АҚШ-ң физикалық-географиялық және  экономикалық-географиялық жағдайы туралы қазақша реферат

  • Жерінің ауданы — 9 млн 363 мың км2
  • Халқы — 290 млн адам (2005 ж.)
  • Астанасы — Вашингтон
  • Мемлекеттік кұрылымы — федерациялық республика
  • Мемлекет басшысы — президент
  • Заң шырарушы органы — конгресс
  • Мемлекеттік тілі — ағылшын тілі
  • Ұлттық валютасы — америка доллары
  • Әкімшілік-аумақтық бірлігі — штаттар және федералдық округ

АҚШ-тың экономикалық-географиялық жағдайы. Мемлекет тарихы

Америка Құрама Штаттары (АҚШ)—дүниежүзіндегі аса ірі мемлекеттердің бірі. Ол жерінің ауданы жөнінен Ресей, Канада, Қытайдан кейінгі төртінші орын алады. Мемлекеттік кұрылымы жөнінен АҚШ 50 штаттан, ел астанасы -Вашингтон қаласы орналасқан Колумбия федералды округінен тұратын федерациялық. республика болып табылады.АҚШ республикасын президент басқарады, ол 4 жыл мерзімге сайланады.

Экономикалық-географиялық жағдайы. АҚШ аумағының негізгі бөлігі Солтүстік Америка материгінде орналасқан, сондай-ақ Тынық мұхиттағы Гавай аралдары да елдің құрамдас бөлігі болып табылады. АҚШ жері бес сағаттық белдеуде жатыр: мұнда батыстан шығысқа қарай тынықмұхиттық, таулық, орталық, шығыс және атлантмұхиттық уақыт ажыратылады. Елдің жалпы алғанда колайлы деп бағаланатын экономикалық-географиялық жағдайының басты ерекшеліктері мынадай:

•АҚШ кұрамына енетін Аляска және Гавай штаттары елдің басқа бөліктерімен кұрлық арқылы шектеспейді; бұл ел аумағында біртұтас көлік жүйесін қалыптастыруға кедергі келтіріп, әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарға себепші болады.

  • • Елдің шығысында Атлант, батысында Тынық мұхит сулары ұласып жатыр; бұл жағдай АҚШ-тың халықаралық экономикалық қатынастарын дамытуына өте қолайлы әсер етіп, мемлекеттің кауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
  • • АҚШ өндірісін алуан түрлі шикізатпен және арзан еңбек ресурстарымен қамтамасыз етіп, өз кезегінде дайын тауарларды сатып алатын Латын Америкасы елдерінің салыстырмалы түрде жақын орналасуы ел экономикасының үздіксіз дамуына себепші болады.
  • • АҚШ-тың көршілес орналасқан Канадамен және Мексикамен кұрлықтық шекаралары шартты түрде өзен-көлдер, таулы аймақтар арқылы өтуі елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарының дамуына колайлы жағдай жасайды [1].

Мемлекет тарихы. XVI ғасырда Солтүстік Америкаға еуропалықтар қоныс аудара бастады. 1607 жылы қазіргі АҚШ жеріндегі Виргиния штатында алғашқы қоныстар пайда болды. 1620 жылы Массачусетс шығанағы жағалауына ағылшын қоныс аударушылары келіп жетті. Осы аймақта пайда болған Жаңа Англияның тұрғындары янки деп аталды. Қазіргі кезде байырғы америкалықтардың барлығын осылайша атайды. Жаңа Англияда іргетасы қаланған алғашқы қала — Бостон оның орталығына айналды.

Үндістерді табиғат жағдайлары қолайсыз ішкергі аудандарға ығыстырып тастаған еуропалық қоныс аударушылар ауыл шаруашылығымен айналыса бастады. Солтүстікте олар өз фермаларында жұмыс істесе, оңтүстікте ұлан-ғайыр плантацияларды иеленіп, Африкадан әкелінген кұлдардың еңбегін пайдаланды. Құлдар саны XVIII ғасырдың ортасында 300 мыңға жетті. Иеліктердің көпшілігі Ұлыбританияның қол астында болатын. 1763 жылы Ұлыбританияда шығарылған Жарлық бойынша қоныс аударушыларға Аппалачтан батыска қарай жер иеленуге тыйым салынды. Бұл Жарлықка наразы болған қоныс аударушылар бірігіп, өздерінің байырғы отаны — Ұлыбританиямен сауда қатынастарын тоқтатты. Олар 1775 жылы Бостон қаласы маңында бүлікшілерді басу үшін арнайы жіберілген ағылшын әскерлерін талқандады. Виргиниялық жер иеленуші Джордж Вашингтон басқарған азаттық үшін күрес 1776 жылы 4 шілдеде жаңа мемлекет — Америка Құрама Штаттарының пайда болуымен аяқталды. Бұл күн АҚШ-тың тәуелсіздік күні ретінде жылда мерекеленеді. Филадельфия қаласында алғаш АҚШ тәуелсіздігін жариялаған Конституция қабылданған болатын. Сондықтан бұл қаланы АҚШ мемлекетінің «бесігі» деуге болады.

Атлант мұхиты жағалауындағы 13 штатты ғана қамтыған бұл мемлекеттің алғашқы президенті болып Джордж Вашингтон сайланды. 1790 жылы арнайы астана ретінде жобаланған Вашингтон қаласының іргетасы қаланды. Елдің 1787 жылы қабылданған Конституциясына біршама өзгертулер енгізіліп, осы кезге дейін пайдаланылып келеді. Әр штаттың аумағында жергілікті қабылданған заңдар жүзеге асырылады [1,2].

Ел тәуелсіздігін алған соң бекітілген АҚШ-тың мемлекеттік байрағында кезектесіп орналасқан 13 қызыл және ақ жолақтар алғашқы біріккен штаттар санын білдіреді. Байрақтың сол жақ жоғары бұрышында бейнеленген жұлдыздар елдегі әкімшілік бірліктердің санын көрсетеді. Қазіргі кезде жұлдыз саны 50-ге жеткен.

Кейінгі ғасырларда ел аумағы кеңейіп, оның кұрамына жаңа жерлер енгізілді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында АҚШ экономикасы жедел карқынмен дамып, тез арада дүние жүзіндегі жетекші орынға шықты.

Геосаяси жағдайы. АҚШ-тың геосаяси жағдайы, ұстанған саяси бағыты, ең алдымен, оның дүние жүзіндегі айрықша орнымен анықталады. АҚШ XX ғасырдың басында бейтарап саясат ұстанатынын жариялағанымен, дүние жүзінің саяси картасын түбегейлі өзгерткен аса маңызды саяси оқиғалар бұл мәлімдемені іс жүзіне асыруға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде АҚШ екі дүниежүзілік соғысқа араласып, әлемдегі басқа ірі мемлекеттермен бірге өзінің ықпал ету аймақтарын бөлісті.

Осы ғасырда халықаралық аренада пайда болған орасан зор жаңа ел — Кеңестер Одағы ендігі жерде АҚШ-тың барлық саладағы, ең бастысы қарулану ісіндегі негізгі бәсекелесіне айналды. Әлемдік саясаттанушылар «қырғи қабақ соғыс» деп атаған текетірес кезең 1990 жылдары Кеңестер Одағының ыдырауына байланысты аяқталды. 1945 жылы тамыз айында АҚШ Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастады. 1964—1975 жылдары АҚШ Въетнам жерінде соғыс қимылдарын жүргізді. Осы кезөңде бұл шағын елдегі АҚШ-тың тұрақты армиясында 500 мыңдай әскер болған. Барлық бейбітшілік сүйгіш халықаралық қауымдастық осы кезге дейін аза тұтып, еске алатын бұл қайғылы оқиғалар АҚШ-тық «бейбітшілік сүйгіш» саясатына күмән келтіруге себепші болды [2].

Кеңестер Одағының ыдырауы, Еуропа мен Азиядағы социалистік елдердің даму бағыттарының қайта құрылуы бұл елдерге қатысты АҚШ-тың сыртқы саясатының да өзгеруіне апарып соқты. Жаңадан пайда болған орасан зор ықпал аймағына қатысты АҚШ үкіметі өзіндік жаңа геосаяси бағдар алды. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттер көп жағдайда сыртқы саясатың өзін «демократия қамалы» деп санайтын АҚШ тұрғысында айқындай бастады. Демократия шарттары мен адам кұқығы туралы қағидаларды алға ұстанған АҚШ XX ғасырдың соңына қарай Таяу Шығыс пен Югославия жеріндегі соғыс оқиғаларына белсене кірісті. Нью-Йорк қаласында 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған аса ірі террорлық әрекеттерге байланысты АҚШ мемлекетінің Азия аймағына қатысты ұстанған саясаты дүние жүзіндегі саяси күштердің арасалмағын елеулі түрде өзгертті. Сонымен күллі әлем санасатын, 200 жылдан артық, тарихы бар бұл аса ірі мемлекеттің геосаясаты «қай жағдайда да, ең басты орында АҚШ мүддесі» деген ұранға тәуелді болады. Аса күшті дамыған, ядролық қаруға ие жетекші мемлекет ретінде АҚШ өзінің аумағында ғана емес, шекарасынан тыс жерлерде орналасқан иеліктері мен ықпал ету аймақтарында да бұл шарттың мұлтіксіз орындалуын айрықша назарында ұстайды [1,3].

Табиғат жағдайлары мен ресурстары

АҚШ аумағының жер бедеріне айқын ажыратылатын бірнеше ірі орографиялық бірліктер тән. Батыста Қордилъера тау жүйесі орналасқан. АҚШ жерінде осы тау жүйесіне енетін Аляска, Брукс, Сьерра-Невада және т.б жоталар, Сеңгір таулары, Үлкен Алап пен Колорадо үстірті орналасқан. Қордильераның ел аумағындағы ең биік нүктесі — Аляска жотасындағы Мак-Кинли тауы (6193 м). АҚШ-тың шығысында аласа Аппалач тауы орналасқан. Биік таулы аудандар мен тауаралық шөлдер ауыл шаруашылығына қолайсыз. Елдің орталық бөлігінде Ұлы және Орталық жазықтар жатыр. Бұл жазықтар шаруашылық мақсатта кеңінен пайдаланылады: егістіктер мен кұнарлы жайылымдар, негізінен, осы өңірде орналасқан. Ал Мексика шығанағы жағалауы мен Флорида түбегін теңіз деңгейінен 100 м-ге дейінгі биіктіктегі ойпатты жағалық жазықтар алып жатыр.

Алып жатқан аумағының үлкендігіне байланысты АҚШ жерінің климат жағдайлары алуан түрлі. Алясқаның солтүстігінде қаңтарда ауа температурасы -60°С-қа дейін төмендесе, оңтүстіктегі Өлім аңғарында шілде айында +57°С-қа жететін температура байқалған. Елдің солтүстік-батысында жылына 3000 мм-ге дейін жауын-шашын түссе, оңтүстік-батыста оның мөлшері 100 мм-ден де азаяды. Климат жағдайларының әркелкілігі ландшафтылардың күрт айырма жасауына себепші болады. Мысалы, солтүстіктегі Аляскаға көпжылдық тоңдар мен тұманды тундра тән болса, оңтүстіктегі Флорида штатында жыл бойы жайма-шуақ жаз болып, кокос пальмалары мен тропиктік өсімдіктер өсіп түрады. Жалпы алғанда, АҚШ-тық климат жағдайларын қолайлы деп бағалауға болады. Мұнда қоңыржай және субтропиктік белдеудің барлық дерлік дақылдарын, ал Флориданың оңтүстігі мен Гавай аралдарында тропиктік дақылдарды да әсіруге мүмкіндік бар. Оңтүстік-батыста жауын-шашынның жетіспеуіне байланысты егістіктер қолдан суарылады [2,4].

АҚШ жеріне табиғат апаттары да тән. АҚШ-тың батысындағы таулы аудандарда жер сілкіністері болып тұрады. Елдің жазық болып келетін орталық бөлігінде аңызақтар мен құрғакшылық, ауаның қарқынды алмасуы нәтижесінде болатын күшті желдер мен құйын тәрізді қозғалатын дауылдар — торнадо жиі байқалады. Қуатты торнадо көп апат әкеледі: жүріп өткен жолында алып ағаштарды тамырымен қопарып, елді мекендерді қиратып кетеді. Максимум жылдамдығы сағатына 800 км-ге жетеді. Ал Атлант мұхиты жағалауындаіы тропиктік ендіктерде жаздың аяғы мен күздің басында мұхиттан соғатын өте күшті, апатты дауылдар болып түрады. Оңтүстік штаттарда кей жылдары болатын аяздар және қардың аса мол түсуі жергілікті тұрғындардың тіршілігіне, көлік қатынасына киындықтар туғызып, ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді.

АҚШ арқылы Солтүстік Америкадағы ең ірі өзен — Миссисипи ағып өтеді. Өзендер ішкі су жолы ретінде көлік қатынасына қолайлы. Елдің Канадамен шекаралас аймағында Ұлы көлдер шоғырланған. Ал Ұлы көлдерді АҚШ-тың «үшінші теңіз жағалауы» деп атайды. Әулие Лаврентий өзені арқылы Ұлы көлдер жағалауындағы теңіз порттарынан Атлант мұхитына тікелей шығуға болады [4].

АҚШ жерінде, негізінен, құнарлы қара және коңыр топырақ, ал оңтүстігіндегі ойпаттарда қызыл топырақ таралған. Табиғи өсімдік жамылғысы күшті өзгеріске түскен. Аляска мен Қордильера аймағында ауыл шаруашылығына қолайсыз жерлер басым. Ормандар аумағы қысқарған, қазіргі кезде АҚШ аумағының 25%-ын ғана ормандар алып жатыр.

Жалпы алғанда, АҚШ-тың биік таулы аймақтары мен шөлдері, Аляска штатынан басқа бөліктері адамдардың өмір сүруі мен шаруашылық әрекетіне қолайлы деп бағалануда.

Табиғат жағдайларының алуан түрлілігімен сипатталатын АҚШ жері табиғи ресурстарға да өте бай. Әсіресе минералды шикізат түрлері кең таралған, бұл ел аумағының қалыптасу тарихы мен құрылымдық ерекшеліктеріне тікелей байланысты болады.

Жан-жақты жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде 30-дан астам штаттың аумағында көмір мен мұнай қоры бар екені анықталған. Қазіргі кезде 15 штатта көмір өндіріледі, әсіресе Аппалач көмір алабының (Кентукки, Пенсильвания және Теннеси штаттары) маңызы зор. Қазірге дейін Аппалач көмір алабы елде өндірілетін тас көмірдің 80%-ын береді. Мұнай мен газдың аса маңызды кен орындары Мексика шығанағы жағалауынан, Калифорния мен Аляскадан табылған. Оларды өндіруде ұдайы ғылым мен техника жаңалықтары қолданылып отырады. Елдің отын-энергетикалық кешеніндегі олардың үлесі 70%-ды құрайды [3,5].

АҚШ энергетикалық ресурстарға да бай. АҚШ өзендерінде су энергиясының аса мол қоры бар. Елдегі ең ірі СЭС тізбектері Теннеси және Колумбия өзендерінде салынған. Колумбия өзеніндегі Гранд-Кули су электр станциясы қуаттылығы жөнінен әлемдегі ең ірі станциялар қатарына жатады. Кейінгі онжылдықтарда энергияның дәстүрлі емес көздері де пайдаланылуда. Мысалы, Калифорния штатындағы Сеңгір таулардың беткейінде жел күшін пайдаланып жұмыс істейтін дүние жүзіндегі ең қуатты электр станциялары орналасқан. АҚШ гелиостанцияларының  қуаттылығы жөнінен дүние жүзінде теңдесі жоқ. АҚШ-та геотермалды станциялар да жұмыс істейді, олардың ең ірісі Калифорниядағы Гейзерлер аңғарында салынған.

Алуан түрлі климат жағдайларымен сипатталатын АҚШ жері агроклиматтық ресурстарға да бай. Бұл қоңыржай белдеудің барлық дерлік дақылдарын, сондай-ақ көптеген субтропиктік және тропиктік дақылдарды әсіруге мүмкіндік береді. АҚШ-тың су ресурстары, негізінен, шығыста шоғырланған. Олар энергетикалық маңызымен қатар, көлік қатынасында және егістік жерлерді суаруда пайдаланылады. АҚШ-тың негізгі аумарының жартысына жуығы ауыл шаруашылығына жарамды жерлер (жыртылатын жерлер, шалғындар мен жайылымдар). Орталық жазықта жыртылған жерлердің үлесі 80%-ға жуық. Аляска мен Кордильера орман ресурстарына бай. АҚШ-та табиғи ресурстарды пайдалану барысында қоршаған ортаға неғұрлым аз зиян тигізетін жаңа технологиялар енгізіліп отырады. Соңғы жылдары АҚШ үкіметі мен кәсіпкерлері өз жеріндегі табиғи ресурстарды үнемді пайдалану мақсатында дамушы елдерден құны арзанырақ шикізат түрлерін сатып алып, өңдеуге айрықша көңіл бөлуде.
Тағы рефераттар