Онтология грек тілінен аударғанда онтос — болмыс, логос – ілім, яғни болмыс туралы ілім болып табылады. Болмыс — тарихи қалыптасқан кең мағыналы, терең ауқымды философиялық ұғым. Әр заманда өмір сүрген ойшылдар бұл ұғымды көбінесе жүйелі философиялық толғаныстардың бастапқы негізі деп қараған. Осы уақытқа дейін де болмыс туралы бұл көзқарас өз мәнін сақтап келеді. Болмыс туралы философиялық мәселені түсіну үшін ең алдымен оның адамзаттың шынайы өмірінде қандай түбегейлі орын алатынын ұғыну қажет. Адамдар белгілі бір табиғи және әлеуметтік ортада өмірге келеді, тіршілік-әрекетке араласады. Олар қоршаған ортаның, тұтас дүниенің бар екендігіне еш шүбә келтірмейді, бір қарағанда бұл өзінен-өзі түсінікті сияқты көрінеді. Сонымен бірге адамдар табиғат пен қоғамда үнемі өзгерістер болып, оның толысып жататына қарамастан, дүние біршама тұрақты нәрсе ретінде сақталатынын да анық аңғарады. Алайда қоршаған табиғи және әлеуметтік дүние бір қалпында тұрмайды, мезгіл-мезгіл адамдардың алдыда шешуін іздеуді талап ететін алуан түрлі қиын мәселелер қояды, нақты тіршіліктің күңгірт жақтарына үңілуге мәжбүр етеді, қалыптасқан әдет-дағдыдан ілгері өтіп, мүлде басқаша ойланып-толғануға итермелейді. Бұл орайда бұрын бұлжымас әрі шүбәсіз болып көрінетін тіршілік негіздерінің іргесі сөгіліп, ыдырап, күдік келтірілуі ерекше мәнге ие болады. Осындай өмір туғызған күдіктер мен толғаныстар адам санасына болмыс ұғымының қалыптасып, айқындалуына әкеледі. Мәселен, адамзат ақыл-ойының, қолөнерінің біздің дәуірдегі шырқау дамуының нәтижесінде, ядролық апат қаупінің туындауына байланысты миллиондаған жылдар бойы өмір сүріп келген адамзат қоғамының жер бетінде аман қалу-қалмау мәселесі баршамыздың алдымызда тұрғаны белгілі. Кейінгі кезде халықтар арасында жаңа қарым-қатынас қалыптастыру барысында бұл қауіпті сейілтуге болатынына көз жеткізіп отырмыз. Немесе, жер құрылғының «алтыдан біріне» ие болып, әлемді аузына қаратқан, дүниеге күш-қуатымен, айбарымен аты мәлім болған «шынайы социализм құрылысын жүргізіп келген» КСРО мемлекетінің тарихи тұрғыдан алғанда «қас пен көздің арасындағы» ыдырауы, қоғамды бірбеткей емін-еркін билеп-төсеп басқарып келген Компартияның саяси тұғырдан таюы, бұрынғы одақ құрылымындағы республикалар негізінде ұлттық тәуелсіз жаңа мемлекеттердің тарих сахнасына келуі, экономикалық, саяси дағдарыстар, ұлтаралық кикілжіндер заманның сарыны жайлы әрбір адамды терең толғанып, көп ойлануға жетектегені белгілі. Міне, осының бәрі дүниенің болмысы деген ұғыммен астасып жатқан мәселелер.

Болмыс ұғымы – философияның ең ежелгі әрі маңызды категориялардың бірі. Осы тұрғыдан қарағанда, болмыс ұғымының қайнар көзі «дүниеде болу», «өмір сүруге» келіп тіреледі (салыстырыңыз: орыс тілінде «бытие» — «быть», ағылшын тілінде «being» – «to be» деген етістіктен шыққан). Бұл түсінік адамның айнала қоршаған ортаны біртұтас әлем есебінде танып білуге ұмтылуынан туындаған. Әрине, дүниеде өмір сүріп жатқан нәрселердің сан алуан қасиеттері бар – олар көк – қызыл, ауыр – жеңіл, дымқыл – құрғақ, тағы сол сияқты шексіз айта беруге болар еді. Бірақ олардың бәрін біріктіретін қасиет – олардың болуы, өмір сүруі, яғни – болмысы. Ең алдымен осыны ұғып алмай, біз әрі қарай ешнәрсеге талдау жасай алмас едік. Бұл – философиялық бастама.

Алайда философия тарихына жүгінсек, бұл арада ойшылдардың үлкен қиындыққа тап болғанын байқаймыз. Өйткені айнала қоршаған дүниеге зерделі көзбен қараған адам бірде-бір мәңгі өмір сүріп жатқан нәрсені таба алмайды. Қарапайым адам да, Дүниеде біртуар тұлға да бұл өмірге келіп, содан кейін уақыты келгенде – кетеді. Далада жатқан тас та мыңдаған жылдардан кейін құмға, шаңға айналып, ғайып болады. Яғни болмыс бейболмысқа ауысып жатады. Мұны байқаған біздің бабаларымыз Дүниені «жалған» деп түсінген. Үнді ойшылдары да бұл Дүниені «Ұлы сағым – Мая» деп атаған. Ал ұлы Гегельге келер болсақ, ол болмысты «жоғала бастаған болмыс», «Дүниені дегеніміз – мәңгілік қалыптасу» деп түсінді.

Осы заманғы философиялық әдебиеттен болмыс сөзінің екі түрлі мағынасын аңғаруға болады. Тар мағынада болмыс – адамның санасынан тәуелсіз, тысқары өмір сүретін объективті, материалдық дүниені білдіреді. Ал кең мағынада алғанда болмыс түсінігі бардың бәрін, өмір суретінің барлығын – материалдық дүниемен қоса рухани дүниені де, яғни адамдардың санасын, ақыл-ойын, жан сезімін – қамтиды. Басқаша айтқанда, болмыс бар болуды, өмір сүруді айқындап белгілейтін, реальді дүниенің (шынай дүниенің) барлық түрлерін қамтитын кең ауқымды философиялық ұғым. Әрине, болмыс туралы ой толғау дүние «бүгін бар», «сынды бар» және «осылай бар» деген қарапайым түйіндермен ғана шектелмейтіні түсінікті. Себебі, дәл осы арада әлгілерге қоса дүниенің «өткені мен ертеңі қандай?», «осында бар болса, басқа жерде де, барлық жерде де бар емес пе?» деген сияқты сұрақтар заңды түрде туындайды ғой. Осы сұрақтарға жауап қайтару барысында тарихта бірқатар философтар бұл шексіз дүние өткінші емес, әрқашан болған, бола береді деп тұжырымдады. Енді біреулер дүние болды, бар және бола береді, бірақ кеңістікте де, уақытта да бастамасы мен ақыры бар деп көрсетуге тырысты. Осындай ой-толғамдар дүниенің өмір сүруінің тұрақтылығы мен өткіншілігі туралы пікірлердің өзара қарама-қайшы қауышуына түрткі болды. Ал бұдан келіп дүниенің тұрақтылығы мен әрбір жеке заттардың, жеке адам өмірінің өткіншілігінің арақатынасы қандай деген келесі сұрақ туындайды. Сөйтіп, болмысқа қатысты мәселелердің біртұтас желісі қалыптасты.

Бір қарағанда, болмыс ұғымы мейлінше кең болғаннан кейін, мазмұн жағынан алғанда мардымсыз болып көрінеді. Бірақ, соған қарамастан, сонау көне заманнан бастап оған әртүрлі мағына беріліп, Батыс пен Шығыс дүниесезімі мен дүниетанымы екіге бөлініп, осы күнге дейін созылып жатқан айырмашылықты тудырды. Мұның өзі де философияның өмірмен тығыз байланысты екенін, Адамзат өркениетінің түп-тамырында жатқанын көрсете керек.
Тағы рефераттар