұлтымен байланыстырмайтындығы туралы қандай ой өрбітуге болады?[10] Мұның өзі Қазақстандық ұлт бірлігінің қалыптасуы бүгінгі таңда іске аса қоятын шаруа емес екендігін көрсетсе керек. Жалпы алғанда, ұлттық мемлекет мемлекетқұраушы ұлт потенциалына негізделуі тиіс деген тезисті постулат ретінде қабылдау керек деп білеміз. Қазақ тілі мен қазақ мәдениетінсіз қазақ халқының өзі де, оның өзіндік ұлттық идентификациясы да (ұлттықтәндестірулік) болмас еді. Ендеше, бұларсыз Қазақстанның тәуелсіздігі және оның халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалуы, Президенттік институты мен саяси құрылымы, ақырында, тұтастай алғандағы қоғамдық тұрақтылық туралы сөз қозғаудың өзі артықша болар еді. Тіпті, мүмкін болмас еді. Қадап айтайық, әсіресе бүгінгі күніміздің Бостандық алып, Егемен ел болғанымыздың негізі – осынау тіліміз бен дәстүріміздің арқасында екені әр уақытта Ел басшыларының есінде тұруы керек.

Жоғарыда айтылған ойларымды сабақтай келіп, мыналарды түйіндеуді жөн деп білемін. 1. Алға шыға келген ойлы жандардың белсендік танытуына және оларды халықтың ішінен қолдайтын, қорғайтын әлеуметтік топтың табылуына байланысты, Ел ішінің жарылмауы үшін, этностық ерекшеліктер мен халықтың көпшілігінің әлеуметтік-экономикалық және саяси мүдделерінің бүтінделуі үшін басталған күрес барысында этнос өзінің дамуының жоғары сатысына, яғни тұтастыққа қол жеткізеді. Бұл – этно-ұлттық сапалық деңгей деген сөз. Мұндай үдерістің өздігінен өрістей алмайтындығы белгілі. Тек этностық процестер ғана жағдайларға байланысты стихиялық түрде жүріп жатады. Ал, шетжерліктердің ғана емес, ел ішіндегі кейбір топтар тарапынан да жасалатын қысым мен қанауға қарсы бағытталған қозғалыстар саяси сипат алады. Ұлттың мәнін бірінші кезекте әлеуметтік-саяси және экономикалық факторлармен де байланыстыруымыздың себебін осымен түсіндіруге болар еді. Бұл ретте ұлттық сана-сезім – ұлттың түбегейлі және ұзаққа саятын мүдделерінің кеңінен де жете пайымдалуы болып табылады деген анықтама берген болар едік. Әрине, кез келген анықтаманың формалдық сипатта болатынын ескеру керек. Жалпы алғанда, адамдардың өздерінің қауымдастығын бір организм, біртұтас қоғамдастық ретінде басқалардан ажырата сезінуі, түсінуі мен ерік-жігер күшінің болуына байланысты, оның бұл тұтастығы мен жалпыәлеуметтік мүдделеріне қауіп төнген жағдайда баршасы тас түйін боп жұмыла білу қабілеті көрінген жерде ұлт бар деп есептеу керек. 2. Елдегі бірер тіл мен мәдениеттің негізінде, әрине әрқайсысының этникалық даралығы сақталған жағдайда, мемлекетқұраушы ұлт пен түрлі этникалық топтарды ортақ отан ғимаратының іргетасын бірігіп қалауға ең алдымен олардың ортақ әлеуметтік-саяси және экономикалық мүдделері үндейді. Ортақ мүдделерсіз мақсаттар мен іс-әрекеттер бірлігінің болуы мүмкін емес. Адамдар әл-ауқатының жақсаратынын білген жерге топтасады. Демек, оларды ортақтастыратын басты бір мүдде – әлеуметтік әділдік пен шынайылықты қамтамасыз ететін, адам баласына ең жақын тұратын мемлекеттік жүйені әрі қарай бірлесе құру міндеті жолындағы әрекеті. Қазіргі шақта мұнан өткен мағыналы тіршілік бар ма екен! Әлбетте, бұл жайт, Ақселеу жазғандай, «Тамағына бола таңын көрмейтіндерге» – құлқын құмарын қызықтаудың соңына түскендерге жат. Мен баршаны осынау идеяның қорғаушысы болуға шақырар едім. 3. Мұндай тарихи істің басталуымен социорлық ұлт салған жерден қалыптаса қояды деп ойлау қате болар еді. Ол ұзаққа саятын кезеңдерді қамтуы мүмкін. Бірақ та мұндай тарихи-ұлттық бірлік жөнінде ой қозғаудың өзі ғанибет! Біз Президент тарапынан алға тартылған Философиялық-саяси Доктринаның таңқаларлық актуалды екенін түсінуіміз керек. Мұның өзі шыдамдылық пен толеранттылықты танытуымызды қажет етеді. Доктринаның біз жоғарыда баяндаған мән-мағынасының біртіндеп жүзеге асырылуы Қазақстан қоғамдастығына келешекте баршамыздың Қазақстан атты ортақ отан-орданың тұтас тізбегінің бір ажырамас буындары болып шыға келетінімізге мүмкіндік (шанс) берер еді деп білеміз. Сөз соңында айтарымыз: аталмыш Доктринаның ғылыми негізі солқылдақтау, сондықтан былайғы жерде оны жеріне жеткізе жетілдіру керек. Онда ұлттың қауіпсіз өмір сүруінің барша аспектілері жан-жақты қамтылуы ләзім.


[1] «Егемен Қазақстан», 6 қараша 2009 жыл; Сейталина Б. Ел бірлігі доктринасы …// «Арқа ажары», 21 қараша 2009 жыл; Мамай Ж., Шаханов М. бастаған патриоттар билік «ел бірлігі»…// «Жас Алаш», 26 қараша 2009 жыл.

[2] Жунусова Ж. Настольная книга и руководство к действию // «Казахстанская правда», 12 ноября 2009 г. См.: Абзац, который начинается так – «Формирование в Казахстане единого народа …

[3] Семенов Ю. Производство и общество // Социальная философия… /Под редакцией И.А.Гобозова. – М.: Издатель Савин С.А. – 2003. – С. 236-266.

[4] Бабаков В.Г., Семенов В.М. Национальное сознание и национальная культура. – М., 1996. – С. 71; Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера Земли. –Л., 1989; Торукало В.П. Нация и национальные отношения: истоки, теория, современность: Автореф. дисс. … д-ра филос. наук. –М., 1997. –С.40. Цит. по: Cущность этнического и национального // revolution allbest. гu / moscow/ 00012430-0.html-56Kb.

[5] Нина Мичинова. Какой мерой меряете, такой и вам отмерено будет // «Казахстанская правда», 22 октября 2009 г. и др.

[6] Высокий уровень сотворчества и солидарности // «Казахстанская правда», 19 ноября 2009 г.

[7] Бұл да сонда.

[8] Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық кеңес. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сәйкестілігін қалыптастыру тұжырымдамасы. – Алматы: «Қазақстан». –1996.

[9] «Изги амал» – предвестник благого? \\ Известия. –8 желтоқсан 2009 ж. –9 б.

[10] Амангелді Айталы. Баршаға таяныш болған қаззаққа да сүйеніш керек// «Егемен Қазақстан» …2 желтоқсан 2009 ж.


Тағы рефераттар