Зар заман поэзиясының өкілдері туралы қазақша реферат 

Арғы түбі ақырзамандық сарындар мен болжал өлеңдерден бастау алатын зар заман жырларының көп таралған кезі – отаршылдық дәуірі. Қазақтың көптен күткен сұмдығының бірі осы еді, осы да іске асуға айналды.Жерлері алынумен қатар, әуелі қазақ даласын айнала сызып, шеткі қалаларды салды…..Артық жерге Ресейдің қара шекпен мұжықтарын әкеп қондырды.Бұрынғы хан, бұрынғы би, бұрынғы елдің қамын ойлайтын түзу адамның бәрі шетке қағылып қалып, қыбыр еткен ісі болса барлығы да орыс қуатымен, орыс қолымен істейтін болды.Зар заман ағымына анықтама берсек, ол отаршылдық дәуірдегі елдің әлеуметтік ахуалының көркем бейнелеуінің көрінісі.Асан ата айтып кеткен («Мұнан соң қилы-қилы заман болар,Заман азып,заң тозып, жаман болар»),Бұқар болжап берген («Күн батыстан бір дұспанАқырда шығар сол тұстан») дәуір келіп жеткен соң ақын-жырауларының  өлең-толғауларының тақырыбы өзінен-өзі зар заман ағымына ойысты. [1.144].Сондықтан бұл құбылыс басталар жері, тамамдалар тұсы айқындалған, тарихи өзгерістер аясында жетіліп, өркенделген, түйінделген ағым ретінде қарастырылады.Бұл сарынның ақындары қатарына Дулат Бабатайұлын\1802-1871\,Шортанбай Қанайұлын\1818- 1881\, Мұрат Мөңкеұлын\1843-1906\, Әбубәкір Кердері Шоқанұлын\1858-1903\ т.с.с. ақындарды қосуға болады[2.56].

Солардың көрнекті өкілдерінің бірі Шортанбай – орыс отаршылдығы тұсында қазақ қоғамына кірген әлеуметтік өзгерістердің сырын терең ашып бейнелеген суреткер.Қазақ даласына сауда капитализмінің кіруі, қоғамның бай не кедей болып жіктелуі, өкімдікке талас пен сайлау кезіндегі даулар ақын өлеңдерінде әсерлі суреттеледі.

 

Асылық азған заманда,

Алуан- алуан жау шықты.

Арам, араз хан шықты.

Қайыры жоқ бай шықты,

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты,-

 

деп ол бірде қазақ даласына келген сауданы айыптаса, елдің бас көтерер азаматтарының байлыққа құнығуын, қанаудың күшейгенін сынға алады.

 

Қайыр кетіп байлардан,

Бұзауға ақша беріп тұр.

Пәлен тенгеторпақ деп,

Тиынға тиын болып тұр.

Залым туған сұмырайлар

Осылай жұртты еміп тұр,-

 

 дейді.Осының бәрін Шортанбай заманның азғандығы деп ұқты.[3] Шығыстағы Дулаттың, батыстағы Әбубәкір мен Мұраттың, Арқадағы Шортанбайдың бір – біріне ұқсас әуенмен ел мұңын жырлауы көп ойға жетелейді.Заманды сезіну ортақтығы деген осы.Орыс шаруаларының қазақ жеріне ағылып келуі жұрттың наразылығын оятты. Бұл қарсылық отаршылдық дәуірдің құбылыстарын аяусыз сынға алған зар заман поэзиясында шынайы көрініс тапты:

 

Айтуға ауыз келе ме,

Аягөз кімнің жері еді?

Ұлы өрісі қысқарып,

Кең қонысың тарылды.[4]

Шортанбай:

Нысапсыз екен бұл кәпір,

Жеріңді алды, малды алды.[5]

 

Талай ғасырдан бергі жаугершілік жорықтарында қасқыр мінез танытып, намысын ешкімге таптатпаған,кеудесі көтеріңкі, рухы биік қыр қазағы ептеген жағымпаздыққа бой алдырды. Бұл ең алдымен Дулат Бабатайұлының сынына ілікті:

Майырдан алса бұйрығын,

Борбайға қысып құйрығын.

Ел пысығы жортады-ай,

Өз елді қорқытып,

Одан өзі қорқады-ай.

Бұл тұрғыда М.Мырзахметовтің пікіріне жүгінсек, «қазақ әдебиеті тарихында алғаш рет ұлттық санасы саналы түрде оянған жаңашыл ақын, халқының бозторғайы боп шырылдаған Дулат поэзиясында отаршылдық билік жүйесі және елін сатқан атқамінерлер  бейнесін тұңғыш галереясы жасалды» дейді.Жұртшылық арасында «Жаңа низам»  деп аталған 1868 жылғы реформа- зар заман поэзиясының негізгі тақырыбы болды.Қарапайым халықтың «Жаңа низамды»  қалай қабылдағанын, қандай күйге түскенін зар заман мектебінің өкілдері тайға таңба басқандай бейнелейді.Әсіресе, Дулат Бабатайұлының отарлаушылардың астарлы амал-айласы мен қитұрқы қулығын салғаннан-ақ аңғарды:

 

Батыстан патша түнегі,

Жеріңе келіп түнеді.

Жоныңнан таспа тіледі,

Дулат оны біледі.

Осыны Шортанбай да:

Осы күнде заманның,

Осылайша болып тұр.

Мұсылманды бұл күнде,

Орыс кәпір жеңіп тұр.

Ал Әбубәкір  болса:

Қоныстан бірнешелер көшті үркіп,

Штаттың  хабарынан білмей қорқып — дейді.[8]

 

Отаршылдық биліктің ел арасындағы өкілдерінің бейнесі зар заман поэзиясында типтік тұлға ретінде көрініс тапты. «Өмірдің шындық құбылыстары мен оқиғаларының қалың тасқыны арасынан қажетті типтік сипаттағы маңызды, мағыналы фактілерді көре білу үшін де зергерлік зерде керек» деген талап тұрғысынан қарасақ, халқының жоғын жоқтап,  мұңын мұңдау арқылы өзара үндестік танытқан замана жыршыларының шығармаларынан типологиялық ұқсастықтың мысалдарын көптеп кездестіруге болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Мәдібай Қ.Зар заман ағымы.Алматы:Қазақ университеті.1997 ж.160 б.

2.     Дәуітов С.Заман және зар\\Егемен Қазақстан,1994 ж.17 қыркүйек.

3.     Садырбайұлы С.Шортанбайдың ақындығы.\\Қазақ әдебиеті,1992 ж.

4 қыркүйек.

4.     Өмірәлиев Қ.Дулаттың дәуірі мен ақындығы.\\Замана сазы. Алматы: Жазушы,1993 ж.160 б.

5.     Мәдібай Қ. Зар заман ағымы және Шортанбай мұрасы. Филол. ғыл канд.дисс.Алматы,1995 ж.142 б.

6.     Ақыр заман .\\Жұлдыз,1993 ж.№6.

Махамбет шығармашылығындағы құс бейнесі

Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , филология  магистрі

Қалықпан – ерекше жағдайда сирек туатын қыранның бірі. Аңыз бойынша қарақұстың жетінші не тоғызыншы ұрпағына сәйкес. Махамбет Өтемісұлы өзінің мұндай іргелі қасиетке шешендік ой, ақындық тіл, ұшқыр ақылымен жете алатынына назар аударту арқылы метафора дәлдігін асыра түседі. Жеке ісімен ниетінің дұрыстығына сенім, қиялдағы күдік болжамы, диалогтық қатынасты елестету өлеңдегі аршындау, жан-жағына қарақтау, іштей сөйлесу, ашық пікір айту, өзіне-өзі сенімділік және оған басқа субъектілерді иландыру экспрессемалары – психологиялық драматизм кернеуіне лайықты мысал. Жорық падишаһы Махамбет адалдығы мен ақтығына шіркейдей күмән ұялатудан аулақ [1,10-15]. Контрастылық ыңғай, шендестіре сөйлеу, тұлға мен жалпы қауым интенцияларын шартты түрде шарпыстыра ой түю тағы да әдепті айқындау мазмұнын тиянақтай түседі.Сонымен қатар,ақынның ереуіл үстіндегі бар бітім-тұлғасын қазақ менталитеті үшін аса қадірлі текті құстар әулетімен салыстыра толғау үрдісі әрдайым қайталанып отырады[2,11].

 

Мен қарақұстан туған қалықпан,

Сөйлер сөзге жалықпан.

Көптер көзін тіккендей,

Көп соңыма түскендей,

Көптің несін алыппын?

Тыңда, халық, әлеумет,

 

Көп кісіден анықпын.

Махамбет жыралындағы ақынның айналасынан оқшау тұлғасын даралап көрсетуде «ақсұңқар» концептіне қатысты жолдар ерекше поэтикалық қуатпен биік әсерлерге бастайды. Мысалы:

Аспанда ұшқан ақсұңқар,

Қолымда тұйғын, лашын.

Қосылған жаста арудың

Көре алмай кеттім құлашын («Аспанда ұшқан ақсұңқар») – деп тұсауын кесетін  толғауда «ақсұңқар» — қол жетпес арман кейпінде сағыныш, ынтызарлық әуендерімен ұштасып жатады[3,181-183].

Диалогтық қатынас сақталатын өлең құрылымындағы «ақсұңқар» концепті символикалық мағынасын өзге шығармаларда да жоғалтпайды.

 

Мен ақсұңқардан туған құмаймын,

Бір сұңқарға жұбаймын.

Суырыма қамшы тигізіп,

Шаппай неғып шыдайын?!

Түбін қазған мен – бәйтерек,

Толқуменен құлаймын.

 

«Мен қарақұстан туған қалықпан» формасындағы құрылымнан өзгешелік – мұнда кішіден ірілену орынан жоғарыдан сәл төмендеу, әйтсе де дегдарлық сымбатынан айрылмау әрі жақсылық ұғымының құндылық өрнегін ата-тек өлшемімен құлпырту мақсаты шығармашылық үдерісіндегі ырықсыздық заматын табиғи талант құдіретімен түрлендірген. Өмірдегі көрініс, жағдаят атаулыны әсерге бөлеп, шығандата суреттеу романтизм эстетикасы талаптарына әбден сай. Өлеңде психологиялық ыңғайдағы намыс категориясы  поэтикалық астарлы бейне әрі риторикалық сұрау арқылы динамикалық серпін тапса, соңғы қос тармақтағы аллитерация және айқын метафора болмысы предикативті сипатымен дараланады. «Бәйтерек» жай бәйтерек емес, «түбін қазған» «бәйтерек», ол жай құламайды, «толқуменен құлайды». Қозғалыс суретінің шынайылығы эмотивтік ой-сезім қабаттарына эстетикалық ажар қосады. Әсер-түйсік іліктестігі заңдылығына сайсаңыз, осы жолдардағы эпитеттер Махамбет өмірін коннотативті жүйеде көп қырлы қалыппен бедерлейді. Фауна мен флорадағы егіздесу шағы соңғы мезетте мұңды кейіп алуы ақын тіршілігімен тағы бір жұп түйін құрайды. Сатылы, градациялы параллелизм үлгісіндегі сұлулық генотиптен алшақтамайтын қайсарлық, асқақтық, табандылық рухымен тұтасып жатыр.

 

Таудай болған талаптың

Назары қайтқан күн болған.

Жібектен бауы көрініп,

Ақсұңқар ұшқан күн болған.

 

Негізінен Исатай өлімін аза тұту рәсіміне беріліп, толғауда жоғарыдағыдай керағар сезім тоғысулары кездеспейді, қайта бастан-аяқ түнеру,күйіну сағаттарына сәйкес біп текті ой ағымы, салыстырулар бедері белестеніп көрінеді.Киелі құс бейнесі Махамбет жырларында уақыт өте жеке субьект болмысымен терең ұштасыптұтасу үрдісіне көшетіндей.

 

-Томағалы сұңқар мен едім,

Толғамалы найзамен

Толықсып жауға шапқанда,

Бір озғанмын жұртымнан.

Ер дұшпаны көп болар,

Қатын-дұшпан жігіттер

Не демес дейсің сыртымнан ?

 

Махамбет эпитеттері сұңқар тұлғасын тым еркін күйде бейнелемейді.Қалың тобырдың бірі емес, топжарған жүйрік сазгер арқылы батыр артық туған қасиетін жасырудан аулақ. «Көп кісіден анықпын»деп қана кішірейе қататын лирикалық кейіпкер енді қиялдағы көңіл жақпас көріністерге ашына ,қыр көрсете сөйлейді.Махамбеттің жаулары алыста ғана емес, өз ішінде,қасында жүргені наразылық әсерін асқындыра түседі.

Лашын, ителгі, бүркіт,жапалақ, күшеген,қаршыға,қыран концептілері төңірегіндегі көркемдік бейне үзіктері Махамбет өлеңдерінтоты құстай түрлендіреді.Сұңқар ұғымының ақын автопортретін сомдаудағы эстетикалық тұжырымдамасы адамзаттың тәуелсіздік, азаттық рухы жолындағы қайтпас қайсарлық, ерлік,зәулім мұрат туралы поэтикалық түсініктерін толымды өрнектеген.Тарихқа біржақты баға беру, аруақтар сырын толық білмей жатып,талқыға салу-әр адамның арына жүк. Махамбет Өтемісұлының  жорық  көсемі әрі елдік пен ерліктің жыршысы,ұлы жырау екендігі анық.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Келімбетов Н. Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі көркемдік   дәстүр жалғастығы. Автореферат.Алматы.2002.

2.     Қ.Өмірәлиев ХҮ-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі. Алматы:Ғылым.1976ж.270б.

3.     Қаратаев М.Дәстүр және жаңашылдық,І кітап,Алматы.1980.366 б. Ғылым.


Тағы рефераттар