Ы.Маманов қазақ грамматикасындағы нөлдік форма туралы. Тіл білімінде кейбір грамматикалық формадағы сөздер грамматикалық көрсеткішсіз-ақ нөлдік формада қолданылады. Нөлдік форма термині ғылымда нөлдік жалғау, нөлдік морфема, нөлдік форма, нөлдік қосымша, нөлдік таңба т.б. терминдермен белгілі болды. Нөлдік форма теориясының пайда болуына Фердинанд де Соссюрдің тілдік таңба теориясы негіз болды. Ф.Соссюр грамматикалық мағына білдіруші көрсеткіші жоқ сөз формасы басқа сөз формаларымен салыстыру арқылы, солардан өзгешелігі арқылы танылады дейді.

Нөлдік форма жайлы мәліметтер алғаш Ф.Ф.Фортунатов еңбектерінен басталады. Ол атау септік формасын ең алғаш рет басқа септік формаларымен бірдей грамматикалық мағына бере алатын, көрсеткіші жоқ нөлдік форма деп таныған.

1960 жылдардан бастап нөлдік форма теориясы ғылыми айналымға түсті. Орыс ғалымдары Ю.С.Маслов, П.С.Кузнецов, И.П.Иванова, А.М.Пешковский т.б. ғалымдар нөлдік форма туралы пікірлерін ортаға салып, әртүрлі терминдер ұсынды.

Қазақ тіл білімінде Ш.Х.Сарыбаев, Н.Т.Сауранбаев, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов т.б. ғалымдар еңбектерінде септік жалғауларының тасалануы, септік жалғауларының ашық, жасырын қолданылуымен байланысты айтылып келді. Аталған ғалымдардың ой-пікірлері ғылыми мақалаларда, қазақ тілі оқулықтарында жарық көрді. Бұл тілдік құбылысты ғалымдар ертеден-ақ байқаған.

Қазақ тілінде нөлдік форманы Ы.Маманов, С.Исаев, Н.Оралбаева, Ж.Балтабаевалар арнайы зерттеген. Ғалымдар еңбектерінде бұл тілдік құбылыс алдыңғы аталған ғалымдар еңбектеріндегідей септік жалғауларының тасалануы немесе ашық, жасырын қолданылуы тұрғысынан емес, нөлдік морфема терминдерімен аталады.

Ы.Маманов еңбектерінде нөлдік формаға ілік, барыс, табыс септіктерінің жасырын формалары мен бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрін жатқызылады. Ал атау септікті бұл қатарда қарамайды. Н.Оралбаева мен С.Исаев еңбектерінде атау септік нөлдік форманың ең бірінші элементі болып табылады. Бұл ғалымдар септіктердің жасырын формаларын, тәуелдік жалғау (біздің ауыл), жіктік жалғаудың үшінші жағын, 2-жақ жекеше, бұйрық рай формасын нөлдік форма деп анықтайды.

Кейінгі ғылыми зерттеулерде нөлдік форма грамматиканың шеңберінен шығып, кең аяда қарастырыла бастады. А.Қ.Омарова «Қазақ тіліндегі нөлдік морфеманың функционалдық және семантикалық аспектісі» атты докторлық диссертациясында бұл ұғымның сөзжасамға да қатысты тілдік құбылыс екенін дәлелдейді. Зерттеуші аталған еңбекте нөлдік морфеманың семантикалық-функционалдылық ерекшеліктерін ашу мақсатында нөлдік морфеманы грамматикалық нөлдік морфема (септік жалғаулары мен т.б. грамматикалық формалар) және сөзжасамдық нөлдік морфема деп саралап алады. Бұл тілдік бірліктер диссертацияда функционалды-семантикалық аспектіден сипатталады [8].

Септік жалғауларының ашық және жасырын келуін (нөлдік форманы) бірнеше жылдар бойы түркі тіл білімін зертеуші ғалымдар белгілілік-белгісіздік категориясымен байланыстырып келді. Олардың бір тобы бұл категорияның түркі тілдерінде бар екендігіне түрлі дәлелдер келтіреді. М.Балақаев «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында (1961) грамматикалық белгілілік не белгісіздікті мағыналық белгілілік я белгісіздікпен бір деп санауға болмайды. Түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілі үшін белгілілік-белгісіздіктің грамматикалық тұлғасы мынау дерлік дербес қосымшасы жоқ деген тұжырым жасайды. Алайда ғалым ондай мағыналық айырмашылық қазақ тілінде мүлде жоқ деп айтуға болмайды деген де пікір айтады.

Ы.Е.Маманов қазақ тілінде белгілілік-белгісіздік категориясы бар деп көрсетеді. Олардың арнаулы грамматикалық көрсеткіштерін де анықтайды. Ғалым табыс, ілік септіктерінің ашық, жасырын келу ерекшеліктерін қазақ грамматикасындағы белгілілік-белгісіздік ұғымымен байланысты қарау керек деген концепция ұсынады. Мысалы, ілік және табыс септіктерінің ашық келуі белгілілікті көрсетеді. Осыған байланысты кісі есімін белгілілік деп көрсетеді (Асанның үйі – Асан үйі деп айтылмайды). Ғалымның пайымдауынша, ілік, табыс септіктерінің түсірілмей айтылуы – белгілілік, ал түсіріліп айтылуы – белгісіздік ұғымының көрсеткіші болады. Сондай-ақ, бір, біреу есімдіктері белгісіздік мағынаның көрсеткіші болып табылады деп есептейді.

Белгісіздік мағына, ұғым тіл білімінде әлі де кеңірек зерттеуді қажет етеді. Өйткені белгісіздік ұғымын «бір», «біреу» сияқты екі-үш сөз бен табыс септіктің жасырын түрімен ғана байланыстыру жеткіліксіз. Белгісіздік ұғымының тілдік табиғатын ашу үшін ең алдымен сөздерді мағыналық жағынан, яғни осы белгісіздік ұғымын білдіруі жағынан талдау жасау керек. Белгісіздік мағынаны барлық сөз таптарына қатысты да айқындауға болады деп есептейміз. Мысалы, зат есім болатын ағаш деген сөзде жалпылық, көптік ұғымдармен қатар, белгісіздік ұғым  болса, сын есімнің заттанған түрінде ғана белгісіздік ұғым бар (Белсенділер алдыға шықты). Сан есімнің болжалды түрінде (екілер, бестер шамасы) белгісіздік мағына болса, бұл ұғым есімдіктің бірнеше түріне тән.

Сөз таптарының ішінде грамматикалық категорияға бай, күрделісі – етістік екені белгілі. Белгісіздік мағына түбір етістіктерде де кездеседі. Белгісіздік ұғымы етсітіктің шақ формаларында (келер ме екен, барар еді), сыпат категориясында, аналитикалық етістіктерде де кездеседі.

Жалпы алғанда бұл категория туралы мәселе жеке зерттеуді қажет етеді.
Тағы рефераттар