Халықаралық стандарттар негізінде Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесін жетілдіру туралы қазақша реферат

Нарықтық экономика мен базарлы сауданың өрістеуіне байланысты Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесі халықаралық стандарттарға біртіндеп көшіріліп келеді. Еліміздегі бухгалтерлік есеп процесін халықаралық таным бағытына қарай ауыстыру мәселелері ХХ ғасырдың 90-шы жылдарынан басталады. Мұның ішінде біздің елімізде қызмет атқарушы бухгалтерлер мен студенттер қауіміне дәріс беруші жоғарғы оқу орындарының оқытушылары 1994 жылдан бастан халықаралық бухгалтерлік есеп процестер мен стандарттар жүйесін шетелдік маман эксперттердің дәріс беру негізінде оқи басталады. Бухгалтерлік есеп өрісінде міндет атқарушы Қазақстандық мамандар мен оқытушылар Британ Кеңесі (Шотландияның ант беруші бухгалтерлері институты) тарапынан қайта даярланды.

Британ кеңесі еліміздегі бухгалтерлік есеп мамандарын халықаралық стандарттарға сәйкес даярлау шараларына арнайы қаражат бөліп, Алматы, Тараз; Қарағанды қалаларында «есеп және аудит өрісіндегі оқытушылар мен кәсіпкерлерді қайта даярлау» жобасын ашты. Бұл жоба үш жылдай қызмет атқарып, жүздеген Қазақстандық бухгалтерлік есеп мамандары қайта даярланды.

Шетелдік әдістермен ынтымақтастық процесі күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі таңда біздің еліміздің есеп жүйесін халықаралық стандартқа көшіру, сондай-ақ мұның дәрежесі мен мазмұнын халықаралық деңгейге өтеру мақсатында Карана, Прагма, Эднет атты халықаралық корпорациялар

қызмет атқарып келеді.

Алайда еліміздің бухгалтерлік есеп жүйесі халықаралық бухгалтерлік есеп принциптері мен стандарттарына сай ары қарай ұлттық тұрғыда жетілдірілуі және дамуы керек. Мұның өзі созылмалы ұзақ процеске айналуы да мүмкін.

Шетелдік капитал және инвестициялар тарту процесіне орай Қазақстан аймақтарында көптеген бірлескен кәсіпорындар құрылды және құрыла бермек. Мұндай бірлескен кәсіпорындар өрісіндегі, сондай-ақ өз елімізде жүргізіліп келе жатқан бухгалтерлік есеп жүйесі халықаралық тәжірибемен үйлесімді бағытта жетілдірілуі, ұлттық есеп жүргізу тәжірибесіне енуі керек.

Сонымен қатар Қазақстан экономикасына қызмет атқару мен пайда табуды мақмат тұтқан бірлескен кәсіпорындардың дамуына, инвыстициялық саясатқа, сауда және саяси әлеуметтік процестерге  байланысты біздің, ұлттық бухгалтерлік есеп жүйеміз халықаралық стандарттар талабына сай жетілдіріліп дамуы керек.

Отандық бухгалтерлік есеп жүйесі ары қарай жетілдірген жағдайда қаржы салымшы инвесторлар, несиелендірушілер, басқа да заңды және жеке тұлғалар ұйымдардың қаржылық жағдайын жақсы түсініп, мұның өзіне шынайы сенімділік білдіре алады.

Біздің пайымдауымызша Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесі төмендегі негізгі бағыттарға сәйкес жетілдірілуі керек:

Біріншіден, заңдастырылған негізіндегі арнайы сараптаушылардың жұмыс тобы құрылып, мұның құрамына жақсы мамандар білікті ғылыми – зерттеушілер тартылып, бұл топтың құзырына әлемдік бухгалтерлік есеп тәжірибесін тұрақты түрде зерттеу мен зердеу және мұның нәтижесін отандық есеп жүйесіне енгізу шаралары жүктелуі керек.

Сараптаушылардың мұндай жұмыс тобы  белгісіз жылдарға дейін тұрақты қызмет атқарғаны жөн. Әлемдік біхгалтерлік есеп тәжірибесін үйрену мен зерттеу және мұның нәтижесін отандық есеп жүйесіне біртіндеп енгізу – бүгін бар, ертең жоқ мәселе түрінде қаралмауы керек.

Екіншіден, Қазақстанның есеп жүйесінде болашақта қолданылатын қазақстандық жекелеген есеп объектілеріне тән бухгалтерлік есеп стандарттарын жасау үрдісіне кәсіби мамандығы жоғары және осы саланың білімді ғалым – зерттеушілері қатыстырылып, бұлардың сараптауынан және белгілі бір ұйым тәжірибесінен өтуі керек. Егер сараптаушылар тобы өндіріс ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін және ұлттық экономика талабын қанағаттандырмайтын халықаралық стандарттарды енгізу мәселесі орын алған жағдайда, сараптаушылар тобы басқа да альтернативтік шешім қабылдаудың жолдарын қарастырғаны жөн. Қазақстанның есеп тәжірибесінде күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан ұлттық тұжырымдама (концепция) және есеп принциптері мен стандарттарының мазмұны ХҚЕС мазмұнымен гармониялық үйлесімділік тәртіппен қайта қаралып, барлық жағымды тәжірибелер мен есеп жүргізудің ұйымдастырушылық шаралары белгіленіп отыруы керек.

Үшіншіден, біхгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша оқу орындарында оқитын студенттерге арналған халықаралық бухгалтерлік есеп принциптері мен стандарттары талабына сай келетін, сондай-ақ кредиттік технология жүйесімен оқытуды қамтамасыз ететін сапалы оқулықтар шығару мәселесі жылдан-жылға тиісті жоғарғы деңгейде мемлекеттік басшы органдарда бекітіліп отыруы керек.

Төртінші, отандық бухгалтерлік және қаржылық қортынды есеп мазмұнын толық және сенімді даярлау мен тапсыру, сондай-ақ сыртқы пайдаланушылар мүддесін қанағаттандыру мақсатында тиісті заңнамалар және нормативтік актілер, нұсқау – ережелер нарықтық экономиканың кезеңдік дамуына қарай қайта қаралып, жаңаланып отыруы керек.

Бесіншіден, Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесін алдағы кезеңдерде халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттарына көшіріп, мұның өзін тұрақтандыру үшін елімізде күні бүгінге  дейін қолданылып келе жатқан  бухгалтерлік есеп счеттарының Типтік жоспары қайта жасаланып, бұл жоспар өтеушілік (айналымдағы актілер) дәрежесін төменнен жоғарыға қарай сипаттап көрсетуі керек. Мұндай сабақтастық бағыт халықаралық қаржылық есеп стандарттарында және өркениетті елдер есебінің тәжірибесінде қаралған. Бухгалтерлік есеп счеттарының типтік жоспарын жаңадан жасап, мұны сапалы қолдану үшін арнайы әдіснамалар, нұсқау-ережелер, салалық нормативтік актілер мазмұны қайта қаралып, әр жылдары зерттеліп, тәжірибеден өткізіліп отыруы керек. Мұндай шаралар бір күндік немесе бір жылдық мәселе емес.

Алтыншыдан, Қазақстанда қызмет атқарушы бухгалтерлердің білімін жетілдіру, кәсіби бухгалтерлер мектебін қалыптастыру, жекелеген бухгалтерлердің алдыңғы қатарлы іс-тәжірибесін үйрену мен жариялаудың маңызы өте зор.

Жетіншіден, халықаралық ынтымақтастық немесе жаһандану мәселесіне байланысты еліміздегі қоғамдық бухгалтерлік есеп ұйымдарының басқа да халықаралық ұйымдарға мүше болып енуі, басқа да ұлттық ұғымдармен өзара ықпалдастық қызметтер атқару нәтижесінде бухгалтерлік есеп стандарттарын жасауға қатысуының рөлі зор.

Сегізіншіден, бухгалтерлік есеп өрісінде қалыптасқан ақпараттар жүйесіне тән электрондық бағдарламалар мазмұнын қайта қарап, бұларды есеп талабына сәйкес жетілдіру және ақпараттарды ЭЕМ немесе компьютерлік жүйемен өңдеу және тасымалдаудың да атқаратын рөлі зор.

Осы жоғарыда айтылған мәселелер іс жүзінде асқан жағдайда, біздің пайымдауымызша, қазақстандық бухгалтерлік есеп  жүйесі біршама тұрақтанар еді. Ең негізгі мақсат отандық бухгалтерлік есептің ары қарай жетілдірілуі  үшін қызмет пен міндетатқарушы бухгалтерлер қауымы тиімді сабақтастық әдістерді, алдыңғы қатарлы тәжірид\бені, есеп жүргізу принциптерін, әдіснамалық және нормативтік материалдар маңызын терең түсініп, шығармашылық және зерттеушілік бағытпен қызмет атқарып отыруы керек:

а) Қаржылық, басқарушылық және салық есебін гармониялық үйлесімге келтіру және есептің бұл түрлеріне тән нормативтік актілер мен әдіснамалық ұсыныстар енгізіп, елімізде қолданылып келе жатқан «Бухгалтерлік есеп және қаржылық қорытынды жөніндегі Заң» қазақ тілінде жазылып, қайта қаралғаны жөн;

б) Бухгалтерлік есеп жүйесінің беделін арттыру және ары қарай жетілдіру

бағытында салық органдары мен аудиторлық фирмалар тарапынан талап етілетін кейбір төрешілдік (бюрократтық) элеметтерді болдырмау;

в) Өнеркәсібідамыған елдердің және шетелдік ірі компаниялар мен фирмалардың қазақстандық шикізат өндіруінен мол пайдаға ие болушылық мақсатын заңдастыру арқылы шектеп отыру;

г) Өзін өзі реттейтін бухгалтерлік есепке тән қазақстандық қоғамдық ұйымдардың беделін заңды түрде көтеріп «бухгалтер» кәсібіне тән кәсіби бөлімі менэтикалық тәртібі төмен кездейсоқ тұлғаларды бухгалтерлік есеп қызметіне жақындатпау т.б.

Кейінгі жылдары Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп жүйесін халықаралық стандартқа жақындату бағытында біршама нормативтік шаралар іске асырылды. ХҚЕС-не қарасақ, қазақстандық нормативтік актілер ұсыныс түрінде емес міндетті түрде қатаң тәртіппен қолданылатын материалдар қатарында берілген. Сонымен қатар біздің елімізде қолданылып келе жатқан қазақстандық стандарттар маңызы мен мәні жағынан ХБЕС сәйкес келе бермейді.

ХКЕС-ке көшу мәселелерінің кейбір жақтары Қазақстан Республикасындағы заң актілерінде қаралған. «Бухгалтерлік есеп және қаржылық қорытынды есеп» жөніндегі Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының  қаржы министірлігі жанындағы «Бухгалтерлік есеп және аудит әдіснамасы жөніндегі департаменті»  халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттарына қайшы келмейтін және халықаралық бухгалтерлік стандарттармен реттелмейтін жаңа стандарттар жасап, мұны бекітуге құқылы деп танылған.

Сонымен қатар аталмыш департамент бухгалтерлік есеп счеттарының жұмыс жоспарын жасап, оны бекітуге міндетті деп танылған. Осы заңның тұжырымдамасына сәйкес бухгалтерлік есеп пен қаржылық қорытынды есеп жасауға міндетті өкілетті тұлғалар Қазақстан Республикасындағы бухгалтерлік есеп және қаржылық қорытынды, бухгалтерлік есеп стандарттары және бухгалтерлік есеп счеттарының жұмыс жоспарының талаптары мен ережелерін сақтауға міндетті деп танылған (Заңның 7-ші бабының 3-ші тармағы).

Біздің мақсатымыз елімізде қабылданған заң актілерінің әрбір тараулары мен тармақтарына талдау жасап, мұның жағымды және жағымсыз жақтарын ашып көрсету емес. Мәселе ұлттық бухгалтерлік есеп жүйесін ары қарай жетілдіру мен дамыту болғандықтан осы салада міндет атқарушы мамандар мен ғалым-зерттеушілерді еліміздегі бухгалтерлік есеп мәселелерін ары қарай жетілдіру процесіне шақыру болып табылады.

Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесін жетілдіру тек қана жоғарыда айтылған мәселелерге ғана байланысты болмай, еліміздегі нарықтық қатынастардың тұрақты дамуымен тығыз байланыста болғаны жөн. Біздер бір жағынан халықаралық бухгалтерлік есеп стандарттары мазмұнын терең түсініп, отандық бухгалтерлік есеп мәселелеріне баса назар аударуымыз керек.

Халықаралық қаржылық есеп стандарттары негізінде отандық бухгалтерлік есеп жүйесін ары қарай жетілдірудің негізгі мәселелерінің бірі – ұйымдарда күні бүгінге дейін екі бағытта жүргізіліп келе жатқан қаржылық және салық есебін біріктіріп үндестіру, сондай-ақ есептің жаңа қаржылық моделін құру болып табылады. Егер қаржылық есептің үндестірілген жаңа моделі құрылған жағдайда есеп жүргізудің еңбек шығындары  біршама азаяды. Сонымен қатар екі түрлі есептің орнына көп мағыналы қаржылық есеп құрылып, мұның өзі салық есебіне тән есептеулер жөніндегі ақпараттар даярлауды дп қамтамасыз етеді.

Отандық бухгалтерлік есепті жетілдіру мен ары қарай дамыту және ХҚЕС негізіне қарай қолайлы үйлесімді бағытқа салу үшін төмендегі шараларды іске асырған жөн:

—         ұйымдар қызметінің қаржылық нәтижесін барынша қарапайым және сенімді түрде көрсету;

—         мүмкіндікке қарай қазақстандық ұйымдардың қаржылық жағдайын шетелдік компаниялардың қаржылық жағдайымен салыстыру негізінде ұзақ мерзімді нарықтық қатынастарды шетелдік әріптестермен бірге құру, сондай-ақ бірлескен ұйымдар құру барысында қолайлы шешім қабылдау.

Қазақстандық бухгалтерлік есеп жүйесін жетілдіру  мәселелерін талдау барысында тек қана қаржылық бухгалтерлік есепке тән мәселелерді ғана қарастырмай, сонымен қатар басқарушылық есепті ары қарай жетілдірудің жолдарын зерттеу қажет. Қазіргі кезеңде басқарушылық есеп бухгалтерлік есептің көлеңкесінде қалып, мұның көптеген проблемалары әлі күнге дейін зерттелмей келеді. Алайда басқарушылық есептің қолайлы моделін құру бизнес пен кәсіпкерлікті дамытудың негізін құрайтындығын білген жөн.

Қаралған мәселелер іске асқан жағдайда, біздің пайымдауымызша, отандық бухгалтерлік есеп жүйесі сапалы сипатта болып, нарықтық қатынастар принциптерінің дамуына өз әсерін тигізбек деп ойлаймыз.
Тағы рефераттар