Жалпы білім беретін мектептерде стандартты емес кәсіби бағдар беру сабақтарын өткізуді жетілдіру жолдары туралы қазақша реферат

Қазіргі басты міндеттердің бірі – жастардың саналы түрде бір кәсіп бо­йынша жұмыс істеп, мамандықты дұрыс таңдауы. Сондықтан да кәсіптік бағдар беру жұмысын жолға қою бүгінгі өмір талабы. Кәсіптік бағдар – мемлекеттік іс және күрделі мәселе. Адамның еңбекке деген қабілетін анықтау, оны одан әрі жетілдіре беру мәселесі тек қана мамандықты дұрыс таңдаған кезде ғана шешіледі.

Мектеп қабырғасынан шығатын жас түлектердің жоғарғы оқу орнына түсіп, білімін жалғастыруы олардың өміріндегі ең үлкен құбылыстардың бірі. Өзінің қалаған өмір жолын таңдай білу – биік армандарға қол созған әрбір жеткіншектің тілегі, мақсаты.

Кәсіп пен мамандықты таңдау – екі түрлі ұғым. Кәсіп – адамның қызмет, әрекет ету құбылысы. Осы негізгі қызмет, әрекет ету құбылысын бір шағын формулада жүзеге асыру үшін адамдарға мамандық керек. Мамандыққа ие болған адам күрделі қызмет саласының белгілі бір түрінде ғана жұмыс істей алады. Кәсіптің мамандыққа қарағанда ауқымы кең.

Мамандық таңдау – адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселелерінің бірі. Ол болашақта отау құру, ел қатарына ену дейтін жайттармен өзектесіп жатады. Жастарымыздың ақыл-ой мамандықтарын игеруге ынта-ықыластарының төмендегені байқалады. Бірақ, қоғамдық дамудың жаңа жолына түскен егеменді, тәуелсіз қазақ мемлекетіне ғылым мен техника саласындағы мамандар көптеп керек екенін де ескеру қажет.

Мамандық таңдау жолындағы 8 фактор:

1. Отбасы мүшелері арасындағы үлкендердің пікірі.

2. Достар мен құрбы-құрдастардың пікірі.

3. Мұғалімдер мен мектеп педагогтарының пікірі: Тәжірибелі педагог сабақ барысында және сабақтан тыс уақытта оқушының белсенділігін, мінез-құлқын бақылай отырып оқушы туралы керекті мәліметтердің барлығын біледі және оқушыға қандай мамандық таңдау керектігіне кеңес бере алады.

4. Жеке кәсіптік жоспарлар.

5. Қабілеттілік. Әр адам әр нәрсеге қабілетті, бір кәсіпті істеу алу мүмкіндігі.

6. Өмір сүріп жатқан қоғамдық ортаның ыңғайына жығылу.

7. Ақпараттандырушылық.

8. Бейімділік. Бейімділік сүйікті пәндер барысында байқалады.

Астана қаласындағы 43мектептің 9–11сынып оқушылары арасында болашақ мамандықты таңдау мақсатында білім деңгейін анықтау үшін сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 3600–ден астам оқушы қатысты. Әлеуметтік сұраныстың бірінші нәтижесінің көрсеткіші бойынша 52,9% болашақ мамандығы туралы толық ақпаратпен қамтылмаған. Болашақ мамандықтарын таңдау барысында оқушыларға себепкер болған қоршаған орта, өзтаңдаулары, ата –аналарының қалауы. Түлектердің көбісі келесі мамандықтарды қалайды: заңгер – 13,8%, медицина мамандығын – 13,5%, техникалық мамандықтар – 9,9%, педагогика – 6,8%, аудармашы – 5,9%, қаржы – 5,6%, халықаралық қатынастар –5,2%, экономика – 4,9%, журналистика – 4,9%,саулетші – 4,5%, және басқа мамандықтар –20,4%, жауап бермегендер –2,8%.

Осы сауалнамадан мектердің ішінде кәсіптік бағдар беру сабақтары толығымен жүргізіліп жатпағанын көруге болады. Атап айтқанда кәсіптік бағдар берудің жоқтығы, барлық жас ерекшелігіне қарайғы кезеңдерде сабақтастықтың болмауы, теориялық білімнің практикамен ұштаспауы, сондай-ақ кәсіптік стандарттарға материалдық-техникалық базаның сәйкес келмеуі сияқты мәселелер.

Осы сұрақтарды шешу үшін еңбек нарығына бағытталған үздіксіз кәсіптік білім берудің жаңа моделі әзірленді. Ол үш кезеңнен тұрады.

Бірінші — бастауыш білім.

Бұл кезеңде оқыту мен тәрбие беру кәсіп пен еңбек әлеміне қызығушылық туғызу арқылы еңбек адамына деген оң көзқарасты қалыптастыруға бағытталады.

Екінші кезеңде, негізгі мектепте ерте бастан кәсіптік бағдар беру және жұмысшы кадрларды даярлау орталықтарында кәсіптік үлгіден өту негізінде функионалдық қызмет басты басымдыққа ие болады. Мұндай орталықтар жұмыс берушілермен бірлесе отырып, колледждердің базасында құрылмақшы. Бұл оқушыларға өз кәсібін таңдауда көмегін тигізері сөзсіз.

Ал, үшінші кезеңнің, яғни орта мектептің міндеті — мектеп түлектерінің жұмысшы кадрларды даярлау орталықтарында бірінші-екінші разрядты жұмысшы мамандығын алу арқылы әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл орайда оқушылардың техникалық немесе гуманитарлық бағытқа бейімдігі міндетті түрде ескерілетін болады. Осының нәтижесінде мектеп түлегінің жоғары оқу орнына түсу немесе қолына алған белгіленген тәртіптегі сертификаты негізінде колледждің екінші курсынан бастап оқуын жалғастыруды таңдау мүмкіндігі болады. [20, 156 б]

Міне, осылайша білім берудің барлық кезеңдерінің бірізділігі, сабақтастығы және үздіксіздігі, жұмысшы кадрларды оқыту мен даярлаудың сапасы, жұмысшы мамандығының беделі мен еңбек адамына деген құрмет сезімін арттыру қамтамасыз етілетін болады.

Жалпы білім беру саласында оқушы — ізденуші, зертеуші, басқарушы, ұйымдастырушы, кеңесші, үйлестіруші дербес тұлға. Сондықтан оқушының мақсаты : өзінің және қоғамның мүддесіне өзін — өзі белсенді етуге дайын, өзгермелі даму үстіндегі ортада өмір сүруге бейім, бәсекеге қабілеті және құзыретті , шығармашыл, білімді тұлғаны дамыту және қалыптастыру.

Стандартты емес кәсіптік бағдар беру сабақтарында құзыреттілікті дамыту:

— оқушылардың таным әрекетін өздігінен дамыту;

— оқушылардың пәнге деген шығармашылық және кәсіптік қызығушылығын ойын элементтерін және т.б. еңгізу арқылы арттыру;

— әрбір тақырыптың аясында оқушыларға тәлім — тәрбие берудің мүмкіншіліктерін тиімді пайдалану.

Стандартты емес кәсіптік бағдар беру сабақтарының қолданылатын және нәтижелі түрлерінің бірі – конференция- сабақ. Бұл сабақтын басты құндылығы пәнаралық байланыстың жүзеге асырылуымен анықталады. Бұл стандартты емес сабақ түрі оқушылардың болашақта қандай мамандық таңдауға болатынын ойластыруға мүмкіндік береді және мамандықтар туралы ұғымдар мен түсініктерді қабылдауды жеңілдетеді. Бұл сабақ түрін өткізу үшін алдын ала белгілі бір дайындық кезеңі қажет. Онда конференцияның тақырыбы, қарастырылатын мәселелері, қажетті құрал – жабдықтары анықталады және ол шараларды жүзеге асыру барысында оқушылар нақты тапсырмалар алады. Конференцияға дайындық кезеңінде оқушылар тақырыпқа қатысты ғылыми – көпшілік әдебиеттермен, күнделікті баспасөз материалдармен танысу арқылы шығармашылық белсенділігін арттырады. [21, 132 б]

Соңғы жылы әр түрлі бағыттағы интерактивтік ойынға негізделген сабақтарды өткіздім. Өйткені ойынға құрылған сабақтарда оқушылардың белсенділігі артып, әдетте түсінуі, есте сақтауы қиынға түсетін мәселелерді игеруге ерекше шабытпен кіріседі. Бұл сабақтар оқушылардан тиянақты біліммен қатар ұшқырлықты, шығармашылық ізденісті талап етеді. Сондықтан ойынға негізделген сабақтардың танымдық мәнімен қатар, тәлім – тәрбиелік маңызы өте зор.

Осы сабақтар нәтижесінде оқушылар:

—                     нақты мақсат қоюға дағдыланады;

—                     оқу процесіне белсенді қатысады;

—                     өз ойын айтады, оны дәлелдей біледі.

—       айтылған жауаптарының құндылығы жоғары болады және алуан түрлі жауап бере алады;

—                     сараптауға, бағалауға дағдыланады.

Сонымен, стандартты емес сабақтар оқушылардың кәсіптік бағдар құзыреттілігінің көтерілуіне үлкен әсер етеді. Сонымен қатар жаңа технологияларды пайдалана отырып, оқушылардың кәсіптік бағдарын дамытуға болады.

Қазақстан Республикасының Президенті өзінің «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында жас ұрпаққа беріліп жүрген бүгінгі білім саласындағы оң өзгерістерді айта келіп, «Өмір бойы білім алу» әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы қажеттігін, елімізде кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңарту керектігін атап өткен болатын. Бүгінгі өркениет заманында жас ұрпаққа әлемдік стандартқа сай білім беру мәселесі ғылыми-педагогикалық тұрғыда жинақталған тәжірибеге, ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып оқыту мен тәрбиелеуді жаңаша ұйымдастырумен көкейкесті мәселеге айналып отырғаны шындық.

Қазақстанның әлеуметтік саясатында білімді дамыту мәселесі ерекше орын алып отыр. Білім берудегі мемлекеттік саясаттың негізгі принциптері мен бағыттары Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында айқындалған. Осы заңның 4-тармағында азаматтардың құқықтарының кепілдемелері туралы көрсетілген. «Білім туралы» заңның осы тармағына сәйкес мемлекет білім беру жүйесін дамыту және Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес білім алу үшін сәйкесінше әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жасау арқылы азаматтардың білім алуға құқығын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасында қабылданған бағдарламалардың ішінде білімді дамыту бағдарламасының өзіндік орны бар. Бағдарламаның негізгі міндеттері: қоғамның барлық санаттары үшін сапалы білімнің қол жетімділігін қамтамасыз ету, білімді басқаруды одан әрі демократияландыру негізінде ұлттық білім беру жүйесі қызмет етуінің құқықтық нормативтік базасын жетілдіру, қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты, жоғары мәдениетті, адам құқықтары мен еркіндігіне сайлы қатынасты тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің дамуындағы басымдылық, отандық дәстүр, әлемдік тәжірибе және тұрақты даму қағидаттары негізінде білім берудің мазмұны мен құрылымын жаңарту, 12 жылдық жалпы орта білімге көшу, кәсіби білім мен кадрларды даярлау жүйесін білімнің халықаралық стандартты классификациясының критерилеріне сәйкес қайта құру. Экономиканың барлық салалары үшін жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлаудың сапасын жоғарылату, әлемдік білім беру кеңістігі мен интеграция, білім берудің сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін жасау, білім берудің ортақ ақпараттық ортасын қалыптастыру.

Білім беру процесінің оқу әдістемелік және ғылыми қамтамасыз етілуін жетілдіру, білім беру жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім, ғылым және өндірістің интеграциясы. Білімнің сапасын жоғарылату үшін экономика секторларының ресурстарын тарту механизмдерін жасау, педагогикалық қызметкерлердің әлеуметтік статусын жоғарылату, білім беру жүйесінің қаржылық, кадрлық қамтамасыз етілуін жетілдіру, білім менеджерлерін даярлау, сондай-ақ білім берудің көп деңгейлі үздіксіз жүйесінде мемлекеттік, қоғамдық және жеке мүдделердің балансын қамтамасыз ету болып табылып отыр. [22, 103 б]

Болашақтың бүгіннен қаланатыны айдан анық. Еліміздің таяудағы жылдарда экономикалық жағынан өркендеп, әлемдегі дамыған елдер қатарына қосылуы бүгінгі білім алып жатырған балалардың білімі мен біліктілігіне, ұлтжандылығы мен отансүйгіштігіне көп байланысты. Осыған орай таяуда Елбасының жарлығымен еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары бекітілген болатын. Сондай-ақ оны іс жүзіне асыру мақсатында республикада білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған екі кезеңде атқарылатын мемлекеттік бағдарламасы енді. Ол бағдарламада негізінен орта мектепке, ондағы берілетін тәрбие мен білімге аса мән беріліп, педагог мамандардың кәсіптік біліктілігін, олардың өз ісіне жауапкершілігін арттыру көзделген.

Тәуелсіз елдің болашағы да, тірегі де ХХІ ғасырдың жастары жан-жақты кәсіби біліммен қаруланған, өздігінше қиындықтан шығуға жол табатын, кез-келген бәсекелестікке төтеп бере алатын маман, тұлға болуы қажет. Осындай тұлғаларды тәрбиелеу кәсіптік білім мекемелерінің қызметкерлеріне зор міндеттер жүктейді.

Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесінің басты міндеті – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды ғылым мен практика жетістіктері негізінде бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім беру үшін қажетті жағдайларды жасау керектігі айқын.

Қорыта келе, мектепте кәсіп туралы білім беруді жетілдіру үшін мына нәрселерді ескеру қажет деп есептеймін:

— КТМ (кәсіптік техникалық мектеп), лицей, колледж, ЖОО-мен үздіксіз байланыста болу. Осы оқу орындарындағы оқытылатын мамандықтар туралы тереңірек білуге ұмтылу;

— оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеріп, арнайы кәсіп туралы білім беру бағдарламасын құру, сонымен жұмыс жасау;

— тек қана оқушылармен емес, ата-аналармен де ағарту жұмыстарын жүргізу;

— мектептің мүмкіншілігіне қарай оқу орындарына саяхат жасау т.б.

Осы талаптардың орындалған жағдайында біздің мектеп түлектерінің, болмағанда, 90% өзінің мүмкіндіктеріне сәйкес мамандықтарды қателеспей таңдай алар еді.

Еңбек сабақтарының педагогикалық тиімділігі, олардың білім және тәрбие беру мәнділігінде. Еңбекке тәрбиелеу мен оқытудың міндеттері еңбек пәні сабағында шешіледі. Яғни, оқушылар бастауыш сыныптан бастап еңбек сабағында алған тәжірибелерін, мектеп жанындағы үлесті жер бөлшектерінде еңбек еткен кезде пайдаланады. Өзіне-өзі қызмет көрсету.

Балалар өзіне-өзі қызмет көрсете отырып, әр түрлі еңбек іс-әрекеттерін орындаудық тәсілдеріне үйренеді, өздерінің жауапкершілігін сезеді, өзімнің адамгершілік борышым деп есептеп, үлкендер еңбегін бағалайды, олардан үлгі алады.

Мектеп жағдайында өзіне-өзі қызмет көрсету: оқу-құралдарын, кабинеттерді, сынып бөлмесін, дәліздерді жинау, т.б. Отбасында өзіне-өзі қызмет көрсетуге: төсек-орынды, пәтерді жинау, кір жуу, тамақ дайындау, т.б. жатады. Адамның өзіне де, қоғамымызға да пайда келтіретін маман дайындауға үлесімізді қосуға барымызды салайық. Сонда ғана біздің тәуелсіз еліміз дамыған елдердің алдыңғы қатарында болып, ешқашан сол тұғырдан түспесі анық.
Тағы рефераттар