Жалқаудың соры — байлығы.

Аз жұмысты қиынсынсаң,

Көп жұмысқа тап боларсың.

Ер тынысы — еңбек,

Ез тынысы — ермек.

Көңілсіз бастаған іс көпке бармайды.

Жаманға жан жуымас,

Жалқауға мал жуымас.

Саудың асын ішіп,

Аурудың ісін істейді.

Жақсы мұраптың соңынан су ереді,

Жаман мұраптың соңынан шу ереді.

Егінді жабайы шөп аздырар,

Ерді еріншектік аздырар.

Ермек қуған бәлеге жолығады,

Еңбек қуған қазынаға жолығады.

Есектің жүгі жеңіл болса, жатаған болады.

Еріншек түске дейін ұйықтайды, кешке дейін есінейді.

Қойын алдырып, қорасын бекітіпті.

Жалқауға күнде той.

Жалқауға от басы айшылық жер.

Жалқауға сөз, шабанға таяқ өтпейді.

Бұқаның арамзасы бұзау арасында жүреді.

Жалқаулық — жаман ауру.

Жалқау жатып ішер, отырып ұйықтар.

Істемеген тістемейді.

Біткен іске сыншы көп,

Піскен асқа жеуші көп.

Тілде бар да, істе жоқ.

Ерінбесең еңбегің өнеді.

Еңбек етпесең елге өкпелеме,

Егін екпесең жерге өкпелеме.

Орақшының жаманы орақ таңдайды.

Еккенің тікен болса,

Орғаның балауса болмас.

Еңбекқор ұйқыдан ширап тұрады,

Еріншек ұйқыдан қирап тұрады.

Жалқаудың жауы — жұмыс.

Еңбектің наны тәтті,

Жалқаудың жаны тәтті.

Еңбекшіге әр күн сәт,

Еңбексізге бір күн сәт.

Жүріп шаршаған, тұрып тынығады,

Тұрып шаршаған, отырып тынығады.

Отырып шаршаған қалай тынығады?

Еріншекке бүгіннен ертең оңай.

Еріншекке жоқ сылтау.

Жақсы қойшының төлі түлеп туады,

Жаман қойшының төлі жүдеп туады.

Бағайын десе малы,

Ауырайын десе ауруы жоқ.

Еріншектің ісі — екі.

Аттың жемін жеп,

Тайдың ойынын ойнау.

Балық аулай алмаған, суды лайлар.

Ит итті жұмсайды,

Ит құйрығын жұмсайды.

Диқан нанын жейді,

Жалқау арын жейді.

Ақымақ күлкіге тоймайды,

Жалқау ұйқыға тоймайды.

Еңбексіз елге сыймас.

Істеу қиын, сынау оңай.

Еріншек егішіден елгезек масақшы озыпты.

Шегені қаға білмесең — қолыңды ұрасың,

Түймені таға білмесең — қолыңа ине тығасың.

Ханның қызы шөміш ұстаса, қолын құс басады.

Жаман болатын жігіт шегіншек келер.

Жан аяр жау жеңе алмас,

Еріншек егін еге алмас.

Айран ұйытса, іріткен,

Тері илесе шіріткен.
Тағы рефераттар