ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында музей ісінің теориялық мәселелері Кеңес үкіметінің «мәдени төңкерісімен» байланысты зерделенді. Ғылыми еңбекті жазу барысында кеңестік музей үлгісінің теориялық негізін қалыптастыруға араласқан Н.К.Крупская, М.В.Луначарский, М.И.Калинин сынды партия және мемлекет қайраткерлерінің еңбектеріне көңіл бөлінді.

Отызыншы жылдардағы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай, жаңа экономикалық саясат, жаппай коллективтендіру елдің дамуына көптеген зиянды әсерін тигізіп, қазақ халқының қасіреттеріне алып келгені белгілі. Осы жағдайда идеологиялық майданда социализм қағидаларына сай әр түрлі жат теорияларға қарсы шешуші соққы беру идеялары музей қызметтерінің де өзгеруіне ықпалын тигізді. Мұндай саясат барлық ел көлемінде жүргізіліп, марксизм-ленинизм ілімдерін күшейту, оны халық санасына жеткізу мақсатындағы күрес елдің барлық мәдени-ағарту, ғылыми-зерттеу мекемелерін, соның ішінде музей саласын қамтыған еді. Музей ісінің мәдени қызметіне әкімшілік жүйенің араласуы, тек социализм идеясын насихаттау бағытында мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізу талап етілді. Осыған байланысты музейлерді жүргізілген мәдени – ағарту, ғылыми-зерттеу жұмыстарының бұрынғы әдістері мен тәсілдері социализм құрудың жаңа талаптарына сай келмейді деп танылып, мәдени-ағарту, ғылыми-зерттеу, экспозиция жұмыстарын қайта құру мәселелері қаралды. Музей ісіндегі мұндай өзгерістер музей қызметкерлерінің сандық және сапалық деңгейіне де тікелей әсерін тигізді. Бұрынғы музей кадрлері жаңа заман талабына сай емес деп, жаңа кадрлермен алмастырылу өріс алды.

Республикада сол кездегі Кеңес Одағы аумағындағы жүргізілген саясатқа сәйкес 1925-1936 жылдар аралығында жұмысшы-шаруалардан шыққан музей мамандарының саны 16,3% -дан 51,7%-ға өсті. Музейлердің ғылыми-зерттеу, ағарту жұмыстарының, білім және кәсіби деңгейінің төмендеуі байқалды, жоғары білімді мамандардың саны 1925-1940 жылдар арасында 59,9%-дан 27,7%-ға кеміген.

1930 жылдардың соңында музей мамандарының негізі өз қызметтерінде социализм идеяларын насихаттаушылар болды. Музей экспозициясының негізгі мақсаты тарих пен мәдениет ескерткіштерін көрсету, ғылыми-ағарту емес, социализм идеясын насихаттау еді. Кеңес Одағы аумағында қалыптасқан жағдай Республика музейлерінің қызметтеріне өзіндік әсерін тигізді. Дегенмен қарастырылып отырған 30-шы жылдары Қазақстан музейлері өз жағдайларына сай музей саласында талмай еңбек етті.

1931 ж. Жетісу Өлкелік музейінің барлық қорлары мен қызметкерлері Қазақстанның Орталық музейінің құрамына кірді. Осыған байланысты 1932 жылы бүкіл еде, ал 1935 ж. Қазақ АССР-нің 15 жылдығына байланысты музейдің барлық экспозициялары қайта құрылды.

1932 жылы 26 қазанда Алматыда Қазақ АССР Орталық музейінің ықпалымен шақырылған өлкетанулық конференция өтті. Конференция жұмысына өлкетану ұйымдарының өкілдері, облыстық, аудандық музейлер қызметкерлері қатысты. Конференцияда жергілікті музей қызметкерлерінің Т.И.Шпотаның, В.И.Тишкованың, А.А.Адриановтың, С.И.Бек-метовтың, А.Н.Шардинаның баяндамалары тыңдалды.

1932 жыл Кеңес Өкіметінің өлкетану мен музей ісінің дамуына үлкен көңіл бөлген кез болды. Қаңтар айында Мемлекеттік материалдақ мәдениет тарихы академиясында музейтану ғылыми-зерттеу институты ашылды.

1932 ж. шілдесінде ССР Орталық Атқару комитетінің Президиумының жанында тарихи ескерткіштерді қорғау комитеті құрылды. Сол жылы қарашада СССР Орталық Атқару комитетінің Ұлттар бөлімі ұлттық музейлердің жұмысы туралы кеңес өткізді. Өлкетану қоғамдарының жергілікті ұялары жұмыс істеді. Соның бірі Т.Шевченконың өмірімен қызметі туралы дерек жинау, Т.Шевченконың бағымен танысу болды. Т.Г.Шевченко 1847-1857 жж. арасында қазақ жеріне жер аударылған халықшыл суретші ретінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, өмір салтына, өлкенің табиғатына, ескерткіштеріне қатысты 350 суреттер салды. суреттерінде Маңғыстаудың көне құлпытастарын, күмбездерінің бейнелеген суретші шығармашылығында қазақ халқының орны ерекше болды. Кезінде айдауда жүрген ақын, суретші, халықшыл Т.Г.Шевченко отырғызған бақ бұрынғы офицерлер клубы аумағында музей құрылды.

1935 жылы Қазақ ССР Өнер музейі Республиканың он бес жылдығына арналған мерекелік көрменің негізінде құрылды. 1936 ж. Мәскеу мен Ленинград музейлері, Третьяков галереясы, Орыс музейі, А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік өнер музейі музей қорына Кеңестік, орыс, батыс Еуропа суретшілерінің екі жүзге жуық шығармаларын сыйға тартты. Музейдің батыс Еуропа өнеріне арналған бөлімін құруға Эрмитаж және А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейі сыйға тартқан шығармалар негіз болды. Бұл бөлімдегі шығармалар қоры жеке адамдардан бейнелеу өнері туындыларын сатып алу негізінде толықтырыла түсті.

1937 жылы музейде Қазан төңкерісінің 20 жылдығына арналған көрме ұйымдастырылды. Сол кезде музей қорында 1390 жәдігер болды. Музейдің тұңғыш экспозициясы 1938 жылы 8 қарашада ашылды.

1939 жылы музейге украиннің халық ақыны Т.Г.Шев-ченко есімі берілді.

1938-1939 жж. Орталық музей қоры Абай Құнанбаев өмірі мен шығармашылығы, ұлт-азаттық қозғалыстың басшылары Исатай Тайманов пен Амангелді Иманов туралы экспонат-тармен, археологиялық қазба кезінде және жеке адамдар тапсырған экспонаттармен толықтырылды. Кеңес Одағындағы музейге қызығушылықтың төмендеуі саяси қуғындаулар, Еуропада басталған екінші дүние жүзілік соғыс тағы басқа да әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты болды. 1944 ж. Орталық музей Қазақ КСР Орталық Мемлекеттік музейі деп аталады. Музей қоры Қарғалы қазынасының алтын бұйымдары, Скиф-сақ алтындарының коллекциясымен, С.Торайғыров, Ш.Уәлиха-нов, Жаяу Мұса, Ә.Қашаубаев, Ә,Жангелдин, С.Сейфуллин, К.Байсейтованың заттарымен, суретші Н.П.Хлудовтың шығармаларымен толықтырылды.

1939 жылы Қызылорда қаласында тарихи-өлкетану музейі ашылды. Музей жаратылыстану, революция тарихы және социалистік құрылыс деп аталатын үш бөлімнен тұрды.

1940 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесінің 1 сәуірдегі қаулысы негізінде Абай Құнанбаевтың 95 жылдық мерейтойына байланысты Семейде ақынның әдеби-мемо-риалдық мұражайы ұйымдастырылды.

Ұлы Отан соғысы кезінде майданға аттандыру, бюджеттің тапшылығына байланысты қысқарту сияқты себептер музейлердің онсыз да аз кадр әлеуетін күрт төмендетіп жіберді. Егер бұрын облыстық тарихи-өлкетану музейлерінде 6-7 адам қызмет етсе, соғыс жылдарында 2-3 болып сиреп, музей жұмысына кедергі жасады. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдары Ә.Жиреншин, С.Есова, Л.Семенов, А.Баталова, А.Мұхамбетовалар Қазақстан музей ісін қалыптастыру мен дамытуға айтарлықтай үлес қосты.

1942 жылы көрнекі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.И.Сәтпаевтың басшылығымен, қатысуымен геологиялық алғашқы коллекциялар жинала бастады. Бұл қазіргі кездегі Қ.И.Сатпаев атындағы Геология ғылыми зерттеу институтының геологиялық ғылыми зерттеу музейінің негізін қалаған коллекциялар болатын.

А.Ибраеваның зерттеуінде көрсетілгендей соғыстан кейінгі жылдары да музейлерде кадр мәселесі қиын жағдайда болды. Егер 1940 жылы республика көлеміндегі 24 музейде 187 адам қызмет етсе, 1949 жылы олардың саны 52 бірлікке қысқарып, 135 адамды құрады. 1950-ші жылдардың басында музейлерде 144 адам жұмыс істесе, оның 25-і ғылыми қызметкер штатында болды. Ал жоғары, орта білімі барлары 22, ғылыми атағы бар республика бойынша 1 ғана адам болған. Оның ішінде, Қазақ КСР Орталық Мемлекеттік музейінде жұмыс істеген 37 адамның сегізі жоғары білімді, екеуінің орташа білімі болған. Ұлттық құрамы 16 орыс, 12 қазақ, қалғаны басқа ұлттың өкілдері болды. 20 музейдің 11-інің директоры орыс ұлтынан (51%), 5-еуі қазақ, қалғаны әр ұлт өкілдерінен қойылды. Соның ішінде үшеуі әйел адам болған. Облыстық тарихи-өлкетану музейлерінде 36 адам қызмет істесе, оның 7-де ғана ғылыми қызметкер болды. Соның ішінде жоғары білімді қызметкер 2 адам, яғни 22% ғана құрады.

Соғыс кезінде барлық күш жеңіске бағытталған жылдары Кеңестер елінің соғыс жағдайында жауынгерледі рухтан-дыратын плакаттар көрмесін жасау үрдісі кең өріс алды. Плакаттарда елді жауды жеңуге рухтандыратын тақырыптар қамтылған еді. Соның бір мысалы ретінде ақын Ж.Жабаевтың Ленинград қоршауындағы халыққа арнаған «Ленинградтық өрендерім» плакатының да тарихи маңызы ерекше болды.

Ұлы Отан соғысы кезінде музейлердің жинақтау және зерттеу қызметтері әскери тақырыпқа бағытталды. Майдан мен тыл батырлары, әскери тақырыпқа қатысты құнды жәдігерлер, суреттер, қарулар, майдан хаттары т.б. анықталып, жинақталды.
Тағы рефераттар