Шығайұлы Дәулеткерей (1814-1887 ) — қазақтың әйгілі күйші композиторы, төре күйлерінің негізін қалыптастырушы. Бұрынғы Бөкей ордасында, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарамола деген жерде дүниеге келіп, өзінің ата қонысынан топырақ бұйырған. Ата бабасы Өріс (Орыс) ханнан бері қарай хандық биліктен қол үзбеген. Бөкей хан өлген соң, Дәулеткерейдің әкесі Шығай сегіз жылдай Бөкей ордасына хандық билігін жүргізген.

Дәулеткерей төре күйлерінің дәстүрін біржолата орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектеп ете алған адам. Сондықтан да болар, Дәулеткерейді академик А.Жұбанов «төре күйлерінің атасы» дейді.

Әрине, Дәулеткерей тақыр жерден өнген дарын емес. Ол өскен ортада күйшіліктің әбден қалыптасқан дәстүрі болған. Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйші домбырашылар Орда төңірегіне құлақ түргізген дарын иелері еді. Дәулеткерей осы күйшілердің дәстүрін шабыт тұғыры еткен. Әсіресе, оның күйшілік өнерге елдік мазмұн дарытып, шабыт жанығандай күй кешуіне Құрманғазымен кездесуі себепші болады. Қос ұлы күйші іштей түсінісіп, жан жүректері жарасып, тіптен, бір-біріне күй арнайды.

Дәулеткерей бойындағы дарынның тек тамыры сөз болғанда өзі шыққан әулеттің өнерпаздық дәстүрін де айта кеткен жөн. Бөкей ордасындағы төре тұқымдарының арасында хандық билікті күйттеуден гөрі өнер мен ғылымға құлай берілгендері де аз болмаған. Дәулеткереймен немере болып келетін Мұхит бүкіл Кіші жүздегі ән мектебінің туын көкке шанышқан дарын.

Сондай ақ Арынғазы, Жантөре, Өрейжан сияқты өкше басар інілері де төңірегін күймен баураған өнерпаздар болған. Тіптен, бел баласы Салауаттың өзі сұлтандық билікті тәрік етіп, күйден көбірек жұбаныш тапқан. Дәулеткерейдің туған жиені Бөкейханов Науша бүкіл өмірін нағашысының күйлерін насихаттауға арнаса, екінші жиені, Орынбордың кадет корпусын бітірген дарынды түлек Бабажанов Салық бүкіл өмірін халықты билеуге емес, ғылым білімге арнаған.

Дәулеткерей алғаш рет жастық сезімнің қарлығашы сияқты «Ақжелең», «Қосалқа» сияқты күйлерін шығарған. Дарынды күйшінің жарқын сезімге, сұлу суреттерге бай өзіндік қолтаңбасы осы күйлерінің өзінен ақ айқын аңғарылады. Жастық шағында ұлы күйшінің жақсыға қызыққанын, жүйрікке құмартқанын, сұлуға сүйсінгенін, тіптен жастыққа жарасатын жалын сезімге бой алдырған сәттерінің аз болмағанын байқау қиын емес. Бұған оның «Қыз Ақжелең», «Қосалқа», «Ысқырма», «Желдірме», «Қоңыр», «Құдаша» сиқты күйлерінің тақырыб ғана айғақ емес, ең алдымен осы күйлердің жүрек тербер сазы, қалтқысыз сезімі, бозбаладй елпілдеген мінезі куә.

Дәулеткерей өзі туып, өскен ортадағы ел жұрттың тағдыр тіршілігіне ерте араласқан. Хан сұлтандықтың өз төңірегіне ғана түгін дүрдиткені болмаса, күні өтіп бара жатқан қаугөрік халін ерте түсінген. Орданың ғана емес, байтақ елдің тағдыры отаршылдықтың қыл тұзағына шырмалғанын ерте сезінген. Дәулеткерейдің ең бір драмалық шиеленіске толы үйлері осындай ахуалмен байланысты дүниеге келген. Ол «Тартыс», «Шолтақ», «Топан», «Жігер» сияқты күйлері арқылы өзі куә болған өмірдің қан сөлін сорғалатып көрсете отырып, сол өмірге суреткер ретінде өз үкімін айтқан. Әсіресе, «Жігер» үйінің жөні бөлек. «Жігер» Дәулеткерейдің ғана шыққан биігі емес, бүкіл қазақ күйлерінің асқар белі.

Егер, дүние шіркіннің дидарында осынау фәни жалғанға жылап келіп, жылап кететін адамның көңілін жұбататын, жүрегін жылытатын, санасын сергітетін бір құбылыс болса, ол Дәулеткерейдің күйлері. Ұлы күйші қиын заманның қасірет қамауына тап болған бейбақ халқын домбырасымен жұбатқан.

Күйші Дәулеткерей 1820-21 жылдар шамасында бұрынғы Бөкей ордасындағы Қарамола деген жерде дүниеге келген. Ол жөніндегі көптеген ақпарат Ахмет Жұбановтың ерен еңбегінің арқасында қайта оралды. Дәулеткерей домбыра тартуды Мүсірәліден үйренеді. Ол орыстың балалайкасында, гитара мен мандолинада да шебер ойнаған. Оның ең әуелгі шығармаларының бірі Ақбала атты сұлу қызға арнаған «Ақжелең» күйі. Ал «Қоңыр», «Желдірме», «Керілме», «Ысқырма», «Қосішек» сынды күйлері өмірдегі түрлі көріністерді суреттейді. Халқының тағдыры үшін терең толғанып, тебіренген үздік күйлері — «Топан» және «Жігер». «Жігер» күйі Дәулеткерейдің шығармашылығының шырқау шыңы.

Д.Шығайұлы ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарында өмірден озды. Замандастары мен шәкірттері қастерлеп жеткізген Дәулеткерейдің күйлері халқымыздың музыкасының алтын қорынан орын алды.

01. Көркем ханым (орындайтын Дина Нұрпейісова)

02. Салық өлген (орындайтын Қали Жантілеуов)

03. Қосалқа 1-түрі (орындайтын Қали Жантілеуов)

04. Қаражан ханым (орындайтын Қали Жантілеуов)

05. Топан (орындайтын Қали Жантілеуов)

06. Көркем ханым (орындайтын Рысбай Ғабдиев)

07. Қос ішек (орындайтын Рысбай Ғабдиев)

08. Байжұма (орындайтын Рысбай Ғабдиев)

09. Жеңгем сүйер (орындайтын Әзидолла Есқалиев)

10. Ысқырма (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

11. Бапас (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

12. Ақбала қыз (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

13. Бұлбұл (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

14. Жұмабике (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

15. Керілме (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

16. Жел ашар (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

17. Ат қалған (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

18. Қосалқа 2-түрі (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

19. Тұндырма (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

20. Қосағалы (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

21. Құдаша (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

22. Қоңыр (орындайтын Кәрима Сахарбаева)

23. Көроғалы (орындайтын Қаршыға Ахмедияров)

24. Аңшылық (орындайтын Қаршыға Ахмедияров)

25. Жігер (орындайтын Қаршыға Ахмедияров)
Тағы рефераттар