Халқымыздың бала дүниеге келген күннен бастап өмірінің әрбір маңызды кезеңінен әнмен әрлеп, күймен көмкеріп, көңіл көтеру, болып жатқан оқиғаны ерекше мәнді ету әдетке айналған. Шілдехана, тұсаукесер, атқа мінгізу, сүндетке отырғызу, қыздардың құлағына алғашқы сырғасын тағу, болашақ қалыңдыққа құда түсіп, сырға салу, келін түсіру, қыз айттыру, ұлыстың ұлы күні, Ораза айт, Құрбан айт секілді мейрамдардың барлығы да музыкасыз болмаған. Бұл мерекелердегі музыканың әлеуметтік мәні халықтың көңілін көтеру, қуанышты думанға айналдыру, сонымен қатар балалар мен жастарды тәрбиелеу, мысалы, әрбір әнмен әрленген жыр, терме сөзбен астарласып, адамның есінде сақталуына да септігін тигізеді. Жалаң сөзден гөрі әнмен қоса айтылған өлең сөз көңілге орнығып, көкейге қонымды келетінін халық жақсы аңғарған.

Музыка өнерінің адамның сезім әлеміне әсерін ежелгі дәуірде-ақ халық жақсы біліп, оны тұрмыста пайдаланған. Музыканың алғашқы туындысы сөзді дыбыстаудағы әуезділік болса, оны бір сәт ұзағырақ уақыт аралығында дыбыстап соза түскенде әуен пайда болады. Сөз бен әуеннің осы түйіскен тұсын алдымен малды шақырғанда, мысалы, сиырды аухаулағанда, түйені көс-көстегенде, жылқыны құру-құрулағанда, қойды түшәйттеген де. Ал табиғат қойнауында адасқан екі адам бірін-бірі шақырғанда айқайлап қатты дыбыстаған. Бұларды музыкалық дыбыстардың алғашқы элементтері деуге болады.

Музыкалық дыбыстардың әлеуметтік мәнін ашатын бесік жырдың, санамақ, «Бас бармақ, балаң үйрек». «Бақа, бақа, бақ, бақ» секілді басқа да ойын өлеңдері – дүние есігін ашқан жас баланы әлеуметтендірудің басты құралдарының бірі. Осы қысқа да әуезді үндерді айта отырып, анасы баланы өзінің дене мүшелерімен таныстырса, тағы бір жақтан, оның әуені құлағына дыбыстардың айтылуын сөз құрамын есту арқылы пайымдауға баулиды.

Балаларды алғаш жәндіктермен таныстырғанда айтылатын «Бақа, бақа, бақ, бақ» өлеңінің әуені де созылыңқы, ұғынықты. Осы және басқа да балаларға арналған өлеңдерді ертеде ешкім әдейілеп жаттамаған, ол бала кезден естіп, тыңдап өскендіктен өзінен-өзі құлаққа «сіңіп» қалатын. Мұның әлеуметтік мәні, алдымен, бала ана тілінің дыбысталуы және туған халық  әуендерінің  алғашқы  әуезділігімен   таныса  бастайды.  Осыдан  барып баланың «Жүрек түбінде» алдымен ата-анасына, әлгі әуендерді айтып отырған туысқандарына сүйіспеншілік пайда болады. Өсе келе бұл сәби кезінде естігендерінің үстіне ойын үлгілерінің әуені мен сөздері қосылады. Осындай ойын өлеңдері «Ақ терек, көк терек», «Ақ сандық, көк сандық» сияқты балалар есейгенде, мысалы, 8-9 жасқа келгеннен бастап ойнағанда айтатын өлеңдер. Халқымыз ғасырлар бойы рулық, туысқандық, отбасылық қауымдастық түрінде өмір кешкен. Бұл ойындар сол кезде балалар арасында туысқандық байланысты нығайту, өзара қамқорлық, бір істі орындауда ұжымдасу, бірлесіп өзара көмектесу, тұтастыру секілді міндеттерді атқарған. Өйткені ойын кезінде балалар өлеңнің әуенін барлығы бірге үндесіп айтады, бірін-бірі қолынан ұстап келе жатқан қарсы жақтың өкіліне тосқауылды мықтап қоюға әрекеттенеді.

Әлгі ойын балалары есейіп бойжеткенде, бозбала жасына қадам басқанда бұл өлеңдер ғашықтық әндеріне, терме, толғаулар, жыр, дастан, қиссалар мен домбыра және қобыз күйлеріне ауысады.

Музыкалық дыбыстарды адамның жан дүниесіндегі құбылыстарды білдірудің бір түрі деуге болады. Мысалы, ұзатылып бара жатқан қыз айтатын «Сыңсу» кеше ғана еркелеп, ата-анасының төрінде отырған қыздың жат жұртқа кетіп бара жатқандағы көңіліндегі мұңды білдіреді. Ол сөзбен қосылғанда ерекше мағыналы.

Қазақтар ұрпақ тазалығы үшін қыздарын өздерімен қан араласы болмаған, туысқандық байланысы, сүйекшатысы жоқ, жат елге ұзатқан. Ол кезде бір елден екіншісіне бару үшін айлап жүру керек еді. Ұзатылған қыз ұзақ жылдар елін, ағайын-туысын бір көруге зар өмір кешкен. Олар сыңсуда барған жеріндегі хал-жағдайының қалай боларын білмегені себепті мұңын шағады.

Қыз ұзату тойы, одан ары қарай «Жар-жар», оған қарсы айтылатын «Ау-жар» өлеңдерімен жалғасады. Онда ұзатылып бара жатқан қыздың мұңын сейілтіп, тойды ойын-сауықпен көмкеру, халықтың көңілін көтеру көзделеді. Сол себепті «Жар-жар» мен «Ау-жар» қалжың аралас, қайым айтыс сипатына ие. Бұл туралы «Жар-жардың» тәрбиелік мәні – қалыңдық құдай жазған шын жұрты, ұзатылып барған жері екендігін санасына сіңіре беру» делінген «Қазақтың тәлімдік ойлары антологиясында» [1].

Ұзатылып бара жатқан қыз ол жерде ешкімді танымайды, тіпті өз күйеуін де әрең ғана біледі. Сондықтан әуезді де әуенді «Жар-жар» мен «Ау-жар» оның санасына «ол жақта да ата-енең, ағайын-туысың бар» дегенді орнықтырып, қысқа уақыт аралығында әлеуметтенуіне, басқаша айтқанда, оларды жатсынбай араласып кетуіне, туысқандық қарым-қатынас орнатуына алғышарт болады. Немесе әлеуметтік ортаға бейімделуіне ыңғайланады.

Қыз ұзатып, келін түсіру сәніне келтіретін тағы бір өлең – «Беташар». Мұнда жас келінге тәлім боларлық көптеген ақыл-кеңестер айтылады.

Бөтен жұртқа жаңа түскен жас келінге, оның бетін ашушы «бетіңді, келін, ашқаным, жаңа жұртқа қосқаным…» деп, өзінің міндетімен қоса келген жеріне таныстыра отырып, келінге осы ортамен араласып, «сіңісіп» кетуі үшін осы сөздер айтылады.

Егер «Сыңсудың» әуені сызылған, назға толы мұңмен астарласса, «Жар-жар» көңілді сергітетін, жылжамдата, үдете айтылатын – тығыз ырғақты, қысқа-қысқа қайырымдар мен әуезді, сазды, речитатив (сөзді әндетіп айту) түріндегі әуенмен көмкерілген. Қисынды да ұйқасты сөзбен әуен қосылып, айтылған ақыл-кеңестердің есте сақталуына ықпал етеді.

Қазақтың әдет-ғұрып әндері өзінің құрамы мен образдық құрылысына қарай тұрмыстық, өндірістік болып бөлінеді. Оларда халықтың қоғамдық – еңбек әрекеттері бейнеленген.

Еңбек жылындағы айтулы сәттерді атап өтетін «Наурыз әндер» жаңа жылды қарсы алатын күндері (мұсылман күнтізбегі бойынша 22 наурызда) орындалған. Әдет-ғұрыптар арқылы халық өзінің табиғатқа, айнала қоршаған дүниеге көзқарасын, қарым-қатынасын білдіріп отырған. Әнмен, ойынмен, бимен, көңілді мейрамдармен қат-қабат жүретін алуан түрлі күнтізбелік әдеттер мен ғұрыптар және оларға байланысты сенімді өте көне заманда, адам баласы қарабайыр аңшылықтан жер өңдеушілікке және мал өсірумен айналыса бастаған кезде, яғни біздің дәуірімізге дейінгі V-ІV мыңжылдықтарда, кейбір жерлерде одан да кейін ІІІ-ІІ мыңжылдықтарда пайда болған.

Қазақтың әдет-ғұрып мәдениетінде жарапазан, жарамазан тәрізді өзгеше құттықтау әндері өздеріне назар аудартады, тыңдаушының ынта-ықыласын тудырары хақ. Бұл әндер көне заманнан бері Орта Азия халықтары арасында орындалып келген, жарапазан мұсылман мерекесі – Рамазан уақытында орындалатын болған. Бір топ жас жарапазан айтып үй-үйді аралаған, үй иелерін құттықтаған, олардан сыйлық алған. Әнді орындаушыларды жарапазаншылар, жарамазаншылар деп атаған. «Жарапазан» әндерінде үй иелеріне аман-саулық, оты мол жайылым, мал-жанның көп болуы және т.б. тілеген.

Малшылардың бәдік тәрізді әдет-ғұрып әндерінде де алуан түрлі тақырыптар бар. Солардың бірі – «бәдік» деп аталатын әндер. Қазіргі кезде қазақ халқының тұрмыс-салтынан мұндай әндерді кездестіру қиын. Арбау-байлау әндерінің ішінде «Бәдік», «Күләпсан» сияқты әндер кездеседі. «Бәдік» малдан ауру-сырқатты қашыру үшін айтылатын болған.

«Күләпсан» дейтін ән арбау-байлау әндерінің, емдеу әндерінің қатарына жатады. Бұл әндерді айту арқылы магиялық–сиқырлық жолмен мал мен адам денесінен ауруды, сырқатты, кінәратты қууға болады, жазуға болады деп есептеген. Қазақ халқы өлеңмен, әнмен, арбау, бәдік айту, жырлау жолымен табиғаттың дүлей күшін бағындыруға, сиқырлауға болады, құрғақшылық кезінде жауын жаудыруға, апаттан құтылуға болады деп сенген.

Қазақ халқының тұрмыс-салт жырларының ішіндегі қалың да шұрайлы қабаттардың тағы бірі – той және өлік шығару, жоқтау, көңіл айту, естірту өлеңдері. Бұл өлеңдер белгілі бір жүйемен топтасқан. Олардағы әрбір «ұя» әдет-ғұрып, дәстүр, дағды ережелері мен заңдарының тұтас кешенін байланыстырушы буын ретінде бой көрсетіп тұрады. Тойбастар, жар-жар, сыңсу, қоштасу–көрісу сияқты той өлеңдері барынша икемді де әсерлі көріністерге ие. Қоштасу мен көрісу сыңсу әніне ұқсас, тек бұл өлеңді қалыңдықтың жақын туыстары ғана айтқан. Қыз ұзату тойы әндерінің бірнеше мақсаты болған. Біріншіден, ол қыздың өз туыстарымен қоштасу кезіндегі зарын білдірсе, екіншіден, сарын тойдағы импровизациялық ән қайым бейнесінде жырланған. Ш.Уәлиханов қайым туралы қыз ұзату тойы әндерінің бір жанры деп жазған.

Жоқтау, жырлау сияқты өлеңдер жақын, туыс адамға қайтыс болғанда айтылған. Жоқтау-жылау өлеңдері жүрек толқытарлық сезімдер мен көңіл-күйдің тұтас та терең дүниесі деуге болады. Жылау өлеңдерінің қатарына естірту, көңіл айту өлеңдері жатады. Мысалы:

Жылау өлеңдерінің қатарына мағына–мазмұндары жағынан жақын, әдет-ғұрып өлеңдерінің зар, зар-мұң, қайғы-қасірет, күйініш әндер сияқты бір топ түрлерін де жатқызуға болады.

Тұрмыс-салт өлең-әндерінің ішінде қазақ халқының бесік жырлары, балалар ермегі дейтін ән-жырлар ерекше тартымды. Бұл әндер ерекше өмір қуанышына қайталанбас образдарға толы, жарқын да ойнақы.

Қазақ халқының тұрмыс-салт әндерінің ішіндегі тақырыбы жағынан сан-салаларының тағы бірі – шытырман оқиғалы сюжеті бар, бояуы қанық бейнелі ән – ертегілер, сондай-ақ ойнақы, көңіл сергітетін, ойды өрбітетін «Жұмбақ өлең», «Жіптер өлең» сияқты ойын-сауық ән-жырлары.

Қазақтың әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ән-жырлары көптеген әдет-ғұрыптармен, салт-дәстүрлермен шектеліп тұжырымдалған, реттелген, сөйтіп, ұлттық образда әрі музыкалық ойлауда көрініс тапқан иерархиялық өзара қарым-қатынастардың тұтас бір дүниесін бейнелеп көрсетеді.

Әдет-ғұрып әндерінің қатарына жататын қыз ұзату, үйлену тойындағы әндер де кеңінен әрі сан-салалы келтірілген. Олар тойбастар, жар-жар, аужар түрінде топтастырылған. Сондай-ақ сипаты жағынан жар-жарға, түрі жағынан үйлену тойындағы айтыс өлең-жырларына ұқсас қайым әндеріне де кең орын берілген; қыз сыңсуы, той үстіндегі айтыс әндері сарын, көрісу, қоштасу, яғни қалыңдықтың ұзатыларда ата-анасымен, туған-туыстарымен қоштасу әндері де бар, бұл әндерді қалыңдықтың өзі ғана емес, туған-туыстары да орындайтын болған [2.45].

Қыз ұзату, үйлену тойында айтылатын жар-жарға тоқталсақ, «Жар-жарды» жеке-жеке айтқаннан кейін жастар оны көңілді де ойнақы әуезбен кезек-кезек – біресе жігіт, біресе  қыз  айтқан,  ал жар-жардың  қайырмасын  бәрі бірігіп шырқаған. Ән айтысқа ұласқан. Жігіт әзіліне қыз да тапқырлықпен жауап қайтарған. Жиналған қонақтарды одан әрі көңілдендіріп, күлдіре түсу мақсатымен ділмәр жігіттердің бірі әйелше киініп алған немесе басына орамал байлап алатын болған. Ол әнші жігіт пен қызға күйеу жігіттің туған-туыстары туралы көңілге онша ауыр тимейтін өлең мәтіндерін сыбырлап айтып тұрған. Кейде бұл айтыс күйеу жігіт пен қалыңдық арасындағы әзіл-оспақ диалогқа да айналып келетін болған.

Кең тараған халық әндері мен күйлері адамдарға қатты әсер етіп, олардыі өмір ауыртпалығын бір сәт естен шығаруға мәжбүр етеді, өйткені олардың бойына мейірім шуағын ұялатып, қуаныш сезімін тудырады. Оның үстіне қазақ халқының музыкалық шығармашылығында жастарға бағышталған өнеге-тәлім жатады. Олардан тәрбие идеясын көреміз. Мысалы, 1723 жылдар қазақ-қалмақ соғысының нәтижесінде «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» өткен тарихылық қайғысы, мұңы, зары қазақтың музыкалық шығармашылығында ұмытылмас өрнегін қалдырды. Бұған дарынды өнер иесі, қобыздың атасы Қорқыт атамыздың қалдырған күйлері, Әбу Насыр Әл-Фараби ғалымымыздың зерттеген «Музыкалық трактаттары», Құрманғазы, Дина күйлері мен Жамбыл, Кененнің жыры, толғауы, термесі, айтыстары дәлел емес пе?

Күй мен тілдің табиғи құрылысы бір болғандықтан, тіліміздің ең сұлу сыр-сипаты күйдің бойында сақталған. Ұлы күйшілер сол кездегі заманымыздың қоғамдық-әлеуметтік қайшылықтарға, зорлық-зомбылыққа қарсы, еркіндікті аңсаған ел мен ерлік бейнесін, адамның жабырқаған көңілін, жан дүниесін, ішкі сезімін, табиғат құрылысын айқын суреттеп берген.

Музыка өнері – әр ұлттың ертеден келе жатқан мәдени толғамының бір арнаға құйылып, әрбір асқақты күйімен дамып отыратын көптеген ғасырлық үнінің жемісі. Жалпы өмірдің, бүкіл дүниенің қимыл, іс-әрекетін нақты бейнелейтін, диалектикалық құбылыстарды адами сезіммен қабыстырып, өмір қайшылықтарын әсерлі дыбыстардың ұйқаса үндесуінің әуезді жиынтығы. Әлемде тіршілік ететін адамзаттың не адамдар игілігіне қызмет жасайтын бүкіл өмір мен оның құбылыстарының өзара қарым-қатынаста сырласа үндесуін сезімге жеткізіп отыратын құрал. Ол – адам қоғамымен бірге дамып, қоғамдық формацияларды басынан кешіріп келе жатқан тарихи құбылысының бірі, адамзаттың рухани азығы, жан серігі және тілмен жеткізе алмайтын ұшқыр қиялы, нәзік сезімі. Эстетикалық тәрбие беру құралдарының бірі. Өмірдің басқа түрлері сияқты ол да өмірдегі әсемдікті, табиғат сұлулығын бағалауға және адамдар арасындағы жағдайларды түсініп білуге үйретеді.

Адамзат дамуының философиялық, эстетикалық заңдылықтарына сүйенсек, жеке тұлғаның рухани дамуына көркемөнер мен мәдениеттің ықпалы  туралы  мағлұматтар  сонау  ерте  заманнан  бастау  алады.  Қазақ даласындағы ұлы ғұламалар (Әл-Фараби, Ибн-Сина, Дәруіш Әли, т.б.) музыка өнерінің теориялық және тәжірибелік негіздерін дамытуда маңызды еңбектер қалдырған.

Қазақстанның музыка өнері ғажап әрі көп жанрлы. Өз еліміз бен шетел тыңдаушыларының құрметі мен ықыласына бөленген керемет сазгерлері мен орындаушыларын халық лайықты мақтан етеді. Осы жетістіктер ғасырлар бойы сақталып, қазақ халқының ұрпақтан ұрпаққа жеткізген бай рухани мұрасының нәтижесінде келген еді.

Қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің негізінде тәрбиеленген жас жеткіншектің жүрегінде имандылық сезімі ұялап, ұлтына, еліне, туған жеріне, табиғатқа деген сүйіспеншілігі арта түседі, музыканың көркемдік жағын түсіне отырып, танымдылығы, талғамдылығы, орындаушылық, шығармашылық қабілеттілігі дами түседі, халқымыздың салт-дәстүрлеріне байланысты ән-күйді салыстырып, олардың музыкамен өзара байланысы, шығу тарихы жайлы білімі артады, халық музыкасы мен сазгерлердің шығармаларын ажырата алатын қабілеті дамиды, ұлтымыздың басынан кешкен ауыр кезеңдерді естен шығармауға баулиды. Сондай-ақ жыр-дастан, термелер арқылы ақыл-ой дамып, шешендік шеберлігі жетіле түседі, әсемдікті, сұлулықты сезініп, түсініп, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелейді. Ең бастысы, ата-бабаларымыз келешек ұрпаққа қалдырып кеткен бай рухани мұрасын құрметтеп қастерлеуге, отаншыл, таза болып өсуіне жетелейді және сұлулыққа деген көзқарасы дамып, эстетикалық талғамының бай көзқарасы дамып, эстетикалық талғамның жоғары болуына тәрбиелейді.

Бүгінгі таңда қазақ халқының жаңа салт-дәстүрі өмірге келіп, даму үстінде. Мұнда достық тұрғысындағы музыкалық сайыс түрінде халықтың өмірі мен тарихындағы дәуірлік оқиғалар айтылып, батырлар мадақталады, еңбек ерлігімен қол жеткен табыстарға музыкалық тарту жасалады, әнмен, музыкамен жастардың үйлену тойларын, өмірге келген нәрестелерді тіркеу қуанышы, төлқұжаттарды салтанатты түрде тапсыру, әскер қатарына шығарып салу, т.б. мерекелер өткізіледі.

Оқушылар өз халқының музыкалық мұрасын тереңірек үйренсе, онда оларда музыка мәдениетінің іргетасы табысты қаланады. Ұлттық музыканың түрлі жанрлары соның айғағы болып табылады.

Ата-бабаларымыздың өмірден екшеп қалдырған халықтық жоғары қасиет болып табылатын бауырмалдық, қайырымдылық, үлкеннің алдынан кесе өтпейтін әдептілік, елге, жерге деген сүйіспеншілікті жастарымыз күнделікті тұрмыс-тіршілікте үйреніп, бойына сіңіріп өсуі керек. Мұнда ұлттық музыканың ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі аса зор.

ӘДЕБИЕТТЕР 

  1. Қазақтың тәлімдік ойлары антологиясы. Алматы: Ғылым, 1998.
  2. Қазақ халқының әдет-ғұрып әндері. Алматы: Рауан, 2002.

Тағы рефераттар