«Шәкәрім поэзиясындағы рухани құндылықтардың бейнеленуі» деп аталатын үшінші бөлімде ақын туралы тың деректер ғылыми айналысқа енгізіліп, Шәкәрімнің балаларының тағдыры жайлы соңғы жылдарда табылған мағлұматтар сарапталады.

Сондай-ақ баласы Ахаттың Шәкәрім ақынның мол мұрасын ұрпаққа қалдырудағы сіңірген еңбегі сөз болды. Оның кеңестік жүйе кезінде-ақ Шәкәрім еңбектерін Ұлттық кітапхана және Ұлттық академияның кітапханаларына өз қолымен тапсырғаны анық.

Ақын «Мұтылғанның өмірі» деген шығармасы – қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихындағы адамның жас ерекшелігі туралы жырлардың дәстүрлі жалғасы. Мұнда бала жасынан қартайғанға дейінгі өмір белестерін көркем бейнелей білген ол қазақ қоғамының баладан білім емес, билік күткен мінезін де ашық көрсетеді. Болыстықты өз еркімен қаламағанын, оның елдің қалауымен жасалғандығын ашып айтқан ақын сол болыстықтың салған залалын да жасырмайды. Ел ішіндегі берекесіздіктер ақынды бей-жай қалдыра алмайды. Оны ақынның «Жүрекке төгіп қанды ірің», «Ағызды ірің жарадан», «Жарылды жүрек көргенде», «Қан ағызса мұртымнан», т.б. сынды бейнелі тіркестерінен көреміз.

Ақынның «Екінші түні қалғанда» өлеңінің көркемдік ерекшелігі – дәстүрлі эпикалық дәстүрді жалғастыруында. Жеке тағдыры арқау болған толғауда кейіпкер мен қоңыр аттың диалогы арқылы кейіпкердің жай-күйі сипатталады. Бұрын соңды ақын өлеңдерінде кездеспеген бұл сарын дәстүрлі төл әдебиетіміздің ақындық талантпен, жаңа өрнекпен қайта жаңғырған түрі.

Шәкәрімнің ел бірлігін сақтау, халқының білімді, ғылымды болуын аңсаудан туған өлеңдерінде ел бірлігін сақтау жауапкершілігін алға тартады. Билік мақсаты елдің игілігі емес, керісінше оны жаныштау, қорқыту мен тонау екендігін сездіреді. Ақын өлеңдері арқылы осы құбылыстарға қарсылық білдірді. Адам бақыты білімде, еңбекте, арда және отбасы ынтымағында деген идеяны уағыздады.

Екіншіден, ақын қазақ жұртына тән бойкүйездік пен еріншектіктік, қорқақтықтың халық болмысына тигізетін зиянын баса айтты. Сол себепті өзгеріп жатқан дүниеге жаңаша қарауға және дұрыстыққа ілесе алмай, артта қалып қою проблемасы туындауы мүмкін екенін көре білді және одан сақтандырды. Үшіншіден, қазақ халқының діншілдігінің осалдығынан. Жаратушыны тану, ақиқатты және жаңашылдықты білуде, оларды өмірлік принципке айналдыруда қабілетсіздік көрсететін тұстары көп деп көрсетеді. Төртіншіден, кемшіліктердің бірі – руға бөліну, татулықтың аздығы. Бұлар отаншылдыққа, ел сүйгіштікке кері әсерін тигізуде, – деп білді. Бесіншіден, халықты басқарып отырған төбе топтың, халық еңбегін жеп, алдап, сатып отыратындығына қатты қынжылып, мұндай кертартпа құбылыстар қазақ болмысына кері әсерін тигізеді, – деп қорытынды жасайды.

Кезінде Шәкәрімнің қазақ баспасөз беттерінде оның ішінде «Айқап», «Қазақ» газет-журналдарында көптеген мақалалары жарияланып тұрған. «Білімділерден бес түрлі сөздің шешуін сұраймын» мақалалары жарияланған.

«Би һәм билік туралы», «Қазақта ай аты жоқ», «Ашық хат», «Семей обылысына қараған барша қазақ ағайындарына ашық хат», «Сын әм сынауды сынау», «Сөз таласы», т.б. еңбектерінде қазақ қоғамының дамуының әлеуметтік-саяси мәселелерін қозғайды. Ақын елді жөндеудің басты  жолы билікті жөндеу деп біледі. Әділетті билік қана ел мүддесін көздейтін бір шараларды жүзеге асырады. Сондықтан билікке шын таза жандардың, білімділердің отырғаны абзал деген ұранды уағыздайды.

Би мен билік жөнінде билеуші мен биліктің ара қатынасын ашып, қазаққа тиімді жолдарын көрсетеді. Қазақ халқының мақсат-мүдделеріне сай келетін биліктің маңыздылығына мән береді. Халықтың көкейкесті мәселелерін шешуге қабілетті, биліктің тиімді жағына назар аударады.

Сондай-ақ сын мәселесі, сын мәдениеті, сынның сауаттылығы жөніндегі ойлары да бүгінгі күні де мағынасын жоймақ емес.

Шәкәрімнің шығармашылығында ерекше ден қоятын тақырыбы – ғылым. Өмірінің соңына дейін оқу мен ізденіске, дүниенің терең тылсымына мән беріп, ой жүгірткен ақын ғылымның маңыздылығына айрықша мән берген.

Сондықтан Шәкәрім ғылым жөнінде адамға ең керегі жан тазалығы, ар тазалығы деп есептейді.

Сондай-ақ осы бөлімде ақынның «Жар», «Жаратушы» ұғымдары талданады. Ен далада Саятқораны тұрақ еткен кезеңіндегі Шәкәрім шығармаларының табиғаты бөлек. Оқшаулану, айнала дүниеден безіп тек Жаратушыдан ғана медет табу – биік рухани дамудың өз ортасымен қайшылығынан, сәйкестік таппай дағдарысқа ұшыруынан туатыны белгілі.

Шәкәрімнің өзіне  дейінгі бүкіл рухани дәстүрді сіңіре отырып, өзінше бөлек көркемдік әлем жасағандығының куәсі – Жаратушы, Жар ұғымдарын көркем бейнелеу.

Ғаламның небір тылсымдық күштерін, жан мен тән, әлем жайлы ғаламат ойларын адамзат баласына сыр етіп, айтып, жазып кеткен Шәкәрім мұрасының дені Саятқорада жазылғаны белгілі.

Көп үшін тілек тілеу Алладан ізгілік пен махаббат аңсап, ел санасын жақсартатын руахани нұрды, сәулені сұрау Шәкәрім өлеңдерінің  мағыналы да, мазмұнды бөлек бітімін құрайды.  Халқының құрсаулы қамыттан көтеріле алмай жатқан езілген еңсесіне демеу боларлық күшті жаратушыдан тілеу оның толысқан, рухани кемелденген шағындағы тұжырымдарын танытады. Бұл кезеңдегі Шәкәрімнің  өлең өрнегінің бөлектігі мен ой сұлулығы философиялық ұғымдарды суретті де, бейнелі іші мен  сырты жымдасқан туындыларға айналдыра білгендігімен құнды.
Тағы рефераттар