Кеңес үкіметі өзінің алғашқы кездерінен бастап бұрынғы жеке иеліктердегі тарихи, құнды маңызы бар музейлерді, сәулет туындыларын мемлекет иелігіне алу, қорғау, оларды тіркеудің біртекті тәртібін жасады. 1917 жылдың қазан айында Музей ісі, көне ескерткіштер мен өнер туындыларын қорғау ісі бойынша Бүкіл ресейлік коллегия құрылды.

1918 жылдың мамыр айында Халық Ағарту комис-сариатының құрамында ескерткіштерді қорғау мәселесіне жетекшілік ететін музей бөлімі құрылды. Қазақстанда музейлердің құрылуы мен дамуы өзіндік сипатта және күрделі жағдайда өтті. 1918-1920 жж болған азамат соғысы, өзара тартыс пен күрделі саяси-экономикалық жағдайлар музейлердің құрылуы, жұмыс істеу сипатына әсер еткені белгілі.

1918 ж. Халық ағарту комитетінің құрамында арнаулы музей ісі, ескерткіштерді қорғау бөлімі құрылды. Олар жер-жерлерден көркем, тарихи құнды заттарды іздестіріп, маңызын анықтап, есепке алды. Жаңа музейлер құруға ықпал жасады. Құнды жәдігерлерді жинау өте қиын азамат соғысы кезінде, аштық, ауыр экономикалық қиын жағдайда жүргізіліп, жұмыс жасалды.

1918 ж. музей ісін басқару құрылымында ерекше бөлім – Мемлекеттік музей қоры құрылды. Ол музейлік маңызы бар жеке заттар мен коллекцияларды сақтау, инвентарлау, бөлумен айналысты.

1918 ж. 2 ақпанда Халық Комиссарлар Кеңесі “Шіркеу, діни қауымдағы ар-ождан бостандығы” деген декретте барлық шіркеу заттарын халық игілігі деп жариялады. Ал, “Ресей императорының заттарын конфискациялау” туралы декрет патша отбасының барлық меншігін национализациялады. 1918 ж. 19 қыркүйекте “Ерекше тарихи, көркем маңызы бар заттарды шетелге шығаруға тиым салу туралы” декрет шықты.

Кеңес Өкіметінің алғашқы жылдары мұражайларды құру, ғылыми, тарихи, көркем құндылықтарды қорғау саласында үлкен жұмыстар жүргізілді.

Осы бағытта төмендегідей іс-шаралар жүйесі жасалды: бар мұражайларды есепке алу; жеке меншік, иеліктен құнды жеке жинақтарды, таңдаулы шіркеу, монастырь, мешіттерді алып, национализациялау, музейге айналдыру; мұражайдан тыс маңызды жеке коллекцияларды есепке алу, ескі тарихи маңызы бар ғимараттарды зерттеу, оларды өзгеруге тыйым салу, жер-жерлерде жыртқыштық археологиялық қазба жүргізумен күресу; мұражайларды мұражайға қатысы жоқ заттардан тазарту, оларды ағарту орталығына айналдыру.

Қазан төңкерісін дейінгі және төңкерістен кейінгі мәдени-рухани іс-шаралардың бәріне дерлік Алаш зиялылары себепкер болды. Бірақ, олардың тарихи ісі әдейі ұмытылған болатын.

Алаш көсемдеріннің бірі — А.Байтұрсынов 1920-21 жж. Халық Ағарту Комиссары болды. Осы қызметте ол тұңғыш мемлекеттік баспаны, Академиялық орталықты, Ғылыми комиссияны, Халыққа білім беру институтын ашты. Бірақ, ресми тарихта бұл туралы ештеңе жазылған жоқ. Сонымен бірге мәдени ұйым мен музей ісіне қатысты ғылыми иелікке айналған фактілер де аз емес.

1920 жылы «Қырғыз (Қазақ) АССР-ін құру туралы» декретке қол қойылғаннан соң, 1920 жылы 31 тамызда Қырғыз (Қазақ) Халық ағарту комиссариаты мен Орынбор губерниялық халық ағарту бөлімінің біріккен Кеңесінде Орынбор Өлкелік музейінің Қырғыз халық ағарту комиссариатының қарамағына беру мәселесі қаралды.

1920 ж. 26 тамызда Жалпы ресейлік атқару комитеті мен РКФСРО Халық комиссариаты Қырғыз (Қазақ) социалистік Кеңестік Автономиялық Республикасының құрылуы туралы декрет қабылдады. Қазақстанда музейлердің құрылуы мен өркендеу процесі қиын жағдайда өтті. 1920 ж. 30 тамызда Қырғыз (Қазақ) АССР-ін құру туралы декретке қол қойылғаннан соң Қырғыз (Қазақ) Халыққа білім беру Орынбор губерниялық бөлімі өкілдерінің мәжілісінде Орынбор өлкесі музейін Қырғыз (қазақ) халық-ағарту комиссариатының қарамағына беру мәселесі қаралды. Музей және ғылыми-ағарту қоғамдары 1917ж. кейінгі он жылда он есеге ұлғайды.

1921 жылы 7 ақпанда ҚАССР Халық ағарту комиссариаты «Көне ескерткіштерді қорғау туралы» бұйрық шығарды. Жергілікті жерлерде көне ескерткіштердің қазылып, талан-таражға салынуына тыйым салынды. Дегенмен бұл өте қиын мәселе болды және мұны өлкетанушылар қолдады. 20-шы жылдары аудандық, аймақтық, облыстық өлкетану бюроларының жанынан өнер, тұрмыс, көне ескерткіштерді қорғау комиссиялары құрылды. Өлкетанушылар жергілікті баспасөз беттерінде мақалалар жариялар, баяндамалар жасады, материалдық мәдениет туындыларының көрмелерін дайындады. Мұндай іс-шаралар көпшілік қауымның тарих пен мәдениет ескерткішіне деген назарын аударуға көмектесті.

1922 жылы Республиканың Халық Ағарту комиссариаты Орталық Өлкетану музейі туралы қарарды бекітті. Бекітілген құжатта музей қазақ халқының рухани өмірін бейнелейтін барлық заттарды жинап, сақтауға, жиналған материалдарды көрсетуге, губерниялық музейлермен тығыз байланыста болу қажеттілігі айтылады. Осы кезеңдерде табиғатты, шаруашылық тарихымен, тұрмыс пен мәдениетті зерттеу, оларды тұрғындар арасында насихаттаумен тарихи-өлкетану музейлері айналысты.

20-шы жылдары облыстық, аймақтық, аудандық өлкетану бөлімдерінде көне ескерткіштер, өнер, тұрмыс ескерткіштерін қорғау комиссиялары құрылды. 1921 ж. Қазақ АССР Халық комиссариатының Орынбор Өлкелік музейіне Қырғыз өлкесінің Орталық Өлкетану музейі ретінде қайта құру туралы қаулысы қабылданды.

1922 ж. 24 қаңтарда Республикалық Халық ағарту Комиссариаты орталық және губерниялық музейлер туралы Ережені бекітті. Ереже музейлердің құқықтары мен міндеттерін, олардың өзара жұмыс істеу шарттарын анықтап берді. 1923-1924 жж. Орталық Өлкетану музейі өз есептерін Қазақстанды зерттеу қоғамының еңбектерінде жариялай бастады. Мамандардың жетіспеушілігі, Орталық Өлкетану музейін қаржыландыру тапшылықтары болды. 1923-1924 жылдары Қазақстанның Орталық музейі, губерниялық музейлер, көне ескерткіштерді қорғау комиссиялары өздерінің қызметін Қазақстанды зерттеу қоғамымен тығыз байланыста жүргізді. Осы жылдары музейлердің мәдени-ағарту, тәрбиелік орнын көтеру үшін тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды.

1924 жылы Орта Азиядағы межелеуге байланысты Орынбордан Қазақстанға Қазақстанның Орталық өлкетану музейін көшіруге дайындық басталған еді. Музей қорындағы экспонаттың үштен бір бөлігі Орынбор аймақтық музейінде қалдырылды.

1924 жылы 12-17 маусымда Орынборда Қазақ Білімпаздарының тұңғыш съезі өтті. Оған Ресей, Түркістан, т.б. жерлерден алаш зиялылары қатысты. Съездің бір мәжілісінде мұра жинау ісі қаралды. Оған Ә.Бөкейханов төрағалық етті. Мәжіліс қаулы қабылдап, онда мұра жинаудың бағдарламасы, осы жөнінде мамандар топтастыру, бұл іске мемлекеттен қаржы бөлу мәселелері қарастырылды.

1925 ж. 15-19 сәуірде Республиканың жаңа астанасы Қызылордада Қазақстан Кеңестерінің V съезі болды. Ұлттық-территориялық межелеуге байланысты Орынбор Ресей Федерациясына қарады және Республиканың барлық басқару мекемелері Қызылордаға ауыстырылды.

1926 ж. Мәскеуде музей қызметкерлерін қайта даярлау курстары ашылды. 1927 жылы Қазақстанда тоғыз өлкетану музейі жұмыс жүргізді. Олардың қатарында 1883 жылы құрылған Семей, 1915 жылы құрылған Қостанай, Орал, Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Жетісу, Шымкент, Қазақстан Орталық тарихи-өлкетану музейлері болды. Қазақ халқының тарихы, этнографиясы мен мәдениетіне қатысты экспонаттар, яғни барлық экспонаттардың үштен екісі Орталық музейдің дербес қорына жинақталды. Экспонаттарды бөлу 1927 жылы аяқталды.

1927 ж. Орталық Өлкетану музейінің директоры болып А.Махонин тағайындалды. 1928 ж. 15 наурызда музей кеңесінде экспонаттарға байланысты мәселелер қаралды. Республиканың жаңа астанасына музей 1929 жылы ауыстырылды. 1927 ж. 2 наурыздағы Халық Комиссарлар кеңесінің қаулысына сай Республика астанасы Қызылордадан Алматыға көшірілді. Бұл салада, музей қорын Орынбордан Алматыға көшіріп, орналастыруда, 1927 жылдан музей директоры болған А.С.Махонинннің еңбегі ерекше болды. Осыған сай Қазақстан Орталық Өлкетану музейі, музейдің тәжірибелі мамандары А.Четыркина, П.Зарецкий, П.Рыжков, Г.Мотылев, И.Костиков, т.б. Алматыға көшірілді. 1929 ж. шілдеде Қазақстан Орталық Өлкетану музейі Алматыға көшіріліп, 13 шілдеде музей кеңесінің отырысы Қазақстан Орталық Өлкетану музейін Қазақстанның орталық музейі деп атауға шешім қабылдады. 1929 ж. музейде жергілікті жануарлар және өсімдіктер дүниесін бейнелейтін мол экспонаттар жиналды. Музей директоры А.Махонинмен, ғылыми қызметкерлер жануартану, өсімдіктану саласы бойынша 3 мың экспонат жинады. 1930 жылы «Қазақстан Орталық музейінің Жаршысының» бірінші саны Қазақстан музейлері, басқа республикалар музейлері арасындағы байланысты нығайтты. Басылым музейлердегі ғылыми жинастыру, зерттеулерді жүргізуде бірлесуге шақырды.

Қазақстандағы Өлкетанушы қоғамдарының жұмысы кең қанат жайып, өлкені жан-жақты зерттеуге ден қойды. Осы ұмтылыстардың нәтижесі Қазақстандағы өлкелік музейлердің ашылуының бірден-бір түрткісі болды деуге болады. Өлкетанушылардың жинаған материалдары музейлердің ашылуына үлкен мүмкіндіктер берген еді. 1927 ж. Үшінші Бүкілресейлік Өлкетану конференциясында «музейсіз, музейлер торабынсыз өлкені тану, білу мүмкін емес» деген тұжырымдар айтылды.

1920-шы жылдың аяғымен 1930 жылдардың басы Қазақстанда халық шаруашылығын қайта құру, ауыл шаруашылығындағы өзгерістер музей жүйесіне ықпал етті. 1929 жылы Көне ескерткіштер, өнер туындылары, табиғатты қорғаудың Қазақ комитеті (Казкомпристарис) құрылды. Ол 1929 жылдың 14 қазанында Қазақ АССР Халық ағарту комиссариатының коллегиясында, 1929 жылы 5 қарашада Қазақ АССР Халық Комиссарлар кеңесінде бекітілді. Казкомпристарис дайындаған нұсқауда жер-жерлерде қорықтар құру, көне ескерткіштер, өнер туындыларын қорғау, сақтау, көне ескерткіштерді, өнер туындыларын есепке алу, тіркеу мәселелері қамтылды. 20-шы жылдардың соңында Қазақстанның облыстық өлкетану музейлерінің қалыптасуы аяқталды. Аталмыш музейлердің біртекті құрылымы мен экспозицияларының ұстанымдарын жүйелеу мәселелерін шешу қажеттігі болды. Сол кезеңдегі белгілі идеологиялық көзқарастар мен саяси көзқарастардың талаптары бұл мәселенің шешуінде белгілі қиындықтар туындатты.

1883 жылы құрылған Семей музейі 1920-шы жылдары жергілікті өлкетану музейі ретінде дамығанмен, Республи-кадан тыс жерлерге де мәлім болды. Бұл музейдің экспози-циясымен, музеймен әйгілі Кеңес ғалымдары С.Ф.Ольденбург, В.В.Вернадский, А.Е.Ферсман, В.В.Сапожников, т.б. танысқан болатын. 1921 жылдан музей меңгерушісінің қызметін А.А.Баландин, А.Н.Белослюдов, И.В.Власов, Г.А.Корнилов орындады. 1925 жылдан музей жұмысына А.А.Адрианов меңгеруші болды.

1920 жылы наурыз айында халық ағарту бөлімі Көкшетауда өлкетану музейін құрды. Музей экспозициясының негізін көне қару-жарақтар, шығыс мәдениетін бейнелейтін құнды жәдігерлер құрады. Музей коллекциясына 1918-1920 жылдары болған азамат соғысы үлкен ықпал етті. Музей экспозициясындағы заттар сол кезеңде жеңіліс тауып қашқан атамандар, жергілікті байлардан тәркіленген жәдігерлер болатын. 1920-1928 жылдар аралығында музей меңгеруші болып И.П.Хохлов жұмыс істеді және осы жылдары музейге көптеген құнды заттар жинақталды. 1928 жылдан бастап музейдің жаңа меңгерушісі А.П.Леонтский болды.

1921 жылы шілде айында Петропавлде жергілікті өлкені зерттеудің губерниялық қоғамының мүшелері К.А.Алек-сандровтың, И.Г.Чернядьевтің, И.Г.Лобовтың бастамасымен жергілікті музей ашылды. 1923-1927 жылдар аралығында музей директоры И.П.Дьячков болды. 1928 жылы музейдің 6 бөлімі және 2000 экспонаттары болды.

Орыс географиялық қоғамының Жетісу бөлімінің жұмысына В.Е.Недзвецкий қатысты. Ол музейдің негізгі жинақтаушысы болды. 1918 жылға дейін Жетісу Өлкетану музейінің меңгерушісі болды және музейдің қалыптасуына елеулі үлес қосты. 1922 жылы музейге В.Д.Городецкий меңгеруші болды. В.А.Городецкий музей қорының жаңа экспонаттармен толықтырылуына, ғылыми-зерттеу жұмысы-ның деңгейінің көтерілуіне көп еңбек сіңірді. 1925 жылы В.Н.Дублицкий басшылық еткен кезеңде музей ісіне жастар кең тартылады. Соның негізінде өлкенің тарихын игеру, өлкетанулық жұмыс жанданды.

Сырдария аймақтық музейі жергілікті педагогикалық лабораторияның жанында 1921 жылы қалыптасты. Музей ісі, көне ескерткіштерді қорғаудың Орта Азия комитеті, яғни Средазкомстаристің бастамасымен бұрынғы педагогикалық музейдің, жиналған экспонаттардың негізінде 1925 жылдың 5 шілдесінде Шымкентте Сырдария губерниялық өлкетану музейі ашылды. Музейдің қайта жанданып, өркендеуін ұйымдастырушылар М.Е.Массон, Т.А.Шпота, В.П.Тризна, И.К.Шпота болды. 1926-1928 жылдары Средазкомстарис және Сырдария өлкетану музейі музей экспозициясын кеңейту, музей қорын экспонаттармен толықтыру, өлкені зерттеу, табиғатты сақтау, қорғау мақсатында бірнеше экспедициялар ұйымдастырды. Бұл экспедициялар зоогеографиялық, зооло-гиялық, археологиялық, көне ескерткіштер мен өнер туындыларын зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1928-1929 жылдары музейдің экспедициялық жұмыстары жалғасты-рылды. Экспедиция қазақтардың қолөнер, аңшылық кәсіпшілігіне, рухани мәдениетіне қатысты заттарды жинады. Экспедиция нәтижесінде музей қорын байытқан, қазақ халқының заттай және рухани мәдениетінің туындыларын ыдыстар, музыка аспаптары, т.б. заттар алып келді. Музей мамандары жылжымайтын құнды тарихи ескерткіштерді суретке түсіріп, есепке алып отырды. Мұндай ескерткіштердің қатарында Сайрам, Сығанақ, Сұркен, Майлыкен, Жабағылы су болды. Осы жылдары музей директоры қызметін И.К.Шпота атқарған болатын.

М.Е.Массон Қазақстанды зерттеу қоғамының Сырдария бөлімінің мүшесі 1928 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зерттеп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі 1930 жылы Ташкентте «Мавзолей Ходжи Ахмеда Ясеви» атты монография ретінде 2000 дана тиражбен жарық көрді. Сырдария тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері М.Е.Массон, Б.П.Тризна, И.К.Шпота құнды ескерткіштерді қорғау, құнды жәдігерлерді ғылыми сипаттау, жүйелеу жұмыстарын жүргізуде үлкен еңбек етті. Сырдария аймақтық өлкетану музейінің экспозициясы 1929 жылы үш бөлім және тоғыз бөлімшелерден тұрды. Бұл бөлімдерде 1686 экспонат болды. Табиғат бөлімі зоология, ботаника, геология бөлімшелеріне бөлінді және 963 экспонаттан тұрған ең ірі бөлім болды. Мәдени-тарихи бөлім тарих, археология, нумизматика, этнография болып бөлінді және 558 экспонаттарды біріктірді. 1930-шы жыл көлемінде музей қоры 471 экспонаттармен толықтырылды.

1930-шы жылдары музейлер құру, табиғатты, тарих пен мәдениет ескерткіштерін сақтау, өлкетануды дамыту жұмыстарына Халық ағарту комиссариатының И.Кабулов басқарған ғылыми-әдістемелік кеңесі жетекшілік етті. Сол кездегі Қазақ АССР-індегі барлық музейлерге жіберілген циркулярге қарағанда музейлер арасында талапқа сай жүйелі толық байланыстың, көне өнер туындылары, ескерткіштердің, табиғат ескерткіштерінің жеткілікті түрде анықталып, есепке алынбағаны байқалады.

Қазақстанның Орталық тарихи-өлкетану музейі өз қорын Орынбор және Жетісу облыстық музейінің қорымен толықтырды. 1930-шы жылдары музей экспозициясы төрт бөлімнен тұрды. Бұлар Қазақстан тарихы мен табиғатын, ғылыми-ағарту, қор бөлімдерін қамтыды. Сол кезде музей қорында Қазақстанның көне дәуірден 30-шы жылдардың басына дейінгі тарихын бейнелейтін құнды құжаттар мен жәдігерлер жинақталды. Тарихи бөлімде үлкен көлемде этнографиялық коллекция болды.

1930 ж. сәуір айында өткен Бірінші Бүкілқазақстандық ғылыми-өлкетану съезіне қатысушыларға Орталық музей өзінің қорындағы құнды жәдігерлерін көрсетті. 1930 жылы музей саны 10 жетсе, 1931 жылы 12-ге өсті. 1920-1930 жылдары музей ісімен айналысқан музей мамандары А.А.Адрианов, М.Е.Массон, А.С.Махонин, Л.Ф.Семенова музей ісін, мақсаттары мен зерттеулерін қамтыған еңбектерін жариялады. А.А.Адрианов Семей музейінің тарихын сипат-таса, М.Е.Массон Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне байланысты құнды археологиялық материалдарды жариялаған болатын. Музей мамандарының еңбектері Қазақстанның Орталық музейінің Хабаршысында, жарық көрген зерттеулерінде жарияланып отырды. А.Баталова, А.Мухамбетованың Қазақстан музейлеріне қатысты жазылған еңбектері 1938, 1940 жылдары «Советский музей» журналында жарияланды. Бұл еңбектерде тарихи-өлкетану музейлерінің құрылуы, тарихы туралы маңызды деректер, мәліметтер қамтылды. Респуб-ликадағы әрбір тарихи-өлкетану музейі ғылым мен мәдениеттің ошағы болды. Музейлер тарихи ескерткіштерді есепке алу, тіркеу, сақтау, қорғау жұмыстарымен айналысты.
Тағы рефераттар