Америка Құрама штатының халқы туралы қазақша реферат

Халқы АҚШ халқының жалпы саны (290 млн адам) жағынан дүние жүзінде Қытай мен Үндістаннан кейін үшінші орын алады. АҚШ халқы ұдайы өсуі жөнінен қазіргі заманғы типке жатады: туу өте төмен (14,2°/00)> өлу коеффициенті 8,6°/00, яғни халықтың орташа жылдық өсуі 5,6°/00-ге тең. Елдегі адамның өмір жасының орташа ұзақтығы еркектерде 75 жас, әйелдерде 80 жас [1,2].

Нәсілдік, ұлттық құрамы. АҚШ — көп ұлтты ел. Ресми түрде ел азаматтары шыққан тегіне қарамастан, америкалықтар деп аталатын біртұтас ұлтқа бірігеді. Нәсілдік ерекшеліктеріне қарай америкалықтар 3 топка ажыратылады: еуропалықтар (халықтың 84%-ы); африкалықтар (12%) және азиялықтар (4%)-Нәсілдік топтардың ұзақ жылдар бойы араласуынан қалыптасқан жаңа этностық топтардың (метистер, мулаттар және самбо) өкілдері де бар. Қазіргі кезде АҚШ-тағы байырғы халық — үндістердің үлесі 1 % шамасында ғана, халықтың негізгі бөлігін сырттан келгендер кұрайды. Тек XIX ғасырдың басынан бері Жер шарының 70-ке тарта елінен 55 млн-ға жуық адам осында қоныс аударған. XX ғасырдың екінші жартысында иммигранттар арасында еуропалықтар үлесі азайып, Азиядан, Латын Америкасы мен бұрынғы социалистік елдерден қоныс аударушылар көбейді.Соңғы жылдары олардың арасында мамандану деңгейі және білім дәрежесі жоғары азаматтардың саны артқан. Қазіргі кездегі шектеулерге карамастан, иммигранттар есебінен ел халқы жылына 1 млн адамға артты.

Халықтың діни құрамы да өте күрделі. Америкалықтардың діни бағдарының алуан түрлілігі олардың шығу тегімен түсіндіріледі. Ел халқының көпшілігін христиан дінінің әр түрлі бағыттарын ұстанған өкілдері құрайды: Ұлыбритания, Скандинавия елдерінен қоныс аударғандардың ұрпақтары протестанттар болса, ата-бабалары Италия, Испаниядан келгендер — католиктер. Юта штатындағы Үлкен Тұзды көл маңында мормондардың айрықша діни сектасының орталығы қалыптасқан; мұнда діни дағидалар күнделікті өмірдің бұлжымас заңдылырына айналған. Сонымен қатар елде ислам, буддизм дініндегі халықтар да біршама. Байырғы тұрғындарда дәстүрлі діни нанымдар сақталған. Жалпы алғавда, АҚШ-та 250-ден астам әр түрлі бағыттағы шіркеулер жұмыс істейді [5].

Орналасуы. Ел аумағында халық біркелкі қоныстанбаған. АҚШ халықтың орташа тығыздығы (1 км2 -ге 28 адам) жөнінен дүние жүзінде он сегізінші орын алады. Халық тығыз қоныстанған аудандар қатарына Атлант мұхитының жағалауы мен Ұлы көлдер маңы, батыстағы Калифорния штаты жатады. Мұнда 1 км2 -ге 200—400 адамнан келеді. Аляска мен таулы аудандарда халық сирек қоныстанған. Аляска штатының солтүстігінде халық мүлде қоныстанбаған жерлер де бар. Таулы аудандарда халықтың тығыздығы 1 км2 -ге 1—10 адам ғана болады. Соңғы жылдары оңтүстіктегі штаттарда (Флорида, Техас, Калифорния) халық санының жедел өсуі байқалуда. Бұл халықтың бейнелі түрде «қар белдеуі» аталатын солтүстік штаттардан табиғат жағдайлары неғұрлым қолайлы оңтүстік штаттарға («күн белдеуі») жиі қоныс аударуымен түсіндіріледі [6].

АҚШ халқының 3/4-і қалада тұрады, елде жалпы саны 9 мыңдай қала бар. Америка қалалары өзіндік ерекше сипатқа ие. Көбінесе төртбұрыш пішінді болып келетін қала аумағы айқын ажыратылатын зоналардан тұрады. Қаланың орталық іскер бөлігіндегі («сити») зәулім үйлерде офистер мен банктер, биржалар мен сауда орталықтары т.б. орналасады. Жалпы, Америка қалаларындағы зәулім үйлер қаланың гүлденуі мен даму дәрежесінің көрсеткіші болып табылады. Олар бірте-бірте 3—5 кабатты тұрғын үйлерге ауысады. Қалаларда өнеркәсіптік зона оқшау орналасады.

Америкалықтар көбінесе өз үйінде тұрғанды қалайтындықтан, жеке үйлер орналасқан қала маңының аумағы шамадан тыс ұлғаюда. Географтар бейнелі түрде «бір кабатты Америка» деп атайтын мұндай аудандарда АҚШ-тағы отбасылардың 2/3-сі тұрады. Қаланың орталық бөлігінде тұратын ауқатты адамдардың қала сыртына жаппай қоныс аударуымен сипатталатын урбандалудың бұл түрі субурбандалу деп аталады. Қалалар аумағының ұлғаюы және олардағы халық санының артуы қала агломерациялары мен мегалополистердіц пайда болуына апарып соқты. Қазіргі кезде АҚШ-та аса ірі үш мегалополис бар. Бостоннан Вашингтонга дейін созылып жатқан Солтүстік-Шығыс мегалополисін қысқаша «Босваш», Чикаго мен Питтсбург арасындағы Көлмаңы мегалополисін «Чипиттс», Сан-Франциско мен Сан-Диего қалалары аралығында орналасқан Калифорния мегалополисін «Сан-Сан» деп атайды [5,7].

АҚШ-тағы ірі мегалополистер

Рет саны Мегалопо-лис аты Құрамындағы агломерация саны Халық саны, млн адам Жерінің ауданы, мың км2 Басты білік бойымен ұзындығы, км
1 Босваш 40 45 100 800
2 Чипиттс 35 35 160 900
3 Сан-Сан 15 18 100 800
  Барлығы 90 98 360 2500

 

АҚШ-та ауыл халқы негізінен, бір-бірінен оқшау орналасқан фермаларда тұрады. Олардың тұрмыс жағдайлары қалалықтардан аса үлкен айырмашылық жасай қоймайды. Бұл жалпы америкалықтардың өмір салтына тән бірыңғай стандарттылықты керсетеді. Яғни, АҚШ халқына ортақ америкалық өмір салты туралы айтуға болады.

Ғылымы және мәдениеті. АҚШ ғалымдарының дүние жүзіндегі ғылым мен техниканың даму барысына қосқан үлесі де зор болды. АҚШ-тағы Гарвард (Бостон, 1636 жылы негізі қаланған), Колумбия (Нью-Йорк, 1754), Принстон (Нью-Джерси, 1746) сияқты байырғы университеттермен қатар ондаған жоғары оқу орындарында америкалықтар ғана емес, дүние жүзінің басқа елдерінен келген студенттер де білім алады. Соңғы онжылдықта Қазақстан Республикасының талантты жастары арнайы «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ университеттерінде білім алуда. АҚШ-тағы Конгресс кітапханасы мен Гарвард университетінің кітапханасы кітап қоры жөнінен әлемдегі ең бай кітапханалар қатарына жатады [8].

XX ғасырда америкалық өмір салты мен мәдениеті басқа елдер халқына да өз әсерін тигізе бастады. Америкалық жазушылар Д.Лондон, У.Фолкнер, Э.Хемингуэй, Т.Драйзер, М.Твен және т.б. көркем шығармаларын бүкіл дүние жүзінде сүйіп оқиды. Америкада тұратын африкалықтардың ұрпақтары бүкіл әлемге әуезді блюз бен джаз музыкасын таратты. Қазіргі кезде дүние жүзінде кеңінен тараған джинсы киімдері мен кока-кола сусынының да отаны — АҚШ. Америкалық өмір салтын насихаттауда әйгілі Голливуд кинофильмдерінің маңызы ерекше болды.

Америкалықтар 200 жылдан астам тарихы бар АҚШ мемлекетінің мүддесін әрдайым жоғары ұстайды. Өз Отанын қалтқысыз сүйетін әрбір америкалық жаңа күнді «Құдайым, Американы сақтай гөр!» сөзімен бастайды деуге болады. Оларды жастайынан мемлекеттік рәміздерді кұрметтеуге, отансүйгіштікке, АҚШ мемлекеті мен өзінің жеке басының әл-ауқатын жақсарту үшін еңбек етуге тәрбиелейді [9].

Америкалықтар спортты өте жақсы көреді. Әсіресе ұлттық спорт түрлері (америкалық футбол, бейсбол, баскетбол және т.б.) кеңінен тараған. Сондықтан қалаларда орасан зор спорт гимараттарын салуға айрықша көңіл бөлінеді. Мысалы, Жаңа Орлеан қаласында биіктігі 27 қабаттық үймен бірдей елдегі ең ірі жабық стадион бар. АҚШ жерінде 7 рет Халықаралық Олимпиадалық ойындар өткізілген.
Тағы рефераттар