Қазақстан Республикасындағы сайлау құқығы ұғымы туралы қазақша реферат

Президентті, Парламент Сенаты мен Мәжілісі, Мәслихат депутаттарын және жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі принциптері бекітілген заңдық нормалар жиынтығы Қазақстан Республикасының сайлау құқығы болып табылады. Сайлаулар референдуммен қатар, халықтық биліктің жоғары нысаны бола отырып, демократияның маңызды бір элементін құрайды.

Сайлаулар азаматтардың мемлекеттік билік органдары және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын құруға тікелей қатысуын қамтамасыз ете отырып, тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысу құқығын жүзеге асыруға ықпал етеді. Сайлау құқығы Республикадағы конституциялық дамуға байланысты үнемі жетілдіріліп отырады.

Жалпы алғанда сайлау құқығы белсенді және бәсең сайлау құқығы болып бөлінеді.

Жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығы — Республиканың он сегіз жасқа толған азаматтарының тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген басқа жағдайларға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы.

Бәсең сайлау құқығы — Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының Президенттігіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өкілді органдарына (Парламенттің Сенаты мен Мәжілісі, Мәслихаттар депутаттығына) және жергілікті өзін-өзі басқару органына мүше болып сайлану құқығы. Белсенді сайлау құқығын реттейтін жалпы талаптар бар. Олардың арасында азаматтың белгілі бір жасқа толуы, белгілі бір аумақта тұруы, іс-әрекетке қабілеттілігінің болуы маңызды болып табылады[1]

Бәсең сайлау құқығын реттейтін басқа қосымша талаптар да бар. Бұл талаптар сайланбалы лауазымдарға кандидаттарға қойылады. Қосымша талаптарға жас шамасы цензасы, отырықшылық цензасы, білім цензасы, мүліктік ценза жатады. Мысалға, жас шамасы цензасы Президенттікке, Парламент, Мәслихат депутаттығына кандидаттарға қатысты белгіленеді: Қазақстан Республикасының Президенті жасы қырықтан асқан Қазақстан Республикасының азаматы бола алады, Парламент Сенатының депутаты жасы отызға толған Қазақстан Республикасының азаматы бола алады, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат үшін жиырма бес жастық, ал Мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін жиырма жастық жас шамасы цензасы белгіленген, Отырықшылық цензасы сайлау заңдылықтарымен Президенттікке және Парламент депутаттығына кандидаттарға қатысты белгіленген.

Сайлау тете және жанама болуы мүмкін. Жанама сайлау жолымен Парламент Сенаты депутаттары сайланады. Төте сайлау жолымен Республика Президентін, Парламент Мәжілісінің және Мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жүзеге асырылады.


Тағы рефераттар