Бастауыш сыныпта математика сабақтарында оқушылардың білім деңгейін арттырудағы мұғалімнің іс-әрекеті туралы қазақша реферат

«Еңбек пен жаңалықтар ашудың байтақ және көз жеткіліксіз қиырларына апаратын кең жол мектеп берген математикалық білімдер арқылы өтеді» — деп мектеп математикасына баға берген әйгілі ғалым Маркушевич А.И

Адамның жеке басын қалыптастыру негізі бастауышта қаланатыны бәрімізге белгілі. «Бастауыш мектептің негізгі міндеттері – баланың жеке басының алғашқы қалыптасуын қамтамассыз ету; олардың қабілеттерін ашып, дамыту, оқуға деген ынтымақтастық тәжірибесінің берік дағдыларын меңгерту»,- делінген Қазақстан Республикасының Орта білімді дамыту тұжырымдамасында. Осы міндетті ойдағыдай орындау үшін, әрбір жас балаға, оқыту, тәрбиелеу, дамыту жұмыстарын ұштастыра жүргізіп, оқушыны жан-жақты қамтамасыз етуге дайын болуымыз керек,- дейді көптеген педагогтарымыз (С. Рахметова, Ж. Адамбаева).

Оқушыларға математика білімінің қыр-сырын жетік таныту, қабілеттерін шыңдау, кез-келген ортада өзін еркін ұстауға, Қазақстан Республикасының азаматы деген атқа лайық болатындай етіп тәрбиелеу – біздің міндетіміз болмақ. Осы орайда оқушылардың білім деңгейін арттыру – маңызды іс. Бұл мәселе көптеген жылдар бойы қарастырылып келе жатыр. «Математика, оқыту әдісіне сан алуан жетілдірулері болатындығына қарамастан, шәкірттер үшін әрдайым қиын жұмыс болып қала береді» — деген атақты ғалым Писарев Д.И. Сондықтан, матеметиканың қиындығына, күрделілігіне қарамастан, болашақ ұрпақты осы пәнге қызықтыру, білім деңгейін көтеру біз үшін орасан зор жауапкершілікті қажет ететін оқыту әдісі болуы тиіс. Бұл Бастауыш сыныпта оқытуда орындалады.

Бүгінгі бөбек – ертеңгі азамат – қоғам иесі. Балғын бөбектерге ең алғаш жол көрсетуші, бағыт беруші – Бастауыш мектеп мұғалімдері. Ақ жүрек балғын бөбектерге білім мен тәрбие есігін ашу Бастауыш мектеп мұғалімдеріне абыройлы да жауапты жұмыс жүктейді.

Ұстаздың әрбір қылығы оқушыға әсер қалдырып, оның ары қарай жетілуіне ықпал ететіні бәрімізге белгілі. Мұғалім – оқушы атаулыға үлгі болатын өмірінің сан алуан жолынан адаспай өтуде оған бағыт беріп, жөн сілтеуші, баланы адамгершілікке, еңбек сүйгіштікке, адалдыққа және басқа да сол сияқты ізгі қасиеттерге баулитын жан.

Қазіргі заманымызда оқушының білім деңгейін көтеру мәселесі ең басты мәселелердің бірі болып отыр. Оқушының білім деңгейін көтерудегі басты тұлға – ұстаз екені бәрімізге белгілі.

Оқушының білім деңгейін көтеру дегеніміз – оқушыны жан-жақты тәрбиелеп, ғылым негіздерінен берік білім беру, болашақ қоғамға пайдалы қызмет ететін азамат етіп шығару. Оқушының бойындағы білімін ары қарай тереңдетіп, жетілдіре түсу.

Оқушының білім деңгейін көтерудегі мұғалімнің іс-әрекеті деген не?- деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

Ғылыми-педагогикалық және психологиялық әдебиеттерді зерттеу барысында біз ең алдымен «іс-әрекет» дегеніміз не деген сұраққа жауап іздедік. Адамның психикалық өмірінің жан-жақты дамуы белгілі әрекетпен айналысуына байланысты болады. Адам өмір сүру барысында өз психикасын түрлі жолмен жарыққа шығарады.

Психология ғылымының докторы, профессор Қ. Жарықпаевтың пікірінше: «Әрекет дегеніміз түрлі қасиеттерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған процесс».

«Бір мақсатқа біріккен әрекеттердің жиынтығын ғана іс-әрекет деп»,- анықтама берді психолог Ф.Н. Гоноболин. Ол белгілі бір ұзақ уақытқа созылуымен сипатталады. Педагогикалық іс-әрекет туралы айтқанда біз мұғалімнің бір рет жасаған әрекетін емес, ұзақ уақыт бойы педагогтік толып жатқан қылықтары мен әрекеттерінен тұратын оның мектепке жасаған күнделікті жүйелі еңбегін айтамыз.

Сонымен, оқушылардың білім деңгейін арттырудағы мұғалімнің іс-әрекеті дегеніміз – оқушының білімін жетілдірудегі, түрлі қажеттерді өтеуге байланысты белгілі мақсатқа жетуге бағытталған процессті айтамыз. Яғни мұғалімнің сабақ үстінде оқушыға білім беру мақсатымен жүргізілетін жұмыс түрлері. Оқушылардың білім деңгейін арттырудың жолдарына тоқтала кетейік.
Тағы рефераттар