1921-1922 жылдарда патша өкіметінің жер мәселесіндегі отарлау саясатының зардапты мұраларын жойған Қазакстан Түркістандағы аграрлық реформалардың жергілікті ұлт еңбекшілері, сондай-ақ қоныс аударған еңбекші шаруалар үшін елеулі маңызы болды. Ол көшпелі және жартылай көшпелі  ауылдардағы  кедейлердің  салықтан   босатылып, жеңілдіктер  алуына  жол   ашты.   Сонымен   бірге   оларда ұжымдандыру алғашқы қарапайым түрлері:  сауда-саттық жасау, жабдықтау, несиені пайдалану, кейде мәдени ағарту жұмысстарының басын біріктіретін қарапайым кооперативтендіруді дамытуға жол салды.

Мемлекеттік кооперативтік сауда жүйесін құрумен бірге даласында сауда құрылысының жаңа мазмұнымен байытылған ескі түрлері: жәрмеңкелер, сауда керуендері болды.   Міне,   осының   нәтижесінде   1923   жылы баяуырақ болса да, ауыл шаруашылығы өндіргіш күштерінің өрлеуі басталды. Ауыл шаруашылығын машиналар және құралдармен, тұқымдық астықпен жабдықтау жақсарды. Мал саны да өсті. Ауыл шаруашылығын қалпына келтіруде кооперацияның рөлі артты.

1924 жылы сәуірде РКФСР үкіметі Қазақ АКСР- інің көшпелі және отырықшылыққа көшкен халықтарын жерге орналастыру туралы жарлық шығарды. Жерге орналастыруға байланысты барлық шығынды мемлекет өз мойнына алды. Отырықшыланған шаруашылықтарға салық жөнінен жеңілдіктер берілді. Ауыл кедейлері мен шаруаларына қаржылай көмек беру ұйымдастырылып, оның көлемі 1,5 млн. сомға  өсті. Осы жылдың қазан айында ұжымдастырылған шаруашылықтардың   жалпы   саны   794-ке   жетіп,   оның   96-сы Коммуна,   456-сы   ауылшаруашылық   артелі,   242-і жай серіктестіктер болды. Ал 20-жылдар аяғында Қазақстанда 1250 мындай жеке шаруа қожалықтары колхоздарға ұйымдасты. Мемлекет техника және қаражат беріп, еңбекші шаруаларға жеңілдіктер жасап, колхоздарға көмек көрсетуге пейіл қылды. Бірақ көп жерлерде бұл шаралар тиісті нәтиже берген жоқ. Бұл кезде республикада совхоздар мен МТС-тар құрыла бастады. Бұлар шаруалардың ұжымдандыру мәселесін шешуге көмектесуге тиіс еді.

Аграрлық саясатты іске асыру барысында ірі байлардың, «жартылай феодалдардың» ең әуелі малын, сосын еңбек құралын, одан кейін олардың тұратын үйлерін тартып алып, жер аударып жіберу бағыты алынды. 1927 ж. желтоқсанында Республика өкіметінің жоғарғы буындарында ірі-ірі байлар шаруашылығын тәркіге салу жөніндегі заң жобасын әзірлеу үшін комиссия құрылды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды. Оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмақов, Ғ. Тоқжанов, О. Жандосов т. б. кірді. 1928 ж. 27 тамызында Орталық Атқару Комитеті мен Республика Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде тәркілеу жөніндегі Заң жобасы қабылданып, жарлық қаулы түріндегі құжатқа айналды. Республика округтерінде тәркілеуді өткізу жөніндегі өкілдер тағайындалды. Ауыл-ауылға тікелей мыңнан астам өкіл жіберілді, демеу комиссияларында 4700 адам жұмыс істеді.

Қаулыға сәйкес Қазақстан бойынша көшпелі аудандарда 400-ден аса малы бар ірі қараға шаққанда 700 шаруашылықты, жартылай көшпелі аудандарда 300 және отрықшы аудандарда 150 шарушылықты төркіге салу белгіленді. Бұл науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды. Науқанның қорытындысы бойынша іс жүзінде 696 шаруашылық тәркіге салынды, олардың 619-ы тұрған округінен тыс жерлерге айдалды. Тәркіленгендерден ірі қараға шаққанда 145 мындай мал және ауыл шаруашылық саймандары тартып алынды.

Қазақ байларын тәркілеу барысында заңға қайшы көптеген бұрмалаушылықтар орын алды. Кейбір жерлерде 300-400 қаралы қойы бар, орта қолды дәулетті шаруалар шаруашылықтары орынсыз тәркіге ұшырады. Ал қайсыбір жерлерде туысқан жанұяларының малдары қосылып жазылып, оларда төркіге жатты.

20-шы жылдардың аяғында көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды отырықшыландыруға бағытталған Шаралар  іске  асырылды. Мұның  өзі  бастапқыда   кейбір жеңілдіктер беру (құрал-сайман, күш-көлік, қарыз қаржы беру, екі жылға астық, ет тапсырудан құтқару) арқылы бірте-бірте жүргізілетін болып белгіленгенмен, шынтуайтқа келгенде, күштеп отырықшыландыру әдісі белең алды. Көптеген жерлерде көшпелі шаруашылықтар бір жерге иіріліп, киіз үйлерден көшесі бар қалашықтар құрылды. 10-15 күннен кейін ондағы адамдар жан-жаққа ешкімді тындамай қашуға,көшуге мәжбүр болды. 1930-31 жылдарда осындай зорлап отырықшыландыру зобалаңына ұшыраған мал шаруашылығымен айналысатын 25 ауданнан 35 мыңнан астам шаруашылықтар республикадан тыс жерлерге көшіп кетті. Маңғыстау ауданы (Батыс Қазақстан) халқының 50 пайызы Қарақалпаққа, Түркіменияға, Ресейге көшіп кетіп оралмады. Ондағы малдың саны 65 пайызға азайды. Тек Батыс Қазақстан облысы бойынша — 82,2, республика бойынша — 51,8 пайызға қысқарды. Жалпы Қазақстан бойынша 1931 жылдың тамыз айына дейін 281 мыңнан астам шаруа қожалықтары республикадан тыс жерлерге көшіп кетті. Ал бұл көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтар жаңа экономикалық саясатты іске асыру барысында өздерінің малдарының санын көбейтіп, қалаларға ет, жүн, т.б. шығарып сатып, жағдайларын біраз түзеп алған болатын.

Сонымен 20-жылдардың аяғына қарай қазақ даласындағы іріөзгерістерге: халық шаруашылығын қалпына келтіруге, өнеркәсіп орындарын салып, кәсіпорындардың, жолдың кең жүйесін дамытуға себепші болған жаңа экономикалық саясаттың әрекетін тежеп, әміршіл-әкімшіл басқару әдісіне көшуге біржола бетбұрыс жасалды. НЭП жылдарында Орташаланып калған ауқатты шаруалар, қаладағы жағдайын біраз түзеп алған қолөнершілер мен қызметкерлер енді жат таптың өкілі есебінде қудалауға алына бастады. Саясаттағы солақайлық етек ала берді. Халықты ызғарымен ықтырып, тұманымен тұншықтырып, отына күйдіріп Сталин бастаған әміршіл-әкімшіл басқару жүйесінің қызыл шоқтай тарғылданған күні туып келе жатты.
Тағы рефераттар