Сілтеу есімдігі туралы қазақша реферат

Сілтеу есімдіктері есімдіктер ішінде сілтеу, меңзеу, нұсқау, көрсету мағынасында жұмсалып, қай? қайсы?  деген сұрақтарға жауап береді. А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі», 1974 ж. еңбегінде сілтеу есімдіктерін білдіретін мағыналарына орай топографиялық, хронологиялық, детерминативтік, анафорикалық, препаративтік және дейктика предикативтік деп бөледі. Топографиялық сілтеу есімдіктері кеңістік аралығына байланысты, оның өзі: осы, бұл, мына, мынау, міне жақындығы, ал: ол, сол, анау, сонау, сана, түу сәлде болса алыстағы зат не құбылыстарды нұсқау үшін қолданылатын сілтеу есімдіктері

Мұның ішінде сона, сонау, түу есімдіктері көзбен көруге болмайтын, тек көңілмен сезінетін нәрселерді нұсқау үшін жұмсалса, детерлинитивтік мәндегі есімдіктер (міне, әне, осы) нұсқасында ерекше назар аударатын сілтеу есімдіктерін жатқызған. Хронологиялық мәндегі есімдіктер уақыт аралығына байланысты қолданылатындары: бұл, осы, мынау, анау, сол т.б. Сілтеу есімдіктеріндегі анафоралық мәндегі деп отырғаны ғалымның тыңдаушыға, сөйлеушіге уақыт белгілі болған (бұрын белгілі болып есептелінген) мағынада қолданылатын  сілтеу есімдіктері болса, предикативтік мәндегі есімдіктерге уақыт аралығы баяндалғаннан кейін, түсіндірілген соң мезгілді білдіретін сілтеу есімдіктерін жатқызады. Ал мына секілді: ол, бұл, анау, мынау, сол, осы сілтеу есімдіктері көбінесе алдын-ала ескертілген зат не құбылыста көзбен көріп тұрған жағдайда қолданылатындықтан  дейктика препаративтік мәндегі есімдіктер деп жіктеген.

Ал жалпы алғанда сілтеу есімдіктерінің мына секілді грамматикалық ерекшеліктері барын ескеру қажет: 1) бұл, сол, ол есімдіктері көптік жалғау жалғанғанда л дыбысының түсуі, ал тәуелденгенде л  н дыбысына айналады (бұным, бұның т.б.); 2) анау, мынау, сонау, осынау, яғни у жұрнақты сілтеу есімдіктері тек тәуелденетініп барып септеледі; 3) мына, ана, сона, осына сілтеу есімдіктері тікелей тәуелденбейді, жіктелмейді, бірақ септеледі, тәуелдік жалғау жалғанады; 4) әне, міне, сілтеу есімдіктері сөйлемнің басқа мүшелерімен  байланысқа түспейді әрі ешқандай грамматикалық түрленбейді, олар көбінесе қыстырма сөз ретінде жұмсалады: міне, олар да көрінді т.б. 5) –дай, -дей жұрнақтары сілтеу есімдіктеріне қосылып: мынадай, сондай, осындай, анадай, ондай сияқты сөздер жасалады. 6) Міне, әне, сонау, осынау, түу есімдіктері бастауыш, толықтауыш болмайды; 7) бұл, ол есімдіктері баяндауыш бола алмайды; 8) міне, әне сілтеу есімдіктері анықтауыш бола алмайды.

а) Сілтеу есімдіктері зат есім сөздер орнына қолданылады. 80-ші жылдарда жер аударылып барған Михаэлис деген бір білімді кісімен, қазақ ғұрпындағы қағидаларды жиюға елге шыққан Гросс деген екеуімен Абай таныс болған. Бұлар Абайдікіне қонаққа келіп кетіп жүрген (Байтұрсынов). Бір жылы жолдасымен Рақымберді қолға түсіп қалып, соны іздеп жалғыз шықтым. Осындағы “бұлар” есімдігі “Михаэлис”, “Гросс” деген, “соны” есімдігі “Рақымберді” деген зат есім сөздердің орнына қолданылып тұр.

ә) Сілтеу есімдіктері сын есім сөздердің орнына жұмсалады. Кіші үйдің боз інгені бүгін тағы өлді. Мойнақтан ол үй енді таза болды (Аймауытов).

б) Сілтеу есімдіктері сан есім сөздердің орнына қолданылады. Копия алу үшін болыстың ауылына Сәрсенбай, Дүйсебектер бірнеше мәрте барса да, әр түрлі себептер айтып бермей жүргенде, он бес күн өтіп кетті. Бұл күндердің ішінде арыз бойынша начальниктен жоғарыда айтып өткен қағаз да келіп қалған еді (Дулатов).

в) Сілтеу есімдіктері есімдік сөздердің орнына қолданылады. Әңгімедегі пікір не нәрсе туралы болса, сол нәрсе шығарманың тақырыбы болады (Байтұрсынов). Әйтсе де Қартқожаның бірдемесі жетпей тұрғандай болады, көңілі бірдемені іздейді де тұрады. Ол іздегені қалада емес, далада тәрізді көрінеді (Аймауытов) дегенде, “сол” есімдігі, “не” деген сұрау есімдігі, ол есімдігі “бірдемені” деген белгісіздік есімдіктерінің орпнына жұмсалып тұр.

г) Сілтеу есімдіктерінің жеке етістік сөздер орнына қолданылу дағдысы кездеспейді. Бірақ сілтеу есімдіктері түгел бір сөйлемнің және ондағы берілген әрқилы ойлардың, іс-әрекеттердің орнына қолданылғанда, ондағы ауыстырылып, алмасатын мағыналардың жетекші мәні сол етістік сөздердің бойына топталады.

Әуезе (әңгіме) ақын айтқанынан өткен уақиғаның әңгімесін естиміз, айтыс-тартыста уақиғаны біреудің айтқанынан есітіп білеміз, көзбен көріп те білеміз. әуезе мен айтыс-тартыс арасындағы зор айырыс осы (Байтұрсынов). Жармұхамет кешіккен соң, оның үйінде күтіп отырған болыс пәтеріне қайтты. Мұны көріп тұрған Берікбол мен Малтабар сарттың дүкенінен шықты (Дулатов). Шариғат, шариғат деп халықтың көзін бояудан басқаны білмейсіңдер, онан да зекетті молда алғанда халыққа пайда келе ме, жоқ мектеп пайдасына жұмсалып, елдің көзі ашылған жақсы ма?

Соны неге айтпайсыз? (Дулатов) дегендегі осы, мұны, соны есімдіктері алдағы айтылған ойлар мен баяндалған оқиғаларға, іс-әрекет, амалдар орнына, соларды ауыстыра қолданылып тұр. Ал ауыстырыла қолданылған сөйлемдердегі негізгі мағыналар сол сөйлемдердегі “әңгімені естиміз”, “көзбен көріп те білеміз”, “пәтеріне қайтты”, “елдің көзі ашылған” деген сияқты сөз тіркестеріне түсіп, ондағы етістіктер негізгі ойлар мен амалдардың мағыналы ұйтқысы есебінде көрініп тұр. Бұндай жағдайлардың бәріне де сілтеу есімдіктері әрқашан субстантивтенген мәнде қолданылады.

Жоғарыда келтірілген мысалдар мен ондағы заңдылықтарға қарағанда, сілтеу есімдіктері белгілі бір контексте қолданылу мақсаттарына қарай көптеген сөз таптарының, яғни зат есім, сын есім, сан есім, есімдік және сөйлемдегі ойлар мен амалдардың орнына да қолданыла алатын сөздер болып шығады.

Дегенмен бұл заңдылықты барлық сілтеу есімдіктеріне бірдей тән заңдылық деп қарауға болмайды. Сілтеу есімдіктерінің ішінде бұған бағына қоймайтын ерекше мәнді сөздер де кездеседі. Яғни сілтеу есімдіктерінің құрамында қолданылу мақсаты әр түрлі болғанымен, негізгі мағынасы өзгеріске ұшырамайтын, сол себепті ешқандай сөз не амалдардың орнына қолданылуды қажет етпейтін сөздер бар. Әне бір жерде түтіннен аулақ шығып, бір топ кісі екі жар отырып күрес салып жатыр. Міне біреулер бастары түйісіп, төмен қарасып жатыр, ойнағаны әлде дойбы, әлде карта (Аймауытов). Сона біреу таудың бетінен қорыннан отын арқалап түсіп келеді (Сонда). Осындағы әне, міне, сонда сөздері ешқандай сөз таптарының орнына қолданылып тұрған жоқ. Бұл сөздер — әрқашан өздерінің негізгі аралық қатынастарды білдіру мағыналарында ғана тікелей нұсқау мәнінде жұмсалатын сөздер. Сол себепті олар барлық жерде ерекше көзге түсіп отырады.

Міне, осы себепті сілтеу есімдіктері өзге сөз таптарын алмастыруы, солардың орнына қолданылуы тұрғысынан алып қарағанда, негізгі екі салаға бөлінеді:

— өзге сөздер орнына қолданылатын есімдіктер. Бұған бұл, ол, мына, ана, мынау, анау, осы, сол сөздері жатады;

— өзге сөздердің орнына қолданылмайтын есімдіктер. Бұған міне, әне, сона, сонау, түу сөздері жатады.

Сілтеу есімдіктеріне септік жалғаулары да біркелкі талғаусыз жалған бермейді. Мәселен, бұл, ол, мына, ана, сол сілтеу есімдіктері жекеше және көпше түрінде де септеледі. Бұлардың септелу жүйесі жіктеу есімдіктеріне ұқсас болады. Ал өзге міне, мынау, әне, анау, осынау, сонау, түу (түнеу) есімдіктері септелмейді.

Көптік жалғаулары сілтеу есімдіктерінің ішінде бұл-бұлар, ол-олар, мына-мыналар, ана-аналар, осы-осылар, сол-солар сияқты сөздерге ғана жалғана алады.
Тағы рефераттар