Шымкент қаласының экономикасы туралы қазақша реферат

Қазақстанның оңтүстігіндегі ежелгі қалалардың бірі. Облыстың әкімшілік орталығы (1932). Тұрғыны 453,1 мың адам (2003). Жерінің аумағы 300 шаршы шақырым, облыс жерінің 0,3%-ын құрайды. Облыстың шығысында Өгем жотасының тау алды жазығымен ағатын Бадам мен Сайрам өзендерінің аралығында, теніз деңгейінен 506 м биіктікте орналасқан. Ол Қазақстандағы тұрғындарының саны, экономикасы және мәдени маңызы жағынан Алматы, Астана, Қарағанды қалаларынан кейінгі республиканың 4-қаласы.

«Шымкент» (түрікше «шым» — алқап, қойнау  және иранша «кент» елді   мекен)  —  «Жасыл   қала»   деген   мағынаны  білдіреді.   12-ғасырда Еуропадан Ресей, Сібір, Орта Азия, Жетісу мен Қытайға баратын маңызды сауда-керуен (Ұлы Жібек жолы) жолдарының тоғысында қыстақ болып қаланған.

Шымкент туралы алғашқы жазба деректер Ақсақ Темірдің 1365-66 жж. әскери жорыктары туралы жазылған парсы тарихшысы Шараф әд-Дин Әли Йозидін (1415) «Зафар наме» (Жеңістер кітабы) кітабында жазылған. Қала Қокан хандығының, моңғолдар мен жоңғарлардың шапқыншылығына жиі ұшырап отырды. 1864 ж. патшаны Ресей қарамағына өтті. Қала 1914-21 жж. «Черняев» (1914 ж. Ресейге қосылуының 50 жылдығына орыс генералы Черняевтің есімі берілді) аталды. 19 ғ-дың аяғы мен 20-ғ-дың басында Шымкентте сантонин (қазіргі «Химфарм»), шағын мақта тазалау, сыра қайнату кәсіпорындары болды. Қаланың экономикасы тез қарқынмен өсіп, ірі өнеркәсіп орталығына айналуына Түркістан-Сібір т.ж. магистралі,    Қаратауда   шоғырланған   қорғасын-мырыш  (полиметалл) кендерінің игерілуі, облыстағы мақта егісінің ұлғаюы әсер етті.

Қала орналасқан өңірдің климаты қоңыржай континенттік. Жазы ыстық, қысы біршама жылы. Жылдық орташа температурасы шілдеде 24-26°С, каңтарда -4-6°С. Аязсыз кезеңнің ұзақтығы 187 күнге созылады. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 400-500 мм. Қар жамылғысының орташа қалыңдығы 20 см. Шымкент тау етегі аймағындағы қуан, сұр топырақты агроклиматтық белдеуде орналасқан.

Шымкент қалалық әкімдік аумағында 11 елді мекен, 1 кенттік, 10 ауылдық округке біріктірілген: Тұрлан кенті, Бозарық, Қайтпас-1, Қайтпас-2, Қатынкөпір, Куйбышев, Ленин, Ақтас, Жиделі, Ынтымақ, Қызыләскер ауылдары. Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты аумақтың тұрғындары 513,1 мың адам. Шымкент — көп ұлтты халық мекендеген қала. Мұнда жүзге жуық ұлт өкілдері тұрады. Халықтың негізгі бөлігін қазақтар -54,5%, орыстар-21,6%, өзбектер -14,5%, татарлар—2,3%, әзербайжандар-1,9%, украиндер-1,3%, кәрістер-1,3% құрайды.; 19 ұлттық-мәдени орталықтар бар. Қаладағы тұрғын саны — 92,2%. Халықтың орналасу тығыздығы 1 шаршы шақырым жерге 1710,3 адамнан келеді. Жарты миллион тұрғыны бар Шымкентте 40-тан астам өнеркәсіп орындары жұмыс істейді.

Түсті металлургия, машина жасау, химия, мұнай өңдеу және жеңіл тамақ өнеркәсіптері жақсы дамыған. Мұнай-химия өнеркәсібінің ірі кәсіпорындары: «Петро-Казахстан Ойл Продакшн» АҚ (бұрынғы ШНОС) мұнай өнімдерін өңдейді. «ИнтерКомШина»АҚ женіл, жүк, ауыл шаруашылық машиналары үшін пневматикалық шиналардың импорт алмастырушы үлгілерін шығарады. «Химфарм» АҚ жаңа технологиялармен жабдықталған; 160 түрлі дәрі-дәрмек шығарады. «Южполиметалл» АҚ -қымбат реагенттер мен реактивтерді өңдеу технологиясын меңгерген. Нәтижесінде металл, мырыш өндіру іске қосылды. «Казфосфат» ЖШС. «Шымкент-фосфор» CMC цехы-төмендетуші ст-ларда құрал-жабдықтарды жөндеу, қосу-үйлестіру жұмыстарын жүргізеді. Машина жасау өндірісінде «Карданвал» АҚ — Қазақстан мен Орта Азиядағы УАЗ, ВАЗ, РАФ, «Москвич» жеңіл автомашиналары, «Белорусь» тракторлары үшін кардан біліктері мен айқастырғыштар т.б. қосалқы бөлшектер шығаратын жалғыз кәсіпорын. «Южмаш» АҚ ұстаханалық-престеу машиналарын, қосалқы бөлшектер мен жабдықтар шығарады. «Электроаппарат» АҚ-жоғарғы вольтты аппаратура т.б. халық тұтынатын тауарлар өндіреді. Жеңіл өнеркәсіп орындарынан жетекші орын алатындар: «Восход» АФ АҚ-жүн және жартылай жүннен ерлер мен әйелдер сырт киімдері, әэскери күш құрамдары үшін форма-киім, мұнай өңдеуші кәсіпорын қызметкерлеріне арнаулы киімдер тігеді. АҚ жанында «Восход және ЮГ» ЖШС ұйымдастырылған. «Эластик және К» АҚ мақта-мата, жартылай жүн, махрадан шұлық шығаратын кәсіпорын. Құрылыс материалдарынан «Шымкентцемент» АҚ («портлэнд» маркалы цемент) және т.б. ұсақ кәсіпорындар шығарады. «Шымкентмай»‘» АҚ   өсімдік майын, тропиктік  стеарин, кір сабын шығарады. «Шымкент сыра» АҚ шетел шикізаты негізінде жоғары сортты сыра ашытады. «Визит» АҚ салқын сусындар, «Шымкент макарон фабрикасы» АҚ әр түрлі ұн, макарон өнімдерін береді. «Теріден аяқ киім тігу зауыты» ЖШС-ірі қараның терісін өңдеумен айналысатын жаңадан дамып келе жатқан кәсіпорын. Қала шаруашылықтарының түрлі салаларында басқа да орта және ұсақ кәсіпорындар жұмыс істейді. Қала әкімдік аумағындағы ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруді 33 ӨК, ЖШС және 21 шаруа қожалықтары жүзеге асырады.

Қалада жалпы білім беретін 77 мектеп бар: 65 орта, 7 орталау, 5 бастауыш; 5 кәсіптік-тех. мектеп, 9 жеке меншік мектеп, 48 мектепке дейінгі мекеме, сурет мектебі, жас техниктер ст., оқушылар үйі, 2 оқу-өндірістік комбинаты бар.

Шымкентте 3 мемлекеттік М.Әуезов атындағы ОҚМУ, ОҚМА, М.Сапарбаев атындағы ОҚ гуманитарлық институты) 8 мемлекеттік емес жоғары оқу орындары, 6 кәсіби орта білім беру оку орны — колледждер білім береді. Денсаулық сақтау мекемелерінен 10 емхана, 7 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 2 әйелдер босанатын үй, диспансер, жедел дәрігерлік жәрдем көрсету ст., диагностикалық орталықтар т.б. қызмет көрсетеді. Мәдени және спорт мекемелерінен Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормания, 3 мәдениет үйі, С.Сейфуллин атындағы Халықтар достығы үйі, 3 кинотеатр, 28 кітапхана т.б. демалыс орындары жұмыс істейді. Қалада 100 спорт залы, 7 стадион, 5 жүзу бассейні, 3 спорт кешені, 4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері бар. Шымкент ірі әуе, темір жол, автомобиль жолдарының тоғысындағы, ірі жол тораптарының бірі. Қала арқылы Бұхара-Шымкент-Алматы газ құбыры өтеді. Омбыдан Омбы-Павлодар-Шымкент мұнай құбыры тартылған. Шымкент қаласынан Астанаға дейінгі арақашықтық 1458 км.
Тағы рефераттар