Соғыс қылмыстары туралы қазақша реферат

Басқару тәртібіне қарсы қылмыс деп мемлекеттік кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның басқару саласындағы бірқалыпты, дұрыс қызметін бұзатын қылмыстық заңда көрсетілген қоғамға қауіпті әрекетті немесе әрекетсіздікті істеуді айтамыз.

Жаңа Қылмыстық кодексте осы тұрғыдағы қылмыстардың қатарына жаңадан бірнеше баптар қосылды. Олар: жауапты мемлекеттік лауазымды иеленуші лауазымды адамға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария ету (322-бап); мемлекеттік туды заңсыз көтеру (329-бап); Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын құқыққа қарсы өзгерту (331-бап); шет мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарына жәрдем көрсету (338-бап).

Бұрынғы Қазақ ССР Қылмыстық кодексінде көрсетілген мына құрамдар: қоғамдық тәртіпті бұзатын топтасқан әрекеттерді ұйымдастыру немесе оған белсене қатысу; көлік қызметкерін өзінің қызметтік міндеттерін орындап алуға мәжбүрлеу; шекаралық өңірге немесе шекаралық аймаққа бару және сонда мекендеу ережелерін бұзу; паспорт жүйесінің ережелерін бұзу; шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың СССР-де болу және СССР аумағы арқылы транзиттік сапармен өту ережелерін қасақана бұзу; әскери міндеттінің әскери есептен бұлтаруы; әскери міндеттінің оқу немесе тексеру жиындарынан бұлтаруы; азаматтық актісін тіркеу жөніндегі заңдарды бұзу қылмыс қатарынан шығарылады. Жаңа Кодексте мұндай қылмыс түрлері атымен жоқ. Бұрынғы Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің 180-2-бабында көрсетілген әкімшілік бақылау ережелерін қасақана бұзу әрекеттері Жаңа Қылмыстық кодекстің 362-бабында көрсетілген сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау құрамымен қамтылатындықтан ендігәрі жеке құрам ретінде көрсетілмейді.

Қылмыстық кодекстің 14-тарауындағы осы қылмыстардың, топтық объектісі басқару тәртібі болып табылады.

Басқару тәртібі мемлекеттік ұйымдастыру, мекемелердің, кәсіпорындардың, шаруашылық жүргізуші субъектілердің басқару саласындағы дұрыс қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастардың жиынтығы болып табылады.

Басқару тәртібіне қарсы қылмыстар мен мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстардың топтық объектісі сырттай қарағанда бір-біріне ұқсас сияқты болғанымен, бұл қылмыстар топтың объектісі, субъектісі арқылы бір-бірінен ажыратылады.

Басқару тәртібіне қарсы қылмыстардың топтық объектісі мемлекеттік немесе мемлекеттік емес органдардың тек қана басқару саласындағы дұрыс, бірқалыпты қызметі, ал мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстардың топтық объектісі мемлекеттік аппараттың тұтастай дұрыс, әрі бірқалыпты қызметі болып табылады.

Басқару тәртібіне қарсы қылмыстардың субъектісі жай адамдар, лауазымды адамдар болуы мүмкін, ал мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстардың субъектісі мемлекеттік аппараттың лауазымды адамы немесе мемлекеттік қызметшілер болады. Міне осы көрсетілген белгілер арқылы көрсетілген қылмыстар тобы бір-бірінен оқшауланып бөлінеді. Басқару тәртібіне қарсы қылмыстардың тікелей объектісі басқару саласындағы қоғамдық қатынастардың нақты түрлері болады. Қосымша тікелей объектіге — адамдардың өмірі, денсаулығы, ар-намысы, адамгершілігі, қауіпсіздігі жатуы мүмкін. Кейбір қылмыс құрамдарында (317, 323—325, 331-баптар) қылмыстың заты және қылмыстың жәбірленушісі (318—322, 327-баптар) көрсетілген.

Басқару тәртібіне қарсы қылмыстардың құрамы негізінен формальдық құрамға жатады. Тек қана ҚК-тің 322-бабының 2-тармағында, 331-бабының 2-тармағында көрсетілген қылмыс құрамдарының міндетті белгісі — ауыр зардаптардың орын алуы қажет.

Екі қылмыс құрамының (330, 331-баптар) міндетті белгісі ретінде қылмыс істелу орны көрсетілген.

Субъективтік жағынан басқару тәртібіне қарсы қылмыстар қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет және мақсат қайсыбір қылмыс құрамдарының (318, 320, 321, 322-баптар) қажетті белгісі болып табылады.

Қылмыстың субъектісі 16-ға толған кез келген адам. ҚК-тің 326-бабында көрсетілген қылмыс субъектісі арнаулы — әскери қызметтен жалтарған адам, ал 331-баптың 2-тармағы бойынша бірнеше рет қылмыс жасаған адам осы құрамның субъектісі болып табылады.

Тікелей объектілеріне байланысты басқару тәртібіне қарсы қылмыстар мына төмендегідей түрлерге бөлінеді:

Мемлекеттік органдарды басқару әрекетіне байланысты өкімет өкілдері мен басқа адамдарға қарсы қылмыстар: Қазақстан Республикасы Президентінің ар-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және оның қызметіне кедергі жасау. Депутаттың аp-ұжданы мен қадір-қасиетіне қол сұғу және қызметіне кедергі жасау. Өкімет өкілін қорлау. Өкімет өкіліне қатысты күш қолдану. Жауапты мемлекеттік лауазымды иеленуші лауазымды адамға қатысты қолданылатын қауіпсіздік шаралары туралы мәліметтерді жария ету.

Қазакстан Республикасы мемлекеттік шекарасының мызғымастығына қол сұғатын қылмыстар: Қазақстан Республикасы, күзетілетін мемлекеттік шекарасынан әдейі заңсыз өту.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын құқыққа қарсы өзгерту.

Ресми кұжаттар мен мемлекеттік наградалардын айналым тәртібіне қарсы қылмыстар: ресми құжаттарды және мемлекеттік наградаларды сатып алу немесе өткізу. Құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді ұрлау немесе бүлдіру. Жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді, мөрқағаздарды, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу.

Әскери қызметке шақырылу тәртібіне қарсы қылмыстар: әскери қызметтен жалтару.

Казақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне қарсы қылмыстар. Қазақстан Республикасыньщ Мемлекеттік туын, Мемлекеттік елтаңбасын немесе Мемлекеттік әнұранын қорлау. Мемлекеттік туды заңсыз көтеру.

Басқару тәртібін қамтамасыз ететін жекелеген ережелерге қол сұғатын қылмыстар: өзінше билік ету. Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын өкімет өкілінің немесе лауазым адамының атағын өз бетінше иелену. Қызыл Жарты ай және Қызыл Крест эмблемалары мен белгілерін заңсыз пайдалану. Байланыс желілерін күзету ережелерін бұзу. Жиналыстарды, митингілерді, пикеттерді, көше шерулерін және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзу. Төтенше жағдайлар кезінде тыйым салынған ереуілге басшылық жасау, кәсіпорынның, ұйымның жұмысына кедергі келтіру. Қоғамдық бірлестік мүшелерінің мемлекеттік органдардың қызметіне заңсыз араласуы. Заңсыз қоғамдық бірлестіктер құру неме­се олардың қызметіне қатысу. Шет мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарына жәрдем көрсету.
Тағы рефераттар